Қазақстанда екінші қайта кешенді тест тапсырған түлектердің жартысынан астамы межелі балды жинай алмады деп хабарлайды білім және ғылым министрлігі. Екінші рет тестілеу 19-21 тамыз күндері болған.
Ресми мәлімет бойынша, тестілеуге 45 мың 25 түлек өтініш білдіріп, оның 41 мың 801-і қатысқан. Тапсырғандардың 23 мың 778-і (56,884 пайызы) межелі балл ала алмаған.
Екінші қайтара тестті Ұлттық бірыңғай тесттен (ҰБТ) мен кешенді тестілеуден межелі балл жинай алмағандар, ҰБТ мен кешенді тестілеуге қатыспағандар тапсырған. Сонымен қатар ҰБТ мен кешенді тестілеудегі нәтижелері жойылған түлектер де тестке қатыстырылған.
Министрлік екінші қайтара тестілеуде межелі балл жинай алмаған түлектер жоғары оқу орындарына алғашқы академиялық оқу кезеңі аяқталғанға дейін ақылы түрде күндізгі бөлімге оқуға түсе алатынын айтады. Аталған түлектер бірінші академиялық оқу кезеңі аяқталған соң тағы да тест тапсырады. Егер бұл кезде де межелі балл жинай алмаса онда түлек оқудан шығарылады.