Accessibility links

"Жаңа зауыт салғанмен, оған шикізат жетіспеуі мүмкін"


Мұнай өңдеу компаниясы. (Көрнекі сурет.)
Мұнай өңдеу компаниясы. (Көрнекі сурет.)

Жанармай нарығындағы тапшылық Қазақстанға төртінші мұнай өңдеу зауытын салу керектігі жайлы әңгімені қайта қозғады. Сарапшылар жаңа зауытқа қажетті көлемде шикізат жоғын айтады. Үкімет жаңарту жұмыстарынан кейін елдегі үш зауыттың шамасы қажеттілікті өтеуге жетеді деп сендіреді.

МИНИСТРГЕ СӨГІС БЕРІП, ОРЫНБАСАРЫН ЖҰМЫСТАН АЛДЫ

10 қазанда Астанадағы үкімет отырысында Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев елдегі жанар-жағармай нарығындағы тапшылыққа байланысты жауапты адамдарды "қызмет міндеттерін атқаруға салғырттығы" үшін сөгіп, кейбірін жұмыстан босатты. Үкімет жетекшісі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа сөгіс беру туралы ұсыныс жолдап, вице-министр Әсет Мағауовты қызметінен босату туралы шешім қабылдайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының жетекшісі Сауат Мыңбаевқа сөгіс жариялап, оның бірінші орынбасары Данияр Берлібаевты жұмыстан босатуды тапсырды.

"Жаңа зауытқа шикізат аз"
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:27 0:00

Содан бір күн бұрын энергетика вице-министрі Әсет Мағауов журналистерге берген жауабында елде Аи-92 маркалы бензині тапшы болатынын министрліктің алдын-ала білгені туралы айтқан еді.

- Атырау мұнай өңдеу зауыты күрделі жөндеуге жабылғанда осылай боларын болжап айтқанбыз. 20 қыркүйекте Павлодар зауытында жөндеу жұмыстары басталды. Жанармай тапшылығын жою үшін Аи-95 және Аи-80 маркалы бензинді шығаруды азайтып, есесіне Аи-92 маркалы бензин өндірісін 14 тоннаға дейін көбейтуге шешім қабылданды. Қарашаға дейін тағы 75 тоннаға көбейетін болады, - деген ол.

Сейсенбіде қазақстандық баспасөз құралдары елдің кей аймақтарында бензин литрінің бағасы 200 теңгеге дейін жеткені туралы ақпарат таратты.

Бұған дейін Алматыдағы жанармай бекеттерінде АИ-92 маркалы бензин литрі 151-155 теңге, АИ-95 маркасы - 162-164 теңге, АИ-98 маркалы бензин - 170 теңгеден сатылған болатын.

"ОРЫНДАЛМАҒАН УӘДЕ"

Қыркүйекте Павлодар мұнай өңдеу зауыты (МӨЗ), алдағы уақытта Шымкенттегі зауыт жөндеу жұмыстарына жабылатыны туралы хабардан кейін Қазақстанда жанармай тапшылығы байқалған. Қазанның 5-інде Алматы әкімдігі қалада 8-10 күнге жететін жанар-жағармай қоры қалғаны туралы хабарлаған.

Әлеуметтік желілер "мұнайға бай Қазақстанның жанар-жағармай тапшылығына" тап болғаны жайлы пікірлерге толды. Кей қолданушылар Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауыты салатыны туралы биліктің бұған дейін бірнеше рет уәде бергенін еске алды. "Егер төртінші мұнай өңдеу зауыты салынғанда қазіргідей тапшылық болмас еді" деген пікірлер айтылды.

Ғалым Смағұлұлының карикатурасы.
Ғалым Смағұлұлының карикатурасы.

Қазақстанда Атырау, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарынан өзге тағы бір мұнай өңдеу зауытын салуды биліктің сөз еткеніне он жылға таяды. 2009 жылы сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімов елге жаңа мұнай зауыты қажеттігін айтып, оның құрылысы шамамен 3,5 миллиард долларға түседі деп мәлімдеген. Кейін мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев жаңа зауыттың құнын 6 миллиард долларға жеткізген. Мыңбаевтың жоспары бойынша, жаңа зауыт құрылысы 2016 жылы басталып 2019 жылы іске қосылуы тиіс еді.

Жаңа зауыт салу қажеттігі жайлы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та 2013-2014 жылдары бірнеше рет мәлімдеп, құрылысын бастауды тапсырған. Бірақ зауыт құрылысы сол күйі басталған жоқ.

Азаттық тілшісі энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа хат жолдап, жаңа зауыт салына ма, оған қанша қаржы керек, жаңа зауыт салуға не кедергі болды, қазіргі зауыттар не себептен жиі жөнделеді деген сұрақтар қойған еді. Бірақ, министрліктен келген хатта жаңа зауыт жайлы Азаттық қойған сұрақтар жауапсыз қалған.

Қазақстан энергетика министрі Қанат Бозымбаев парламентте сөйлеп тұр. Астана, 2 қараша 2016 жыл.
Қазақстан энергетика министрі Қанат Бозымбаев парламентте сөйлеп тұр. Астана, 2 қараша 2016 жыл.

Энергетика министрлігінің Азаттыққа берген жауабында қазір Қазақстандағы үш МӨЗ ішкі нарықтағы жоғарыоктанды бензинге сұраныстың шамамен 70 пайызын, дизель отынының – 85-90 пайызын және авиаотынға сұраныстың 45 пайызын өтейтіні айтылған.

"Үш МӨЗ қайта жөнделген соң жоғарыоктанды АИ-92 бензинін 2,2 есе, АИ-95/98 – 9,6 есе, дизель отынын 30 пайыз, авиаотынды – шамамен 3 есе көп шығаруға мүмкіндік береді. Ал төменоктанды бензин шығарылмайды. Зауыттарды қайта жаңарту 2017-2018 жылдары аяқталуы тиіс. Онан кейін жөндеу жұмыстары 3-4 жылда бір рет жүргізілетін болады, бұл жылына қосымша 300 мың тонна мұнайды қайта өңдеуге мүмкіндік береді" делінген хатта.

Елдегі үш МӨЗ жаңартылған соң шикізат өңдеу қуаты жылына 13,8 миллион тоннадан 16,5 миллион тоннаға дейін артады деп сендіреді министрлік.

Қазақстан тұтынатын жанармайдың шамамен 30 пайызын Ресейден сатып алады.

"ТӨРТІНШІ ЗАУЫТҚА МҰНАЙ ЖЕТПЕЙДІ"

Азаттық тілшісі әңгімелескен сарапшылар Қазақстанда төртінші мұнай зауытының салынбай қалуының себебін оған жеткізетін мұнай тапшылығымен байланыстырады.

Қазақстанның мұнай саласын зерттеуші, таяуда жарық көрген "Черная кровь Казахстана" деп аталатын кітаптың авторы Олег Червинскийдің айтуынша, жалпы жиынтығы 15 миллион тоннадан астам мұнай өңдей алатын үш зауыт 2016 жылы 14 миллион тоннаға жетпейтін мұнай өңдеген.

Журналист Олег Червинский Қазақстан мұнайы туралы жаңа кітабын таныстырып тұр. (Олег Червинскийдің жеке мұрағатындағы сурет.)
Журналист Олег Червинский Қазақстан мұнайы туралы жаңа кітабын таныстырып тұр. (Олег Червинскийдің жеке мұрағатындағы сурет.)

- Тағы бір мұнай өңдейтін зауыт салынды делік, бірақ оған жеткізілетін шикі мұнайды қайдан алады? "ҚазМұнайГаз" барлау өндіру" АҚ жұмыс істейтін мұнай кеніштерінде мұнай жыл сайын азайып келеді. Оның үстіне миноритарлы акционерлері мұнай өңдеу зауыттарына жіберілетін мұнай бағасы қаншалықты әділ деген мәселе көтере бастайды, - дейді ол.

Олег Червинскийдің сөзінше, "Қазақстандағы мұнай өндірісі Қашаған кеніші толық қуатына шыққан кезде және Теңіз бен Қарашығанақ жобалары ұлғайса ғана әрі қарай өседі. Ал ол жобалардың акционерлері өнімді кім қымбатқа алса соған сатуға ерікті.

- Ал Қазақстандағы жанармай бағасы әлемдік деңгейге жетпей мұнай өңдеу зауытында шикізат өңдеу – оның иесіне экономикалық тұрғыдан тиімді емес, сондықтан мұнан кейін де бензин тапшылығы бола береді, - дейді ол.

Азаттықпен сөйлескен Мұнай сервис компаниялар одағының директоры Нұрлан Жұмағұлов та осыған ұқсас пікір айтады. Оның сөзінше, қазіргі жағдайда төртінші мұнай өңдеу зауытын салуға инвесторларың құлқы жоқ. Өйткені, мұнай өндіруші компаниялар мұнайын ішкі МӨЗ-дерге емес экспортқа шығаруға тырысады.

- Қазақстан мұнайының жартысын, яғни шамамен 40 миллион тоннасын өндіретін "Қарашығанақ", "Теңізшевройл", "Қашағанға" үкіметтің ықпал етуі өте қиын. Олар өнімдерін экспортқа шығарады. Келісімшарт солай. 20-30 пайыз мұнайын ішкі рынокқа өткізуді міндеттесе де оны әлемдік бағамен сатар еді. Әлемдік баға бойынша бензин бізде қазіргіден екі есе қымбат болуы тиіс. Халық оған дайын емес, - дейді ол.

Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты. 13 маусым 2006 жыл.
Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты. 13 маусым 2006 жыл.

Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, өзге мұнай өндіруші компаниялар 30 пайызын, тіпті "Қазмұнайгаз" компаниясы 50 пайыз мұнайын ішкі рынокқа беруі тиіс. Әлемдік рынокта баға 50-55 доллар болса, ішкі рынокта 20-25 доллар ғана.

- Мысалы, "Шеврон" компаниясы үкімет талабына келісетін болса экспортттан Қазақстан бюджетіне өткізетін салықтары азаятынын ескертті. Бірақ "Шеврон" өндірісі мардымсыз ескі кеніштерді сұрады. Оны жаңа технологиямен игеріп, шыққан мұнайды ішкі рынокқа бере алатынын айтты. "Қазмұнайгаз" бұл мәселені ойластырып жатыр, - дейді ол.

Нұрлан Жұмағұлов қуаты 200-300 мың тонналық шағын мұнай өңдеу зауыттарын салу да тиімсіз екенін айтады.

- Қазақстан 2016 жылы "Еуро-4", "Еуро-5" стандарттарына өтуі тиіс болған. Шағын зауытпен ол стандартқа жету қиын. Оның үстіне үлкен зауыттарға мұнай құбырмен келеді. Ал шағын зауыттарға 200-300 мың тонна мұнай жеткізу үшін ешкім құбыр салмайды, - дейді ол.

Жұмағұловтың айтуынша, Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауыты жаңарған кезде ішкі рынокты бензинмен қамтамасыз етуге болады. Яғни жаңартылғаннан кейін бензин сапасы жоғарылап, зауыт қуаттары да өседі.

Қазақстандағы мұнай өңдейтін үш зауыт совет заманынан бері жұмыс істеп тұр. Атыраудағы зауыт 1945 жылы, Павлодардағы – 1978 жылы және Шымкенттегі зауыт 1985 жылы салынған. 1992 жылы 25,8 миллион тонна мұнай өндірген Қазақстан 2012 жылы көрсеткішін 80 миллион тоннаға дейін жеткізген. Ал 2016 жылы өндірілген мұнай көлемі қайтадан 77 миллион тоннаға түскен.

XS
SM
MD
LG