Accessibility links

Ақтөбеде "Сириядағы соғысқа кетпек болған" 12 адамға үкім шықты


Ақтөбе 2-қалалық сотының судьясы Ерлан Бақытжан (оң жақта) Сирияда соғысып жатқан "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына қосылмақ болған деп айыпталған 12 адамға үкімге апелляциялық шағым беру тәртібі туралы айтып отыр. Ақтөбе, 12 шілде 2016 жыл.
Ақтөбе 2-қалалық сотының судьясы Ерлан Бақытжан (оң жақта) Сирияда соғысып жатқан "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына қосылмақ болған деп айыпталған 12 адамға үкімге апелляциялық шағым беру тәртібі туралы айтып отыр. Ақтөбе, 12 шілде 2016 жыл.

Ақтөбе қаласының 2-соты 12 шілдеде Қазақстанның 12 азаматын «Сирияға террористік топқа қосылып соғысқа бармақ болғаны» үшін айыпты деп танып, әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырды.

Бұл туралы сот үкімін бүгін судья Ерлан Бақытжан жариялады. Сотталғандардың істері жабық сот процесінде қаралған.

Сот үкімінде Қазақстан қылмыстық кодексінің «қылмысқа дайындалу», «террористік топ құру» және «террористік немесе экстремистік әрекетті қаржыландыру» туралы баптары бойынша айыпты деп танылған 12 азаматтың 6-8 жыл мерзімге бас еркіндігінен айырылғаны айтылған.

Ресми ақпаратқа сәйкес, олардың «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының қатарына қосылып, «Сирия республикасы аумағында болып жатқан қарулы қақтығыстарға қатысуды, яғни террорлық іс-әрекеттерге қатысуды жоспарлағаны» сот барысында анықталған. Сонымен бірге, сот тұжырымы бойынша, бұл адамдар интернет арқылы террористер өкілдерімен байланысып, Қырғызстан мен Өзбекстан азаматтарының жалған паспортын жасатпақ болған және олардың бірі көздеген мақсатқа жету үшін қаржы бөлген.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Судья сотталушыларға үкімге апелляциялық шағым беруге құқылы екендерін хабарлап, шағым беру тәртібін түсіндірді.

Сириядағы соғысқа бармақ болған деп айыпталған 12 адам биыл ақпанда ұсталған.

XS
SM
MD
LG