Accessibility links

Рысбек Сәрсенбайдың Атырауға баратын ұшақтан "кешіктірілгені" хабарланды


"Жас Алаш" газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай.

Алматыда журналист, "Жас Алаш" газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай бүгін Атырауға қоғамдық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісі бойынша апелляциялық сот отырысына ұша алмай қалды.

Рысбек Сәрсенбайдың әйелі Маржан Аспандиярованың Азаттыққа айтуынша, журналист Атырауға Bek Air компаниясының 16 қаңтар күні таңғы сағат 5:30-дағы рейсімен ұшуы тиіс болған. Бірақ түнгі сағат 12 шамасында Сәрсенбайдың ұялы телефонына өзін Bek Air компаниясынан деп таныстырған әйел адам хабарласып, рейстің бір жарым сағатқа кешігетінін, ұшаққа тіркеу сағат 5:30-да басталатынын айтқан.

- Әуежай сайтынан қарап едік, рейс уақытында ұшады деп көрсетіліпті. Бұдан соң әлгі қоңырау шалған нөмірге хабарласып "ұшақ кешікпейді екен ғой, бұл қалай?" деп сұрадық. Ол әйел әуежай сайты енді жаңартылатынын айтты, - дейді Аспандиярова.

Маржан Аспандиярованың сөзінше, бұдан соң күйеуіне тіркеудің кешірек - сағат 5:30-да басталатыны туралы "компания атынан" жазылған СМС хабарлама келген.​

- Біз сағат 5:30 болмай әуежайға жеткенде рейске тіркеу аяқталып, ұшақ ұшайын деп тұр екен. Яғни рейс кешіктірілмеген. Bek Air компаниясынан бізге ешқандай хабарлама жіберілмегенін, бізбен хабарласқан ұялы телефон нөмірі өздерінде тіркелмегенін айтты - дейді ол.

Аспандиярова ұшақтан кешіккенін естіген күйеуінің қан қысымы көтеріліп кеткенін, әуежайдың медпунктінде оны дәрігерлер қарап, көмек көрсеткенін айтты.

Bek Air компаниясының клиенттерге қызмет ету орталығында Азаттыққа ұшақ кешіккен жағдайда әдетте жолаушыларға ол туралы хабарлама жіберілетінін, бірақ сағат 5:30-дағы рейс уақытымен ұшқанын хабарлады.

Бүгін Атырауда белсенділер, "заңсыз митингтер ұйымдастырды", "жалған ақпараттар таратты", "ұлтараздық тудырды" деген айыптармен сотталған Макс Боқаев пен Талғат Аян Макс Боқаев пен Талғат Аянның апелляциялық шағымы қаралмақ. Рысбек Сәрсенбай сот отырысына қатысуға бармақ болған.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG