Азаттық радиосы
«Сәлеметсіз бе! Мені туған ағам зорлады». Ләззатқа келетін хаттар

«Сәлеметсіз бе! Мені туған ағам зорлады». Ләззатқа келетін хаттар

Аян ҚАЛМҰРАТ

9 қаңтар 2024

«Жыладым, кешірім сұрадым, бірақ ағам екеуі ыржыңдап тұрып, мені кезек-кезек зорлады», «Нағашы атам менен тән рахатын алған», «Әкемнің не істегенін біліп тұрсам да, тамағын істеп, өтірік күліп жүрдім» — алматылық құқық қорғаушы Ләззат Рақышеваға зорлық көргенін айтқан балалардан күн сайын осындай ондаған хат келеді. Оның кейбірі шұғыл көмек сұрап жазады, кейбірі мұңын шағып, жылы сөз ғана күтеді. Азаттық құқық қорғаушыға келетін хаттардан үзінді келтіреді.

49 жастағы заңгер, құқық қорғаушы Ләззат Рақышева 2017 жылы «Ләззат. Тағдырымның бергенін қабылдаймын» атты кітабын жарыққа шығарды. Онда әйел бес жарым жасында зорлық құрбаны болғанын, бұл оқиға өміріне қалай әсер еткенін, ақыры қиындықты қалай жеңіп шыққанын баяндайды.

Кітап бірнеше қалаға тарағанда Ләззаттың телефонына зорлық көрген балалар мен бала кезінде зорланған ересектерден мазмұны ұқсас хабарламалар түсе бастайды. Содан бері хаттардың келуі тоқтамаған: биыл сегіз айда Ләззатқа бес мыңнан аса адам жазған.

Оның сөзінше, зорлық құрбаны болған балалар әке-шешесіне сырын айтудан қорқады. «Ал ашық айта алғандарын ата-анасы «өзің кінәлісің» дейтін жағдай көп болады».

— Баладан түн ішінде хат келсе, оның зорланғанын бірден түсінемін, — дейді Ләззат. — Бірінші тыңдап, туысы сияқты қолдау көрсетемін. Сосын қай қаладан екенін сұрап, түннің бір уағы болсын, балалар омбудсменіне хабарлаймын. Сол аймақтағы бала құқығы жөніндегі уәкілге хабарласамын. Олар ювеналды полицияға шығып, істі қолға алады. Мен баламен ары қарай сөйлесіп, істен хабар алып отырамын.

Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, 2022 жылы Қазақстанда балаларға қарсы 2 мыңнан аса қылмыс жасалған. Оның үштен бірі — жыныстық сипаттағы қылмыс. Қазақстан ішкі істер министрлігінің 2019 жылғы дерегі бойынша, баланы зорлайтындардың 70 пайыздан астамы — жақын туыстары.

Азаттық Ләззат Рақышеваға келген хаттарды сөзбе-сөз беріп отыр. Хат авторларының қауіпсіздігі үшін кейбір жеке деректер өзгертілді не өшірілді.

«ПАПАМ МЕНІ ТЕЛЕФОНЫНА ТҮСІРІП ТҰР»

Менің жасым 16-да. Күнде өлуді ойлаймын. Шаршадым. Былтыр әкем бір отырысқа кетіп, үйге мас болып келді. Үйде тағы ішті. Түнге он екі шамасымен оянып кетсем, біреу жамбасымды сипалап жатыр. Айнала қап-қараңғы. Дым көрінбейді. Жарықтың бәрін өшіріп тастаған. Түсім шығар дедім. Бірақ біреу орнынан тұрып, далаға шығып кетті. Мен содан кейін ұйықтамадым.

Бір кезде папам сырттан кірді де, өзінің бөлмесіне кіріп кетті. Сосын қасыма келді. Жаңа сипалаған папа екенін білгенде, жүрегім ұшып кетті. Өтірік ұйықтап жата бердім. Көкірегімді ұстап жатқанда өтірік оянып кеткендей болды да, «не істеп жатырсыз?» деп айқайлап жібердім. Папам өтірік ұйықтап, қорылдап жатты. Не істерімді білмей, інімнің қасына барып жаттым. Папам сонда да қоймай, қасыма келіп жатыр еді, ұшып тұрдым. Ол да сол жерге жатып, таңға дейін ұйықтады.

Таңертең оянғанда түндегінің бәрі түсім болса екен дедім. Бірақ олай болмай шықты. Содан кейін тек жылай бердім. Әр түні құдайдан «түнім тыныш өтсе екен» деп тілеп шықтым. Әкемнің не істегенін біліп тұрсам да, тамағын істеп беріп, бетіне өтірік күліп жүрдім.

Сосын мамам бес күннен соң ауылдан қайтып келді. Келгесін айтуға бата алмадым. Қорықтым. Папам мені жайыма қоймады. Екінші рет тағы солай істемегенде мамам мұны білмейтін еді.

Наурыз айында тағы солай болды. Мен мамамның қасында жататынмын. Түнде папам ішіп келіп, арқамнан сипағанын мамам көріпті. Маған ертеңіне айтып берді. Мен де мамама ол жоқта не болғанын айттым. Мама ештеңе істей алмады. Папаға ештеңе дей алмады. Неге олай істегенін сұрай да алмады. Қорқады. Сол ситуация болған соң мама қатты стреске түсіп, жылай беретін болды. Папам қойды ғой деп ойлап жүргенмін. Қателесіппін. Екі-үш күн бұрын ұйықтап жатқанда өзімнен-өзім оянып кеттім. Қарасам, папам ұйықтап жатқанымды телефонына түсіріп тұр.

«500 ТЕҢГЕ ҰСТАТЫП, «МОЛОДЕЦ» ДЕДІ»

Мен қазір 14-темін. Мен де бірнеше рет зорлық құрбаны болдым. Ағам өзінің досымен кезектесіп зорлаған. Ол кезде 6-7 жаста едім. Анамның құрбысы мен оның екі кішкентай қызы келген. Үйде ағамның досы да болды. Біраз уақыттан кейін мамалар бізді үйде қалдырып, дүкенге кетіп қалды. Ағам досы екеуі «Бізбен күшті ойын ойнағыларың келе ме?» деді. Біз кішкентаймыз, ойымызда еш арам ой жоқ, «иә» дедік. Сосын ағам досымен бөлек бөлмеге кіріп кетті де, бізге «кезек-кезек кіріңдер» деді. Бірінші маманың құрбысының қызы кірді. Біраз уақыттан кейін оның қатты жылаған даусы естілді. Біз қорқып кеттік. Ағамнан «не болды?» деп сұрадық. Ағам ештеңе деген жоқ. Жаңағы қыз бөлмеден жылап шықты. Үстінде кофтасы жоқ. Сосын ағам мені шақырды. Менің барғым келмей, ағаға ойнамаймын деп жыладым. Бірақ ағам тыңдаған жоқ, мені сүйреп, бөлмеге кіргізіп, есікті кілтеп алды. Одан кейін қасындағы досына «баста» деп айтты. Мен шошып, жылай бастадым. Ана досы мені шешіндіре бастады. Қатты жыладым. Ағама көмектесші деп жылап жатсам, маған қарап күліп тұрды. Досы мені шешіндіріп болған соң өзінің мүшесін алып, мені зорлай бастады. Мен қатты жыладым. Аға қайта-қайта қойшы десем де, көмек сұрасам да, тыңдамады. Досы болған соң ағам зорлай бастады. Жыладым, кешірім сұрадым, бірақ екеуі ыржыңдап тұрып, мені кезек-кезек зорлады. Кейін жылауға да шамам келмеді. Екеуі істерін аяқтап болғаң соң мені киіндіре бастады.

Үшінші қызды бөлмеге кіргізейін деп жатыр еді, мамалар келіп қалды. Аға досымен бізді бөлмеге кіргізді де: «Мамаға айтатын болсаңдар, өлтіреміз» деді. Біз қатты қорыққандықтан мамаға ештене айта алмадық. Сол кезден бастап ағамның қасына жолауға қорқатынмын. Бірақ мұнымен біткен жоқ. Біраз күннен кейін үйде мамалар жоқ, атам ғана болатын. Ата ұйықтап қалғанда ағам тағы да мені бөлмеге кіргізіп, шешіндіре бастады. Қолына пышақ ұстап алып, мені тағы да қорқытты: «Айқайласаң, бауыздап тастаймын» деді. Мен үндемей тұрдым. Ауырса да шыдадым. «Мынаның бәрі тез бітсінші» дедім. Ағам қалағанын істеген соң қолыма 500 теңге ұстатып, «Молодец» деді. Өзі бөлмеден шығып кетті. Мен жылап отырып, әрең киіндім. Бүкіл денем ауырып тұрды. Қозғала алмадым. «Ағам неге бұлай істеді? Мен не істеп қойдым?» деп жылап жатып, ұйықтап қалыппын.

Хат жазатындардың көбі — өмірден түңілген балалар. Ата-анасы болса да, сырын айтатын ешкімі жоқ. Кейбір ата-ана баласына немқұрайды қарайды, ашық сөйлеспейді, баласын ауыр проблемамен жалғыз қалдырып қояды. Қолдау көрмеген бала тығырыққа тіреледі. Кейде менің парақшама жазылған әйелдер хаттардан өзінің қызын танып жатады. Бір әйел 14 жасар қызына парақшамды айтып, «Жазылып ал, оқып жүр, саған біреу тиіссе маған айт» деген екен. Бірақ ендігі кеш болыпты. Бала кезінде туыс ағасы зорлаған екен.

Ләззат Рақышева, құқық қорғаушы

«АЙТАЙЫН ДЕСЕМ, АНАМНЫҢ ЖҮРЕГІ ӘЛСІЗ»

Жанымды жегідей жеген бұл нәрсе ойымнан кетпей қойды. Нағашы атам менен тән рахатын алған. Әжем өмірден өткен соң басталды. Мені көтеріп, алдына қысып отырғызып алатын. Бір күні үйдегілер «аталарыңа қарап келіңдер» деп, сол үйге жіберді. Ол кезде мен 12-демін. Мені қайта-қайта құшақтап, артымнан өзіне тақап құшақтап, ухілеп дыбыс шығарады. Сіңілімнен «Саған да осылай істей ме?» деп едім, «Жоқ» дейді. Бірақ оңбаған, ит шал менің басқа сіңлілеріме тиіскен екен. Оны бәрі бірге отырғанда өзара айтыпты. Қазір өйтпейді екен. Бір жолы амандасып жатқанымда ернімнен сүймекші болды. Мамам шығып қалып, өтірік мұрнымнан сүйе салды. Қашып жүремін одан. Өліп қалса екен деп тілеймін. Бірақ денсаулығына қарап жүреді. Айтайын десем, анамның жүрегі әлсіз, ал әкем атамды да, мені де өлтіре салады. Не істесем болады?..

«АҒАМДЫ ҚАРҒАДЫМ»

2013 жылдың кезі еді. Жасым небәрі бесте. Туған ағам екеуіміз нағашы ата-әжемнің үйіне қонуға барғанбыз. Атам мен әжем туыстардың үйіне қыдырып кеткен. Үйдегі жеңгем ата-әжемнің төсегіне туған ағама, маған және екі жас үлкен бөлем үшеумізге төсек салып берді. Бөлем екеуіміз төсекте ойнап-күліп жатқанбыз. Бір кезде туған ағам «жатыңдар» деп айқайлады. Біз оны тыңдамадық. Сосын ол екеуіміздің ортамызға жатып алды. Бір кезде қолын менің саныма қойып, іш киімімнің ішіне тыға бастады. Мен «Аға, қойшы» десем де, қоймады. Ішкі киімімді шешіп, маған өзінің жыныс мүшесін ұстатты. Кейін үстіме шығып, істейтінін істеді. Бөлем ағамнан қорқатын, ештеңе демеді. Қатты қиналдым сол түні. Таңертең ұйқымнан тұрғанда төсек қызыл болды. Ағам өте пысық еді. Лезде төсекті жуып тастады. Қазір жасым 16-да. Сол түн әлі есімнен кетпейді. Есіме түскен сайын жылағым келе береді. Сол түн туралы не әкеме, не анама айта алмаймын. Ағамды қарғадым. Ағам 2018 жылы қайтыс болды.

«МЕН ЕМЕС ҚОЙ ІСТЕГЕН»

Сәлеметсіз бе! Мені туған ағам зорлаған. Мен ол кезде 11-12 жаста едім. 1 жыл бойы маған мүшесін тигізіп, қорлап келді. Үйде ешкім болмайтын. Бәрі жұмыста. Үйде тек сіңілім, мен және ағам үшеуіміз болатынбыз. Ағам өз арам ісін іске асыру үшін сіңілімді құрбысының үйіне, магазинге, далаға шығарып жіберетін. Сосын маған мүшесін тигізіп зорлайтын. Мен қорыққанмнан үйдегілерге айта алмадым. Бір жағынан әкем мен анам ұрысып жүрген. Қатты қорқанымнан ешкімге тіс жармадым. Мен оған жылап «тиіспеші, ауырады» деп еңіреп жылайтынмын, бірақ ол сонда да «ештеңе болмайды, ұшын ғана» деп өз ісін бітіріп алатын.

Бір күні үйде бәрі болды. Ағам мені ойнатамын деп, түкпір бөлмеге алып кірді де, шалбарымды шешіп, төсекке жатқызып зорлады. Мен даусымды шығармауға тырыстым. «Мамалар естісе қатты ұрсады, мені үйден қуады» деп ойладым. Аяқ-қолым ұйып, істемей қалатын. Ағам өзі орнымнан тұрғызып, киіндірді. Мен есімді жинап болғанша ол бір бұрышта, мен бір бұрышта отырдық.

Осы жылы қыста 16-ға толдым. Туған күнімнен біраз уақыт өткенде ағам екеуіміз қатты ұрыстық. Үйді басымызға көтердік. Содан менің ішіме сыймай: «Ақыры бәрін айтып жатыр екенбіз, соңына дейін айтайық» дедім де, бәрінің көзінше не істегенін, қалай, қашан істегенін жайып салдым. Анам, әпкем — бәрі шок болды. Мен айтып жатып, қатты жылап, ұстамам басталып кетті. Анам ағамды ұрды, ұрысты, бірақ ағам «кішкентайлықпен істедім» деп құтылып кетті. Сосын анам маған жекіріп, ұрып, ұрысты. «Неге айтпадың?» деді. Күйіп кеттім. Мен емес қой істеген. Неге мен ұрыс естуім керек?.. Айтпай жүре беруім керек еді. Өліп қалғым келеді.

Туған ағасы зорламақ болған, азғындық жасаған бірнеше қыз хат жазды. Оларға аналары сенбеген, өзін кінәлаған. «Сен ағаңды жек көресің, сол үшін айтып отырсың!», «Енді бұтыңа ие болмайсың ба?» деп кінәлайды. «Ел-жұртқа масқара боламыз, ауызыңды жап!» дейді. Кейбір қыздар анасымен ұрысып, басқа туыстарының қолына кетіп жатады. Мұндай қыздарға көмек берген соң өмірге көзқарастары өзгеріп, қайтадан алға мақсат қоя бастады.

Ләззат Рақышева, құқық қорғаушы

«ӘПКЕМЕ ТИІСПЕК БОЛДЫ»

Жасым 13-те. Біз үлкен отбасымыз. Ата-әжем болғандықтан, үйімізден адам арылмайтын. Әкемнің кенже інісі де жиі келетін. Біз қонақ бөлмеде ұйықтайтынбыз. Өз бөлмеміз жоқ. Яғни мен, әпкем, сосын әлгі жауыз екі күннің бірінде бір бөлмеде қонамыз. Үйдегілер оған үйреніп қалған. Бірақ ол қонып қана кетпейтін. Бір түні әпкеме, бір түні маған тиісетін. Ол кезде тым кішкентаймын, ненің не екенін білмейтінмін. Әпкем де менен аса үлкен емес, тете өскенбіз. Ол да ештеңе аңғармайтын, маған қарағанда аңғал еді. Ағамнан жиіркенетінмін. Қонған түні тиіспесе екен деп тілеп жататынмын.

5-6 жасымда үйдегілер бір жерге кеткенде ағам үйді қараңғылап, әпкемді бөлмеден шығарып жіберіп, маған ұятсыз видеолар көрсетіп, артынша зорлайтын. Қатты ауыратын. Ата-анама айту жоқ. Қорқатынмын. Әкем білсе, оны өлтіріп тастайтынын білдім. Кішкентайымнан сондай қорлық көрдім. Солай жылдар өте берді.

Бір күні әпкеме тиіспек болды. Мені ұйықтап қалды деп ойлады-ау. Бірақ мен түн жарымына дейін телефон көріп, ұйықтамаған едім. Түнгі екі жарымдарда төсегінен тұрып жатқанда не істейін деп жатқанын бірден түсіндім. Телефонымды қосып, оны видеоға түсіріп алдым. Әпкеме тиіспей тұрып, жарықты қостым да, арғы бөлмеге өтіп кеттім. Өйткені төсегіне барып, қайта жататынын білдім. 10 минуттан кейін қорылдай бастады.

Ертесіне күні мың ойландым. «Анама көрсетсем бе, көрсетпесем бе?» деп басым қатты. Кешке қарай барып: «Анашым, бірдеңе көрсетсем бе, көрсетпесем бе деп ойланып тұрмын деп едім», анам түрімнен қорқып кетті. «Қызым, не болды, айтшы?» дегенде телефонды бердім. Анам өкіріп жылады. Әкемнің қарындасына қоңырау шалып: «Мен сондайын бір рет байқағанда «тиіспедім» деді ғой, енді оны қалай кешіремін, қалай?» деп жылады. Әкем де келіп қалып, анам бәрін айтып берді. Ол «айуанды өлтіремін, басын сол жерде жарамын» деп ашулана бастады. Бірақ анам сабырға шақырып: «Қызыңды қарабет қыласың, онымен қоймай өзің де сотталасың, отбасыңның быт-шыты шығады» деді. Ағам содан кейін үйге келмейтін болды.

Оны сол жерде атып тастаса да обалы жоқ еді. Жылдар бойы өз қарындасын зорлап келді. Оны ешкім үйіне кіргізбейді. Бұл оқиғаны анам әулетіміздің жиынында бәрінің көзінше айтып берді. Айтып жатқанда әкемнің ағасының қызы жылап жіберді. Мінезі ауырлау, тұйық, ешкіммен ашық сөйлеспейтін қыз еді. Неге жыладың деп бәрі сұрап кетті. «Ол 10-11 жасымда маған да досы екеуі тиіскен, жиіркенішті нәрселер істеген» деді.

Хат жазғандардың ішінде бала кезінде — төрт, бес, алты, жеті жасында туған ағалары, жақын туыстары мен отбасының таныстары зорлаған, шешелеріне ештеңе айта алмай қалған қыздар көп. Өзім де зорлық көрген адам ретінде айтарым, баланың іште сақтап жүруіне қорқыныш себеп. Зорлаған адам «өлтіремін» дейді. Сосын кішкентай бала жыныстық қатынас не екенін ұқпайды, ойын деп ойлайды. Таяқ жеп қаламын ба деп үйіне айтпайды. Кейін бой жеткенде «Мен енді пәк емеспін» деп сабағын да оқымай, өзін тастап жіберетіндер көп. Солай өзін кінәлаумен өтеді.

Ләззат Рақышева, құқық қорғаушы

«БІРГЕ ТҰРА БЕРДІК»

Жасым 13-те. Қызылордада тұрамын. Бірнеше жыл бұрын маған өгей акем тиіскен. Бірақ зорламады. Менің «ана жерімді» өзінің «ана жерімен» үйкелеген. Папам екеуіміз теледидар көріп отырғанбыз. Үйде ешкім жоқ. Бір кезде мені шақырып алды да, көрпенің астына кіргізіп, қараңғылап қойды. Маған мүшесін ұстатқызды. Сосын үйкелеп жатқанда ауырып кетіп, мен бақырып жылап жібердім. Сосын мені жіберіп, кейін дүкенге апарым, тәттілер алып берді. «Мамаңа айтпа, иә?» деді. Өткенде сіңлімді де кезінде мені шақырғандай шақырып тұр.

Көз алдыма елестеп кетті бәрі. Тиісе ме деп қорқып, сіңлімді қасыма шақырып алдым. Сосын бұрында болған оқиғаны мамама айтып бердім. Папама бақырды, айқайлады. Бірақ бірге тұра бердік. Сосын тағы бір рет ұрысып қалғанда мамама «Сен мені емес, байыңды таңдадың ғой» деп үйден кетіп қалдым. Сосын мама мені тауып алды да, полицияға алып барды. Полицияға бәрін айтып бердім. Үйге полиция келіп, оны алып кетті. Оны соттатып жібергім келеді. Аяймын бір жағынан. Ол маған «Мен шығамын ғой. Сосын көрсетемін саған. Өлтіремін» деді. Тәте, не істеймін?

«ТҮРМЕДЕН ЖАЗАДЫ»

13 жасымда 20 жастағы жігітпен сөйлестім. 3 рет кездесіп үшеуінде де тиіспекші болды. 2 рет күші жетпеді. Әшейінде әлсіз едім, бірақ ол тиіскенде өзіме жолатпаймын. «Мен сені аламын», «Сені жақсы көремін» дегеніне сеніп, үшінші рет тиіскенде қарсы болмадым. Болары болды. Папам, мамам білді. Полицияға хабарласты. Бір жыл бойы іс жүріп, оны 20 жылға соттап жіберді.

Ең жаманы, ол жігіт маған түрмеден жазып тұрады. «Сені сүйем, неге түсінбейсің? Болмаса мамаңның үстінен өтірік сөздері үшін арыз жазамын, нағашым мықты адвокат» деп қорқытады. «18-ге толғанда екеуіміз некелессек, мені босатады. Жақсы жолмен шешейік. Оған келіспесең, өміріңді тозақ қыламын. 17 жылдан соң отбасың, балаларың болады. Сол кезде, уәде беремін, әке-шешеңнен бастаймын» дейді. «Маған қайта қылмыс істеп осы жерге келу қиын емес» дейді.

Нөмірін бұғаттап, енді есімді жия бастасам, басқа нөмірден жазып тұрады. «Табатын адам тауып алады, әуре болма» дейді. Болашағым соған тіреліп қалған сияқты. Мен бұл өмірді қиып кетсем де, әке-шешеме зиянын тигізе ме деп қорқамын.

Маған келген хаттарды оқып, түсінгенім — балаларды көбіне жақындары жүрген зорлайды. Бұл ата-ананың баласына көңіл бөлмеуінен, балаға салғырт қарап, ашық сөйлеспеуінен, іш киім, дене қауіпсіздігі ережесін түсіндірмеуден болады. Қазақстанда педофилдерге қарсы заңның әлсіздігі де осыған себепші. Мәселенің ушығуына құқық қорғау органдарын жайлаған жемқорлық та себеп.

Ләззат Рақышева, құқық қорғаушы

«ӘҢГІМЕ ЖАБУЛЫ ҚАЛДЫ»

Қазір 17-демін. Он жыл бұрын болған оқиға әлі есімнен кетпейді. Әкем қырыққа толып, үйге қонақ шақырдық. Бәрі тарқап, анамның әпкесі мен күйеуі ғана қалды. Түнде оянып кетсем, қасымда біреу жатыр. Қолымен менің асты жағымды ұстап алған. Қорыққанымнан атып тұрып, маманың қасына барып, жыладым. Бірақ неге жылағанымды айта алмадым.

Сосын ол кісі үйге келген сайын жер үстелді шетке қойып, соның астына төсек салып жататын болдым. Тиісе алмайды ғой деп едім. Екінші рет үстелдің жанында жатып, астыма қарай қолын созып тұр екен. Таң атқанша ұйықтамадым. Солай уақыт өтіп жатты. Қонақ боп келген сайын сөйтем.

Бір жарым жыл бұрын үйде ремонт болып, сол кісі келді. Түске қарай ішіп алып, тапшанда отырды. Мама екеуіміз даланы жинап жүрдік. Бір кезде ол сырттағы баняға кіріп кетті. Сөйтіп сол жақта ойнап жүрген төрт жасар сіңлімді жайлап дауыстап шақырып жатыр екен. Мен байқап қалдым. Сіңлім кіріп кетті. Бірден жүгіріп бардым. Ана кісі суды қатты ашып қойыпты. Дауысы естілмесін деген шығар. Айқайлап, сіңлімді қолынан тартып, әрең алып шықтым. Сіңлім шошып қалды. Мамам жүгіріп келді. Сөйтсек сіңліме: «Артқа еңкейіп тұр, магазинге апарамын» депті. Мамама он жыл бұрын болғанды да айтып бердім. Мама «Ертерек айтпадың ба?!» деп ұрысты.

Мама әпкесіне сөз келмесін деп, бұл әңгіме жабулы қалды. Біраз уақыттан кейін басқа бөлелерге тиіскенін білдік. Оны нағашы әжем біліп, айқайлап ұрысады. Кешірім сұрапты. Қазір ол кісімен ешкім араласпайды.

Мен әлі күнге дейін ер кісілерден қорқамын...

Суреттерді салған: Алсу Жасқайратова