Accessibility links

«Сталинизмді ақтау жасырын жүріп жатыр»


Сталиншіл жастар Мәскеудегі шеруде оның портретін көтеріп келеді.
Сталиншіл жастар Мәскеудегі шеруде оның портретін көтеріп келеді.

Ресейдің Пермь қаласында сталиндік қуғын-сүргін тарихы туралы мектеп мұғалімдеріне арналған әдістемелік құралдан дау шықты. Туынды авторларының бірі, тарих ғылымдарының докторы Андрей Суслов әдістемеге «оқушылар үшін қауіпті» деген баға берген екі сарапшының пікірін сайтына шығарған Байланыс, ақпараттық технологиялар және бұқаралық коммуникация саласын қадағалау жөніндегі федералдық қызметін (Роскомнадзор) сотқа берді.

Бұл оқиға 2015 жылдың күзінде басталды. Сол кезде «Азаматтық білім және адам құқықтары орталығының» басшысы Андрей Суслов Мария Черемных есімді әріптесімен бірігіп «Сталиндік қуғын-сүргін тарихын мектепте оқыту» деген мұғалімдерге арналған әдістемелік құрал шығарған. Авторлардың айтуынша, бұл кітапша жоғарғы сынып оқушыларына сабақтан тыс уақытта сталинизмді түсіндіруге көмектесу үшін мектептер мен коллеждердің мұғалімдеріне арнап жазылған.

Әдістеме жарық көрген соң Пермь қаласында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесі бойынша мемлекеттік саясаттың концепцияларына арналған дөңгелек үстел өткен, оны аймақтық омбудсмен Татьяна Марголина жүргізген. Осы шара барысында әдістемені Пермь аймақтық білім министрі Раиса Кассина көріп, оны ұнатқаны сондай, кітапшаны министрлік сайтына шығаруды ұсынған.

– Кейін «Суть времени» ұйымы осы кітапша жайлы естіп, барлық мекемелерге хат жаза бастады. Ең таңғаларлығы – бұл әдістемеге Пермь аймағының губернаторы Басаргин назар аударған. Бұдан соң Білім министрлігі әдістемелік құралды өзінің сайтынан алып тастап, аймақтық Білімді дамыту институтына экспертиза жасатқан. Олар туындыға оң баға беріп, онысы сайтқа шыққан. Бірақ «Суть времени» ұйымындағылар сабасына түспей, таныстары арқылы Роскомнадзордан аккредитация алған сарапшылармен келісіп, олар «эксперттік қорытынды» жазып берген. Тарих ғылымдарының докторы әріптесімен бірлесіп жазған әдістемелік құралды Новочеркасскіде тұратын география мұғалімі мен Санкт-Петербургте тұратын клиникалық психолог бағалаған, - дейді Андрей Суслов.

​«Суть времени» ұйымының лиері Сергей Кургинян шеруде сөйлеп тұр. 2012 жыл.
​«Суть времени» ұйымының лиері Сергей Кургинян шеруде сөйлеп тұр. 2012 жыл.

​«Суть времени» ұйымын Совет Одағы мұрасын мадақтап, десталинизацияға қырын қарайтындығымен әйгілі болған Сергей Кургинян басқарады. Андрей Суслов шағын кітапшаға бұл қозғалыс мүшелерінің бұлайша қарсылық білдіргеніне таңғалмайтынын, бірақ оларды шенеуніктердің қолдағанына қынжылатынын айтады.

– Іске қолында билігі бар адамдар араласа бастады, олар ашулы маргинал адамдардың арыздарына сүйеніп әрекет етіп отыр. Қоғамның қазіргі жағдайында православ белсенділер немесе сталиншіл ұйымдардың мүшелері сияқты түрлі маргиналдар билік өкілдеріне жиі қайырылып жатады. Мәселе биліктің оларға реакциясында. Ал бұл жолғы реакцияны дұрыс реакция дей алмаймын, - деді Суслов.

Жақында «Азаматтық білім және адам құқықтары орталығына» аймақтық прокуратура қызметкерлері келіп, әдістемелік құралға «18+» белгісін қойыңдар» деген ескерту жасап кетті. Роскомнадзор сайтында жарияланған сын-пікір «Суть времени» қозғалысына жақын Дмитрий Узун есімді кісінің тапсырысымен жазылған. Рецензия авторлары – клиникалық психолог Жанна Тачмамедова мен география мұғалімі Ирина Мясникова. 34 беттік рецензияда олар әдістемелік құралдың балаларға тигізер зиянын санамалап шығып, онда «қоғамға қарсы әрекеттерге шақыратын, отбасылық құндылықтарды жоққа шығаратын, адамгершілік және қоғамдық нормаларды үйренуге кедергі келтіретін» ақпараттар бар деген қорытынды жасайды.

Бұл экспертиза бір жыл бұрын жасалған. Ал биыл Жанна Тачмамедова ВИЧ-тің алдын алу туралы әдістемелік көмекші құралды зиянды деп таныған қорытынды жазды. Ол құралмен Челябинскіде сабақтар өтіп жатқан, олар тоқтатылды.

Кейінірек Қолданбалы лингвистика зертханасының сарапшылары Тачмамедова мен Мясникованың бұл рецензиясы негізсіз деген ұйғарым жасады. Санкт-Петербургтегі Тәуелсіз социологиялық зерттеулер орталығының қызметкері Дмитрий Дубровский де осыған ұқсас қорытынды шығарды.

– Біріншіден, бұл – экспертизаға қойылатын формальды талаптар тұрғысынан қарағанда өте сауатсыз дүние. Олар құқықтық сұрақтарға жауап беріп, құқықты дәлелдейтін құжаттарды көрсетеді, одан соң географ мен педагог ретінде эксперттер емес, сот қана жауап бере алатын сауалдарға жауап береді! Яғни, эксперттің құзыреті шегінен асып кеткендері байқалып тұр. Екіншіден, эксперт өзі меңгерген білім саласынан басқа салаларға кіріп кеткен. Себебі, қуғын-сүргін мен сталиндік террордың Ресей тарихы мен оқулықтарында қаншалық көрініс тапқаны туралы тарих ғылымдары докторының пікіріне география пәнінің оқытушысы қандай негізде терең талдау жасай алады? Іс жүзінде авторлар тарихшы болмаса да, солардың функциясын мойнына алып отыр. Бұл экспертизаның ғылымға, әдістемеге және зерттеуге ешқандай қатысы жоқ. Менің ұғуымша, экспертизаның негізгі мақсаты "18+" деген грифті қойдыру болған. Бұл оқиғаның сұмдығы мынада: мұндай мәтіндерді 18 жасқа толмаған студенттерге оқуға болмайды екен, ал балаларға - екібастан. Меніңше, керісінше бұл мәтінді балалар оқуы керек, - дейді Дмитрий Дубровский.

Қазір саяси репрессия тарихы музейіне айналған "Пермь-36" лагерінің қоршауы.
Қазір саяси репрессия тарихы музейіне айналған "Пермь-36" лагерінің қоршауы.

Пермьдағы техникумдардың бірінде тарихтан сабақ беретін Олег Копылов Пермь аймағындағы сталиндік қуғын-сүргін тақырыбын өткенде Суслов пен Черемныхтың әдістемесін қолданып жүрген. Енді ол бұл кітапты қолдана алмайды, қолданса да жасырын пайдалануға мәжбүр.

– Біріншіден, бұл – мұғалімдерге арналған әдістемелік құрал, ал «Білім туралы» Федералдық заңның 47-бабына сәйкес мұғалім әдістерді өз бетінше таңдай алады, әрі оларға сабақ беру, өз пікірін айту бостандығы берілген, олардың кәсібіне ешкім қол сұға алмайды. Демек, бұл рецензияны жазған адамдар Ресей заңдарына қарсы шығып отыр. Оқытушылар әрі-сәрі күйде қалды. Бір жағынан конституция мен заңдар кепілдік берген академиялық еркіндік бар, екінші жағынан «үлкендер» мен басшылық бар, егер олар бұл әдістемені көрсе, ыңғайсыз әңгіме болуы мүмкін. Сондықтан мұғалім оны көрсетпейді, оқу бағдарламаларына қоспайды, - дейді Копылов.

Ресейде ел тарихындағы Сталиннің рөлі, оның есімін халықтың жадында мәңгі қалдыру мәселелері бойынша сауалнамалар жиі өткізіліп тұрады. Соңғы сауалнама бойынша ресейліктердің 62 пайызы қоғамдық орындарға Сталиннің жетістіктерін паш ететін естелік белгілер қойылуы керек деген ойды құптайды. Әдістеме дауы осы сауалнаманың қорытындысы жариянған тұста шығып отыр. Азаматтардың 65 пайызы оның кемшіліктері мен жасаған қылмыстары туралы белгілерді қоюға қарсы. Оның үстіне, жақында Ресейде жүргізілген сауалнама нәтижесіне қарағанда, адамзат тарихындағы ең ұлы адамдар рейтингінде Сталин бірінші орынға шықты. Ресей ғылым академиясы Орал бөлімшесі Философия және құқық институтының аға ғылыми қызметкері Сергей Мошкин:

– Біздің елде Сталинді, сталинизмді ақтау процесі жасырын жүріп жатыр. Бұл ең алдымен қазіргі саяси режимнің идеологиялық ерекшеліктеріне байланысты. Империяны, милитаризмді, әсери жеңістерді қайтадан қалқан етіп көтерді. Соғыстағы жеңіс пен ерлік тақырыбын пайдалану жүріп жатыр, және бұл Сталин есімімен тығыз байланысты. «Кургиняндарды» іс жүзінде нақты мемлекеттік органдар, яғни билік қолдайды. Бұл – Сталинді, сталинизмді ақтаудың астыртын әрекеті. Биліктің болашағы бар әлеуметтік жобасы жоқ, қазіргі режимнің қолында қалған жалғыз көзір – біздің ерлікке толы өткен өміріміз, - дейді.

Андрей Сусловтың айтуынша, Роскомнадзордың сайтында жарияланған рецензия оның ғалым ретіндегі беделіне нұқсан келтіреді. Сондықтан ол бұл рецензияны заңсыз деп танып, сайттан алғызып тастауды сұрап отыр. Азаттыққа берген жауабында Роскомнадзор №436 федералдық заңның талабы бойынша аккредиттелген эксперттердің қорытындысын жариялауға міндетті екендерін айтты. Дегенмен, бұл мәтіннің мазмұнына авторлар – Жанна Тачмамедова мен Ирина Мясникова жауап береді. Сондықтан, Андрей Суслов оларды қосымша жауапкер ретінде сотқа тартуды талап етеді. Соттың келесі отырысы қазанның 3-і күні өтеді.

Александр Валиевтің мақаласы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG