Accessibility links

Казкоммерцбанк соттан Байдалинованың жазасын жеңілдетуді сұрады


Гузяль Байдалинова. Алматы, 16 мамыр 2016 жыл.
Гузяль Байдалинова. Алматы, 16 мамыр 2016 жыл.

Казкоммерцбанк Алматы қалалық сотына оппозициялық Nakanune.kz сайтының редакторы Гузяль Байдалиноваға шыққан үкімді жеңілдету туралы өтініш білдірді. Алғашқы сот инстанциясы мамырда Байдалинованы Казкоммерцбанк туралы мақалаларда "көпе-көрінеу жалған ақпарат таратты" деп айыптап, бір жарым жылға соттаған.

Банк баспасөз қызметінің хабарлауынша, Казкоммерцбанк апелляциялық алқада Байдалиноваға бас бостандығынан айырмайтындай жаза тағайындауды сұрайды.

Банк сонымен қатар Байдалиновамен бітім жасасуды сұрайды. Ол бойынша, моральдық шығын ретінде талап етілген 20 миллион теңге 100 мың теңгеге дейін азайтылған.

Байдалинованың адвокаты Инесса Кисилева Азаттыққа комментариінде Байдалинова мен Казкоммерцбанк арасындағы бітімді 16 маусымда Алматының Медеу аудандық соты бекіткенін айтты. Бітім шарты бойынша, Байдалинова 100 мың теңгені Казкоммерцбанктің іскерлік беделіне келтірілген шығынды өтеу үшін" төлеуі тиіс екені айтылады. Кисилева банк "журналистің материалдық жағдайы мен созылмалы сырқатпен ауыратынын ескеріп" оның 19 миллион 900 мың теңге қарызын кешіретінін айтады. Адвокаттың сөзінше, тараптар атқару өндірісі аяқталды деп санайды және бір-біріне талап-арызы жоқ. Кисилеваның айтуынша, Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы қарауында жатқан қылмыстық іске бітімнің қатысы жоқ.

Nakanune.kz сайтының иесі және редакторы 48 жастағы Гузяль Байдалинова былтыр желтоқсанда Алматыда қамауға алынған. Мамырдың 23-і күні Алматының Алмалы аудандық соты Байдалинованы оппозициялық «Республика» және Nakanune.kz сайттарында «Казкоммерцбанкке қарсы тапсырыс бойынша жарияланған мақалаларда көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін» айыпты деп тауып, журналиске бір жарым жыл түрме жазасын кескен.

Байдалинова өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын және үкімге қарсы шағым беретінін мәлімдеген. Оның жақтастары билік журналисті Казкоммерцбанк туралы мақалаларға бола емес, он бес жылдан астам уақыт оппозициялық басылымда жұмыс істеп келе жатқаны үшін жазалады деп санайды.

XS
SM
MD
LG