Accessibility links

Франция президенті Макрон Украина режиссері Сенцовпен кездесті


Франция президенті Эммануэль Макрон (сол жақта) және Украина режиссері Олег Сенцов. Франция, 1 қазан 2019 жыл.

Франция президенті Эммануэль Макрон Ресей түрмесінде бес жыл отырып, Украина мен Ресей арасындағы "тұтқын алмасу" келісімінен кейін жақында босап шыққан украиналық режиссер Олег Сенцовпен кездесті. Кездесу Страсбург қаласында Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясы (ПАСЕ) отырысы қарсаңында болған.

Украинаның "Перший" арнасы кездесуден видео жариялады. Видеода Макронның әуелі Сенцовтан шығармашылық жоспары туралы сұрағаны көрінеді. Режиссер кино саласына оралып, кітап жазбақ ойы бар екенін, бірақ қазір бұл жоспарының кейінге шегерілгенін айтады.

AFP жазуынша, Сенцов Макронға түрмеде отырған кезде жағдайына алаңдап, қолдау көрсеткені үшін алғыс айтқан. Кездесуде Ресей түрмесінде қалған украиналықтардың жағдайы да сөз болған.

Франция билігі мен азаматтық қоғамы өткен жылы Ресей түрмесінде Украина тұтқындарын босатуды талап етіп, бірнеше ай аштық ұстаған Сенцовты қолдаған. Оған сол кезде Париждің құрметті азаматы атағы берілді. Еуропарламенттің шешімімен Сахаров атындағы сыйлыққа ие болды.

Сенцовпен кездесуден кейін Макрон Еуропа кеңесінің парламенттік ассемблеясы отырысына қатысқан. Макрон жиында Сенцовты "өзге азаматтардың бостандығын өз бостандығынан кем көрмейтін" "Еуропаның ұлы азаматы" деп атаған.

Бұған қоса, Макрон Еуропа тұтастығын сақтау үшін Мәскеумен де диалог орнатудың маңыздылығын атап өткен. Ресейлік делегацияның ПАСЕ жиынына қатысуын шектейтін шараны алып тастауды қолдаған. Франция президенті Мәскеуде шерушілерге күш қолдану мәселесіне де алаңдайтынын білдірген.

Олег Сенцов - Ресейдің Қырымды аннексиялауына қарсылық білдірген Украина азаматы. Ресей билігі оны теракт ұйымдастырмақ болды деп айыптап, 20 жылға соттаған. Сенцов тағылған айыпты мойындамаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG