Қауіп-қатер астында. Әлемдегі баспасөз еркіндігінің ахуалы қандай?
3 мамыр – Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні. Бұл – баспасөз еркіндігінің негізгі ұстанымдарын дәріптеп, оны құрметтеу қажетін биліктің есіне салатын және кәсіби міндетін атқарып жүріп қаза тапқан журналистерді еске алатын күн.
Қазір әлемдегі баспасөз бостандығының жайы қалай? Журналистер қандай кедергілерге тап болады? Адамдар баспасөз еркіндігі мен оны шектеулер туралы не дейді?
ӘЛЕМДЕГІ БАСПАСӨЗ ЕРКІНДІГІНІҢ ЖАҒДАЙЫ
Парижде орналасқан «Шекарасыз тілшілер» (RSF – Reporters without border) ұйымы жыл сайын Бүкіләлемдік баспасөз еркіндігі индексін жариялайды. Ұйым есебінде 180 мемлекеттегі БАҚ бостандығы, ашықтығы, журналистердің зорлық-зомбылыққа ұшырауы және басқа да жайттар баяндалады.
2021 жылғы сәуірде жарияланған зерттеуде 180 мемлекеттің 75 пайызында журналистикаға қауіп төніп тұрғаны айтылған. Бұл елдердегі БАҚ пен журналистердің басындағы жағдай «проблемалы», «нашар» және «өте нашар» деп жіктелген. Баяндамада тек 12 елде журналистердің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалғаны айтылған. Бұл – қазіргі бағалау әдістемесі енгізілген 2013 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш.
Елдердегі баспасөз еркіндігі
(RSF ұйымының 2021 жылғы баяндамасы негізінде дайындалды)
RSF баяндамасында Азаттық радиосы хабар тарататын елдердің ешбірінде баспасөз еркіндігі «жақсы» деген баға алмаған. Румыния «жаман емес» елдер қатарында аталған. Азаттық радиосы жұмыс істейтін Қазақстан және басқа елдер «проблемалы» не «нашар» деген топқа жатқызылған. Тәжікстан, Әзербайжан, Иран мен Түркіменстанда баспасөз еркіндігінің жайы «өте нашар» екені айтылған.
Азаттық радиосы хабар тарататын аймақтағы елдер арасынан 12 мемлекетте 2013 жылдан бері жағдай біршама жақсарса, он елде бұрынғысынан нашарлаған. Мысалы, осы рейтингте Грузия – 40, Украина – 29, Қырғызстан 27 орынға көтерілген. Ал Тәжікстан 39, Венгрия – 36, Молдова 34 орынға түскен.
Кей елдердегі баспасөз
еркіндігінің ахуалы
(2013 және 2021 жылдардағы
көрсеткішті салыстыру)
ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ТӨНГЕН ҚАУІП‑ҚАТЕР
Көп елде журналистер, әсіресе авторитарлы режимдер немесе ұйымдасқан қылмыс тақырыбын қозғағанда зорлық-зомбылыққа және әртүрлі жолмен қорқытып-үркітуге ұшырайды.
Нью-Йоркте орналасқан Журналистерді қорғау комитетінің (CPJ) дерегінше, 1992-2021 жылдар аралығында 1400 журналист кәсіби қызметіне бола өлтірілген, тағы 560 журналистің не үшін өлтірілгені белгісіз. Ал 2012 жылы Сириядағы қақтығыс кезінде жүзден астам журналист өлтірілді. Бұл – журналистер арасында бір жылда тіркелген ең көп қаза. Ал журналистерге ең көп оқ ату Сомалиде болған.
Кейінгі жылдары журналистерді өлтіру азайғандай көрінгенімен, CPJ ұйымы қазір бейбіт саналатын аудандарда журналистердің жиі қазаға ұшырайтынын ескертеді. Мысалы, 2016 жылы қаза тапқан журналистердің 42 пайызы соғыс жоқ аймақта өлтірілсе, 2020 жылы бұл көрсеткіш 68 пайызға жетті.
Кісі қолынан қаза болған журналистер
(белгілі я белгісіз себептермен өлтірілгендердің жиынтық саны)
Бұған қоса 2020 жылдың аяғындағы мәлімет бойынша, 274 журналист қамауға алынып, 65 журналист іс-түзсіз жоғалған. Бұл – бұрын-соңғы болмаған рекорд.
Түрмеге қамалғандар мен іс‑түзсіз жоғалған тілшілер саны
(әр жылдың соңындағы мәлімет)
Кейінгі отыз жылда өлтірілген журналистердің төрттен бірі Ирак, Сирия, Филиппин секілді үш елде қаза тапқан. Азаттық радиосы хабар тарататын Ауғанстан, Пәкістан мен Ресей де журналистер ең көп өлген он елдің қатарына кірген. Бұл үш мемлекет 2020 жылғы желтоқсанда Журналистерді қорғау комитеті жариялаған Жазасыздық индексіне де енді. Бұл индексте олар «журналистер сын айтқаны үшін өлтірілетін, ал журналистерді өлтіргендер бостандықта қалатын» елдер қатарында аталған.
Журналистер үшін ең қауіпті елдер
(1992‑2021 жылдары өлтірілген журналистер саны)
Көп журналист интернетте қудалауға, аңду, тіл тигізу және троллингке тап болады. Әйел журналистер айтарлықтай қиындыққа кезікті. 2020 жылғы қарашада Халықаралық журналистер орталығы мен ЮНЕСКО жүргізген зерттеу барысында сауалнамаға қатысқан әйел журналистердің 75 пайызы жұмыс барысында интернетте қоқан-лоқы көргенін айтқан. Жартысына жуығына тіл тигізген, ал төрттен бірі зорлыққа ұшыраған.
БАСПАСӨЗ ЕРКІНДІГІ МАҢЫЗДЫ МА?
2019 жылы америкалық Pew Research Center зерттеу орталығы 30-дан астам елде «БАҚ бостандығы маңызды ма?» деген сұрақ қойып, сауалнама жүргізген. Оған қатысқан америкалықтардың 80 пайызы бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттік я үкіметтік цензурасыз ақпарат таратуы маңызды деп санайтынын айтқан. Ресейде респонденттердің 38 пайызы (2015 жылмен салыстырғанда 8 пайызға аз) ғана бұл сұраққа «иә» деп жауап берген.
Баспасөз еркіндігінің маңызы зор
(Бұл пікірмен келісетін адамдардың үлесі, бірнеше ел таңдалып алынды)
Edelman Trust Barometer 2020 жылғы қарашадағы зерттеуінде 28 елдегі адамдардың 60 пайызы БАҚ-ты объективті және бейтарап емес деп санайтыны айтылған. Жұрттан бұқаралық ақпарат құралдарының «ісі дұрыс деп сенесіз бе?» деп те сұраған. Сенім артқандардың ең көбі Индонезияда (72 пайыз), ал ең азы (29 пайыз) – Ресейде тұрады.
Бұқаралық ақпарат құралдарының
«ісі дұрыс» деп білетіндер
(Көрсеткіші жоғары үш ел мен
төмен үш ел көрсетілген)
2020 жылғы қазанда Ipsos зерттеу тобы орыстар мен венгрлердің 80 пайызы тегін ақпаратты ғана оқитынын анықтады. Бұл – сауалнама жүргізілген 27 елдің ішіндегі ең үлкен көрсеткіш. Зерттеушілер азаматтардан «Сенімді ақпарат көзінен жаңалық оқу үшін ақша төлеуге дайынсыз ба?» деп сұраған. Бұған Ресейде респонденттердің тек 15 пайызы, Венгрияда 23 пайызы «иә» деп жауап берген.
Тегін дереккөздегі
ақпаратты ғана оқимын
(Бұл пікірді қолдайтындардың
үлесі. 2020 жылғы дерек)
21 ғасырда қаза тапқан Азат Еуропа / Азаттық радиосы журналистері
2000 жыл: Искандар Хатлони
Искандар Хатлони Азаттық радиосы Тәжік қызметінің Мәскеудегі тілшісі болған. 2000 жылғы 21 қыркүйекте 45 жастағы журналист пәтеріне жасалған шабуылдан кейін ауруханада көз жұмды. Хатлони көп тақырыпты қозғаған, соның ішінде Шешенстандағы адам құқығы және Тәжікстандағы заңсыз есірткі айналымы туралы жиі жазған.
2006 жыл: Огулсапар Мурадова
58 жастағы Огулсапар Мурадова 2006 жылғы қыркүйекте атышулы Оводан депе түрмесінде белгісіз жағдайда көз жұмды. Түркіменстан үкіметі оны диссиденттерді басып-жаншуға кіріскен кезде тұтқындаған. Абақтыдан оның денесін алған соң балалары анасының басында «үлкен жарақат» болғанын айтты. Азаттық радиосының Түркімен қызметінің тілшісі болған Огулсапар Мурадова сол елдегі адам құқықтары туралы жазатын.
2007 жыл: Назар Абдулуахид әл‑Радхи
Назар Абдулуахид әл-Радхи 38 жасында қаза тапты. 2007 жылғы 30 мамырда оны Ирактың әл-Амар қаласында қонақүй маңында журналистік семинардан кейін өлтіріп кеткен. Жас журналистерді дайындаумен айналысқан Радхи «Асуад әл-Ирак» ақпарат агенттігі мен Азаттық радиосының тілшісі болды.
2007 жыл: Хамаил Мухсин Халаф
50 жастағы Хамаил Мухсин Халаф жоғалып кетіп, екі күннен кейін, 2007 жылғы 5 сәуірде Бағдадта өлі табылды. Журналисті қинап, басынан атып өлтірген. Әйелдер бостандығы мен басқа да реформаларды қолдаған Халаф Азаттық радиосының Ирак қызметінде жұмыс істеген.
2007 жыл: Әлішер Саипов
26 жастағы Әлішер Саипов 2007 жылғы 24 қазанда досымен такси күтіп тұрған жерінде қаза тапты. Ол Азаттық радиосы мен Америка дауысы радиосының Өзбек қызметінде, ВВС және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеді. Саипов Өзбекстандағы жемқорлық туралы, Ферғанадағы адам құқықтарының бұзылуы жайлы жазатын.
2014 жыл: Мохаммед Бдаиви Оваида аш‑Шаммари
46 жастағы Мохаммед Бдаивиды Оваида аш-Шаммари 2014 жылғы 22 наурызда Бағдаттағы кеңсесіне кіреберісте өлімші етіп жаралады. Журналисті президент күзетінің қызметкері жұмыс тыс кезде атып өлтіргені кейін анықталып, ол сотталып, түрмеге қамалды. Шаммари Азаттық радиосы Ирак қызметінің бюросын басқарды, сонымен қатар Ирактағы бірнеше бұқаралық ақпарат құралының редакция мүшесі болды.
2018 жыл: Махаррам Дуррани
28 жастағы Махаррам Дуррани 2018 жылғы 30 сәуірде Ауғанстан астанасы Кабулда жаттығу залында жанкешті бомба жарғанда қаза тапты. Полиция 25 адамды мерт қылған жарылыс баспасөзге қарсы әдейі ұйымдастырылған деп хабарлады. Кабул университетінің ислам құқығы факультетінде оқып жүрген Дуррани Ауғанстандағы әйелдер проблемасын жиі қозғайтын.
2018 жыл: Абадулла Хананзай
26 жастағы Абадулла Хананзай 2018 жылғы 30 сәуірде Кабулда жанкешті жасаған жарылыс салдарынан қаза тапты. Хананзай Азаттық радиосының Ауған қызметінде есірткі туралы жобаға жетекшілік етті.
2018 жыл: Сабавон Какар
30 жастағы Сабавон Какар 2018 жылғы 30 сәуірде Кабулдағы жанкешті шабуылынан кейін қаза тапты. Видеожурналист болып жұмыс істеген Какар терроршылар шабуылының салдары, террорға қарсы операциялар мен қауіпсіздікке байланысты басқа да тақырыптарға хабар дайындайтын.
2020 жыл: Мохаммад Илияс Даи
Мохаммад Илияс Даи 33 жасында қаза тапты. Ол Азаттық радиосы Ауған қызметінде тілші болды. Журналист 2020 жылғы 12 қарашада Ауғанстанның Гильменд уәлаятының орталығында автокөлікте бомба жарылып, қаза тапты. Ол әлемдегі заңсыз апиынның ең көп бөлігі өндірілетін өзі тұратын аймақтан хабар тарататын.