Accessibility links

live 98 науқастың жағдайы ауыр. Елдегі коронавирус ахуалы қандай?

Covid-19 індеті жайлы әлемдегі және Қазақстандағы ақпараттарды шолып шығыңыз.


Коронавирус инфекциясынан сақтануға үндеген көшедегі жарнаманың қасынан өтіп бара жатқан маска таққан адам.

Негізгі деректер

Әлемде Covid-19 коронавирусы 32,4 миллион адамға жұқты. Қайтыс болғандар 987 мыңға жетті. 22,3 миллион адам аурудан жазылған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

09:35 9.8.2020

Қазақстанда бір күнде 872 адамның Covid инфекциясын жұқтырғаны анықталды

Қорғаныс киімін киген мамандар қоғамдық орындарды залалсыздандырып жүр. Алматы, Қазақстан. Көрнекі сурет. Коронавирус пандемиясы кезінде ботаникалық бақтағы қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалап жүрген полицейлер. Нұр-Сұлтан, 4 тамыз 2020 жыл.
Қорғаныс киімін киген мамандар қоғамдық орындарды залалсыздандырып жүр. Алматы, Қазақстан. Көрнекі сурет. Коронавирус пандемиясы кезінде ботаникалық бақтағы қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалап жүрген полицейлер. Нұр-Сұлтан, 4 тамыз 2020 жыл.


Кеше, 8 тамыз күні Қазақстанда 872 адамның коронавирус жұқтырғаны расталды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Биліктің ресми тәуліктік көрсеткіші 900-ден төмен болғаны соңғы рет 14 маусымда тіркелген. Сол уақыттан бері тәулік саны күн сайын артып, 8 шілде күні шарықтау шегіне жетті. Ол күні 1962 жағдай тіркелген. Содан бері көрсеткіш біртіндеп азайып келеді. Дегенмен ресми дерекке күдік келтіретіндер көп.

Коронавирус жұқтырғаны кеше расталған 444 науқаста ауру белгілері байқалып, 428 адам Covid симптомдары болмаған. Бір тәулікте коронавирустан 664 адам жазылып шыққан.

Ресми статистикаға сәйкес, эпидемия басталғалы Қазақстанда барлығы 98 701 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған. Оның 72 273-і жазылған, 1218-і қайтыс болған.

Қазақстан үкіметі 2 тамыздан бастап белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын, бірақ ПТР тестімен расталмаған пневмония жағдайларын жариялап отыр. Бірақ уәде етілгендей коронавирус статистикасына біріктірілген жоқ, бөлек жарияланып отыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 1-7 тамыз аралығында 12 110 адамның пневмонияға шалдыққаны расталған, 137 адам қайтыс болған.

Ел билігі Covid пен коронавирустық пневмонияға бөлек санағанымен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы екі санды біріктіріп беріп отыр.

Қазақстанда 1 қаңтар мен 2 тамыз аралығында 256 адам пневмонияға шалдыққан. Бұл – өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 3,3 есе көп көрсеткіш. Былтыр осы уақыт аралығында пневмониядан 2333 адам қайтыс болса, биыл 4042 адам қайтыс болған. Бірақ бұл сандар коронавирус статистикасына қосылмады.

Covid дерегіне коронавирус жұқтырған бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам да кірмей қалған.

Ресми көрсеткіштің төмен болуы тест саны мен халықтың тестімен қамтылуына да байланысты болуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі маусымда айында тест саны тәулігіне 28 мыңға жеткенін, келесі айларда 35 мыңға жеткізетінін айтқан. Алайда кейінгі аптаның орташа тәуліктік көрсеткіші 15 мың тест шамасында қалып отыр. Сондай-ақ, қазір ПТР тесті негізінен ауру белгілері байқалған адамдардан алынады. Сол себепті қазір вирус жұқтырғандардың тәулік көрсеткішінде симптомды науқастар саны симптомсыз науқастар санынан көп. Маусым айында ауру белгісі жоқ адамдар саны ауру белгісі бар науқастар санынан екі есеге жуық артық болып отырған.

11:56 8.8.2020

Қазақстанда бір күнде 1102 адамнан коронавирустық пневмония анықталды, 17 өлім тіркелді

Адамдар Нұр-Сұлтан көшелерінде. 4 тамыз 2020 жыл.
Адамдар Нұр-Сұлтан көшелерінде. 4 тамыз 2020 жыл.

7 тамыз күні Қазақстанда коронавирус белгілері бар бірақ ПТР тестімен расталмаған пневмония 1102 адамнан анықталды. Аурудан бір күнде 17 өлім тіркелді. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Қазақстанда жаз айларында пневмонияға шалдығу күрт артып кетті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 1 қаңтар мен 2 тамыз аралығында өкпе ауруына 256 мыңнан астам адам шалдыққан. Бұл – өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 3,3 есе көп көрсеткіш. Министрлік бұл жағдайларының нешеуі коронавирус белгілері бар бірақ ПТР тестімен расталмаған пневмония екенін айтпады.

Елде жергілікті дәрігерлер мен сарапшылар билікті вирустық пневмония ауруларын ПТР тесті теріс көрсетсе де, коронавирус деп санауға шақырды. Олардың сөзінше, пневмонияның бұлай өршуі қалыпты жағдай емес.

Шілде айында Қытай елшілігі Қазақстанда «белгісіз пневмония» барын хабарлап, әлем назары Қазақстанға ауды. Сыртқы және ішкі қысымның әсерінен Қазақстан билігі 17 шілде күні 1 тамыздан бастап коронавирус пен коронавирустық пневмония деректерін біріктіретінін мәлімдеді. Көп ұзамай денсаулық сақтау министрлігі 1 тамызға дейін тіркелген коронавирустық пневмония жағдайлары коронавирус статистикасына қосылмайды деп деді.

Пневмония дерегі 2 тамыздан жариялана бастады. Алайда үкімет айтқан біріктіру болмады. Пневмония деректері бөлек жарияланып отыр. Елде 1 тамыздан бері 12 110 адамнан коронавирустық пневмония анықталған. Аурудың бұл түрінен осы аралықта 137 адам қайтыс болған.

Ал ПТР тестімен расталған коронавирус жағдайларының жалпы саны – 97 829, қатыс болғандар саны – 1218. Егер үкімет уәдесінде тұрып, екі деректі біріктіргенде елде барлығы 109 939 науқас тіркелген болушы еді.

08:59 8.8.2020

Қазақстанда бір күнде 907 адамның коронавирус жұқтырғаны расталған

Коронавирус пандемиясы кезінде Нұр-Сұлтан ботаникалық бағында қыдырып жүрген адамдар. 4 тамыз 2020 жыл.
Коронавирус пандемиясы кезінде Нұр-Сұлтан ботаникалық бағында қыдырып жүрген адамдар. 4 тамыз 2020 жыл.

7 тамыз күні Қазақстанда 907 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Ресми дерек бойынша, коронавирус жұқтырғаны расталғандардың тәуліктік көрсеткіші екі күн қатарынан мыңнан төмен болып отыр.

Эпидемия басталғалы Қазақстанда барлығы 97 829 адамның коронавирус жұқтырғаны расталған. Оның 71 609-ы дерттен айыққан.

Аймақтар бойынша жағдай мынадай:

  • Алматы қаласы - 13150 (+155 адам жаңадан қосылған),
  • Нұр-Сұлтан қаласы - 12712 (+182),
  • Атырау облысында - 10535 (+24),
  • Қарағанды облысында - 9245 (+85),
  • Шығыс Қазақстан облысында - 7139 (+94),
  • Батыс Қазақстан облысында - 6211 (+51),
  • Шымкент қаласы - 5082 (+12),
  • Алматы облысында - 4663 (+40),
  • Жамбыл облысында - 3839 (+35),
  • Павлодар облысында - 3484 (+15),
  • Солтүстік Қазақстан облысында - 3461 (+42),
  • Қызылорда облысында -3169 (+26),
  • Маңғыстау облысында - 3095 (+32),
  • Ақтөбе облысында - 3093 (+8),
  • Қостанай облысында - 3021 (+33),
  • Түркістан облысында - 2965 (+36),
  • Ақмола облысында - 2965 (+37).

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда коронавирустан 1189 адам қайтыс болған. Бірақ бұл дерекке коронавирус жұқтырған бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмей қалған. Сондай-ақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын бірақ зертханалық талдау Covid инфекциясының барын анықтай алмаған вирустық пневмониядан қайтыс болғандар да Covid өлімі дерегіне қосылмай отыр. Ал 1 қаңтар мен 2 тамыз аралығында Қазақстанда өкпе ауруына 256 мыңнан астам адам шалдыққан. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 3,3 есе көп. Министрлік бұлардың қаншасы коронавирустық пневмония екенін айтпады.

16:23 7.8.2020

АҚШ-та бір күнде 2 мыңнан астам адам Covid-тен қайтыс болды

АҚШ-та 6 тамызда 58 мыңнан астам адамнан коронавирус табылған. Бір күнде 2060 адам вирустан қайтыс болған. Соңғы бірнеше аптада елдің эпидемияны тежеу талпыныстары сәтсіздікке ұшырап жатыр. Соңғы рет ең жоғары адам өлімі көрсеткіші 7 мамырда (бір тәулікте 2 мың адам қайтыс болған) тіркелген.

Әлемде вирус жұқтырғандар 19 миллионға жетті. Латын Америкада да вирус жұқтырғандар мен адам өлімі азаймай отыр. 6 тамызда Бразилияда бір күнде 53 мыңнан аса адамнан коронавирус анықталған, 1200 адам қайтыс болған. Елде індеттен қайтыс болғандар саны 100 мыңға жақындап келеді.

Мексикада коронавирустан қайтыс болғандар 50 мыңнан асты. Денсаулық сақтау министрлігі өткен тәулікте 6,5 мыңнан астам науқас тіркелгенін хабарлады.

Эпидемия қайталана ма деп қауіптенген Еуропа елдері қозғалысқа жаңа шектеулер қойды. Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, коронавирус әлемде 715 мыңнан астам адамның өліміне себеп болған.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG