Азаттық радиосы

«Көмек сұрасаң қол ұшын беретін жандар әрқашан табылады». Әсел

Азаттық Радиосы

Қар. 25, 2020

Әсел Машеваны бұрынғы күйеуі жиі қылқындыратын. Әлімжеттіктен Әселдің жүрегі лобып, көңілі құлазитын.

– Бір сәтте қарсыласуға да шамаң жетпей, әлің құриды. «Біткен жерім осы шығар!» деген ой келіп, іштей көндіге бастайсың. «Қазір өлетін шығармын» деп ойлаған кезім болды… Қарсыласуды доғарғанымды көрген соң ол да мені қоя беретін, – дейді Әсел.

Әсел болашақ күйеуінен оған тұрмысқа шықпай тұрып, екеуі екі жылға жуық бірге тұрған кезде алғаш рет әлімжеттік көрген. Екеуі ұрсысып қалып, ер адам қол көтермегенімен, Әселді жуынатын бөлмеге итеріп кіргізіп, біраз уақыт сыртқа шығармай қойған. Әсел қатты жылап, ыза болғанын айтады.

«Қазір өлетін шығармын» деп ойлаған кезім болды… Қарсыласуды доғарғанымды көрген соң ол да мені қоя беретін.

– Ол жерден еңбектеп, жылап, айқайлап шықтым, – дейді ол.

Әсел күйеуі екеуінің отбасылық өмірі ұрып-соғудан емес, моральдық қысым көрсетуден басталғанын еске алды.

– Мені «тамақты дұрыс істемейсің», «дұрыс киінбейсің», «өзіңді дұрыс ұстамайсың» деп сөгетін. Уақыт өте келе өзімді «біртүрлі адаммын» деп қор санау қалыпты нәрсеге айналды. Кейін күйеуім маған күш көрсете бастағанда «осыған өзің жеткіздің, бұған сен кінәлісің» деп мені көндіруге тырысты, – дейді Әсел.

Әселдің сөзінше, әйелге әлімжеттік жасау күйеуінің отбасында да әдеттегі жағдай болған: әкесі анасын ұрып-соққан.

– Бірде күйеуімнен өте қорқынышты сөз естідім. Ол мені сабағанына өзімді кінәлай бастады. «Анаң да әкеңнен кінәлі болғандықтан таяқ жеді деп ойлайсың ба? Есейген кезде анаңа араша түсіп, әкеңе қарсылық көрсеткеніңді айтып едің ғой» дедім. Күйеуім сәл ойланып тұрып: «Демек, анам өзі кінәлі болған!» деп жауап қатты, – дейді Әсел.

Келіншек өзіне күйеуінің қол жұмсайтынын өзге адамдарға айтуды ұят санаған. Тіпті күйеуі өзін қылқындырған кезде көрші бөлмеде отырған ата-анасына да ол жайлы тіс жармаған.

– Оның ашуына нақты бір нәрсе тиді дей алмаймын. Бәрі ұрыс-керістен басталатын. Айтар уәжі таусылғанда, қолына ерік беретін, – дейді Әсел.

Әсел осындай жағдайда күйеуімен он жыл бірге тұрды. Қазір ол сол кездегі күйеуіне деген сезімін «ессіз тәуелділік» деп атайды.

Иллюстрация авторы - Жанара Қаңтарбай

– Ұлымның бір жасқа толғанын тойлап жатқанда аяқ астынан бұдан әрі күйеуіммен бірге тұра алмайтынымды түсіндім, – дейді ол.

Әсел отбасында көрген зорлық-зомбылықты күйеуімен ажырасқаннан кейін де бір жыл бойы ешкімге айтпаған.

– Тәуелділік сезімі сөнбей, оны күтумен болдым. Тіпті қайтадан қосылып, екі апта бірге тұрып та көрдік, бірақ ол еш өзгермеген, – дейді Әсел.

Келіншек психологтан кеңес алып, ажырасу процесі кезінде психотерапевтің де көмегіне жүгінген. Біршама уақыт кәсіби маманнан кеңес алғаннан кейін басынан өткен жағдайды айтуды ұйғарған. Әселдің сөзінше, күйеуі таныстары мен достарына ашық-жарқын, еңбекқор адам болып көрінетін. Сондықтан олардың кейбірі Әселдің күйеуінен көрген құқайы жайлы айтқан әңгімесіне сенбеген.

– Осы бір жылда күйеуім маған бар бәлені үйіп-төгіп, қолынан келгенше қаралауға тырысты. Ол екеуміздің туыстарымызды аралап, «жаман әйел» екенімді, өміріне «балта шапқанымды» айтып шықты. Осы қиындықтың бәріне төтеп беруге психолог көмектесті. Жолым болып, «өз» психологымды таптым, бұл өте маңызды. Сонымен бірге басымнан өткенді ой елегінен өткізуіме йога да көмектеседі, – дейді Әсел.

Барлық мәселенің шешімі барын қазір анық білемін.

Қазір ұлымен бірге тұратын Әсел ірі фирмада менеджер болып жұмыс істеп жүр. Бұрынғы күйеуін сирек көреді, онымен тіпті телефонмен сөйлесуге құлқы жоғын айтады.

– Барлық мәселенің шешімі барын қазір анық білемін. Бастысы, зорлық-зомбылықта өмір сүруге болмайтынын түсіну керек. Осыны түсінген кезде, тығырықтан шығаратын жолды табуға болады. Көмек сұрасаң қол ұшын беретін жандар әрқашан қасыңнан табылады, – дейді Әсел.

Оқи отырыңыз

«Күлуді енді ғана үйрендім». Алтынай

– Сол күн жадымда мәңгі жатталып қалды. Дастархан басында ас ішіп отырғанбыз, сөзден сөз шығып, ол бетімнен жұдырықпен салып қалды. Үнім шықпай, ішімнен тындым, бірақ көз жасымды тоқтата алмадым. Жылағанымды көріп, шашымнан ұстап қонақ бөлмеге сүйреп апарды, – дейді Алтынай 15 жыл отасқан күйеуінен қалай кеткенін еске алып.

«Қыздарым өскен соң өз хикаямды міндетті түрде айтып беремін». Әйгерім

Әйгерім Мекішева түсік тастап, әзер аман қалғаннан кейін күйеуінен кетуге бел буған. Аяғы ауыр келіншектің құрсағындағы баладан айрылуына күйеуінің ұрып-соғуы себеп болған. Үш баласы бар 32 жастағы келіншек осы оқиғаға дейін тоғыз жылға жуық күйеуінің әңгіртаяғына шыдап келген.

«Бұл сенің ғана емес, баланың да өмірін құртады». Индира

– Не айтатыны бар, әдеттегідей ұрып-соғатын, – деп бастады әңгімесін Индира. – Тұрмыстағы түрлі мәселеге, ақшаға бола ұрсысатынбыз. Ондайда күйеуім жұдырығын ала жүгіретін. Арасында кідіріс жасап алып, бірнеше сағат бойы сабаған кезі де болды. Қылқындырып, үйге қамап кететін. Бірде басымды жарып қойды.

Зорлық құрсауын бұзғандар

Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағының басшысы Зүлфия Байсақова тұрмыста әлімжеттік көрген жандарды жиі мазалайтын сұрақтарға жауап берді.