Ресей Қазақстанға берген С-300 зениттік кешендеріне 170 зениттік зымыранын жеткізудің "мемлекет ішілік" процедурасын рәсімдеуді аяқтап қалды деп хабарлады Қазақстан қорғаныс министрлігі. Қаңтар айында Қазақстанға бес С-300 зенит-зымыран кешен полкін беру аяқталғаны хабарланған.
Астанада бүгін қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов Қазақстанға қысқа мерзімдік сапармен келген Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгумен кездескен.
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі министрлер келешектегі өзара іс-қимылды, оның ішінде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше елдер арасында әскери жүктерді тасымалдау және әскери өнімдер транзитін жеңілдететін мемлекетаралық келісім жасауды талқылағанын айтады.
Министрлік мәліметінше, Балқаш алабын Ресейдің зымыран шабуылынан алдын ала ескерту жүйесіне беру және оны ары қарайғы пайдаланудың жаңа шарттарын анықтау туралы келісім мақұлданған.