Азаттық радиосы

Әлемді [Қазақстанды] алаңдатқан коронавирустың "дельта варианты" жайлы не белгілі?

Азаттық радиосы

24 маусым 2021

Нұр-Сұлтан мен Алматыда коронавирустың Үндістан варианты (тағы бір атауы – "дельта вариант") табылғаны хабарланды. Қазақстан бұл мутация кең тарап кетпес үшін шектеу шараларын күшейтуді жоспарлайды және жұртты екпе салуға шақырып жатыр. Қазір "дельта вариант" әлемді де алаңдатып отыр. Сонымен бұл вариант жайлы не белгілі? Қарапайым тілмен түсіндірейік.

ДЕЛЬТА ЖӘНЕ ДЕЛЬТА ПЛЮС ВАРИАНТЫ

Үндістан денсаулық сақтау министрлігі бұл елде табылған коронавирус вариантын "дельта" және "дельта плюс" деп екіге бөлді. Үндістанда былтыр күзде табылып, сәуір-мамырда бұл елдегі көп өлім-жітімге себеп болған вариант "дельта" деп аталады. Ал "дельта плюс" варианты алғаш рет биыл сәуірде Үндістанда табылған.

ВВС сайтының жазуынша, "дельта плюс" қазір АҚШ, Ұлыбритания, Португалия, Швейцария, Жапония, Польша, Непаль, Ресей және Қытайда да тіркелді. Ал "дельта варианты", Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінше, қазір 90-ға жуық елге тараған.

Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 23 маусымдағы брифингте Азаттыққа "елде табылғаны "дельта" болуы мүмкін, қазір әлі тексеріп жатырмыз" деді.

22 маусымда Үндістан "дельта плюсті" "назар аудартқан варианттан" "алаңдаушылық тудыратын вариантқа" ауыстырды.

Әдетте вирустың жаңа мутациясы шыққанда үшке бөлініп, қарастырылады:

  • "Назар аудартқан вариант" (Variant of Interest)
  • "Алаңдатушылық тудыратын вариант" (Variant of Concern)
  • "Салдары ауыр вариант" (Variant of High Consequence)

Тез тарайтын, ауыр дертке шалдықтыратын, антидененің пайдасын, вакцинаның тиімділігін, ем-домның әсерін төмендететін мутация "Алаңдатушылық тудыратын вариантқа" жатқызылады.

Үндістан мен АҚШ "дельтаны" "Алаңдатушылық тудыратын вариантқа" жатқызған.

Қазір "дельта плюс" варианты жайлы ақпарат көп емес. Бірақ Үндістан денсаулық сақтау министрлігінің алдын ала мәліметінше, "дельта плюс" варианты тез таралады, өкпенің клеткаларын жылдам зақымдайды, антителаның пайдасын әлсіретеді. Дегенмен, ғалымдар "дельта плюске" қатысты әлі де көп зерттеу қажет дейді.

ДДСҰ қазір әлемде "дельта вариант" кең тарап жатқанын айтады.

Ал "дельта варианты" да жылдам тарайтыны, жұққан адамға ауыр тиетіні айтылған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, "дельта варианты" Ухань, Британия, Оңтүстік Африка мен Бразилиядағы вирус штамдарынан әлдеқайда тез тарайды.

ДДҰС 22 маусымда қазір көп елде "дельта" негізгі қоздырғышқа айналды, кейбір елде тұрақтаған індет ахуалын қайта нашарлата бастады деп мәлімдеді.

АҚШ-тың бас инфекционисі Энтони Фаучи де "дельта варианттың" "таралу жылдамдығы әлдеқайда күшті" дейді. Ол бұл мутация жұққан адамға "ауыр тиетінін" айтады.

Фаучи АҚШ-та мақұлданған екпелер, соның ішінде Pfizer вакцинасы "дельта вариантына" келгенде тиімді екенін мәлімдеді.

"Біздің қолымызда құрал бар, соны қолданып, індетті жеңейік" деді ол.

ЕКПЕЛЕР ҮНДІ ВАРИАНТЫНА ҚАРСЫ ТҰРА АЛА МА?

"Дельта плюс" варианты жайлы енді белгілі болғандықтан оған қай екпе тиімді я тиімді емес екені әзірге белгісіз. Бірақ ДДСҰ коронавирусқа қарсы қазіргі екпелер Үндістанда шыққан варианттан "қорғайтынын" айтады.

ДДСҰ эпидемиологы Мария Ван Керкховеның сөзінше, вакциналар "дельта" вариантқа келгенде тиімділігі төмендеуі мүмкін, бірақ екпелер "дельта варианттан" жақсы қорғайды.

"Мынаны баса айтқымыз келеді, екпелердің тиімділігі "дельта вариантқа" келгенде төмендесе де, вакциналар "дельта вариант" жұқса, ауыр халге түсуден, өлімнен қорғайды" деді ол 21 маусымдағы брифингте.

Ресейлік Спутник V екпесін жасаған Гамалеи орталығы бұл вакцина "дельта варианты" және осыған дейін анықталған Британия (альфа), Оңтүстік Африка (бета), Бразилия (гамма) мутациясынан да қорғайды деп мәлімдеді.

Ал қазақстандық QazVac екпесін жасаған Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының өкілі Лесбек Құтымбетов Азаттыққа қазақстандық екпе "дельта варианттан" қорғай алатынын айтты.

"Вирус өте қатты өзгерген жоқ. Генетикалық жағынан өзгерген шығар, бірақ антигендік жағынан өзгеріп жатқан жоқ. Сондықтан қазіргі бар екпелер шығып жатқан варианттардан қорғай алады" деді Құтымбетов Азаттыққа.

Алматыда екпе алып жатқан адам. 17 сәуір 2021 жыл.

Ресейлік вирусолог, биология ғылымдарының докторы Георгий Базыкин "Настоящее время" телеарнасына берген сұхбатында "коронавирустың, соның ішінде "дельта вариантты" тоқтатудың бірден-бір жолы – екпе" дейді.

- "Дельта варианты" жылдам тарайды және иммундық жүйені айналып өтеді. Ухань вариантынан, тіпті британ вариантынан қауіптірек. Ал [жұқтырғандар санын] тек вакцинация арқылы тоқтатуға болады. Локдаун да тиімді, бірақ вакцинация әлде қайда тиімді әрі арзан, және вирусты жеңетін басты құрал. Екпе болмағанда вирусты тоқтату үшін локдаун енгіздік, қазір вакцина бар, - деді вирусолог.

Bloomberg сайтының жазуынша, геномиканы зерттейтін Helix зерттеу компаниясы әлемдегі Covid жұқтырған мыңдаған адамның тестерін саралаған. Зертте кезінден "дельта вариант" вакцинациялау деңгейі төмен елдерде қатты тарап жатқаны анықталған.

Мақаланы әзірлеуге Нұргүл Тапаева атсалысты. Материалда Reuters, BBC медиаларының және АҚШ ауруларды алдын алу және бақылау орталығының ақпараттары пайдаланылды.