Accessibility links

Ресейдегі қарсылық акцияларында жүздеген адамды полиция ұстады


Мәскеуде өткен Ресейдегі зейнетақы реформасына қарсылық акциясы. 9 қыркүйек 2018 жыл.
Мәскеуде өткен Ресейдегі зейнетақы реформасына қарсылық акциясы. 9 қыркүйек 2018 жыл.

Ресейдің 33 қаласында 9 қыркүйекте өткен зейнетақы реформасына қарсылық акцияларында полиция 839 адамды ұстады. Бұл туралы "ОВД-Инфо" сайты хабарлады. 839 адамның 324-і Санкт-Петербургте тұтқындалды. "Фонтанка" сайтының хабарлауынша, бұл қаладағы ұсталғандар саны 500 адамға жетуі мүмкін. Екатеринбургте 129 адам ұсталды. "ОВД-Инфо" 829 адам - аты-жөні белгілі болған адамдар екенін, алайда, "шын мәнінде ұсталғандар саны бұдан көп болуы мүмкіндігін" хабарлады.

Мәскеуде 9 қыркүйек күні кешке әрқилы мәлімет бойынша ондаған адамды полиция ұстады. "Театральная" метро станциясында полиция шеруге шыққандарды сабады.

Мәскеу полициясы зейнетке шығу жасын ұлғайтуға қарсы митингіге екі мың адам қатысқанын айтады. Өзге мәліметтер бойынша, Пушкинск алаңында өткен акцияға бес мыңға дейін адам қатысты. Демонстранттар Пушкин ескерткіші алдына "Зейнет" деген жазуы бар қаралы оқиғаға арналған гүл шоғын қойды. Жиналғандар "Бұл реформа емес, тонау!" және "Ақшамызды қайтарыңдар!" деп ұрандатты.

Оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың серігі Леонид Волковтың Twitter-де жазуынша, Ресей бойынша зейнетақы реформасына қарсылық акцияларына 60 мыңнан 80 мыңға дейінгі аралықта адам қатысты. Волков билік рұқсат бермеген қарсылық акцияларына қатысқандар санын дәл есептеудің қиын екенін айтады.

Шілдеде Ресей парламенті үкіметтің зейнетке шығу жасын әйелдерге 63 жасқа, ерлерге 65 жасқа дейін ұзарту жоспарын алдын ала тыңдалымда мақұлдаған еді.

Бұдан соң ондаған қалада мыңдаған азамат бұл реформаға қарсы шығып, жаппай наразылық акцияларын өткізе бастаған. Қоғамдық сауалнама нәтижелері бойынша, осының салдарынан Путиннің рейтингі күрт төмендеген. Путин бұған жауап ретінде 29 тамызда өткен тікелей эфирде әйелдердің зейнетке шығу жасын үкімет жоспарлаған сегіз жылдың орнына бес жылға ұзартуды және үш немесе одан да көп балалы аналарды зейнетке ертерек шығаруды ұсынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG