Accessibility links

Алматы облысында жүк көлігінің жүргізушілері дизельдің қымбаттауына байланысты Құлжа тасжолын жапты


7 сәуірде Алматы облысында жүк көлігінің жүргізушілері дизельдің қымбаттауына байланысты наразылық білдіріп, Құлжа тасжолын жапты.

Жиналғандар кейбір жанармай станциясы дизельдің литрін 230 теңге емес, 300 теңгеден сатып жатқанын айтып шағымданды. Олар станциялар чек бермей жатқанын да алға тартты.

Жергілікті пабликтердегі ақпаратқа қарағанда, жүк көлігінің жүргізушілері сағат 16.00 шамасында Құлжа тасжолының Ават ауылы маңындағы бөлігін жапқан. Видеода жүк көліктері жолға кесе-көлденең тұрып, қозғалысты тежегені көрінеді. Полиция қызметкерлері жиналғандардың "заңсыз әрекеті" туралы айтты.

7 сәуірде кешкісін тасжол қайта ашылды. Еңбекшіқазақ аудандық әкімдігі жұрт тарап кеткенін хабарлады.

ҚазТАГ агенттігінің жазуынша, облыс әкімдігінің шенеуніктері мемлекеттік кірістер департаментіне хабарласып, Құлжа тасжолы бойындағы жанармай станцияларын тексеруді өтінетінін айтқан. Билік сонымен бірге "митинг заңын бұзған" жүргізушілерге әкімшілік іс қозғайтынын айтқан.

Қазақстан үкіметі бұған дейін 12 сәуірден бастап бензин және дизель бағасы өсетінін хабарлаған. Энергетика министрлігі бұл Қазақстаннан отынның шетелге кетуіне тосқауыл қою үшін жасалып отыр деп түсіндірген.

Ведомствоның мәліметінше, жеңіл көлік жүргізушілері тәулігіне 100 литрге дейін, жүк көліктері мен автобус жүргізушілері 300 литрге дейін алған жағдайда дизельдің литрі 295 теңгеден сатылады.

XS
SM
MD
LG