Ресей АҚШ-қа 11-14 маусым аралығында Украинаға "Орешникпен" соққы жасауы мүмкін екенін ескертті. Бұл жөнінде дереккөздерге сүйенген "Зеркало недели" және "РБК-Украина" жазды.
"РБК-Украинаның" жазуынша, дегенмен АҚШ-тың Киевтегі елшілігінен ресми түрде ескерту келмеген.
Бұған дейін жұма күні Украинаның қарулы күштері бір тәулікте Ресей әскерінің орта қашықтыққа ұшатын баллистикалық ракетаны қолдану мүмкіндігі "жоғары" екенін ескерткен.
- Соғыс басталғалы бері Ресей әскері "Орешник" ракетасын үш рет қолданған. Украина қарулы күштерінің дерегінше, соңғы рет 24 мамырда қолданған. Ол кезде Киев облысындағы Белая церковь қаласына соққы жасалған. Ресей басшысы Владимир Путин ізінше әскерилер "сарайдағы блоктардың құлағанын көру" үшін соққы жасағанын айтты. Оның сөзінше, бұл болашақта "қаруды қолданған кезде керек болады".