Азаттық радиосы
"Алдандық", "босқын мәртебесін сұрадым". Чехияға жұмыс іздеп келіп, сергелдеңге түскен қазақ әйелдер

"Алдандық", "босқын мәртебесін сұрадым". Чехияға жұмыс іздеп келіп, сергелдеңге түскен қазақ әйелдер

Нұрбек ТҮСІПХАН

17 мамыр 2022

Чехияға жұмыс істейміз деп алданып келіп, сергелдеңге түсетін қазақтар саны кейінгі уақытта артқан. Олар туристік визамен келіп, Чехиядан босқын мәртебесін сұрайды я визасыз ұзақ уақыт заңсыз жұмыс істейді. Еуропада құжатсыз қалған мигранттарға жәрдемдесетін үкіметтік емес International Organization for Migration ұйымның өкілі де көмек сұрайтын қазақтар көбейгенін айтады. Азаттық тілшісі Чехияға алданып келіп, заңсыз жұмыс істеген үш әйелмен тілдесті.

"АТЫ-ЖӨНІМДІ КӨРСЕТПЕ, ЕУРОПАДА ҚАҢҒЫП ҚАЛЫПТЫ ДЕГЕН АТҚА ҚАЛҒЫМ КЕЛМЕЙДІ"

40 жастар шамасындағы Самалдың (аты-жөні өзгертілді) жүзі сынық, көзінен көңілсіздік байқалады. Әбден қажыған, шаршаған адамның кейпі. Прага орталығындағы сауда орнында жолығып, сұхбатқа отырғанда ол "аты-жөнімді көрсетпе, оқиғамды жазсаң болды, туыс-таныстарымнан ұят. Еуропаға барып, қаңғып қалыпты деген атқа қалғым келмейді" деді. Одан соң Чехияда бастан өткен оқиғаларын баяндап берді.

- Қарағанды облысында туғам. Бірақ кейін астанаға көштік. Нұр-Сұлтан қаласында тұрамыз. Күйеуім, төрт балам бар. Балаларым мектепте оқиды. Өзім аспазбын. Той-томалақ, кештерде түрлі кафелердегі банкеттерде дастархан әзірледім. Бірақ кейін мына пандемия бәрін тоқтатты ғой. Күйеуім такси болып күн сайын аз-маз ақша әкелетін. Оның да жұмысы жүрмей кетті. Үш кредитіміз бар еді. Сосын Еуропаға барып жұмыс қарастыруды ойладық. Чехияға осымен екінші рет келдім. Алғаш 2019 жылы туристік визамен келіп, үш ай аспаз болып жұмыс істеп, аз уақытта тәп-тәуір табыс тауып қайтқам. Сол үмітпен 2021 жылы наурызда күйеуім екеуміз келдік. Туристік фирма екі жылға виза жасап бердік деген. Жұмысты да фирма тауып береміз деп еді.

Маған тігіншілік, күйеуіме машина зауытынан жұмыс табылады, арнайы адамдар күтіп алады, бара салғанда алдымен екі ай тіл үйретеді деген. Бірақ бәрі өтірік екен. Алданғанымызды Чехияға келген соң білдік, құжатымызда "тігінші" емес, "тас қалаушы" деп жазылыпты және визамыз екі жылға емес, 60-ақ күнге арналған екен. Ешкім күтіп алмады. Арзан қонақ үй тауып орналастық да өз бетімізбен жұмыс іздедік. Максим деген украин жігітін тауып сөйлестік. Сол аралықта 20 күндей жұмыссыз жатып қалдық. Әкелген азын-аулақ ақшамыз да таусылды. Сол Максимнің жұмсауымен бір-екі күн ағаш егуге шықтық. Кейін ол бізді Литвинов деген қалаға, автозауытқа жіберді. Ол жерде үш айдай көлік орындықтарын қаптайтын жұмыс істедік. Айлығы өте аз болды. Қолымызға 15-18 мың крон (шамамен 300-350 мың теңге) ғана тиеді. Жанымызда өзге де қазақтар бар еді. Жазға таяу бәрімізді де "жұмыс жоқ" деп шығарып жіберді.

Одан соң Максим арқылы өзге жұмыс қарастырдық. Шілде айында Праганың өзіне келіп әр жерде бірер күн бірдеңе істеп көрдік. Тұрақты ештеңе жоқ. "Фушкаға" (еңбек мигранттарды бір күндік жұмыстарды "фушка" деп атайды) шығамыз. Әбден берекеміз кетті. Сөйтіп жүргенде Добржиш деген қаладағы бір қамалдан орын табылды. Маған аспаздық, күйеуіме ауладағы әр түрлі қара жұмыс, яғни сыпырады, қоқыс шығарады, суын шашады... Қонақ үзілмейтін, той-томалақ жиі өтетін жер екен. Бара салғанда көрпе-төсек жинаушы болдым. Күйеуім екеуміздің әрбірімізге 25-26 мың крон (шамамен 550 мың теңге) төлеп тұрды. Оған да шүкір деп істей бердік. Біраздан соң асханаға ауыстым. Қарашаға дейін сонда жүрдік.

Суық түскен соң тойлар да азайды, жұмыс сағаты да қысқарып, ақшамыз мардымсыз боп қалатынын ашық айтты. Амал жоқ, желтоқсанда Прагаға қайта келдік. Жұмыс беретін агенттіктерге қоңырау шалып, тыным таппадық. Әр түрлі қоймаларға барып жалдандық. Наурызға дейін істеп, тым болмаса бір жылға толтырып қайтайық деп едік, бірақ тұрақты орын табылмады. Бір жұмыс агенттігі қала шетіндегі қоймаға жұмысшы таситын жүргізуші керек екенін айтып, сол жаққа жұмсады. Олар күйеуіме сол күні көліктің кілтін беріп, таңертең қаладан қоймаға адамдарды апар деп тапсырды. Өзіме қоймада қорап қаптайтын жұмыс бар екенін айтты. Қинала келісіп, тәуекел еттік. Ертеңінде таң атпай айтылған орынға келіп, жұмысшыларды күттік. Бес-алты адам келді, соларды салып алып, қойманың мекенжайы көрсетілген бағытпен жолға шықтық. Қолымызда новигатор ғана бар. Бірақ қойма қаладан алыс екен, адасып кеттік. Чехияның иір-қиыр жолдары көп қой. Көліктегі адамдар жұмыстан қалды. Координаторға қоңырау шалып, мән-жайды түсіндірдік те жұмыстан бас тарттық. Олар басқа жұмыс тауып бермеді. Содан күйеуім елге қайтам деді. 2021 жылдың соңында күйеуім елге кетті. Жалпы Чехияда құжатсыз жүргенде құдай сақтап полицияға кезікпедік. Жұмыс берушілер де құжатсыз жүргенімізге түсіністікпен қарады. Олар да біз сияқты заңсыз жүргендер аз емес екенін біледі ғой.

- Сіздер Чехияда визасыз, заңсыз жүрдіңіздер ғой. Күйеуіңіз Чехиядан қалай шығып кетті? Полиция айыппұл салмады ма?

- Оның әңгімесі де ұзақ. Бұл елде уақытша тұруға рұқсат ала алмадық. Келе салғанда екі аптадан соң полицияға барған едік. Сол жерде суретке түсіп, қолтаңбамызды қалдырып, кейін келетін болып шыққанбыз. Бірақ жұмыс бабымен ары-бері жүріп кеттік те уақытында құжатқа қайта бара алмай қалдық. Кейін бізді уақытша тұру рұқсатын сұрағандар тізімінен шығарып тастағанын білдік. Уақытша тұру құжатын алу үшін бір орында кемі 6 ай тұру керек екен. Көші-қон полициясы да көмектесе алмады. Солардың сілтеуімен алданғанымыз айтып, жемқорлыққа қарсы қызметке де барып айттық. Олар арызымызды қабылдаған, бірақ әлі жауап бермеді.

- Күйеуіңіз кері қайтарда әуежайдан қалай өтті?

- Жұмыссыз қалған соң бір таныстар арқылы біз сияқтыларға ерікті түрде көмектесетін IOM (International Organization for Migration) деген ұйым барын таптық. Олар Чехияның құзырлы органдарымен сөйлесіп, мигранттардың құқығын қорғайды екен. Бірнеше күнге виза аштырып, ұшаққа жол шығынын да төлейді. Солардың көмегімен күйеуім Қазақстанға қайтты. Бірақ паспортына Чехияға бір жыл қайта кірмейтіндей етіп, қара мөр басылды. Ал мен бұрын істеген Добржиштегі қамалда алынбай қалған айлығымыз бар еді. Соны күтіп және тағы бірер жерде жұмыс істеп көрейін деп қалып қойдым. Кейін ол ақшамыз түсті. Тағы сол "фушкаға" шықтым. Бірер кафе, ресторандарда ыдыс-аяқ жудым. Соңғысы күндік ақшасының өзін әрең берді. Енді міне қайтамын. Маған елден шығуға рұқсат етілді. Паспортыма да қара мөр басылмайтын болды. Енді мұнда қайта келмейтін шығармын. Жалпы ақша жинай алмадық. Тапқанымыз елдегі бала-шағамыз бен мына жақтағы күйеуім екеуіміздің күнделікті ішіп-жемнен аспады.

- Сіздер сияқты жұмыс істеуге келген қазақтар, қазақстандықтар көп пе? Қанша адамды кезіктірдіңіз?

- Чехияда жүрген 11 айда көп қазақпен кездестім. Әр түрлі жұмыс істеп жүр. Көбінің сол құжат мәселесі шешілмеген. Алданғандары да, керісінше, жақсы жұмыс тауып алғандары да бар. Біз сияқты тұрақты тұруға құжат ала алмай қайтып кеткендері де болды. Еуропаға келіп, жұмыс істегісі келетіндерге айтарым, қандай жұмыс істейтініңді білмей, көзің жетпей келмей-ақ қою керек екен. Жұмыс берушінің тікелей өзімен алдын-ала танысып, сөйлесіп алу қажет. Делдалға кезіксең әуресі көп. Көбіне жұмыс табылмай, екі ортада қалып қояды екенсің. Сосын құжатқа өте мұқият болу керек. Бар айтарым – осы.

"ЖҰМЫС ІСТЕЙМІЗ ДЕП КЕЛІП, БОСҚЫННЫҢ КҮЙІН КЕШТІК"

Прагада сұхбаттасқан тағы екі қазақ әйел де Чехияға заңсыз келіп, жұмыс істеген. Олар да әңгімесін "Аты-жөнімізді өзгерт, құда-құдағи, туыстардан ұяламыз. Еуропада мынадай күйге түскенімізді олардың ешбірі де білмейді" деп бастады әңгімесін әйелдің бірі.

- Бала кезден бірге өскен құрбымыз. Чехияға 2019 жылдың тамызында келдік. Негізі шетелде жұмыс істеу идеясы екеумізде сонау 2015 жылдан бері бар еді. Бірақ сәті түспеген. Интернеттен қарап жүріп шетелге жұмысқа жіберетін фирма таптық. Сол жерде бір таныс адам істейді екен, соның айқанына сеніп келдік қой. Олар алдап кетті деуге болады. Ол Еуропаға туристік виза істеп берді, бірақ бара салғанда адамдарымыз күтіп алады, бірден жұмыс визасына ауыстырып, уақытша тұру құжатын жасайды деген. Әрбіріміз оған 500 мың теңге төледік. Украина арқылы Прагаға келдік. Түн ортасында түстік. Қазақ жігіт күтіп алды. Ол визамызды көрді де, "сендердің визаларың жұмыс істеуге жарамайды, жалғыз амал – Чехиядан босқын мәртебесін сұрау" деді. Қатты абыржыдық. Елге қайтуға бет жоқ. Содан сол жігіттің айтқанына көніп, түнделетіп Брно деген қалаға жеттік. Ол бір қақпаның сыртына келіп тоқтады. Сосын ақырындап түсіндіре бастады: "Мына жер босқындарға арналған, қазір қақпаны қағасыздар да "азил" (Azyl гректің asylum сөзінен шыққан – босқын ретінде баспана сұрау мағынасын береді) деп айтасыздар, олар бірден түсінеді де, ішке кіргізіп алып, құжаттарыңызды істеп береді, көп қазақ Чехияда солай жұмыс істеп жүр, еш алаңдамаңыздар" деді және өте сенімді айтты.

Екеуімізден де 150 еуродан алып, көліктен түсірді де өзі кетіп қалды. Далада қалатын емес, не болса да басқа салғанды көрейік деп есікті қақтық. Ар жағынан полиция формасын киген бір чех шықты. Бір ауыз тіл білмейміз, жаңағы жігіт үйреткен "азил" деген сөзді ғана қайталай бердік. Анау бір күрсінді де, екеумізді кіргізіп алды. Содан кәдімгі қылмыскерлер сияқты қарсы алдымыздан да, оң-солымыздан да фотоға түсіріп, саусақ таңбасын алып, біраз құжат толтырды. Шала орысша білетін біреуін тауып, әрең түсіністік. Бір күн сол жерде болдық та, ертеңінде босқындардың лагеріне апарып тастады.

Босқындар лагерінде Сириядан, Ауғанстаннан, Африкадан келгендер көп. Қазақтар да бар, дегенмен басқалар сияқты аса көп емес. Бірақ бірнеше отбасын көрдік. Жастар да жүр, бәрі сол жұмыс бабымен келген. Брноға әкеліп тастаған жігіт "Қазақстанда митингіге қатыстым, түрмеге қамалғам деп айтыңдар" деді. Соны айттық. Бірақ біз митингіге қатыспағанбыз, маңынан да жүрмедік. 2019 жылғы Арыстағы жарылысты айта бердік, "үйімізге бомба түсті, далада қалдық" дедік. Олар интернеттен қарап, сол оқиғаны тапты да сенгендей болды. Бірақ ешбір фото, видео түрінде дәлел көрсетпедік.

Екі әйелдің бірі кезінде турфирмада істегенін, бірі мұғалім болғанын айтты. "Бірақ дәл бұлай алданатынымыз екеуіміздің үш ұйықтасақ та түсімізге кірмеген еді" дейді олар. Екеуі 2019 жылы Брнодағы босқындар лагерінде 20 күндей жатқан. Кейін Костелец деген жердегі лагерьге ауысып, ол жерде бір жарым ай жұмыссыз жатқан.

- Қазан айының ортасында ғана сыртқа шығып, бір ауылға барып, екі апта қызанақ жинадық. Ол жұмыс бітіп, кейін кебаб жасайтын орында тағы бір ай жүрдік. Желтоқсан айында "жұмыс істеуіне болады" дейтін құжат үшін лагерьге қайта оралдық. Алайда құжат дайын болмай, жаңа жыл асып, одан соң бүкіл әлемді коронавирус індеті жайлап, карантин күшейіп, 2020 жылдың маусымына дейін сол лагерьде қамалдық. Лагерьде әр босқынға айына 3600 крон (шамамен 80 мың теңге) береді, соны алып, талғажау еттік. Лагерь кәдімгі әскерилердің казармасы іспетті. Екі қабат темір төсектер. Дәрігерлері бар, медсақтандыру құжатын береді. Ауырып қалсаң мемлекеттік емханаларға қарала аласың. Кейбір дәріні сол сақтандыру арқылы тегін алуға болады. Чех тілі сабағына қатыстық. Біраз сөз үйрендік. 2020 жылдың маусымында былтыр қызанақ терген жерімізге қайта бардық. Бір жарым айдай істедік, көп тұрақтамай интернеттен өзге жұмыс іздедік. Бір украин жігітін тауып, сол арқылы шие теретін тағы бір жерге бардық. Шілденің аяғы болатын. Жататын орын аса жайлы емес екен. Жұмысқа күнде таңертең үш шақырым жүріп барады екенбіз. Оңай тимеді. Күнде жаңбыр жауады, жұмыс сағаты қысқара береді, ақша да көп шықпайтынын ұқтық. Содан ол жерден де кетуді ұйғардық.

Екі әйелдің Чехияда жұмыс істемеген жері жоқ. Бәрін екі сағатқа жуық әңгімелеп тауыса алмады. Бір орында ұзақ уақыт тұрақтай алмаған. Кейбір жерде бірнеше күн, кейбірінде бірнеше апта ғана жұмыс істеген. Қызанақ пен шие теруден бөлек көлік зауыттарында, ойыншық шығаратын фабрикада да істеген. Прагада метро вагондары орындығының тысын жуған, Стратов деген шағын елдімекенде Хэллоуин мерекесі қарсаңында асқабақ жұлған, Теплица қаласында сэндвич әзірлеген, Опавада автобөлшек шығаратын зауытты да көрген, Брнода университет ғимаратының терезесін жуған, Плзенде қонақ үй қызметшісі болып, көрпе-төсек жиған. Жұмысқа алғандардың көбі бұл екеуінің "босқын" дейтін құжатынан секемденген, кейбірі жасына, жұмыс өнімділігіне мән берген.

- Әр жерде әртүрлі табыс таптық. Кейбір жерде сағатына 80-90 чех кроны (шамамен 1700-1900 теңге) төледі. Ол енді мардымсыз. Кейбір орындар 120-130 кроннан (2500-2700 теңге) берді. Орташа есептегенде айына 25 мың крон (525 мың теңге) алып тұрдық айына. Ең көп алғанымыз 30 мың крон (630 мың теңге) болды. Көп ақша жинай алмадық, бірақ құр кетіп барамыз деуге келмейді. Қазақстанға IMO орталығының көмегімен қайтып барамыз. Олар құжатымызды дайындап жатыр, - деді әйелдің бірі.

Екіншісі әңгімені жалғастырып: "Мүмкіндік болса, Чехияға тағы келер едік. Бірақ енді біраз жасқа да келдік, жастармен жарысып жұмыс істеу оңай емес екен. Әйтпесе, мұнда істеймін деген адамға жұмыс табылады. Еуропаға жұмыс іздеп келетіндер біз сияқты "Azyl" дегенге ұрынбаса екен. Босқын мәртебесін сұрасаң, жұмыс визасын ала алмайды екенсің. Біреулер ауыстырып берем деп алдайды екен. Құжат ауыстыру мүмкін емес. Сондықтан Қазақстаннан шығарда жұмыс виза алғаныңа және Еуропаға келген соң күтіп алатын адамдар нақты жұмыс берушінің өзі екеніне көзіңді жеткізіп алу керек екен. Туристік визамен келсең алаяқтарға жем боласың. Құжатқа ұқыпты болу керек екенін ұқтық. Өйткені жұмыс визасымен жүрген қазақтарды да кездестірдік. Олар салығын төлеп, бір жерде тұрақты жұмыс істеп жатыр. Айлықтары да жаман емес" деп әңгімесін түйіндеді.

ЗАҢГЕР: МИГРАНТТАРДЫҢ КӨБІ АҚПАРАТТЫ АЛДЫН АЛА ТОЛЫҚ ЗЕРТТЕМЕЙДІ

Еуропада құжатсыз, виза мерзімі өтіп кетіп, заңсыз жүрген мигранттар құқығын қорғаумен International Organization for Migration (IOM ұйымы) айналысады, Еуропаның ондаған елінде ұйымның жүздеген өкілдігі бар. Олар жергілікті құзырлы органдармен келісіп, заңсыз жүрген мигранттардың кеденнен өтуіне қажетті уақытша виза ашуға көмектеседі және сол аралықта жататын жер, ішетін тамағын қамтамасыз етеді. Кейде мигранттардың өз еліне барған соң да шағын кәсіп ашуына қаржылай демеу көрсетеді, құқықтық кеңес береді. Ұйымның Чехиядағы өкілдігінің заңгері Петра Седлачкова IOM көмегіне жүгінетін Қазақстан азаматтарының жыл санап көбейіп келе жатқанын айтады. Азаттық Седлачковамен сұхбаттасып, Қазақстаннан, Орталық Азиядан Еуропаға келетін мигранттардың қателігі, мәселелерін сұрады.

Азаттық радиосы: Сіздерден көмек сұрайтын Қазақстан азаматтарына ортақ қандай қателік, кемшілік бар?

Петра Седлачкова: Олар Чехияға келер алдында да, Чехияға келген соң да виза мәселесі, жұмыс орны мен оның жағдайы туралы жеткілікті ақпараты болмағанын айтады. Мысалы, олар туристік визамен немесе қысқа мерзімді визамен келіп алады және оларға жұмыс визасын заңды түрде істеп беруге уәде етіледі. Кейде олардың кейбіріне әу бастан-ақ жалған ақпарат беріледі. Өйткені өзге елге кіріп алған соң жұмыс визасын алу қиын. Қазақстаннан Чехияға туристік визамен келіп жұмыс визасын ала алмайсың. Уәделердің өтірік болғаны сондай, адамдарға босқын мәртебесін сұратады. Сол арқылы Чехияда қалып, жұмыс істеу құқығын алғысы келеді. Бұл – ақпараттың жеткіліксіздігі.

Азаттық радиосы: Олар айтқан деректі қалай тексересіздер?

Петра Седлачкова: Өкінішке қарай, олардың айтқанын тексере алмаймыз және сенуге міндеттіміз. Бірақ бұл адамдардың қандай жағдайға душар болғанын, неге мұқтаждығын анықтап, оның заңдылығын өзіміз IOM, үкіметтік емес ұйым деңгейінде көз жеткізуге тырысамыз. Яғни, ең негізгі мәселе неде екеніне назар аударамыз. Мүмкін, ахуалды ақпараттық кампания ұйымдастыру арқылы жақсартуға болар.

IOM орталығынан көмек сұраған қазақстандықтар саны:

Азаттық радиосы: Сіздер құжатсыз қалған мигранттарға нақты қандай көмек көрсетесіздер?

Петра Седлачкова: Оларға көмектесетін үлкен бір ғана жобамыз бар. Ол – адамдардың азаматтығын қалпына келтіру және еліне қайтару. Визасынан бас тартқысы келген немесе мерзімі өтіп кеткен, өзге елде заңсыз жүргендерге де көмектесеміз. Көбі – жұмыс істеуге құқығы жоқ, заңсыз жүргендер немесе ішерге асы, киерге киімі қалмаған, еліне қайтуға қаражаты жоқтар. Ондайларға еліне жетіп алуы үшін ұшаққа билет әпереміз. Уақытша, көбіне бірнеше күн түнейтін жер тауып береміз және ұшаққа міну үшін қажет ПТР тестін де төлейміз, әуежайға жеткізіп саламыз. Қазақстанға жолаушының көбі Стамбул арқылы ұшады. Транзит зонада да көмектесетін адамдарымыз бар.

Азаттық радиосы: Жолақысын, жататын орнын төлеп беруден өзге кәсіп ашуға да қаржылай қолдау көрсетеді екенсіздер.

Петра Седлачкова: Өз еліне қайтқан адамдарға арналған грант бар. Мәселен, ол адам талаптарға сай болса базалық деңгейдегі ақшаға қол жеткізе алады. Базалық деңгей деп отырғанымыз 38 500 чех кроны (шамамен 809 мың теңге). Ол ақшаны денсаулығына, білім алуына да жұмсай алады. Кәсіп аша алады. Кофехана, дүкен сынды қалаған ісін бастауына болады. Компьтер ме, тігін машинасы ма, басқа да керегін ала алады.

Азаттық радиосы: Сұхбатыңызға рахмет!