Түркия мен Еуропа елдері арасындағы шиеленіс күшейіп бара жатқан тұста Германияның батысындағы федералдық жерлердің бірі - Саарланд шетелдік саясаткерлердің үгіт-насихат кампаниясына тыйым салатынын жариялады. "Германияда Түркияның ішкі жанжалына орын жоқ. Елдегі тыныштыққа қауіп төндіретін сайлауалды кампанияларына тыйым салынуы тиіс" деп мәлімдеді Саарланд жерінің премьері Аннегрет Крамп-Карренбауэр.
Ол Германиядағы 16 федералдық жердің әрқайсысының немістер мен шетелдіктердің өзара бейбіт қатар өмір сүруіне қатер төндіретін саяси қызметке жол бермеуге хақы барын айтты. Премьер Саарланд мұндай шараларды болдырмауға "қолда бар кез-келген мүмкіндікті" пайдаланатынын да білдірді. 26 наурызда сайлауға түсетін Крамп-Карренбауэр канцлер Ангела Меркельдің Христиан-демократиялық одағының құрамында. Түркия билігінің Германияның Франциямен шекарасында орналасқан шағын Саарланд жерінде сайлауалды кампаниясын өткізуді жоспарлағаны, я ондай жоспары жоғы белгісіз.
Нидерланд билігі Түркияның екі министрінің сәуірде өтетін Түркия президенті Режеп Ердоғанның өкілеттігін кеңейтуді көздейтін референдум қарсаңында Нидерландыда тұратын түрік азаматтарына демонстрация өткізуіне рұқсат бермеген. Ердоған бұған жауап ретінде нидерландылықтарды нацистерге теңеген.