Accessibility links

Боқаев пен Аянның ісі бойынша соттың алдын ала тыңдауы басталды


Белсенділер Талғат Аян (сол жақта) мен Макс Боқаев сот залында отыр. Атырау, 12 қазан 2016 жыл.
Белсенділер Талғат Аян (сол жақта) мен Макс Боқаев сот залында отыр. Атырау, 12 қазан 2016 жыл.

Атыраудағы №2 қылмыстық істер бойынша сотында бүгін азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның үстінен қозғалған іс бойынша соттың алдын ала тыңдауы басталды.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сотқа судья Гүлнәр Дәулешова төрағалық етіп жатыр. Сотқа өзге де аймақтардан құқық қорғаушылар, облыс тұрғындары, Құлсары мен бірнеше ауданнан адамдар қатысуға келді. Сот өтетін ғимаратта бақылау күшейтілді. БАҚ өкілдеріне сот залынан фото және бейне жазба түсіруіне бес минутқа ғана рұқсат беріліп, одан соң бөлек бөлмеге шығарып жіберді.

Сот басталғанда Боқаев пен Аянның адвокаты Төлепқали Аянов судья Гүлнәр Дәулешованы істен шеттету туралы өітініш жасады. Төлепқали Аянов сот тергеуінің айыптау актісі 30 қыркүйекте дайын болғанымен, ол сол күні емес, 3 қазанда жарияланғанын, ал іс материалдары 73 томнан тұратындықтан осы аралықта соттың онымен танысып шығуы мүмкін болмағанын айтты.

- Судья айыптау актісі шыққан соң оны бірден реестрге енгізуі тиіс еді, бірақ оны уақытында енгізбеген. Бұл дегеніміз сот ісін фальсификациялау деп саналатындықтан, судьяны істен шеттетуді сұраймын, - деді адвокат.

Бұдан соң судья өтінішке қатысты шешім қабылдау үшін бес минуттық үзіліс жариялады. Үзілістен соң сотқа өзге Дүйсебалиева деген судья келіп, адвокаттың өтініші қанағаттандырылмайтынын айтып, сот залынан шығып кетті. Осы кезде Макс Боқаев "Ешнәрсе естілген жоқ, судья дұрыс оқымады" деп наразылығын білдірді. Бұл судья ақырын сөйлегендіктен не айтқаны сот барысын өзге бөлмеде монитор арқылы тыңдап отырған журналистерге дұрыс естілмеді.

Сотқа келген құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев "Егер соттың алдын ала отырысының өзі осындай жағдайда өтсе, онда бұл процестің шынайы өтетініне күмәнім зор" деді. Бұдан соң сотта түстен кейінге дейін үзіліс жарияланды.

Макс Боқаев пен Талғат Аян 24 сәуір күні Атырау қаласында жер реформасына қарсылық ретінде өткен жаппай митингтен соң қамауға алынған. Макс Боқаев пен Талғат Аянға бірқатар қылмыстық баптар (соның ішінде "араздық тудыру", "заңсыз митинг ұйымдастыру") бойынша айыптары тағылған. Азаматтық белсенділер бұл айыптардың ешқайсысын мойындаған жоқ. Қамаудағы Макс Боқаевтың туыстары оның денсаулығына алаңдайды.

10 қазанда Human Rights Watch халықаралық ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша зерттеушісі "Макс Боқаев пен Талғат Аян қарсылық білдіру құқығын пайдаланғаны үшін де, өзгелерді қарсылық білдіруге шақырғаны үшін де қамалмауы тиіс. Үкімет саясатына қарсылығын білдіру - қылмыс емес" деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG