Азаттық радиосы

Жат жұртта таңнан кешке дейін жұмыс істеу. Пандемия Қазақстандағы еңбек мигранттарына қалай әсер етті?

Дилара ИСА

Мамыр 28, 2021

Пандемия кесірінен еңбек мигранттарының көбінің жұмысы тоқтап, табысы азайды. Жат жұртта ақшасыз, тамақсыз қалып қойғандары бар. Керісінше бәсеке азайып, жұмыс көбейді дейтіндер де бар. Қазақстанда табыс табуға болады деп санайтын Орталық Азиядан келген еңбек мигранттарының қазіргі ахуалы қандай?Азаттық Оңтүстік Қазақстанда түрлі кәсіппен айналысып жүрген кей мигранттың пікірін тыңдап көрді.

Мансұр, 30 жаста: Өзбекстанда жұмыс болса шетел асып кетпейтін едік

– Жетісайдағы дәмханалардың бірінде аспаз болып жұмыс істеймін. Әйелім, бір балам бар. Әйелімнің ұлты – қазақ, ол – Қазақстанның, ал мен Өзбекстанның азаматымын.

Пандемиядан бұрын күніне 20-30 келі палау басатын едім. Етті маринадтап, кәуап пісіремін. Айына 150 мың теңге жалақы беретін. Карантин басталғалы дәмхана бірнеше рет жабылып, келуші азайды. 2-3 ай жұмыс болмай үйде жатып қалдық. Баланың жәрдемақысымен күн көрдік. Қазір жұмыс басталғанымен, бұрынғыдай емес. Табыс аз болған соң жалақы да азайды. 100 мың теңгені қанағат тұтып отырмыз. Ас-суымызға жетсе болды дедік.

Төрт ағайындымыз. Ағам қара шаңырақта қалды, бір інім Ресейге жұмысқа кетті. 3 жыл болды одан хабар-ошар жоқ. Кенже інім Шымкентте құрылыста істейді. Өзбекстанда тұрақты жұмыс болса, бір отбасынан үш адам бұлай шетел асып кетпейтін едік.

2013 жылы Өзбекстаннан Қазақстанға жұмыс істеуге келдім. Ол жақта ауылда азын-аулақ құрылыс болмаса, істейтін жұмыс жоқ. Кейде азық-түлік алуға ақша таппай қалатынбыз. Үйде ағам, екі інім бар, бәріміз жұмысқа жарап қалғанбыз. Көктем кезі еді, тамақ таусылып, қысылған соң тәуекел деп Қазақстанға кеттім.

Ол кезде шекара ашық болатын. Жетісайда базарда арба айдап, тауар тасыдым. Таңнан қара кешке дейін жұмыс істейміз, көлікке тауар артамыз. Сол дүкеннің жанында шағын там бар. Көлемі 16 шаршы метр шамасында. Сол жерде төрт бала жаттық. Дүкен иесі айлығымызды екі аптада бір береді. Аламын да үйге банк арқылы салып жіберемін.

Үш жыл арба сүйредім. Дүкен жанында дәмхана болатын. Жүк тасудан шаршай бастағанымда дүкен иесі тамақ істеуді ұсынды. Әкем ауылда той-томалақта палау пісіретін. Ептеп тамақ істеуге ебім де бар, көрейін дедім. Шамамен үш айда түрлі тамақ пісіруді үйреніп алдым. Әйелімді осы жұмыста кездестірдім. Үйленген соң әуелі пәтер жалдап тұрдық, екі жыл бұрын үй сатып алдық. Қазір сол жерде тұрып жатырмыз.

Наргиза, 40 жаста: Азық-түлікті қарызға алып отырмыз

– 2012 жылы Қырғызстаннан Қазақстанға киім сатуға келгенмін. Әуелі Таразда болып, кейін Шымкентке көштік. "Автонұр" базарынан көтерме бағамен киім алып, "Қырғы базарға" апарып сатып жүрдім. Ол жерде саудамыз жақсы жүрді.

2020 жылдың басында "Қырғы базардағы" сауда орындарын бұзып, сауда орталығын салуды бастады. Содан соң "Автонұр" базарына келіп, сауда орнын жалға алдым. Бұл орын үшін айына 50 мың теңге төлеймін.

Қырғызстаннан тауар алып келуге ақшам аз. Тауарды қарызға аламын, сатылған соң ақысын беремін. Күнде түстен кейін тауар берушілер ақша жинайды. Есептеп, қарызымызды шетінен өтейміз. Ақшасы барлар фабрикалардан тауарды жүк көлігімен тасиды. Фабрикадан тауар сатып алып келу үшін кемі 2-3 мың доллар ақшаң болуы керек. Мұндай ақша менде жоқ.

Отбасыммен екі бөлмелі пәтерді жалға алып тұрамыз. Айына 50 мың теңге төлейміз. Бұрынғыдай сауда жоқ болған соң күнкөрісіміз қиындады. Тапқанымыз тамағымыздан артылмай тұр. Елге кетейін десек ол жақта үйіміз жоқ.

Бес балам бар. Үлкен ұлым енемнің қолында. Екінші балама аяғым ауыр кезде қиналып, оны енеме тастап кеткен едім. Содан бері ауылда. Қалған төрт баламның екеуі мектепте оқиды, екеуі үйде. Күйеуім сол екі балама қарап отыр. Мектепке баратын екі баламның бірі орыс сыныбында, бірі қазақ сыныбында оқиды. Қолымдағы төрт балам да Қазақстанда туды, туу туралы куәлігін осы жақтан алды.

Карантин кезінде қатты қиналдық. Дәл сол кезде күйеуім ауырып, инсульт алды. Емделуге Қырғызстанға кетті. Балаларым кішкентай. Емізулі баламен үйде отырдым. Тамақ алуға ақшамыз болмай қалды. "Қырғы базарда" бірнеше жыл бірге сауда жасаған апайлар бар еді. Азық-түлік сатады. Сол кісілерден қарызға азық-түлік алып өлместің күнін көрдік. Қазір де қарызға тамақ алып келемін. Ақша түскенде қарызымды өтеймін.

Махмұд, 45 жаста: Карантин кезінде жұмыс көбейді

– Өзбекстанның Қоқан қаласынан келдім. Ағам, інілерім мен баламды қосқанда сегіз адам бірге жұмыс істейміз. Жеке тұрғын үй саламыз.

Қазақстанда жұмыс көп. Бір үйді бітірейін деп жатқанда екіншісі кезекке тұрады. Жұмыс ақысы да жақсы. Қазір бес бөлмелі үйді салып жатырмыз. Жанындағы екі бөлмелі үйде жатамыз. Таңертең ерте оянып, сағат бестер шамасында жұмысты бастаймыз. Сағат онда бір демалып, екі сағаттан соң түскі асқа отырамыз. 3 сағат демалып болған соң қас қарайғанша жұмыс істейміз. Күніне 12-13 сағат жұмыстамыз.

Жұмыс уақытын бізге ешкім белгілемейді. Бала-шағадан алыста ақша табу үшін жүрген соң, алған тапсырысты ерте бітіруге тырысамыз. Бұл – соңғы 5 айда салып жатқан үшінші үйіміз. Құрылыс материалдарын уақытында әкелсе, үйді тез бітіруге тырысамыз.

Күнделікті азық-түлікті, қажетті заттарымызды үй иесі әкеліп береді, тамақты өзіміз пісіріп ішеміз.

Еңбекақыны алдын ала есептесеміз. Үйді салуға қандай құрылыс материалдары керек, қанша уақытта бітеді, бәрін алдын-ала келісеміз. Еңбекақының 50 пайызын алдын-ала аламыз, қалғанын жұмыс аяқталуға жақын қалғанда береді.

Ауылға барып-қайту қиындады демесек, карантин кезінде жұмыс азаймады. Керісінше, көбейіп кетті. Карантин кезінде біз сияқты жұмыс істеп жүрген еңбек мигранттары жаппай ауылына қайтты ғой. Біз қайтпадық. Жұрт жұмысшы таппай қиналды. Ерте көктемнен бастап қара күзге дейін жұмыс істеп, қыста үш ай демалдық. Содан кейін Қырғызстан арқылы Қазақстанға өттік. Енді суық түскенше жұмыс істейміз.

Әрине, өзге елде жұмыс істеудің өз қиындығы бар. Бірақ күн көру керек қой. Қоқанда жұмыс жоқ емес, бар. Бірақ жалақы аз.

Жасур, 38 жаста: Бір жарым жылдан бері үйге бармадым

– Шымкентте наубайханада тандыр нан пісіріп сатамын. Өзбекстанның Наманган облысынан келдім. Ата кәсібім – нан пісіру, бұл кәсіпті 13 жасымнан бастап үйрендім.

Үйде 2-топтағы мүгедек ағам, екі қарындасым бар. Отбасымыздың әлеуметтік жағдайы төмен болды. Мектепті бітірген соң бірден Шымкентке келдім, наубайханаға нан жабушы болып жұмысқа орналастым. Айлық жалақым жүз доллар болады деген. Бір жыл жұмыс істеп, бір тиын алмадым, жолақымды әзер тауып үйге қайттым.

Ауылда жұмыссыз екі жыл жүріп әкеммен бірге Шымкентке жұмыс істеу үшін қайта келдім. Әкем – бригадир. Ауылдан бес жігіт бізбен ере келді. Бәріміз бірігіп үй салдық.

Біз көбіне еңбек келісім-шартын жасамаймыз. Жұмыс берушімен ауызша келісеміз. Мұсылмандыққа салып, тәуекелге барамыз. Әкем сол үйді салатын кезде бар жауапкершілікті өзіне алып, иесімен ауызша келісім жасады. Үйді 14 мың долларға соғамыз деп келісті. 4 мың долларын алдын ала алдық. Бұл ақша жолақы мен ішіп-жемнен артылмады. Үйді бітірген соң тапсырыс берген адамды таппай қалдық. Сұрастырып жүріп, үйіне барсақ, жаназаның үстінен түстік. Бізге үй салдырған аға жол апатынан қаз болыпты. Туыстары қарызды өтей алмаймыз деді.

Ауылға қайтқан соң бізбен бірге барған бес жігіт күнде үйге келіп, еңбекақысын талап етті, полицияға арыз түсірді. "Еңбегімізді қанады, алдап алып барды" деді. Полиция "адам саудасымен айналысты" деп айыптай бастаған соң, әкем олардың еңбекақысын өтеуді өз мойнына алды. Сол кезде доллардың да бағасы бірден көтеріліп кетті. Әкем екеуміз осы қарызды өтеу үшін тынбай 4 жыл жұмыс істедік. Әкем моральдық тұрғыдан шаршады. Бірақ мойнына алған қарызды өтегенше шыдады. Содан кейін ауылға қайтты.

Ауылда жұмыс жоқ, мүгедек ағам үйленген, екі баласы бар. Екі қарындасым бой жетіп қалған, оларды ұзату керек. Осының бәрін ойлап, Қазақстанда қалып жұмыс істеймін деп шештім.

Соңғы үш жыл дейін біреудің қол астында нан пісірдім. Қазақстанда жұмыс істеп, табыс табу қиын емес.

Өзбек тілімен бірге орыс тілін жақсы білемін, қазақша сөйлей аламын. 3 жыл болды өзім наубайхана жалға алып, нан пісіріп сатамын. 7 ай бұрын кқп іздеп жүріп, осы наубайхананы таптым. Наубайхананың орны, иесі жақсы болса тез келісімге келеміз. Наубайхананың жалдау ақысы – айына 100 мың теңге. Санитарлық талаптың бәрі сақталған. Сатып алушылар тым көп болмаса да, еңбегіме татиды. Күніне 50-100 келі ұннан қамыр илеп, тандырға пісіріп сатамыз. Бір нанның бағасы – 100 теңге. Табысымыз күнкөріске, туыстарымызға көмектесуге және үй салу үшін ақша жинауға жетеді. Жиналған ақшамызды екі апта сайын үйге жіберіп отырамыз.

Кәсіп жасайтын орынды өзің ашсаң, пайда көбірек қалады. Біреудің қоластында болсаң, жұмысты екі есе көп істейсің. Мысалы, өзім наубайхананы жалға алып, күніне 2 қап ұннан нан жауып сатамын. Ал біреудің қолында істесең күніне 4 қап ұннан нан жабуың керек. Табатын табысың бір болғанымен көп күш жұмсайсың.

Біз Қазақстанда жұмыс істеуден шаршамаймыз. Тек ағайын-туыс, дос-жаран алыста болған соң сағынамыз. Көшеге шығып серуендемейміз. Жататын үйімізді барынша жақын жерден алуға тырысамыз. Тек дүкеннен тамақ алуға шығамыз.

Былтыр (коронавирус індетіне байланысты – Ред.) карантин енгізілгелі ауылға бармадым. Шекарадан ары-бері өту қиындады. Әдетте жылына төрт рет шекарадан өтіп, ауылға барып туысқандарымды көріп қайтатын едім. Бір жарым жыл болды, үйге бармадық. Жолақы да қымбаттап кетті. Бір адамның барып, қайтуына 240 мың теңге (560 доллардай – Ред.) сұрап жатыр. 240 мың теңгеге шекарадан ары-бері өткізіп, көші-қон полициясына апарып, базаға енгізіп уақытша тіркелетін жер тауып береді.

Өз еліңде өмір сүрген жақсы ғой. Бірақ жұмыс жоқ. Кәсіп ашу үшін ақша керек. Ақша болса зат алып сатасың, мал бағып, бордақылайсың. Ақша жоқ болса жұмыс та жоқ. Ауылдағы жігіттер Қазақстанға жұмыс істеуге келу үшін жолға ақша таппай қиналып жүр. Күнде хабарласып клиент тауып беруді сұрайды. Өзбекстандағы 32 миллион адамның жартысында жұмыс бар шығар. Қалғаны шет елде жұмыс істеп жүр.

Карантиннен бір ай өткен соң наубайхана қайта ашылғанымен, сатып алушы азайды, көшеде жүретін адам сиреп кетті. Қазір ептеп ретке келе бастады.

Гүлниза, 27 жаста: Екі баламды енеме тастап, Қазақстанға жұмыс істеуге келдік

– Мамандығым – медбике. Өзбекстанда аудандық ауруханада жұмыс істедім. Жалақы аз, оның өзі уақытылы берілмейтін. Тамақ алсаң киімге, киім алсаң тамаққа жетпей жүрді. Бір күні құрбыларым Қазақстанға барып жұмыс істейміз деді. Бір айдың ішінде төрт қыз бірге Қазақстанға өттік.

Қазақстанға бірінші келгенім әлі есімде. Қалтамда мың теңгем бар. Жұмыс таңдайтын уақыт жоқ. Үш қыз жылыжайға жұмысшы болып орналастық. Бір қыз дүкенге сатушы болып кірді.

Жылыжайда жұмыс уақытша ғой. Үш айдан соң біріміз асхананың еденін, екеуіміз ыдыс жудық. Төртеуміз де аяқтан тұрғанша қала шетіндегі құрбымның әпкесінің үйінде жаттық.

Жатын жеріміз болғанымен, жолақыға, тамаққа ақша кере. Сол кезде ақша шығармау үшін жаяу жүрдік. Шілдеде шөлдегенде су да алып ішпей, шыдадық. Ыстық тамақтың орнына нан жедік.

Бес айдан кейін жұмыстан қайтып бара жатқанда жолда полиция ұстады. Құжаттарымызды тексеріп, полиция бөлімшесіне алып барды. Мұндайды бұрын көрмеген басымыз қорқып кеттік. Заңсыз жүргеніміз үшін айыппұл салды. Көші-қон полициясына үш ай сайын тіркелу керек екенін сонда білдік.

Еңбек мигранттарына ең ауыры – Қазақстанға келген соң жұмыс табылғанша күн көру. Өйткені қарыз алатын, көмектесетін жақының жоқ.

Қазақстанда ерінбей еңбектенсең жұмыс табылады. Мұнда ақша да бар, тапқан табысыңның берекесі де бар. Өзбекстанда 5 жылда жұмыс істеп шағын үй салуың мүмкін. Қазақстанда екі жылдық еңбекақыңды жұмсамай жинасаң, сол үйді екі жылда салып шығасың.

Әрине, ауылды, елді сағынамыз. Туыстарымыздың ортасына барып, өмір сүргіміз келеді. Бірақ жоқшылық қысып жіберді. Күйеуім екеуміз жұмыс істеп, жер алдық. Енді үй салу үшін ақша жинап жатырмыз. Екі балам енемнің қолында. Күнде WhatsApp арқылы видеоқоңыраумен сөйлесеміз. Сағынышымызды осылай басамыз. Балаларымыз мектепке барғанша үйді бітірсек дейміз.