Азаттық радиосы

"Балаларымды соғысқа әкеткенім үшін кінәлімін" Сириядан оралып, түрмеде отырған әйелдің хикаясы

Елена Вебер

15 қараша, 2021

"Жусан" операциясы аясында Сириядан эвакуацияланған қазақстандық әйел төрт ауыр қылмыс бойынша айыпты деп танылып, сегіз жарым жылға сотталған. Азаттық тілшісі әйелдер колониясында отырған әйелмен тілдесіп қайтты.

ТҰРМЫСҚА ШЫҒУ ЖӘНЕ СИРИЯҒА КӨШУ

Қарағанды облысы Северное ауылы. Елдің түкпір-түкпірінен келген жүздеген әйел жазасын өтеп жатқан әйелдер түрмесі. Сегіз жарым жылға бас бостандығынан айырылған 28 жастағы Әйгерім де осы колонияда отыр. Атыраулық әйел түрмеде отырғанына екі жарым жылдан асты. Әуелі Сириядан келгеннен кейін уақытша тергеу изоляторында болып, кейін колонияға ауысқан. 2020 жылы наурызда сот Әйгерімді Қылмыстық кодекстің "Террористік топтың қызметіне қатысу", "Террористік әрекет ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіру", "Мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өту", "Терроризм немесе экстремизммен айналысқаны үшін тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу" деген төрт бабы бойынша кінәлі деп тапқан.

Әйгерімге Сириядағы "Ислам мемлекеті" (2014 жылы Сирия мен Ирактың біраз бөлігін жаулап алып, “халифат” жариялаған радикал ұйым; 2019 жылы “Ислам мемлекетінің” Таяу Шығыстағы негізгі күші жойылды) террористік тобының қызметіне қатысты деген айып тағылған. Әйгерім өзіне тағылған айыптарды жартылай мойындаған. Ол терроризмді насихаттау ниеті болмағанын, Сирияға күйеуінің алдауымен барғанын (кейіпкер әңгімесінің шынайылығын тәуелсіз дереккөздер арқылы растау мүмкін болмады), бірақ сонда да сот үкіміне мойынсұнғанын айтады.

Әйгерім басынан өткені балаларының болашағына әсер етуі мүмкін деген қауіппен мақалада тегін көрсетпеуді сұрады. Оның үш баласы бар: үлкені – он жаста, кенжесі – төрт жаста. Әйгерім балаларының жанына алты жылдан соң оралады.

– "Мені неге түрмеге жапты?" деп ызаланбаймын. Кінәлі болғаным үшін отырғанымды білемін. Балаларды соғысқа алып кеттім, олар бір жағдайға ұшыраса, не болар еді? Осының бәрі сауатсыздықтан болды, өйткені білімсіз адам интернеттен әртүрлі тұлғалардың уағызын тыңдайды. Мұны түсіндім, – дейді Әйгерім.

Әйгерім 14 жасында намаз оқып, мешітке барып, Құран үйреніп, хиджаб киген. Әкесі ештеңе демеген, бірақ анасы қарсы болған. Тоғызыншы сыныптан кейін училищеге оқуға түскен. Көп ұзамай құрбысы оны болашақ күйеуімен таныстырған. Ол кезде Әйгерім 16 жаста еді. Жастар мешітте некесін қидырған, бірақ күйеуі қаламаған соң, той жасамаған. Әйгерімнің анасы қызының ерте тұрмысқа шыққанын құптамайды, бірақ ол ешкімнің сөзіне құлақ аспаған. Тұрмысқа шыққаннан кейін күйеуі Әйгерімге ниқаб кигізіп, тереңірек ілім жинауға мәжбүрлеген. Осылай бойжеткен оқуын тастап кеткен. 18 жасында тұңғышын, кейінірек екінші сәбиін дүниеге әкелді. Әйгерімнің айтуынша, уақыт өте келе күйеуі өзгеріп, үйде ұрыс-керіс көбейген.

– Ол жамағатқа қосылып, басқа адамдарды тыңдай бастады. Содан санасы уланған. "Ештеңені дұрыс істеп жүрген жоқпыз, ата-анамыз – кәпір, олардан бөлек тұруымыз керек" дейтін. Күйеуімнің өзгергенін ата-анам да байқап, уайымдай бастады. Өйткені олардың үйіне баруды қойдым. Бәрі өтер-кетер, қайтадан қалыпты өмірге оралармыз деп үміттеніп жүрдім. Бірақ уақыт өткен сайын, жағдай одан әрі ушыға берді. Күйеуім айналасындағылардың бәрін кәпірге балап, жамағатқа мүше кісілерді ғана нағыз мұсылман көрді. Мені де кәпірлердің санатына қосатынды шығарды. Кейін талақ айтып, [ажырасамын] деп қорқыта бастады. Оны райынан қайтаруға тырыстым, туыстарым да сөйлесіп көрді, әкем "қандай сектаға кіріп кеткенсің?" деп сұрады. Бірақ қанша айтсақ та, еш нәтиже шықпады. Ол қатыгез адамға айналды. 2014 жылы екінші сәбиіміз екі-үш айлық кезінде ажырасып кеттік. Кейін мені қайтаруға тырысты, "сен өзгерген кезде ғана қайтамын" дедім. Ол да, мен де өз дегенімізде тұрып алдық. Күйеуім "кәпірден туған бала да кәпір болады" деп, балаларын көруге де келмейтін, – дейді Әйгерім.

"ТЫҢШЫ ДЕП, ӨЛІМ ЖАЗАСЫНА КЕСЕДІ"

Кейінірек Әйгерім әлеуметтік желіде басқа азаматпен танысқан. Ол жергілікті тұрғын емес, Қазақстанға жұмыс бабымен келіп жүрген азамат болған. Көп ұзамай ол Әйгерімге үйленуге ұсыныс жасап, бар жағдайын жасауға уәде берген. Әйгерім келісіп, некесін қидырған, бірақ бұл туралы ата-анасына айтпаған.

Әйгерімнің айтуынша, күйеуі басқа жаққа кетіп, ақша тауып жүрген. Бірде ол әйелін өзі "жұмыс істейтін" Түркияға шақырады. Әйгерім балаларын алып, Қырғызстан арқылы Түркияға барған. Бірнеше ай сол жақта тұрады. Күйеуі бұрынғыдай біраз күнге жұмысқа барып-келетін әдетін жалғастырған. Көп ұзамай Әйгерімге Сириядан хабар келген.

– Күйеуім "бұл жақта бәрі жақсы, мұсылман мемлекеті, бәрі – халал, бізге соғыстың зардабы тимейді, қақтығыс елдің басқа аудандарында жүріп жатыр" деді. Келістім. Біраз уақыт шекара маңында өмір сүрдік. Ол жақта Сирияға кетуге дайындалып отырған басқа әйелдер мен балалар да болды, бәрі шетелдіктер еді. Кейін бәрімізді алып кетті. Шекарадан еш қиындықсыз өттік. Сондықтан уайымдап, күмәнданған жоқпын. Бұл 2015 жыл еді, – дейді Әйгерім.

Сирияға жеткеннен кейін әйелдер мен балаларды Ракка қаласындағы үлкен үйге орналастырған. Әйелдерге қара киім кигізген. Күйеулері екі аптадан кейін келген. Әйгерім күйеуіне еріп, Табка қаласына барады. Біраз уақыттан кейін Әйгерім күйеуінің басқа отбасы барын, оларды да Сирияға әкелгенін біледі. Осыдан ерлі-зайыптылардың арасында жанжал туа бастаған.

– "Үйге қайтқым келеді, балаларыммен Түркияға жеткізсең болды" деп жалындым. Ары қарай Қазақстанға жетудің амалын табармын деп ойладым. Ол үзілді-кесілді бас тартты, "Сириядан кеткің келетінін, олардың мемлекетін мойындамайтыныңды білсе, сені тыңшы деп, өлім жазасына кеседі" деп қорқытты. Амалсыз көнуге тура келді. Оның үстіне, екі баланы жетектеп, үшіншісіне аяғым ауыр кезде қайда барамын? Күйеуіммен жиі ұрысатынбыз, мені үйден жалғыз шығармай, хабарламаларымды оқып, әр қадамым мен сөзімді аңдып отыратын. Ата-анама хабарласуға рұқсат бермейтін. Олар басында менің қайда екенімді білмей, іздей бастаған. Артынша "қыздарыңыз Сирияға кеткен болуы мүмкін" деген хабар келген. Кейін өзім хабарласып, жағдайымды айттым, – дейді Әйгерім.

Әйгерім Сирияға әпкесін де шақырған. Қазақстандық арнаулы қызмет өкілдері мұны үгіт-насихат деп бағалаған. Әйгерім әпкесін жалғыздықтан күйзелген соң шақырғанын, "жақыным келсе, бірге қашу оңай болады" деп ойлағанын айтады. Бірақ бұл жоспарын күйеуіне айтпаған. Әпкесі Сирияға баруға келіскен, Әйгерімнің күйеуі оны шекарадан өткізуге көмектесемін деп уәде береді. Бірақ әпкесі елден шығып үлгермеген, оны арнаулы қызмет өкілдері ұстап алған. Әйгерім бұл туралы білген кезде күйзелістен түсік тастағанын айтады.

Әйгерім отбасымен бірге жиі көшіп отырған. Дейр-әз-Зор қаласында бірінші рет әуеден жасалған шабуылға куә болған, ол кезде қаланы бомбалау қатты жүрген. Әйгерім екі рет қираған үйдің астында қалғанын айтады. Көрген сұмдығынан кейін ол балаларының өміріне алаңдап, күйеуімен бірге Табка қаласына оралған. Бұл жақта Әйгерім тағы жүкті екенін білед. Ішіндегі баласы бес айлық кезінде Әйгерім күйеуінен қашып, танысының отбасымен бірге басқа қалаға кеткен.

– Күйеуім қашып кеткенімді білген соң, "сені маған бағынбады немесе есінен адасты деп айтамын" деп қорқытты. Бірақ таныстары көндіріп, райынан қайтарды. Ажырасамыз деп шештік. Ол жақта да сот бар, соған бардық. Бізді тезірек ажыратуы үшін "күйеуім мені, балаларымды ұрады" деп өтірік айттым. Кейін жалғыз өмір сүруге болмайды деп, мені макарға (жесір, ажырасқан немесе тұрмысқа шықпаған қыздарға арналған жатақхана) көшірді. Сол жақта босандым, бір айдан кейін күйеуім келіп, жағдайымызды біліп, "жақында сендерді алып кетемін" деді. Қызым екі жарым айлық кезінде күйеуімнің үстіне бомба құлап, қайтыс болғанын естідім. Кейінірек оның адамдарды Сирияға тартумен айналысқанын, Қазақстан азаматтарын Түркияға жеткізу үшін ақша жіберіп тұрғанын білдім, – дейді Әйгерім.

Әйгерім Сириядан кеткісі келген, бірақ көмек сұрайтын ешкімі болмаған. Кейінірек оны түрікке тұрмысқа берген. Ол да бұрынғы күйеуі сияқты "Ислам мемлекеті" террорлық ұйымының жауынгері болған. Бірақ ол жалған құндылықтар үшін соғысып жүргенін түсініп, Әйгерім мен балаларын Сириядан алып шығып, елге қайтарғысы келген.

– Ұн, бидай тауып келетін, соған өмір сүрдік. Сириядан кетудің жолын іздеп, қосымша жұмыс істеп, шекарадан өтуге ақша жинай бастады. Ата-анамнан елге қайтуға ақша жіберуді сұрадым. Бірақ оларда ондай көп қаржы болмады, оның үстіне жақындарым ақша салуға қорықты. Өйткені Сирияға ақша жіберу террористерді қаржыландыру деп бағаланады. 2019 жылы күрділерге берілеміз деп, жолға шықтық. Бірақ үлгермедік, күйеуімнің үстіне бомба түсіп, көз алдымда қайтыс болды. Ары қарай күнелтуге тура келді. Ол кезде шатырда, окопта тұратынбыз. Бұл – сұмдық аштық пен бомбалау кезеңі еді. Еш жерден тамақ табылмайтын. Кебек тауып, соны жейтінбіз. Одан балалардың іші өтіп, құса бастады. Екі дағыстандық әйелмен таныстым, күрдтерге берілеміз деп келістік. Қорықтық, әрине, бірақ "бұл жақта қалу мүмкін емес, не болса да маңдайға жазғанды көреміз" деп, жолға шықтық, – дейді Әйгерім.

ЛАГЕРЬДЕН – ТҮРМЕГЕ

2019 жылдың басында күрд жасақтары "Ислам мемлекеті" ұйымының қолында болған бірнеше қаланы басып алды. "Ислам мемлекеті" ұйымының содырлары артқа шегінген. Кейін Әйгерім басқалармен бірге тұтқынға түсіп, "Әл-Хол" лагеріне жеткізілген.

– Лагерьде бізге тамақ пен шатыр берді. Бұған дейін тамақ болмай, кебек жеп келгендіктен, балалар ауырып қалды. Оларды емдеуге тура келді. Бізді базарға шығармайтын. Лагерьде Қазақстаннан келген танысымды көрдім. Ол қарызға ақша берді. Басқалардан да қарыз алып, базарға шығып, балалардың денсаулығын түзету үшін сүт өнімдерін, медициналық заттар алдым. Базарға бару үшін "14-15 жастағы жасөспірім қызбын" деп өтірік айттым. Үлкен ұлымды інім деп таныстырдым. Кішкентай қызымды емдету үшін өзіммен алып жүрдім, оны сіңілім деп айттым. Емделіп, укол салғыздық. Ақша табудың жолын іздеуге тура келді, тамақ істеп, оны ақшасы бар адамдарға саттым. Тапқан табысымнан қарызымды қайтардым, балаларға киім, азық-түлік әпердім. Кейін кішкене ақша жинап, сэкенд-хэндтен арзан бағада балаларға арналған киімдер алып, үстіне ақша қосып саттым, – дейді Әйгерім.

Күрд жасақтары Әйгерім мен оның отандастарын Қазақстан билігіне тапсырған. 2019 жылы мамырдың басында оларды Қазақстанға алып келді.

– Бізді басқалар сияқты Ақтаудағы оңалту орталығына апармады. Бірінші ауруханаға бардық, ол жерде денсаулығымызды тексеріп, кейін тергеуге алып кетті. Ол кезде жауапқа тартылатынымды білген жоқпын. Қазір балаларымды ата-анам тәрбиелеп отыр. Олар менің бостандыққа шығатын күнімді асыға күтіп жүр. Ата-анам “шыда, үмітіңді үзбе” дейді. Үйден сәлем-сауқат алып, жақындарыммен хабарласып, балаларыммен сөйлесіп тұрамын. Бірақ ата-анамның түрмеге келгенін қаламаймын, жол алыс, қазір үйдегілердің материалдық жағдайы қиын, оларға салмақ салуға ұяламын. Үйдегілер ақша аударып тұрады, соны үнемдеуге тырысамын, – дейді Әйгерім.

ТҮРМЕДЕГІ МЕКТЕП ЖӘНЕ БОЛАШАҚҚА ЖОСПАР

Түрме аумағында мектеп бар. Әйгерім мектепте орта білімін толықтырып жүр, қазір 10-сыныпты бітіріп, 11-сыныпқа өткен. Одан бөлек, теологтармен және психологтармен жұмыс істейді.

– Бостандықта жүрген, Сириядан оралған азаматтарға қорықпай, теологтармен сөйлесуге кеңес беремін. Көзқарасты өзгерту керек. Түрмеде теологтармен жұмыс істемесем, ненің дұрыс екенін білмес едім. Ол кезде жағдайымның қалай боларын кім білсін, – дейді ол.

Әйгерім түрмеде көп кітап оқи бастаған. Мұнда үлкен кітапхана бар. Қазір ол Роберт Кийосакидің өзін-өзі дамыту мен қаржылық сауат жайлы "Бай әке, кедей әке" деген кітабын оқып жүр. Әйгерім түрмеде ұнатқан кітаптары мен фильмдерінің атауын қойын дәптеріне жазып жүреді, бостандыққа шыққаннан кейін бұл туындыларды қайталап оқып, көргісі келеді. Бұрын Әйгерім күнделік жазатын. Қазір түрмеде бұрынғыдай қолына қаламын көп ала бермейді. Тек кейде рухым сынбасын деп, ойлары мен жоспарларын қағаз бетіне түсіріп отырады.

– Бұл жердегілердің бәрі – мен сияқты жауапқа тартылған адамдар. Ешкіммен ұрыспауға, шыдауға тырысамын. Ашулансам, өзіме "сабыр сақта, сені үйде балаларың күтіп отыр" деймін. Әркіммен әрқалай қарым-қатынас құру керек, біреулерге өткір әрі дөрекі жауап беруге тура келеді, ал басқалармен жылы сөйлесу керек. Бұл жерде жүріп, психолог болып кетесің. Кімнің алдында өзіңді қалай ұстайтыныңды, түрме әкімшілігінің қызметкерлерімен қалай сөйлесу керегін біліп аласың. Осы уақыт ішінде көп нәрсені түсіндім. Түрмеде отырған кезде ауаның да қадірін біле бастадым. Енді ата-анама қарсы келмеймін, – дейді ол.

Әйгерім түрмеде өтетін іс-шаралардың бәріне атсалысуға тырысады. Бірақ ауырып, емделіп жүрген кезде, біраз шараға қатыса алмай қалған. Қақтығыс аймағында суық пен аштықта жүріп, Әйгерімнің бүйрегі, аяқтың бұлшықеті мен сезімталдығына жауап беретін жүйке тамыры зақымданып, анемияға шалдыққан. Күн суытса, аяғы ауырып, мазасын алады.

Бірақ Әйгерім жақсылықтан үміт үзбейді. Түрмеден шыққаннан кейін массаж жасауды, ине салуды үйреніп, үйде медбике болып істегісі келеді. Тіл үйренуге көңіл бөлсем дейді. Әйгерім бостандыққа шыққан соң, балаларын асырап, ата-анасына көмектесу үшін көп еңбек етуге дайын екенін айтады.

Иллюстрацияны салған: Shapalaque