Accessibility links

БАҚ: жүздеген бай ресейлік британ визасынан айрылуы мүмкін


"Челси" футбол клубының иесі Роман Абрамович (оң жақта) пен ресейлік миллиардер Әлішер Усманов. Лондон, мамыр, 2009 жыл.
"Челси" футбол клубының иесі Роман Абрамович (оң жақта) пен ресейлік миллиардер Әлішер Усманов. Лондон, мамыр, 2009 жыл.

Ұлыбританиядағы 700-ден аса ауқатты ресейлік "инвестор визасын" ұзартуда проблемаға кезігуі мүмкін деп хабарлайды The Guardian басылымы британдық ішкі істер министрлігіндегі дереккөздерге сілтеме жасап. Газеттің жазуынша, бұл Солсбериде Сергей Скрипаль мен Юлия Скрипальге у беруді ұйымдастырған деп Кремльді айыптаған Лондонның Ресейдің осы елдегі ықпалын азайту ниетімен байланысты.

Британ билігі 2008 жылдан бері ресейліктер мен өзге де шетелдіктерге берілген 3 мыңнан астам инвестициялық визаны қайта қарамақ ниетте. Қазіргі қадам - 2014 жылдан бері ақшаны заңдастыруға қарсы күрестегі үшінші кезең. Ол үш жыл бұрын заңға енгізілген өзгертулерге негізделген. Әлгі өзгертулерге сәйкес, өтініш беруші капиталдың шыққан төркінін түсіндіруге міндетті. Ол кезде инвестор визасын алуға қажетті ең төменгі инвестиция көлемі 1 миллион фунт стерлингтен 2 миллион фунт стерлингке дейін көбейтілген.

Басылымның дереккөзі егер үкімет "қаржы ережесі бұзылғаны" анықталған жағдайда кей шетелдіктер, соның ішінде ресейліктердің визадан айырылатынын айтқан. Дәл осындай себеппен мамыр айында ағылшынның "Челси" футбол клубының иесі, ресейлік олигарх Роман Абрамович визасын ұзартпақшы болғанда проблемаға кезіккен. Баспасөз құралдары олигархтың берген өтінішін кері қайтып алғаны туралы хабарлаған.


Transparency International құқық қорғау ұйымының өкілі Рейчел Дэвис Тека жаңа шараларды құптайды. Ол "коррупция деңгейі аса жоғары ел" деп атаған Ресейдің жүздеген азаматына 2008 жылдан 2015 жылға дейінгі кезеңде капиталының шығу төркінін тиісті дәрежеде тексерместен инвестор визасы берілгенін айтады.

Өткен аптада британ парламентінің мүшелері виза беру тәртібін "қарапайым ресейліктерге" ыңғайлы, ал "олигархтарға одан қиын" етуге шақырған. Бұл мәлімдеме Лондон ресейлік әскери барлаудың ықтимал екі агентін Англия аумағында "Новичок" улы қаруын қолданған деген айып таққан тұста айтылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG