Accessibility links

БҰҰ Астананы жер туралы митингіге шыққандарды қудаламауға шақырды


Ауылшаруашылығы жерін сатуға және шетелдіктерге жалға беруге қарсы митинг. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.
Ауылшаруашылығы жерін сатуға және шетелдіктерге жалға беруге қарсы митинг. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі сарапшылары Қазақстан билігін үкіметтің ауылшаруашылығы жерлерін сату және жалға беру жоспарына ашық қарсы шыққан белсенділерді қамап, қылмыстық қудалауды тоқтатуға шақырды.

Сәуірдің соңы мен мамырдың басында Қазақстанның бірнеше қаласы - Атырау, Ақтөбе, Семей, Ақтау, Қызылорда, Алматыда жүздеген адам үкіметтің ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерін сату және шетелдіктерге жалға беру жоспарына қарсылық білдіріп митингілер өткізген. Митингке қатысқан кейбір белсенділерге қоғамдық алауыздық тудырмақ болды" деген айып тағылғаны хабарланған.

БҰҰ Адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары кеңсесі 12 мамырда таратқан мәлімдемесінде Қазақстан үкіметін "қуғындаудың барлық түрін дереу тоқтатып, азаматтық қоғамды қорғаудың тиімді шараларын жасауға" шақырды.

"Жер кодексіне қарсы пікірлерін айтқандар қазір тұтқындалып, камалып, қылмыстық қудаланып жатыр" делінген БҰҰ кеңсесі таратқан мәлімдемеде.

БҰҰ кеңсесі қарсылық танытқандар мен адам құқығын қорғаушылардың өздерінің ерікті түрде жиналып, пікірін еркін білдіру құқығын пайдаланғаны үшін қылмыстық қудалау көріп отырғанына алаңдаушылық білдіреді. Кейбір митингіге қатысқандар мен құқық қорғаушыларға қылмыстық кодекстің 174 бабы бойынша ("әлеуметтік араздық тудыр") іс қозғала бастаған.

"Баспасөз еркіндігі мен азаматтардың жинала алу еркіндігі - демократиялық қоғам болып өмір сүрудің тірегі саналады. Журналистер мен азаматтық қоғам өкілдерін өз бетімен тұтқындап, қылмыстық қудалауға жол берілмеуі тиіс" делінген БҰҰ мәлімдемесінде.

БҰҰ кеңсесінің мәліметінше, Қазақстан бейбіт жиын өткізу еркіндігі, ой-пікірін еркін түрде білдіру құқығы мен сөз бостандығын азаматтық қоғамға қауіпсіз және ыңғайлы жағдай жасау арқылы және оның өз қызметін қудаланудан қауіптенбей іске асыруы арқылы нығайтуға міндеттеме алған.

Наурыздың соңында сол кездегі ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев үкімет биыл 1 шілдеден бастап елде ауыл шаруашылығы жерлерін азаматтарға жеке меншікке аукцион арқылы сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартуды жоспарлап отырғанын жариялаған еді. Сәуірдің 24-інен бері Қазақстанның бірнеше аймағында үкіметтің «жер сату» жоспарына қарсылық акциялары өтті. Белсенділер 21 мамырда бүкіл ел көлемінде «жер сатуға» наразылық шерулерін өткізетіні туралы мәлімдеген еді. Ал 6 мамырда үкіметтің кеңейтілген жиынында президент Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексінің дау тудырған баптарының күшіне енуіне 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін мораторий енгізген.

XS
SM
MD
LG