Азаттық радиосы

EURO-2020 футбол додасы жайлы сіз білу керек негізгі фактілер

Азаттық радиосы

Маусым 11, 2021

Бүгін, 11 маусым футболдан Еуропа чемпионаты басталады. Турнир қайда өтеді? Жарысқа қай құрамалар қатысады? Қай ел фаворит? Осы сұрақтарға жауап береміз.

Жарыс қайда өтеді?

EURO-2020 жарысы былтыр өтуі керек еді. Бірақ коронавирус пандемиясына байланысты биылға шегерілген. Турнир Еуропа футбол қауымдастығының (UEFA) 60 жылдығына орай құрлықтағы 11 қалада (Лондон, Санкт-Петербург, Баку, Мюнхен, Рим, Амстердам, Бухарест, Будапешт, Копенгаген, Глазго, Севилья) өтеді. Бұрын тек бір я екі ел ұйымдастыратын. Чемпионат 11 маусымда Римде Италия мен Түркия арасындағы матчтан басталады.

Түркия құрамасы Римде. 9 маусым 2021 жыл.

Жартылай финал, финал Лондондағы "Уэмбли" стадионында болады. Шешуші матч 11 шілдеге жоспарланған.

Турнирге қай елдер қатысады?

Еуропа чемпионатына іріктеуден өткен 24 елдің құрамасы қатысады. Олар төрт-төрттен алты топқа бөлініп, ойнайды.

  • A тобы: Түркия, Италия, Уэльс, Швейцария
  • B тобы: Дания, Финляндия, Бельгия, Ресей
  • C тобы: Нидерланд, Украина, Австрия, Солтүстік Македония
  • D тобы: Англия, Хорватия, Шотландия, Чехия
  • E тобы: Испания, Швеция, Польша, Словакия
  • F тобы: Венгрия, Португалия, Франция, Германия

Турнирдің форматы қандай?

Әр топтан 1-2 орын иеленген команда бірден 1/8 финалға шығады. Бұдан бөлек, үшінші орын алған командалардың ішінде жақсы нәтиже көрсеткен төрт команда да 1/8 финалға өтеді.

Турнир одан әрі олимпиадалық жүйемен (ширек финал, жартылай финал, финал) жалғасады. 3-орын үшін матч болмайды. Жартылай финалда жеңілген командалар қола жүлдені иеленеді.

Турнирде ойнамайтын футбол жұлдыздары

Златан Ибрагимович (Швеция), Вирджил Ван Дейк (Нидерланд), Донни Ван де Бек (Нидерланд), Марк-Андре тер Штеген (Германия), Марко Ройс (Германия), Серхио Рамос (Испания), Ансу Фати (Испания) сынды футбол жұлдыздары жарақатқа байланысты Еуропа чемпионатына қатыспайды.

Чемпионатқа қай ел бірінші рет қатыспақ?

Еуропа чемпионатына Финляндия мен Солтүстік Македония алғаш рет жолдама алды. Уэльс пен Словакия екінші рет, Украина мен Австрия үшінші рет қатысады. Шотландия араға 25 жыл салып, Еуропа чемпионатында ойнамақ. Бұл ел соңғы рет 1996 жылы Еуро турниріне қатысқан.

Жеңіске жеткен команда қанша қаржы алады?

Еуропа чемпионы атанған құрама 10 млн еуро, ал финалда жеңілген команда 7 млн еуро алады. Жеңімпаз команда "турнир авторы" Анри Делоне атындағы кубокты да иеленеді. Кубок таза күмістен жасалған, салмағы 8 келі. Кубоктың құны – 20 мың еуро. Еуропа чемпионы атанған команда Делоне атындағы кубокты келесі біріншілікке дейін, яғни 4 жыл сақтайды.

Анри Делоне атындағы кубок

Турнирді ұйымдастыру идеясын ұсынған Делоне (Еуропа футбол қауымдастығының алғашқы бас хатшысы) 1955 жылы қайтыс болған. Алғашқы Еуро 1960 жылы ұйымдастырылды.

Қай ел фаворит?

DraftKings букмекерлік кеңсесі бұл жарыста 2018 жылғы әлем чемпионы Францияны фаворит санайды. Бір қызығы, Франция 2016 жылғы Еуропа чемпионы Португалиямен және 2014 жылғы әлем чемпионы Германиямен бір топта ойнайды. DraftKings Франциядан кейін Англия, Бельгия, Португалия, Германия, Италия және Испанияны фаворит деп санайды.

2016 жылғы EURO қалай өтіп еді?

2016 жылғы Еуропа чемпионаты Францияда өткен. Финалда Португалия Францияны 1:0 есебімен жеңіп, алғаш рет Еуропа чемпионы атанған. Португалия жартылай финалда Уэльсті (2:0), Франция Германияны (2:0) есебімен басым түскен. 2016 жылғы турнирдің жартылай финалына шыққан Португалия, Франция, Германия биылғы жарыста бір топта ойнайды.

EURO жарысын қай елдер жеңіп еді?

1960 жылдан бері Еуропа чемпионатында он ел жеңіске жеткен.

  • Германия – 3 рет (1972, 1980, 1996)
  • Испания – 3 рет (1964, 2008, 2012)
  • Франция – 2 рет (1984, 2000)
  • Совет одағы – 1 рет (1960)
  • Италия – 1 рет (1968)
  • Чехия – 1 рет (1976)
  • Португалия – 1 рет (2016)
  • Нидерланд – 1 рет (1988)
  • Дания – 1 рет (1992)
  • Грекия – 1 рет (2004)

Биылғы турнир жайлы басқа да деректер

  • Еуропа чемионаты алдында Украина құрамасының формасы дауға ілікті. Украина құрама формасына ел картасын белгілеп, онда Ресей анексиялап алған Қырымды қосқан және футболкаға "Слава Украине!", "Героям слава!" деген жазу жазған. Бұған Ресей қарсылық білдірген. Бірақ UEFA Украинаның бұл формасы талапқа сай келеді деп мақұлдады.
Украина формасындағы жазу
  • Чемпионат матчтары өтетін Санкт-Петербург пен Бакудегі стадион көрермен жағынан 50 пайызға толы болады. Ал Амстердам, Бухарест, Копенгаген, Глазго, Рим және Севильядағы стадионға 25-45 пайызға дейін, Лондондағы стадионға 25 пайызға, Мюнхендегі стадионға 22 пайызға дейін көрермен кіргізіледі. Будапештегі стадион матчтарды толық көрерменмен өткізуді жоспарлайды.
  • UEFA биылғы турнир эпидемиологиялық жағынан қауіпсіз болады деп сенеді.
  • Биылғы чемпионат қана 11 қалада өтеді. 2024 жылдан бастап турнир қайтадан бір я екі елде ұйымдастырылады. 2024 жылғы Еуропа чемпионаты Германияда өтпек.