Accessibility links

Куәгер: Матаевтармен келісім шарт заңсыз жасалды


Болат Берсебаев, инвестициялар және даму министрлігі ақпараттандыру және байланыс комитетінің бұрынғы төрағасы.
Болат Берсебаев, инвестициялар және даму министрлігі ақпараттандыру және байланыс комитетінің бұрынғы төрағасы.

Астана қаласы Есіл аудандық №2 сотында Сейітқазы Матаев пен оның ұлы Әсет Матаевқа қатысты сот ісінде ақпараттандыру және байланыс комитетін 2010-2011 жылдары басқарған Болат Берсебаев ҚазТАГ агенттігімен келісім шартты "заңсыз жасағанын" мәлімдеді.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Берсебаев 2010 жылы ақпараттандыру және байланыс комитеті "ҚазТАГ агенттігімен бір көзден қаржы алу тәсілімен 20 миллион теңгеге мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім шарт жасасқанын" айтқан.

- 2010 жылы мемлекеттік тендер байқауы өтпей қалды. Тәртіп бойынша, екінші кезеңдегі бір көзден қаржы алу келісім шарты алғашқы байқауға қатысқан заңды тұлғаның бірімен ғана жасалуы керек еді. ҚазТАГ алғашқы байқауға қатысқан жоқ. Сонда да біз онымен келісім шартқа отырып, заңды бұздық. Жауапкершілігімді, қызметімді асыра пайдаланғанымды мойындаймын, - деді ол.

Болат Берсебаев ҚазТАГ-тың «келісім шарт талаптарын дұрыс орындамай жүргенін білсе де» бұл кемшілікті басшысы «министрге айтпағанын», «жұмыс қабылдау актісін ақпарат агенттігі қалай берсе, оны сол күйінде қабылдағанын» «есімі елге белгілі, журналистер арасында беделі күшті» Сейітқазы Матаевпен «қарым-қатынасын бұзғысы келмегенімен» түсіндірді.

Ақпараттандыру және байланыс комитетінің бұрынғы басшысы Болат Берсебаев пен оның орынбасары Бек Арпабаевты Матаевтардың ісі бойынша 2016 жылы 25 наурызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі күдікті ретінде үйқамаққа алған болатын. Тергеу кезінде «тергеу ісінің ашылуына көмектесіп, заңсыз әрекеттерін мойындаған» соң олар күдіктіден кәугерге айналған болатын.

Биыл 22 ақпанда«мемлекет қаржысын жымқырған» және «салықтан жалтарған» деген күдікпен ұсталған Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев 24 ақпанда үйқамаққа алынған. 28 наурызда оның ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігі бас директоры Әсет Матаев та үйқамаққа алынды. Әкелі-балалы Матаевтар өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарып, «келген зиян» туралы айыптау толыққанды аудиторлық тексеру жүргізілместен тағылғанын айтады. Мамыр айында Сейітқазы Матаевтың адвокаттары оған тағылған айып "қызмет өкілетін пайдаланып өзіне артылған сенімді теріс мақсатқа пайдаланды" деген ауыр бапқа өзгергенін хабарлаған. Әсет Матаевқа қатысты айып та осыған ұқсас өзгертілген

XS
SM
MD
LG