Атырауда тергеу изоляторында қамаудағылар өздерін жарақаттады

Атыраудағы түрмелердің бірі. Көрнекі сурет.
Атыраудағы түрмелердің бірі. Көрнекі сурет.

Атырауда тергеу изоляторында қамаудағылар өздерін жарақаттады. “Ақжайық” басылымының жазуынша, оқиға 23 қазанда болған. Басылымның мәліметінше, қамаудағылар “адамдарды карантин блогынан ауыстыруды” талап еткен. Талаптары орындалмағаннан кейін өздеріне жарақат салмақ болған.

Atyrauoil.official паблигінің жазуынша, қамаудағылар мекеменің санитарлық жағдайы, кәріз жүйесіндегі мәселелер, нашар тамақ пен рұқсат етілген заттарды алудағы шектеулерге наразы болған. Паблик үш адам ауруханаға әкетілгенін жазды.

Атырау облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті оқиғаны растап, оған “ауыр және аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталған” бес адам қатысқанын хабарлады.

Департаменттің айтуынша, олар “қамау жағдайына наразылық білдіріп”, “бақылау камераларын жауып, өздерін жарақаттауға тырысқан”. Департамент қамаудағылардың өздерін “жеңіл” жарақаттағанын айтады. Дегенмен ведомство үш адам ауруханаға жеткізілді деген ақпаратты растамады. Оқиғаға байланысты “топ болып бағынбау” фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Кейде түрмедегілердің туыстары мен ресми тараған ақпараттар арасында қайшылық болады. Қазақстан түрмелерінде наразылық ретінде тұтқындардың өздерін жарақаттауы жиі кездеседі. Құқық қорғаушылар түрмеде мұндай оқиғалардың көбеюіне көп жағдайда түрмедегі азаптау мен қысым түрткі болатынын айтады. Азаптау туралы шағымдардың тек кейбірі ғана сотқа жетеді.

2025 жылы мамырда Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Новоукраинка ауылындағы қауіпсіздігі жоғары колонияда тұтқындар түрмедегі "адам төзгісіз жағдай мен басшылықтың қысымына" наразылық ретінде өздерін жарақаттады. Жергілікті қылмыстық атқару-жүйесі департаменті тұтқындардың өздерін жарақаттағанын растап, мұны "тыйым салынған заттарды тәркілеуге қарсылық" ретінде сипаттаған.

​
XS
SM
MD
LG