Accessibility links

Өзбекстан ресейлік блогерлер қатысуы тиіс TikTok фестиваліне тыйым салды


Өзбекстан билігі "ұлттық менталитетке сәйкес келмегендіктен" 25 желтоқсанда жоспарланған TikTok фестивалін өткізуге тыйым салды.

Мәдениет министрлігі таратқан мәлімдемеде "фестивальдің әлеуметтік желілерде сыналғаны", "жастардың санасына кері әсер тигізетіні" және "ұлттық менталитетке сәйкес келмейтіні" жазылған.

Ташкент қаласында өтеді делінген фестивальға ресейлік видеоблогерлер Даня Милохин, Артур Бабич, Егор Шип және басқалар келуі тиіс болған.

Өзбекстанда шараларды өткізуге рұқсатты ішкі істер министрлігі және жергілікті билік мәдениет министрлігімен кеңесіп береді.

Өзбек билігі осыған дейін саяси мәселелерді көтерген жергілікті видеоблогерлерге қысым көрсетіп келген.

Биыл сәуір айында Ташкент метросында фейк үйлену тойын өткізгендерді түсірген тиктокерлерге 980 мың сом көлемінде айыппұл салынған.

11 мамырда Әлішер Науаидің ескерткіші жанында түсірілген "Тик-Ток" үшін Самарқандтың екі тұрғыны 15 күнге қамалған.

Осыдан кейін ел президенті Шавкат Мирзияев бұл оқиғаны сынға алып, жазаны күшейту керегін ескерткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG