Германиядағы парламент сайлауының (Бундестаг) алдын ала ресми мәліметіне сәйкес, Фридрих Мерц бастаған "Христиан-демократия одағы" және "Христиан-социалистер одағы" (ХДО/ХСО) блогы өзгелерден озған. Оңшыл, популист "Германия үшін балама" (AfD) партиясы өз тарихында бұрын-соңды болмаған дауыс жинап, екінші орынға шыққан. Германияның қазіргі канцлері Олаф Шольцтың солшыл-центрист Социал-демократиялық партиясы үшінші орынға табан тіреді, бұл – партия тарихындағы нашар нәтиже болды деп жазды BBC.
Германияның федералды сайлау комиссиясының алдын ала мәліметі бойынша, Мерц бастаған оңшыл-центрист ХДО/ХСО блогы 28,6 пайыз дауыс жиған.
Бұған дейін әлеуметтанушылар сайлауда ХДО/ХСО блогы жеңіске жетеді деп болжаған еді, кейін экзитполдар оны растады. Ал Мерц болса, 23 ақпан кешке "Христиан-демократия одағы" және "Христиан-социалистер одағы" жеңді деп мәлімдеді.
"Бүгін кешке [жеңісті] тойлап, ертеңнен бастап жұмыс істеп бастаймыз", – деді Мерц жексенбі күні Берлинде жақтастарының алдында сөйлеген кезде.
Орталық сайлау комиссиясының есебінше, Алис Вайдель басқаратын "Германия үшін балама" партиясын сайлаушылардың 20,8 пайызы қолдап дауыс берген. Бұл – "Германия үшін балама" тарихындағы ең жақсы нәтиже. Сайлау қорытындысына сәйкес, бұл партия ел парламенті – Бундестагтағы депутаттарының санын екі есе арттыра алады.
Олаф Шольц бастаған социал-демократтар бұл жолғы сайлауда өз тарихындағы ең нашар нәтижемен үшінші орынға тұрақтады. Оларды дауыс бергендердің 16,4 пайызы қолдаған. Шольц сайлауда жеңілгенін мойындап, партия үшін оның нәтижесі "ащы" болғанын айтты.
"Жасылдар" партиясын сайлаушылардың 11,6 пайызы, солшыл партияны – 8,8 пайызы жақтап дауыс берген.
Алдын ала мәліметке сәйкес, солшыл-националист "Сара Вагенкнехт одағы" және еркін демократтардың оңшыл-либерал партиясы 5 пайыз межені еңсере алмаған.
Германиядағы парламент сайлауына тіркеуде тұрған сайлаушылардың 84 пайызы қатысып дауыс берген. Бұл – 1990 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.