Accessibility links

Covid-19 ас ішкенде жұға ма? Жұртты мазалаған 10 сауалға жауап


Алматы көшесінде жүрген бала. 16 наурыз 2020 жыл.
Алматы көшесінде жүрген бала. 16 наурыз 2020 жыл.

Әлемді алаңдатқан коронавирус қалай тарайды? Жүкті әйелге вирус жылдам жұға ма? Тамақ ішкенде вирус тарай ма? Осы және басқа да маңызды сұрақтарға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйене отырып, жауап береміз.

Covid-19 вирусы қалай тарайды?

Коронавирустар әдетте адамнан адамға жұғады. Олар ауаға науқас адам түшкірген кезде тарайды. Covid-19 дертімен ауырып жүрген адамнан басқа адамға вирус тез жұғады.

Анализден алғашында Covid-19 табылмай, кейін табылуы мүмкін бе?

Инфекцияның алғашқы кезеңінде вирус анықталмауы да мүмкін. Сондықтан дәрігерлер бірнеше рет анализ алады. Егер адамнан Covid-19 симптомдары байқалса, бірақ анализ қорытындысы вирус жоғын көрсетсе, демек адамға бұл коронавирус жұқпаған.

Карантинде жатқан адам Covid-19 вирусын тарата ала ма?

Covid-19 вирусы үшін 14 күн карантин өте маңызды. Себебі вирустың инкубация уақыты көп дегенде 14 күнге созылады. 14 күндік карантиннен шыққан адамнан вирус табылмаса, ол қоғамға қауіп төндірмейді. Себебі екі аптада симптомдар байқалмаса, анализі таза болса, демек ол адам сау.

Адамдар неге бір-бірінен 1-2 метр қашықтықта жүруі тиіс?

Әдетте коронавирус жұққан адам түшкірген кезде вирус ауыз я мұрын арқылы 1-2 метрге дейін тарайды. Сондықтан түшкіріп, жөтеліп жүрген адамнан кем дегенде 1-2 метр алыс жүрген жөн.

Жүкті әйелдерге бұл вирус жылдам жұға ма?

Аяғы ауыр әйелдерге вирус жылдам жұғатыны жайлы нақты дерек жоқ, яғни белгісіз. Бірақ жүкті әйел басқа инфекциялар жұққанда ағзасында өзгерістерді бірден сезеді. Ал жалпы екіқабат әйелге тұмау тисе, ЖРБИ жұқса қатты ауыруы мүмкін.

Коронавирустан қаза болған адамның жерлеу рәсіміне баруға бола ма?

Covid-19 коронавирусынан қаза болған адамның мәйітіне қол тигізуге болмайды. Денені жуып, жерлеуге дайындаған соң көруге болады. Бірақ мәйітті сүюге, құшақтауға тыйым салынады. Діни салт-жоралғы бойынша мәйітті жуу керек болса, жергілікті имамдар, дін өкілдері және жерлеу бюросының адамдарымен ақылдасқан жөн.

Covid-19 азық-түлік, қатырылған я мұздатылған тамақ арқылы жұға ма?

Covid-19 вирусының тамақ арқылы жұққаны жайлы дерек жоқ. Жалпы, коронавирустар үстел үстінде көп өмір сүре алмайды. Демек тамақ қораптары мен пакеттердің сырты арқылы вирустың жұғу қаупі өте аз.

Басқа елден келген тауарлар мен қораптар арқылы вирус жұға ма?

Қазірге дейін шетелден импортталған тауарлар арқылы Covid-19 вирусы жұққаны жайлы дерек жоқ.

Күн жылынса Covid-19 вирусы тоқтамай ма?

Covid-19 вирусына ауа райы және қандай температура әсер ететіні әлі анықталмады. Тұмау, суық тию сияқты дерттер қыс түсе тарайды. Бірақ тұмау басқа мезгілдерде де тимейді дегенді білдірмейді. Дәл қазір Covid-19 вирусының күн жылынғанда басылатыны я басылмайтыны белгісіз. Бұл вирус әлі толық зерттелген жоқ. Ғалымдардың жұмысы әлі жалғасып жатыр.

Ұялы телефон, гаджеттерді сүртіп тазалау керек пе?

Дәрігерлер сырттан келген соң телефонның сыртын спиртті майлықтармен сүртуге кеңес береді. Ал телефонның сыртқы қабын сабындап жуып, кептіріп алған жөн. Бастысы қолыңызды жиі жуып, адам көп жиналатын жерге бармауға тырысыңыз. Қолды қалай жуу керек? Төмендегі видеодан көре аласыз.

Қолды қалай жуу керек?
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:07 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG