Азаттық радиосы

Коронавирус. Жауабы әлі табылмаған он сауал

Александр ГОСТЕВ

Ақп. 2, 2021

Covid инфекциясының арамызда жүргеніне бір жылдан асса да, бұл ауру туралы білмейтініміз әлі көп. Вакцина ойлап табылып, миллиондаған адам екпе алып үлгергенімен, індет таяуда аяқталар деген сенімділік жоқ. Ал әлемдегі тіршілік уақытша тоқтап қалғандай.

Британдық-швециялық AstraZeneсa компаниясы Еуроодаққа жіберуі тиіс вакцинасының ширек бөлігін ғана жеткізе алатынын мәлімдеген еді, Еуроодақ жауап ретінде неміс-америкалық Pfizer/BioNTech екпесін Ұлыбританияға экспорттауға тыйым салуы мүмкін екенін ескертті. Осылайша "екпе соғысы" басталып кетті.

Еуроодақта 453 миллионнан астам халық тұрады. Әзірге 8,5 миллион адамға екпе салынған. Олар негізінен – дәрігерлер, әлеуметтік қызметкер және егде жастағылар. Пандемия басталғалы Еуроодақ елдерінде 19 миллионға жуық адам коронавируспен ауырып, 450 мың адам көз жұмған.

Коронавирус жайлы конспирологиялық теориялардың кейіпкеріне айналған Билл Гейтс «әлемде қазіргі вирустан бірнеше есе күшті тағы бір жаңа індет пайда болып, өлім көрсеткіші 35 пайызға жетуі мүмкін» дейді. Гейтстің пікірінше, бұл қорқынышты болжам орындалмаған күннің өзінде, алдағы уақытта табиғат апаттары мен климаттың өзгеруі сияқты коронавирус та күнделік өміріміздің бір бөлігіне айналып кетуі мүмкін.

«Біз келесі пандемияға дайын емеспіз. Кезекті соққы қашан жасалатынын білмейміз. Бұл тұмау бола ма, әлде ешкім білмейтін жаңа бір ауру шыға ма, белгісіз. Бірақ біз күтпеген жерден қиын жағдайда қалмауға тырысу керегін нақты білеміз. Әлем келесі пандемияның алдын алу шараларын қолға алмаса, бәріміз осы қауіптің көлеңкесінде өмір сүреміз» дейді ол.

Адамзаттың коронавирус ауруын тудыратын SARS-CoV-2 вирусымен өмір сүріп жатқанына бір жылдан асса да, көптеген сұрақтың жауабы әлі де жоқ. Назарларыңызға сол сұрақтардың ондығын ұсынамыз.

1. ВИРУС ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

SARS-CoV-2 вирусы Қытайдағы жарқанаттардан тараған деген тұжырым әлі де бар. Жарқанаттар арасында коронавирус көп жүреді, олардың кей түрі 2002 жылы эпидемия туғызған. Бірақ жаңа коронавирус адамдарға жұқпай тұрып, жарқанаттан басқа жануарға өтуі керек. Ал осы вирусты адамға тасымалдаушы рөлін атқарған жануар әлі табылған жоқ.

Ухань қаласы

Мұны 2020 жылдың басында вирустың ошағы деп танылған Уханьдағы базарада сатылатын жануарларға жасалған сараптама қорытындысы да анықтай алмады. Ғалымдардың кейбірі вирус қолдан жасалып, осы қаладағы белгілі зертханадан «байқаусызда» сыртқа тараған, ал Қытай билігі бұл туралы ерте білсе де, әлемге айтпаған деп те есептейді.

2. ПАНДЕМИЯ АЯҚТАЛАР КҮН КЕЛЕ МЕ?

Дәрігерлердің көбі әлем елдері бірнеше факторға байланысты «коронавируспен өмір сүру» стратегиясын таңдаса, биыл жазда барлық мемлекеттегі ауру көрсеткіші 2020 жылдың жазындағы көрсеткіштен асып кетеді деп қауіптенеді. Бірінші кезекте, тәуекел тобына кірмейтін (яғни екпе алмаған) жастарға қауіп төнеді. Сондықтан Еуропаға қазіргі әдісін өзгертіп, 2020 жылдың басында коронавирустың таралуын тоқтату үшін санаулы күн ішінде қатаң шаралар қабылдап, вирус жұққан адамдардың пәтерінің есігін бекітіп, тәулік бойы коменданттық сағат жариялаған Азия елдерінен үлгі алуға тура келуі мүмкін.

3. НАҚТЫ ҚАНША АДАМ ҚАЙТЫС БОЛДЫ?

COVID-19 вирусынан болған жалпы өлім көрсеткіші вирус жұққан адамдардың 0,5-1 пайызын құрайды. Бұл адамдардың жасына тікелей байланысты. Өлім көрсеткіші 80 жастан асқан қарттар арасында 25-50 пайызды, 50-70 жас аралығындағы адамдарда, әсіресе, өкпе мен жүрек ауруы, диабет немесе семіздік сияқты диагнозы бар науқастарда 10 пайызды құрайды. Бұл аурулар аталған жас тобындағы адамдардың жартысына жуығында кездеседі. 50 жасқа дейінгілердің арасында мың адамға шаққанда бір өлімнен келеді. Бұл әдеттегі тұмау көрсеткішімен бірдей.

4. ЖАҢА КОРОНАВИРУС ҚАЛАЙ ЖҰҒАДЫ?

2020 жылдың жаз мезгілінен бастап осы тақырыпта жазылған бірнеше ірі зерттеу жарияланды. Бірақ әлі күнге бұл сұрақтың нақты жауабы табылмады. Дәрігерлердің біразы ауру негізінен сілекей тамшылары арқылы (мысалы, сүю және ортақ ыдыс пайдалану кезінде) жұғатынын, ал ауа-тамшы жолы (жаныңызда науқас адам түшкіріп не жөтелсе) екінші рөлге ие екенін айтады. Медицина әлемінде «SARS-CoV-2 вирусы заттардың беткі қабаты арқылы жұға ма? Заттардың беткі қабатындағы вирус қанша уақыт сақталады?» деген сұраққа қатысты ортақ жауап жоқ.

5. АУРУДЫҢ ЕМІ БАР МА?

Бір жылда дәрігерлер науқастарға осыған дейін безгек пен педикулез сияқты ауруларды емдеуге пайдаланылған дәрілердің барлық түрін беріп, сынақтан өткізіп көрді. Олардың қатарында кері әсері бар, көбіне оң өзгеріс әкелмейтін хлорохин, гидроксихлорохин, дексаметазон, ивермектин, колхицин сияқты дәрілер бар.

Париж ауруханаларының біріндегі COVID-19 вирусы жұққан науқастарға арналған интенсивті терапия бөлімі. 2021 жылдың қаңтары.

Бірақ кейде аталған препараттар ауыр жағдайда не өлім аузында жатқан адамдар арасындағы өлім көрсеткіші мен науқасты жасанды тыныс алу аппараттарына қосу деңгейін азайтады.

6. ИММУНИТЕТ ҚАНША УАҚЫТ САҚТАЛАДЫ?

Зерттеу нәтижелері Covid вирусы жұққан адамдардың 95 пайызында антидене түзілетінін көрсетті. Антиденелер саны аурудың формасына байланысты болады. Ауруды жеңіл өткерген адамдардың ағзасында жарты жылдан кейін де антидене табылған. Бірақ дәрігерлер вирусты қайта жұқтырудың алдын алу үшін қанша антидене керегін нақты айта алмай отыр.

7. АУРУДЫҢ БІР АДАМ ЖЕҢІЛ, БІР АДАМ АУЫР ӨТКЕРУІНЕ НЕ СЕБЕП?

Бір жылда дәрігерлер клиникалық жағдайдың нашарлауы ағзаның иммундық реакциясына байланысты деген қорытындыға келген. Бірақ бұл реакцияны алдын ала болжау мүмкін емес. Біраз уақыт бұрын көп науқастың өліміне "цитокинді дауыл", яғни қабыну кезінде жасушадағы белгілерді тасымалдауға жауапты ақуыздардың шектен тыс белсенділігі себеп болғаны айтылған. Енді бұған негізінен "аутоантиденелер" деп аталатын ағзаның өзіне қарсы шығатын арнаулы антиденелер әсер етеді деген жаңа теория пайда болды.

8. ЖАҢА КОРОНАВИРУСТЫҢ МУТАЦИЯСЫ ҚАУІПТІ МЕ?

2020 жылдың желтоқсанында дәрігерлер Ұлыбританиядан SARS-CoV-2 коронавирусының әлдеқайда тез тарайтын жаңа мутациясын тапты. Дәрігерлердің айтуынша, коронавирустың жаңа түрінің жұғу жылдамдығы 70 пайызға жоғары болғанымен, әзірге оның ауру формасы мен өлім көрсеткіші бойынша қауіпті екеніне қатысты дерек жоқ. 2020 жылдың қазан айында Оңтүстік Африка Республикасында 501.V2 штамы бар басқа мутация табылған. Қазір коронавирустың бұл түрі Оңтүстік Африкада кең таралып жатыр. Бұл вирус өңір шекарасынан шыққан кезде қаншалықты қауіпті болады?

Қазір батыс елдерінде екпе ретінде қолданыла бастаған "РНК-екпелердің" бір артықшылығы бар, яғни, компаниялар екпенің көмегімен түзілген антиденелер қажет болған жағдайда вирустың жаңа штамдарына оңай бейімделе алады деп сендіріп отыр.

Данияның Аальборг қаласында органикалық әйнек арқылы балаларға қол бұлғап тұрған Санта-Клаус. желтоқсан 2020 жыл

9. БАЛАЛАРДЫҢ ВИРУСТЫ ТАРАТУДАҒЫ РӨЛІ ҚАНДАЙ?

Женева университетінің 0-18 жас аралығындағы мың бала мен жасөспірімге жүргізген зерттеуі 6 жастан асқан балалардың инфекция жұқтыру деңгейі (23 пайыз) халық арасындағы көрсеткішке (22 пайыз) сай келетінін көрсетті. «Коронавирус жұққан балалар санына қарап, оларға вирус жұқпайды деп ойлауға болмайды. Балаларда көбіне ауру белгісі байқалмайтындықтан, оларды жиі тестілеуден өткізбейді. Қазір «Балалардың қоғамда вирус таратудағы рөлі қандай?» деген сұрақ қана жауапсыз қалып отыр» дейді Женева университеті популяциялық эпидемиология бөлімінің басшысы Сильвия Стрингини.

10. ҮЙ ЖАНУАРЛАРЫ ҚАУІПТІ МЕ?

SARS-CoV-2 вирусы жұққан жануарлар саны артып келеді. Олардың қатарында ит, мысық, зообақта өмір сүретін құндыз, арыстан, жолбарыс маймыл бар. Бұл инфекцияның адамнан жануарға берілуі мүмкін екенін, бірінші кезекте, суыр тұқымдастар тобына жататын жыртқыштардың вирусты тез қабылдайтынын көрсетеді. Зерттеу қорытындысына сәйкес, SARS-CoV-2 вирусы иттер мен мысықтар арасында аз тарағанымен, құндыз фермаларында коронавирусинфекциясы өршіген. Әсіресе, Данияда осының кесірінен бірнеше миллион жануарды өлтіруге тура келген.