Accessibility links

live 98 науқастың жағдайы ауыр. Елдегі коронавирус ахуалы қандай?

Covid-19 індеті жайлы әлемдегі және Қазақстандағы ақпараттарды шолып шығыңыз.


Коронавирус инфекциясынан сақтануға үндеген көшедегі жарнаманың қасынан өтіп бара жатқан маска таққан адам.

Негізгі деректер

Әлемде Covid-19 коронавирусы 32,1 миллион адамға жұқты. Қайтыс болғандар 981 мыңға жетті. 22 миллион адам аурудан жазылған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

10:00 16.9.2020

"Індет жайлы ескертпеді" деп сыналған Қырғызстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі ұсталды

15 қыркүйекте "қызметтік өкілетін асыра пайдаланды" және "міндетіне немқұрайлық танытты" деген күдікпен Қырғызстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Космосбек Чолпонбаев ұсталды. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

Қырғызстан экономикалық қылмыспен күрес жөніндегі мемлекеттік қызметтің ақпарат құралдарына таратқан хабарламасында ұсталған бұрынғы шенеуніктің аты-жөні толық көрсетілмеген: тек "К.Ч" деп жазылған. Космосбек Чолпонбаев - денсаулық сақтау министрлігін басқарған аты-жөні К.Ч. әріптерінен басталатын жалғыз адам.

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Космосбек Чолпонбаев.
Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Космосбек Чолпонбаев.

"Денсаулық сақтау министрлігін басқарған тұлғалар қызметтік өкілетін асыра пайдаланып, консультациялық қызмет көрсету бойынша тиімсіз келісім-шарт жасаған, соның кесірінен мемлекет бюджетіне шамамен 9 млн сом көлемінде (шамамен 113 мың доллар) шығын келген" делінген қаржы полициясының хабарламасында.

Іс жөнінде басқа ақпарат айтылмаған.

Бұрынғы денсаулық сақтау министрінің ұлы Эркин Чолпонбаев әкесінің ұсталғанын растады. Оның сөзіне қарағанда, бұл жөнінде Чолпанбаевтың отбасына ресми түрде хабарланбаған.

Шілде айында Космосбек Чолпонбаев экономикалық қылмыспен күрес жөніндегі мемлекеттік қызметке шақыртылған еді. Ол кезде ведомство елде коронавируспен күрес шараларының тиімділігін тексеріп жатқан болатын.

31 наурызда Қауіпсіздік кеңесінің отырысында президент Сооронбай Жээнбеков коронавируспен күрес штабы мен денсаулық сақтау министрлігін індет жайлы қоғамға қажетті дәрежеде ескерпеді деп айыптаған. Осыдан соң Қауіпсіздік кеңесінің ұсынысымен денсаулық сақтау министрі Космосбек Чолпонбаев пен вице-премьер Алтынай Омурбекова қызметінен кеткен болатын.

09:56 16.9.2020

Бір күнде пневмонияға шалдыққан 408 адам анықталды, covid-ті қосқанда 6 адам қайтыс болды

15 қыркүйекте Қазақстанда коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққан 408 адам анықталды, пневмонияның осы түрінен 1 адам қайтыс болды. Бір күнде 71 адам жазылған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

1 тамыздан бері коронавирусқа ұқсас пневмонияға 30 074 адам шалдыққан, 332 адам қайтыс болған. 15 қыркүйекте ведомство 26 мыңнан астам адам жазылды деп көрсетті. Бір күн бұрын ол көрсеткіш шамамен 6800 болған. Министрлік жазылғандар санының күрт ұлғаюының себебін түсіндірмеді.

15 қыркүйекте коронавирус инфекциясынан 5 адам қайтыс болған. Наурыз айынан бері коронавирус жұққаны ПТР тестімен расталған 1680 адам көз жұмған. Денсаулық сақтау министрлігі жүздеген адам өлімін бұл статистикаға енгізбеген. Ведомство олардың өліміне коронавирус емес, "ілеспе аурулар" себеп болды деп мәлімдеген.

Қазір 4 037 адам covid-тен емделіп жатыр, 37-і - бала. Стационарда - 2 221 адам, амбулаторлық жағдайда 1 816 адам емделіп жатыр. 125 адамның жағдайы ауыр, 16 науқастың жағдайы - өте ауыр, 18 адам жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр.

Қазақстанда коронавирус пневмониясына шалдыққандар жоғарыда айтылған көрсеткіштен әлдеқайда көп болуы мүмкін, себебі вирус пневмониясы Қазақстанда маусым және шілде айларында өршіген. Ведомство бұған дейін жалпы пневмония статистикасынан оларды айырып, ажырату мүмкін емес екенін айтып, нақты қанша адамның вирус пневмониясына шалдыққаны анықталмады деген.

08:18 16.9.2020

Қазақстанда өткен тәулікте 64 адамнан коронавирус табылды

15 қыркүйекте Қазақстанда 64 адамнан коронавирус инфекциясы табылды. Бір күнде 431 адам жазылған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Өткен тәулікте ең көп науқас Шығыс Қазақстан облысында (18) тіркелген. Шымкент қаласы, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында бірде-бір науқас анықталмаған.

Елде коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталғандар саны 106 984 адамға жетті. Дегенмен бұл статистикаға коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталмаған, бірақ клиникалық белгілері covid-ке ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны енгізілмеген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) екі көрсеткішті біріктіруге кеңес бергенмен Қазақстан билігі екеуін екі бөлек жариялап жүр. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда наурыз айынан бері 136 586 адам коронавирусқа шалдыққан, кемінде 2003 адам қайтыс болған.

Ведомство мәліметінше, соңғы бір аптада коронавирустан 37 адам көз жұмған. Ең көп адам өлімі Алматы облысында (7), ШҚО (6) және Павлодар облысында (6) тіркелген.

Бұған дейін министрлік коронавирус жұққан қайтыс болған 500-ден астам адам "covid-тен емес, ілеспе аурудан қайтыс болды" деп мәлімдеген.

15:24 15.9.2020

АҚШ ғалымдары коронавирусты жоятын ақуызды анықтады

Питтсбург университетінің (АҚШ) ғалымдары коронавирустың күшін жоятын ақуызды анықтады. Ол коронавирустың S-ақуызымен (protein S) әсерлесіп, ішке еніп, оны жоя алады.

Cell ғылыми журналында дүйсенбі күні жарияланған зерттеудегі мәліметке сәйкес, мәселе covid-ке қарсы Ab8 дәрісін шығаруда пайдаланылатын антиденеден он есе кіші ақуыз қосындысы жайлы болып отыр.

Бұл дәрі-дәрмек коронавирус ауруына шалдыққан тышқандар мен алақоржындарды емдеуде және вирустан қорғауда тиімділігін дәлелдеген. Мамандар табылған зат молекулаларының адам жасушаларына қатысы жоқ болғандықтан оның жанама әсерін азайтуға болады деп отыр.

"Ab8 дәрісі covid-тен емдеп қана қоймай, коронавирус жұғудан қорғайтын амал ретінде қарастырылып отыр" деді зерттеу авторларының бірі Джон Меллорс.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG