Accessibility links

Ердоған Сириядағы соғысты тоқтатуға шақырды


Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған. Көрнекі сурет
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған. Көрнекі сурет

Сирияның Идлиб провинциясындағы қақтығыстың алдын алмаса одан кейінгі жағдайдың жауапкершілігін әлемдік қауымдастық бірге арқалайды. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Wall Street Journal басылымында шыққан мақаласында осылай деген. Оның сөзінше, Башар Асад армиясының Идлибке шабуыл жасауы гуманитарлық апат әрі Түркия мен Еуропаның тыныштығына қауіп төндіреді.

Ердоған "АҚШ Дамаскіде бар делінген химиялық қаруды ғана жалғыз қауіп деп қарауды доғаруы керек" деген. Ол "жай қарудан да көп адам өліп жатқанын" айтқан. Түркия президенті бұған қоса Иран мен Ресейді Идлибке жасалып жатқан шабуылды тоқтатуға, ал өзге мемлекеттердің басшыларын "Сирияда саяси тұрақтылықты қалпына келтіру үшін өз абыройларын пайдалануға" шақырған.

Өткен аптада Түркия президенті Владимир Путин мен Хасан Роуханимен кездесіп, Идлибті жаулап алудан бас тартуға, бұл провинцияны Сирия оппозициясының иелігіне беруге көндірмек болған. Бірақ Мәскеу мен Тегеран, БҰҰ мен өзге де елдер Ердоғанның талабын ескерусіз қалдырды. Құқық қорғаушылардың айтуынша, Ресей мен Сирия әуе күштерінің Идлибті бомбалауынан қатарларында әйелдер мен балалар бар ондаған бейбіт тұрғын қаза тапқан. Бірнеше аурухана қираған.

Қыркүйектің 11-і күні Reuters "Иран сыртқы істер министрлігі Идлибтегі шайқаста гуманитарлық апат болдырмауға уәде берді" деп хабарлады.

АҚШ Дамаскіге Идлибте "химиялық қару қолданса зардабы болатынын" бірнеше рет ескерткен. Бірақ әзірге қақтығысқа араласқан жоқ. Кейбір ақпарат құралдары Вашингтон Лондон мен Парижді "химиялық қару қолданса Асадтың әскери нысандарына бірігіп соққы жасауға" көндіріп жатқанын айтқан.

Анкара Идлибте үлкен соғыс болса шекарасына келетін босқындар саны күрт көбейеді деп алаңдайды. Соңғы ақпарат бойынша, қазір Идлибте үш миллиондай адам, оның ішінде бір миллионға жуық бала тұрып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG