Азаттық радиосы

Құқығыңыз бұзылса, полицияға қалай жүгіну керек? Түсіндіреміз

Әсем МҰХИТҚЫЗЫ

Қар. 18, 2020

Қазақстанда полицияның арызды тіркемеуі, арызды қабылдағанның өзінде іс қозғамауы жиі кездеседі. Бұған не себеп? Құқығы бұзылған азаматтар шағым түсіргенде алдымен не істеуі керек? Қайда, кімге арызданғаны дұрыс? Кейін ісі созылып кетпес үшін кімнен нені талап еткені жөн? Азаттық осы және өзге сұрақтарды адвокаттар мен құқық қорғаушыларға қойды.

ҚҰҚЫҚ БҰЗЫЛСА НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Амангелді Шорманбаев

Амангелді Шорманбаев, құқық қорғаушы:

– Қылмыс жасалса, міндетті түрде полиция шақыру керек. Өзі бармаған абзал. Егер әкімшілік іс болса, онда құзырлы органға барып, жазбаша түрде арыз жазу керек. Бармас бұрын заңгерлерден ауызша болса да кеңес алу артық етпейді. Бірақ арызды тек жазбаша жазу қажет. Әйтпесе ешкім қимылдамайды. Мемлекет тек қағаз түссе ғана іске кіріседі. Полицияның кезекші бөлімшесі кез келген шағымды қабылдауға міндетті. Әсіресе жазбаша жазылған арызды [қабылдауы тиіс]. Егер қылмыс құрамы табылмай, іс азаматтық жолмен шешіледі десе, неге қабылдамағанын түсіндіріп жазбаша жауап берсін. Бәрі құжатпен бекітілсін. Құр сөз жарамайды. Ал арыз бойынша не істейтіні басқа мәселе. Тағы бір ескертін жайт, полицияға заңгермен барған жөн. Жалғыз барсаңыз, онда арызды қабылдамай қоюы мүмкін.

Азбал Құспан

Азбал Құспан, адвокат:

– Құқығы бұзылған адамның арызданғаны маңызды. Дер кезінде жазылған арыз кейін үлкен қылмыстың алдын алуы мүмкін. Тұрмыстық жанжалды мысалға алайық. Қазақ қоғамында әйел отбасы қиындықтарына мейлінше төзуі керек деген пікір бар. Осының салдарынан кей әйел күйеуінен таяқ жесе де, шыдап жүре береді. Ал мұның арты қайғылы оқиғаға әкелуі мүмкін екенін ойлана бермейміз.

Адамдарды шағым түсіруге құлықсыз ететін тағы себеп бар. Арыз жазғанда полиция "жалған жауап берсеңіз немесе біреуге жала жапсаңыз, үстіңізден іс қозғалады" деп ескертеді. Азаматтар кейде осы сөзден қаймығып қалады да, жазылған арызын өткізуден бас тартып жатады. Ал бұл сөздерді айту – полицияның міндеті.

Төлеген Шайықов, адвокат:

– Мұндайда бірден адвокат шақыру керек. Ең дұрысы – арыз жазуға адвокатты ертіп бару. Заңдарды жатқа білу мүмкін емес. Әр заң бұзушылықтың өз талабы бар. Азаматтық іс бір бөлек, әкімшілік іс бір бөлек. Қылмыстық істің жөні мүлде басқа, яғни, машақаты көп, салдары терең.

Көп адам жауап алу кезінде қателеседі. Бастапқы жауапты дұрыс бермейді де, кейін оны өзгерте алмайды. Сөйтіп сотталады немесе жеңіледі. Қылмыс болды делік. Полиция шақырдыңыз. Бірақ полицияның сұрағына жауап беруден бас тартып, адвокатқа жүгінетініңізді айтыңыз. Ес жинап, көңіл орнына түскен соң, адвокаттың қатысуымен жауап берген жөн.

АРЫЗДЫ ҚАЙДА, ҚАЛАЙ ЖАЗУ КЕРЕК?

Абзал Құспан, адвокат:

– Арыз түсірудің екі түрі бар: ауызша және жазбаша. Олардың екеуі де тіркеледі. Еш айырмашылық жоқ. Мәселен бір адам сөзге шебер, бірақ жазуға келгенде қиналады. Арызды ауызша айтамын десе, полиция қызметкері хаттама толтырады. Кейін қолын қойғызып, қабылдап алады. Тағы бір ескеретін жайт, арызды жазбаша берсеңіз, екінші данасын жазу қажет емес. Бұрын солай болған. Жаңадан қабылданған кодекс талабы бойынша, екі жағдайда да арызданушының қолына тек талон беріледі.

Төлеген Шайықов

Төлеген Шайықов, адвокат:

– Өтініш жазған адамға 15 сандық коды бар талон беріледі. Код арқылы qamqor.gov.kz сайтына кіріп, істің қалай жүріп жатқанын білуге болады. Арызды қабылдаған полиция талон бермесе, бірден прокуратураға шағымданыңыз. Негізі арыз жазған адамға полиция міндетті түрде талон беруі тиіс. Өтініш кітабы деген бар. Арыз түскен соң кітапқа жазылады, сосын талон береді. Бұл арыздың қабылданғанын білдіреді. Егер талон бермесе, арыз қабылданған жоқ деген сөз. Демек полиция қолы таза емес. Арызды әдейі тіркемей, екінші тараптың әрекетін күтуі мүмкін. Бәлкім ақша ұсынар дегендей. Іс тіркелсе, полиция процессуалдық шешім қабылдауға міндетті. Не іс қозғаудан бас тартады, не ары қарай тергеуге жібереді.

Абзал Құспан, адвокат:

– Талонда қай күні, қандай нөмірмен тіркелгені жазылады. Бәрін тексерген жөн. Полиция мінсіз емес. Мысалы күйеуінен таяқ жеген әйел арыз жазам десе, полиция еркектік ниеттестік дейміз бе, әйтеуір "қайтесің" деп әйелді райынан қайтаруға тырысады. Мұндайды әсіресе учаскелік инспектор тарабынан жиі естиміз. Жәбірленушіге айтарым – бәрін смартфонға түсірсін. "Полиция бөлімшесі, аты-жөні мынадай инспектор арызды қабылдамады" деп видеоға жазып алсын. Кейін прокуратураға шағымданғанда видео қажет. Полиция бөлімшесінің бастығына шағымдануға болар еді. Бірақ полиция әрекеттенбеуі мүмкін. Сондықтан прокуратураға арыздану дұрыс әрі тиімдірек.

Төлеген Шайықов, адвокат:

– Ажырасу немесе біреуге қолхат арқылы берген қарызды қайтару сияқты қарапайым арызды сот сайтына кіріп беруге болады. Тиісті деректі жазсаңыз жеткілікті. Ал егер жағдай күрделі болса, міндетті түрде адвокатқа жүгініңіз. Арыз жазуға заңгер таппасаңыз, бірден прокуратураға шағымданыңыз. Полиция түрлі себеппен арызды қабылдамағанын түсіндіріп, істі прокуратураның қадағалауын сұраңыз. Егер жәбірленушінің денесінде зақымдар болса, бірден сот-медициналық сараптама жасатыңыз. Зорлау фактісі болса, дене зақымынан бөлек киімді де сараптамаға жіберген жөн. Толық тексерістен өтпей, жуынбаңыз. Айғақ көп болған сайын, қылмысты ашу мүмкіндігі де артады.

АРЫЗ ҚАРАЛМАЙ ЖАТСА НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Төлеген Шайықов, адвокат:

– Полиция қозғалмаса, прокуратураға шағымдансын. Прокуратураға күнде арыздануға болады. Бұл – әр адамның хақы. Арызды egov.kz арқылы да жіберуге болады. Негізінен прокуратураға заттық айғақтар керек емес. Өз сөзіңізбен жазылған арыз да жеткілікті. Арызда полиция бөлімшесі мен талон нөмірін міндетті түрде көрсетіңіз. Жауап келмесе, қайта-қайта жазыңыз. Жергілікті жерден қайыр болмаса, қалалық, облыстық және бас прокуратураға дейін шағымдануға құқығыңыз бар. Қазір әлеуметтік желі – үлкен күш. Болған жайтты Facebook желісіне баяндап жазыңыз. Мейлінше жариялап, іске бәрінің назарын аударуға тырысыңыз. Тәртіп бойынша, прокуратура 3-10 күннің ішінде жауап беруі керек. Егер қадағалау органы үнсіз қалса, келесі қадам – тергеу сотына жүгіну.

Қазақстандық полицейлер. Көрнекі сурет.

Абзал Құспан, адвокат:

– Арыз бойынша қылмыс құрамы анықталса, полицияның әрекетсіздігі қылмысты жасыру болады. Бұл – полиция үшін ауыр бап. Нақты қылмыс жайлы хабарланып, бірақ бөлімдегі кезекші қызметкер түрлі сылтаумен тіркемей қойса, "мұныңыз қылмысты жасыру" деп ескерту керек. Егер ескертуден кейін де ештеңе өзгермесе, прокуратураға шағымданған абзал. Прокуратура арыз бойынша қылмыс құрамын анықтаса, арызды тіркемеген полиция қызметкері үстінен іс қозғалады. Мұны полиция жақсы білгенмен, қатардағы азаматтар білмейді. Қарапайым азаматқа бапты атап, біліп тұру шарт емес. Тек "мына жерде құқығым бұзылды" деп арыз жазса, жеткілікті. Егер полиция да, прокуратура да әрекет етпесе, тергеу сотына жүгіну керек. Тергеу сотында іс өте жылдам әрі ашық қаралады. Полиция мен прокуратурада керісінше, арыздың қалай қаралып жатқанын білу қиын. Бәлкім арызыңызды қоқыс шелегіне лақтырып тастаған шығар? Ал тергеу сотында іс ашық, жариялы. Оған сіз де қатыса аласыз, екінші тарап та қатыса алады. Әдетте прокуратура полицияға жазылған шағымға бейжай қарамайды. Өйткені ол көрсеткіш дегенге байланған орган. Сондықтан мұнда жылы жаба салу сирек кездеседі.

Төлеген Шайықов, адвокат:

– Арыз қабылданған соң жәбірленуші талонның көшірмесін алып, тергеушіге барады. Бір ескертетін жайт, талонның түпнұсқасын ешкімге бермеген жөн. Тергеушімен кездесіп, ары қарай қандай әрекет жасайтынын сұрау керек. Өйткені талон берілгеннен кейін екі-үш күннің ішінде нақты шешім қабылданады. Шешім SMS-пен келеді.

ПОЛИЦИЯ ҚАНДАЙ ІСТІ ҚОЗҒАМАУЫ МҮМКІН?

Амангелді Шорманбаев, құқық қорғаушы:

– Егер кімнің, қандай құқығы бұзылғаны нақты көрсетілмесе, полиция іс қозғамауға хақылы. Сосын көбіне анонимді арыздар бойынша іс тіркелмейді. Полиция азаматтық қатынастарға (келісім-шарт негізіндегі қатынастар) қатысты арызды да қарағысы келмейді.

Абзал Құспан, адвокат:

– Тәжірибемде нақты жайт болмады, бірақ арызым қабылданбай жатыр деп кеңес сұрайтындар көп. Жақында астананың бір тұрғыны үлкен көлемдегі ақшасынан айырылып қалғанын, полиция арызын қабылдамағанын айтып хабарласты. Былай қарасақ, кәдімгі алаяқтық. Алаяқтық латенттік немесе жасырын қылмыстар санатына жатады. Сондықтан полиция көбіне "алаяқтық құрам шыға ма, жоқ па" деп табиғаты алаяқтыққа жақын істерді тіркемеуге тырысады. Ондай жағдайлар өте көп. Бұл – бір. Екіншіден, қылмыстың бұл түрі азаматтық істерге жақын. Яғни, бір адам екінші адамға қызмет көрсетем деп ақша алады. Бірақ қызмет көрсетпейді. Мұндай істерде кейде қылмыс белгілері, кейде азаматтық құқықтық қатынас белгілері болуы мүмкін. Ара-жігін ажырата алмағандықтан, полиция қашқақтайды. Сөйтіп тіркемеуге тырысады.

Полиция бөлімшесіне келген тұрғын. Көрнекі сурет.

Төлеген Шайықов, адвокат:

– Заңгер ретінде айтарым – арыз түсірген соң, соңына дейін жеткізу керек. Қозғалмаса президентке, "Нұр Отанға" (билік партиясы – ред.), парламентке және тағы басқа мекемелерге жазу керек. Қоғамдық ұйымдарға арыздан. Ең бастысы үнсіз қалма. Мейлінше жариялап, айқайла. Бәлкім сонда ғана бір нәтиже болар. Қарапайым адамдардың басты қателігі – "бәрін өзім шешем" деуі. Сондықтан тым құрығында заңгерге жүгініп, кеңес алған жөн.