Accessibility links

Human Rights Watch Өзбекстанға оралмақ


Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Стив Свердлов.
Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Стив Свердлов.

Өзбекстан билігі жеті жылдық үзілістен кейін Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының елге келуіне рұқсат берді. Бұл туралы Өзбекстан сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов "Өзбекстан-Еуропалық одақ" ынтымақтастық кеңесі отырысының қорытындысы бойынша өткізілген баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

"Өзбекстан-Еуропалық одақ" ынтымақтастық кеңесі отырысының қорытындысына арналған баспасөз мәслихаты барысында журналистердің сауалына жауап берген министр Абдулазиз Камилов ресми Ташкенттің халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен жұмыс істеуге әзір екенін мәлімдеді.

Камиловтың айтуынша, тамызда Өзбекстанға Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы делегациясы бармақшы. Оны HRW ұйымының Орталық Азия жөніндегі зерттеушісі Стив Свердлов бастап барады. Камилов Өзбекстан сыртқы істер министрлігі осы мәселе бойынша HRW атқарушы директоры Кеннет Росспен тығыз қарым-қатынас орнатқанын айтты.

"Кей мәселелерге қатысты көзқарас, пікіріміз әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ, соған бола мүддеміз тоғысатын аймақта бірлескен іс-әрекеттен біржола бойымызды аулақ саламыз деуге болмайды. Есігіміз қашанда ашық, HRW ғана емес, басқа ұйымдарды да қабылдауға әзірміз", - деді Абдулазиз Камилов.

Азаттықтың Өзбек қызметіне ("Озодлик" радиосы) берген сұхбатында HRW ұйымының Орталық Азия жөніндегі зерттеушісі Стив Свердлов өзі үшін Өзбекстан министрінің мәлімдемесі тосын жаңалық болғанын айтты. Свердловтың сөзінше, халықаралық ұйым бұған дейін Өзбекстанға келу туралы ресми Ташкентке өтініш білдіріп келгенімен, осы күнге дейін ресми жауап ала алмаған.

- Өзбекстанда жергілікті және халықаралық азаматтық қоғам үшін орын көбейіп келе жатқаны туралы айтылған кез-келген пікірді құптаймыз. Бұл орайда сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловтың жақындағы мәлімдемесі бізді қатты қуантты. Енді виза туралы өтінішіміздің ресми түрде мақұлдануын күтіп отырмыз. Бірақ қалай болғанда да Өзбекстанға қатысты маңызды жаңа қатынасты білдіретін мұндай пікірлерді жағымды хабар ретінде қабылдаймыз. Human Rights Watch ұйымының елге келуі немесе оралуы жылымық кезең деп аталатын маңызды процестермен байланысты деп ойлаймын. Өзбекстандағы жағдайдың жақсарғаны туралы айтуға болатындай, елде адам құқығы саласында елеулі қадамдар жасалады деп үміттенеміз, әрине. Жақында БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары Өзбекстанға сапармен барды, сонымен бірге, әзірше қағаз жүзінде сот ісін жүргізу және қылмыстық кодекс саласында бірнеше маңызды реформалар қабылданып жатыр, - деді Азаттыққа Стив Свердлов.

Бұған қоса ол HRW ұйымы Өзбекстан билігін елдегі саяси тұтқындарды, мәселен, "түрмеде денсаулығы нашарлай түскен" журналистер Дилмурод Саидов (Сайид) пен Солиджон Абдурахмановтарды дереу түрмеден шығаруға шақыруды жалғастыра беретінін атап айтты.

- Алдағы қыркүйектегі Тәуелсіздік күні президент Мирзияевке осы мәселеге өз ұстанымын білдіруіне және адам құқығы саласында алған халықаралық міндеттемелерін орындауына тағы бір мүмкіндік береді деп ойлаймын, - деді Стив Свердлов "Озодлик" радиосына.

Брюссельдегі баспасөз мәслихаты кезінде Өзбекстан сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов "халықаралық құқық қорғаушылардың елімізге келуі олардың қойған барлық талаптары мен шарттарын билік орындайды дегенді білдірмейді" деп мәлімдеген. Оның түсіндіруінше, ынтымақтастық өзара сыйластыққа және "елдің ішкі істеріне қандай да болмасын араласуға жол бермеу" қағидаларына негізделуі тиіс.

- Бұған қоса, салт-дәстүрімізді құрметтеп, ерекшелігімізге түсіністікпен қараулары керек, - деді Абдулазиз Камилов.

Еске сала кетейік, шілденің 17-сі күні Абдулазиз Камилов Брюссельге "Өзбекстан - Еуропалық одақ" ынтымақтастық кеңесінің отырысына қатысу үшін барған.

Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін Еуропалық Одақ пен Өзбекстан үкіметі арасында жоғары деңгейде өткен саяси келіссөздер кезінде демократия мәселесі мен Өзбекстандағы адам құқығының жайы талқыланды, сонымен бірге елдің экономикалық дамуына қатысты ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының кеңсесі Ташкентте 1996 жылы ашылған. Халықаралық ұйым Өзбекстандағы адам құқығының жағдайына бақылау жүргізіп, талдаулар жасаған.

Бірақ 2005 жылғы Әндіжандағы қанды қырғыннан кейін ресми Ташкент халықаралық ұйымның ел ішіндегі іс-әрекетіне кедергі қойып, Human Rights Watch ұйымының екі өкілі – Олег Воронцов пен Стив Свердловқа аккредитация беруден бас тартқан.

2010 жылдың желтоқсанында Өзбекстан әділет министрлігі Ташкенттегі HRW өкілдігін тарату туралы Жоғарғы сотқа шағым түсірген. 2011 жылдың маусымында Өзбекстан Жоғарғы соты ол шағымды қанағаттандырған.

XS
SM
MD
LG