Accessibility links

Ресейде билікке қарсылық білдірген ондаған адамды полиция ұстады


Полиция наразылық шеруіне шыққандары ұстап әкетті. Томск, 9 қыркүйек 2018 жыл.
Полиция наразылық шеруіне шыққандары ұстап әкетті. Томск, 9 қыркүйек 2018 жыл.

Қыркүйектің 9-ы күні Ресейдің бірнеше аймағында үкіметтің зейнетақы реформасына қарсылық білдіріп көшеге шыққандарды және оппозиционер Алексей Навальныйдың жергілікті штабы өкілдерін полиция ұстады деп хабарлайды Азаттықтың Орыс қызметі.

Екатеринбург қаласында полиция шеру өтіп жатқан жерден ұстап әкетпек болған әйел әлсіреп қалған. Шеру басталар алдында Алексей Навальныйдың штабының үйлестірушісі Юрий Кузьмин және ерікті Кирилл Денисовпен байланыс үзіліп қалды деп хабарлайды "Медиазона".

Новосибирскіде жергілікті биліктің келісімінсіз шеруге шыққан адамдар зейнетақы реформасына қарсылық білдіріп қала көшесімен жүріп өткен полиция олардың жолын бөгей алмаған. Тайга.инфо сайтының хабарлауынша, шараға екі мыңға жуық адам қатысқан. Полиция шеруге қатысқан бірнеше адамды, сонымен бірге жергілікті штабтың басшысы Сергей Бойконы ұстаған.

Омбы қаласында полиция қарсылық акциясынан шыққан кемінде 14 адамды ұстап әкеткен. Олардың арасында жергілікті штабтың үйлестірушісі Ольга Картавцева мен заңгер Анастасия Васильева бар делінген осы штабтың "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Кемеров қаласында полиция Навальный штабының үйлестірушісі Станислав Калиниченко мен штаб қызметкері Серафима Тебенихинаны ұстаған, олардың телефонарын алып қойған.

Томск қаласында 20-дан астам адамды ұстаған, арасында балалар да бар. Полиция Навальныйдың жергілікті штабының үйлестірушісі Ксения Фадееваны ұстап әкеткен.

Навальныйдың жақтастары Сібірдің өзге де қалаларында, атап айтқанда Иркутск, Улан-Удэ, Барнаул, Красноярск, Новокузнецк қалаларында зейнетақы реформасына қарсылық акцияларына жиналған. Оларға ондаған, кейбіріне жүздеген адам қатысқан.

Бұған дейін наразылық акциялары Владивосток, Хабаровск, Южно-Сахалинск қалаларында өткен. Хабаровскіде оншақты адамды полиция ұстаған.

Мәскеу билігі наразылық акциясын өткізуге келісім бермеген, Санкт-Петербургте билік әуелі келісім бергенімен, кейін оны кері қайтып алған.

Бүгін таңертең Мәскеуде полиция Навальныйдың серігі Николай Ляскинді, "Жемқорлықпен күрес қорының" заңгері Любовь Собольді ұстаған. Жұма күні Навальныйдың серіктері Георгий Албуров пен Владимир Миловты ұстаған болатын. Оларды жергілікті биліктің келісімінсіз заңсыз шеру ұйымдастырған деп айыптаған.

Алексей Навальныйдың өзі қыс мезгілінде болған шеру үшін сот тағайындаған 30 күндік әкімшілік қамау жазасын өтеп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG