Accessibility links

HRW Астананы Боқаев, Аян мен Есентаевты босатуға шақырды


Азаматтық белсенді Макс Боқаев ауылшаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы митингте сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.
Азаматтық белсенді Макс Боқаев ауылшаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы митингте сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін азаматтық белсенділер Макс Боқаев, Талғат Аян және Жанат Есентаевты дереу босатуға шақырды. Ұйым 22 маусымда таратқан мәлімдемесінде Астананың қамауда отырған белсенділерге тағылған айыптар алынуы тиіс екенін айтады.

Белсенділер сәуір мен мамыр айларында жер мәселесіне қатысты Атырау мен бірнеше қалада өткен митингілерден соң қамалған. Митингілерге қатысқандар үкіметтің ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді сату және аукцион арқылы шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беру жоспарын қарсылық танытқан.

HRW мәлімдемесінде атыраулық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның "билікті күшпен басып алуға және конституциялық құрылымды күштеп өзгертуге көпшілікті шақыру және қылмысқа дайындалу деп аталатын саяси астары бар айыптар бойынша" 15 жылға дейін сотталуы мүмкін екенін айтады. Ал оралдық бард ақыны Жанат Есентаевтың екіұшты "алауыздық тудыру" айыбымен жеті жылға сотталу қаупі бар дейді құқық қорғаушылар.

24 сәуірде Атырауда болған жер реформасына қарсы митингіде сөз сөйлеген Макс Боқаев пен Талғат Аян 17 мамырда "рұқсатсыз жиын өткізді" деген айыппен 15 күнге қамалған.

"Бір де бір азаматтық белсенді бейбіт қарсылық жиынына қатысқаны үшін қамалмауы тиіс. Олар босатылып, билік үкіметті сынайтындарды қудалауын тоқтатуы тиіс" деген HRW-тың Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон.

24 сәуірде Атыраудан басталған толқу Қазақстанның өзге қалаларына тараған соң президент Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексіне даулы өзгеріс енгізу туралы заңға мораторий жариялаған.

Қазақстан 22-23 маусым күндері БҰҰ-ның Адам құқығы комитетінің сессиясында Халықаралық азаматтық және саяси құқық туралы пактісін қаншалықты орындап жатқаны жайлы есеп беріп жатыр. Қазақстан бұл пактіге 2006 жылы қол қойған. HRW Қазақстан осы сессияда адам құқығын бұзатын заңнамаларын, оның ішінде азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын шектейтін заңды және "араздық тудыру" туралы қылмыстық бапты қайта қарауға міндеттеме алуы тиіс дейді.

XS
SM
MD
LG