Accessibility links

Филиппиннің оңтүстігінде бүгін исламшыл бүлікшілерге қатысы бар ондаған қарулы адам түрмеге басып кіріп, 130-дан астам тұтқынды босатып жіберді. Полицияның хабарлауынша, қарулы топ түрме күзетшісін атып өлтірген.

Түрме бастығы Питер Бонгаттың жергілікті ақпарат құралдарына хабарлауынша, қарулы адамдар Кидапаван ауданындағы Солтүстік Котабато түрмесіне жергілікті уақыт бойынша 4 қаңтарға қараған түні басып кірген. Түрме бастығының айтуына қарағанда, қамаудағы 1511 тұтқынның 132-сі қашып шыққан, екеуі қайта ұсталған. "Шабуыл мұқият жоспарланған. Тұтқындар қашып шығуға жамылғыны қолданған. Қазір қашып кеткендерді іздеп жатырмыз" деді Бонгат.

Түрме бастығының сөзінше, қарулы топ жетекшісінің "Моро ислам азат ету майданы" ұйымынан бөлініп шыққан фракцияға қатысы бар.

Католиктер халқының басым көпшілігін құрайтын Филиппин елдің оңтүстігінде ондаған жылдар бойы исламшыл бүлікшілердің шабуылынан зардап шегіп келеді.

2014 жылы үкімет елдегі ең ірі көтерілісшіл топ - "Моро ислам азат ету майданы" ұйымымен бейбіт келісім жасасқан. Бірақ шағын топтармен қақтығыс әлі күнге болып тұрады.

Филиппиннің оңтүстігіндегі Минданао аймағында ислам бүлікшілері мен бірталай қылмыстық топтар әрекет етеді. Ол топтардың кейбірі "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымына ант берген.

Өткен жылы ИМ-ге ант берген исламшыл содырлардың түрмеге жасаған бірнеше шабуылынан 23 тұтқын қашып кеткен.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG