Азаттық радиосы

Алматыдағы дүрбелең. Азаттық журналисінің 4-7 қаңтарда көргендері

Асылхан МАМАШҰЛЫ

Қаң. 12, 2022

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған қарсылық акциясы бірер күнде Қазақстанның көп өңірінде жалғасты. Алматыда 4 қаңтарда басталған митинг ертеңіне қанды оқиғаға ұласты. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастапқыда "Алматыға 20 мың террорист" шабуылдады деді. Ресми ақпарат құралдары Қазақстанның түкпір-түкпірінде өткен шерулердің бейбіт сипатынан гөрі бұзақылар мен террористерге көбірек тоқталды. Азаттық осы оқиғалар ішінде журналистік қызметімен жүрген өз тілшісінің көргендерін жариялап отыр.

4 ҚАҢТАР. ТЕАТРДЫҢ АЛДЫ, ӘНҰРАН, КӨСЕМІ ЖОҚ МИТИНГ

4 қаңтар кешке, сағат сегіз шамасында Алматыдағы "Алатау" театрының алдына халық жинала бастады. Полиция тосқауыл қойған соң жүздеген көлікпен бірге "Алматы Арена" спорт сарайының артқы жағына бұрылып, машинамызды сонда қойдық. Келіп жатқандардың көбі театр алдында не болып жатқанын білмейтін. Көп ұзамай-ақ прокурор келіп, заңсыз жиын екенін ескертіп, тарауды талап етті.

"Алатау" театры алдына жиналған жұрт. 4 қаңтар 2022 жыл.

Театр алдында бұрын талай болған қарсылық акцияларындағыдан аумайтын картинаны көрдім. Арнаулы жасақтың сарбаздары театрға қарай беттегендердің бірінен кейін бірін ұстап, көліктеріне күштеп салып жатты. Кейбірін дырылдата сүйреді, аяғымен жер тіреп қарсылық көрсеткендерді бауыры мен бүйрек тұсынан аяусыз ұрып, сүйреп жеткізіп жатты.

Әсіресе қатты шыңғырып, жылаған қыздың дауысы есімде қалыпты. Автозакқа жақындаған сайын дауыс үдей түсті. Халық назары соған ауып, абыр-сабыр күрт күшейген кезде полиция әлгі қызды жібере салды. Меніңше, Алматы оқиғасы қарсаңында әдеттегідей "автозакқа сүйреп салу" тәсілі осымен аяқталды. Өйткені жұртты әрі қарай да сүйрей берудің мәні жоқ еді. Халық бірінің үстіне бірі келіп жатты. Осыдан кейін полиция күшпен ұстауды доғарып, "Алатау" театрының алдына халықты жібермеуге көшті. Жаяу жүргіншілер жолына сап түзеп тұра қалған, бетін қара маскамен жапқан, қара киімді полицейлер шынымен де өте сұсты еді. Театрға ұмтылған халық сәл дағдарып, жолдың арғы бетінде іркіліп қалды. Бірақ үсті-үстіне келген халық бір сәтте тегіс қозғалып, жолды кесіп өткенде полиция жайына қалды.

Алматы көшесіндегі жастар. 4 қаңтар 2022 жыл.

Арнайы жасақ тура алдына келген жастар "халыққа тиіспеңдер" деп айқайлады. Бұл кезде полиция мен халық бетпе-бет келген еді. Арнайы жасақтың аздап сескенгені артық қимылға бармағанынан байқалды. "Сендер тиіспесеңдер біз де тиіспейміз" деп тұрды.

Арнайы жасақ тиіспейтініне көзі жеткен халық театр алдындағы кең алаңқайға жиналып, баспалдақтарға шығып алды. Алыстан қарағанда театр алдында мыңдаған адамнан тұратын хор пайда болған сияқты еді. Өйткені баспалдақ үстіне шығып алған қалың нөпір Қазақстанның әнұрынан айтып тұрды. Тіпті, Қазақстанның бұрынғы әнұранын да айтқанда "ескісін ұмытпағандар да бар екен" деп таңырқағаным есімде. Қарақұрым адам телефондарының шамын жағып ән салғанда мыңдаған жұлдыз тербеліп тұрғандай әсер берді.

Театр алдына үсті-үстіне жиналғандар әрі қарай не істеу керегін білген жоқ. Оқта-текте "Жаңаөзенді қолдаймыз", "Жинал" деген ұран тастап, қайталап тұрды. "Кім сөйлейді?", "Біреуің сөйлеңдер!" деген дауыстар әр жерден естіліп жатты. Сонда барып, бұл нөпірді ұйымдастырып жүрген ешбір лидердің жоқ екенін байқадым (Бұл ойымның дұрыстығына одан кейінгі күндердегі оқиғаларда талай рет көзім жетті). Сөйтіп тұрғанымда бір көзтаныс адам келіп амандасты, қуанып кеттім. Өйткені осынша адамның ішінен көрген бірінші танысым еді.

– Мына жұрт не істерін білмей тұр ғой. Ешкім сөйлеп, жөн-жосықты да түсіндіріп жатқан жоқ, – деп уайымдады.

– Біреу келіп, мән-жайды түсіндіргісі келсе де оның дауысы естілмейді. Байқадыңыз ба, дауыс зорайтқыш та жоқ, – дедім.

Жиналғандардың қолында жиын кезінде сөйлейтін дауыс зорайтқыш та жоқ еді. Басқа қалалардағы қарсылық акциясында дауыс зорайтқышпен сөйлеп жатқанын көрген маған бұл жиын дайындықсыз басталғандай көрінді.

Театр алдында 10 мың адам тұр дегендер де болды, маған шамамен 2-3 мың адам тұрғандай көрінді.

ПОЛИЦИЯМЕН ТЕКЕТІРЕС

Халық театр алдында бір сағаттай тұрғанда полиция да ес жиып алса керек, халық алдына 50 метрдей жерге сапқа тұрды да "ұстаңдар" деген бұйрық берілгенде театр баспалдағының төменгі жағындағы алаңда тұрғандарға тұра ұмтылды. Мұндайды бұған дейінгі қарсылық акциялары кезінде талай көргенмін. Бірақ бұл жолы бәрі басқаша болып шықты. Жиналған халық шабуыл бастаған полицияға ешкімді бермеу үшін жан алып, жан берісті. Осылайша дүрбелең басталды. Көптің тегурініне шыдамаған сақшылар шегінуге мәжбүр болды.

Нөпір халық жеңіске жеткендей сезімде болған сияқты көрінді. Алғашқы шабуылды тойтарған жастар әрі қарай не істерін білмей, тағы да дағдарды. Сол арада көптің ішінен біреуі Момышұлы көшесіне қарай қозғалды да, театр алдында тұрған халық теңіз толқынындай лықси жөнелді. Шеруді кім бастап барады, қайда барады? Арттағы халық оны білген жоқ.

Жастар полиция көлігіне ұмытылған сәт. 4 қаңтар 2022 жыл.

Шерушілердің алдына жүгіріп шығып, 100 метрдей ұзап тоқтадым. Ол жерде екі-үш әскери мәшинеден қолдарына қалқан мен сойыл ұстаған, каска киген жасақ асығыс түсіп жатты. Олар сап түзеп тұра қалғанда шерушілер де жақындап қалған еді. Осы тұстан қайтатын болар деп ойладым. Керісінше, қолтықтасып алған жастар бір минут та кідірместен, жасанған жасақ шебіне келіп соқты. Шерушілердің екпініне шыдамаған жасақ шегіне-шегіне бөлініп кетті. Бөлінген жасақтың көптен таяқ жеуі оңай еді. Қалқаны жайына қалған, басын құшақтап, құлап жатқан жасақтарды жастар тепкілеп, қым-қуыт шайқас басталды. Сол сәтті видеоға түсіріп тұрғанымда смартфонымды шерушілердің бірі жұлып алып, "түсірме" деп жекіді. Жұлып алғанда смартфоныма жалғанып тұрған қосымша қуаттағышымның баусымы түбінен майысып, жарамай қалды. Басқа баусым алу үшін мәшинеге қайту керек болды. Ал жасақты бұзып өткен шерушілер Момышұлы көшесімен "Ақсай" ықшам ауданына қарай өрлеп кете берді. Арғы бағыт орталық алаң екені түсінікті еді.

АЛАҢҒА АТТАНҒАН ЖҰРТ

Мәшинеме барып, қайта келгенше 20 минуттай уақыт өтті. Бұл уақытта шерушілер ұзап кетті, бірақ "Алатау" театрының қарсы бетіне, Момышұлы көшесінің бойына тағы да жүздеген адам жиналды. Сондағылардың бірі бұл үшінші толқын екенін, бірінші толқын арнайы жасақ шебін бұзып өткенін, одан соң сәлден кейін екінші толқын тағы да сол жаққа қарай жөнелгенін айтты.

Алматы көшесіндегі жұрт алаңға беттеп барады. 4 қаңтар 2022 жыл.

Момышұлы көшесіне шыққан "үшінші толқын" арасында тұрғанда Азаттықтағы әріптестерім Мәншүк Асаутай мен Азамат Жанқатов келді. Халықтан не үшін шыққанын сұрадық. Тоқаевты қолдайтынын, жемқорлықты жою керегін айтып жатты. Түнгі он бір жарымның кезі болатын. Бұл кезде "Алатау" театрының маңында бірде бір полиция немесе жасақ қалмаған еді.

Біз көлікпен қаланың басқа бөлігіндегі "Нұрлы тау" бизнес-орталығына - кеңсемізге жету үшін Абай даңғылының әр тұсынан келіп өте алмай, ақыры Жандосов пен Абай даңғылының қиылысындағы көпір астынан өтуге мәжбүр болдық. "Алатау" театры жанынан басталған, жасақты бұзып өткен шеру Абай даңғылымен орталық алаңға дейінгі аралықта үздік-создық келе жатқан болатын. Олардың арасымен өту мүмкін емес еді.

АЛҒАШҚЫ ТОЙТАРЫС

Кеңсеге сағат түнгі бірге қарай келгенімізде жақын маңдағы Республика алаңынан гүрсілдеген дауыстар шыға бастады. Шерушілерді арнайы құралмен атқылап жатқанын түсіндік. Қолымыздағы видеоны компьютерге аудара сала, түнгі үш жарым шамасында қайта барғанымызда әскер шерушілерді алаңнан шегіндіргенін көрдік. Республика алаңы мен айналасы әскерге толып тұрды. Газ мүңкіген алаң айналасында шерушілер лақтырған тас пен әскер қолданған әртүрлі патрондар шашылып жатты. Әр жерде ұйыған қанның ізі көрінеді. Әскердің бір бөлігі әлі де гүрсілдетіп атып жатқан жаққа ұмтылдық. Сәтбаев пен Сейфуллин даңғылының қиылысына біреулер қоқыс толы контейнер әкеп, әр жерге от қойған. Сәл төменіректе полицияның үш жүк көлігі өртеніп жатыр. Өрт сөндірушілер біздің көз алдымызда шала-пұла сөндіріп, бықсытып тастап кетті.

4 қаңтардан 5 қаңтарға ауған түн. Алматы.

Гүрсілдеген дауыс қаттырақ шығып жатқан жаққа бардық. Шамамен екі жүзден астам қарулы жасақ шерушілерден жүз метрдей қашықта, дауысы құлақ тұндыратын снарядпен анда-санда атып жатыр. Ауада ащы иіс мүңкіп тұрды. Сондай снарядтың бірі жанымызға түскен сәтте көзімізден жас сорғалап, кеңсірігіміз ашып, дем ала алмай, оператор Азамат Жанқатов екеуміз жанталаса қаштық. Жоғарыға қарай 200 метрдей жерге өрлеп таза ауаға жеткен соң ғана, шамамен жарты сағатта қалпымызға келіп, қайта барғанда екі жақ әлі де алыстан тіресіп тұрды. Шерушілер сол маңдағы қаңылтыр қоршауларды бұзып, қалқан қылып алған. Олар жақтан шыққан дауысқа қарап, екі жүзден астам сарбаздың алдында 50-60 қана адам тұрғанын аңдауға болатын еді.

Бұл кезде қаланың басқа жағынан да әр жерден гүрсілдеген дауыстар анда-санда естіліп тұрды.

Біз таңғы бес жарымға қарай қайттық. Таңғы алтыда гүрсілдеген дауыс сирек те болса естіліп, алты жарымдар шамасында тыншыды. Осымен Жаңаөзенді қолдауға шыққан акция аяқталды деп ойладым.

5 ҚАҢТАР. ШАТЫРДАҒЫ ПОЛИЦЕЙ, ЖУРНАЛИСКЕ АТЫЛҒАН ОҚ

Таңғы сегізде әріптесім Аян Қалмұрат телефон соғып оятты. Дереу қайта жұмысқа жетіп, адамдар жиналып тұрған жаққа бармақ болдық. Ондай жер тек қана Рысқұлов пен Момышұлының қиылысы болып шықты, яғни тағы да "Алатау" театрының маңы.

Біз барғанда шамамен 50-ден астам адам жиналып тұр екен. Түнде өзім көрген, гүрсілдетіп атып жүрген әскердің де, полицияның да ұшты-күйлі ғайып болғанына қатты таңғалдым. Шерушілерді ысырып тастап, қалада тыныштық орнаған соң дереу жаппай бақылау орнатқан болар деп ойлағанмын. Екі көшенің ортасында тұрған топ не істейміз десе де ешкім қолынан қақпайтын.

Топ ішіне кіріп, қандай мақсаттары бар екенін, не үшін шыққанын сұрадым.

– Қымбатшылық тоқтатылсын, тақыр кедейміз, жоғалтатын дымымыз жоқ, – деді біреуі.

- Жаңаөзенде, Ақтауда халық алдына билік келіссөзге барды. Алматыда бізге неге ешкім келмейді? Бізден неге сұрамайды? – деді тағы бірі.

Бұл жігіттің әбден ашынғаны, шаршағаны, түнімен жүргені байқалып тұр. Одан өзге де жастардың шаршай бастағаны көрінді. "Біз Тоқаевты қолдаймыз, ол жемқорлықты тоқтатсын" деп айғайлағандар ештеңеден тайынбауға бекінгендей көрінді.

- Үйде құрылыста жүрген он шақты өзбек "қазақтар ереуілдеткенде біз де жата алмаймыз" деп алаңға шығып кетіпті, біреуі аяғынан жараланып, соны үйге апарып әуре болдым, – деп күлді бір жігіт.

Қайта көбейе бастаған бұл топ ішінде белгілі саяси белсенділер де көрінбеді. Не істерін білмей біраз тұрған соң, топ Төле би мен Момышұлы көшелерінің қиылысына қарай жылжыды. Жолда көлденең тұрған төрт-бес жүк көлігін "шерушілерге кедергі жасау үшін полиция қойған болар" деп ойладым. Керісінше шерушілердің өздері жүк көліктерін тоқтатып, осылай қоюға мәжбүрлеген болып шықты.

5 қаңтардағы көрініс.

Жаяулатқан адамдар Төле би көшесімен "Сайран" автовокзалына қарай беттегенде Саин көшесіне жетпей әскери жүк көлігінің қирап тұрғанын көрдім. Бір адам оған дереу мініп, оталдырып алды, бірақ доңғалағы жарылған көлікті жүргізе алмай әуреленді. Бір топ жас мәшиненің үстіне шығып, мәз болды. Жұрт біраз тамашалап, кідіріп тұрды.

Шеру "Сайранға" бет алған жолда "Нұр Отан" партиясының кеңсесі бықсып жатты. Бірақ ол қазір емес, кемі 3-4 сағат бұрын, әлде түнде өртенгенге ұқсайды.

Шерушілер артынан қала көліктері ілесе жүрді. Кәдімгі, күнделікті шаруасымен Төле би бойымен жүрмек болған мәшинелер бірінің артынан бірі келіп, кептеле берді. Ақыры "Сайранның" алдына жеткенде шерушілер трамвайдың бұрынғы рельсін көтеріп әкеп, Өтеген батыр көшесін де, Төле би көшесін де жауып тастады. Жол қозғалысын реттеуге тиіс полиция бұл кезде мүлде жоқ еді.

Бықсып жанып жатқан "Нұр Отан" ғимараты. Алматы, 5 қаңтар 2022 жыл.

Төле би мен Өтеген батыр қиылысында біраз тұрған шерушілер жақын маңдағы Әуезов аудандық полиция бөліміне барды. Ешкім есікті ашқан жоқ. Сәлден соң полиция қызметкерлерінің ғимарат төбесінде жүргенін көрдік. Олар көзден жас шығаратын құралдарын төбеден лақтырып, жара бастады. Бірақ онысы полиция ғимаратының ауласына түсіп жатты.

"Қандай талаптарың бар?" деген сұрағыма шеру басында жүргендер "түнде ұсталған адамдарды босатсын" деді. Бірақ қанша адам ұсталғанын білмеді. Шерушілердің кейбірі маған қайта-қайта келіп, "сіз журналистсіз, үкіметке айтыңыз, талаптарымызды орындасын" деп айта берді.

Біраздан соң алпыстар шамасындағы екі әйел мен ер адам полицияға барып, "бізбен сөйлесіңдер" деп айқайлады. Жастар шегініп тұрды. Полиция ғимаратынан ешкім шықпаған соң, шерушілер қайтадан Төле би даңғылына түсіп орталық алаңға тартты.

Төле би мен Розыбакиев көшелерінің қиылысына келгенде әріптесім Аян Қалмұрат келіп, мен кеңсеге қайттым. Аян мен оператор Санат Нұрбеков шерумен Республика алаңына дейін бірге барды. Олар түсірген видеодан орталық алаңдағы әкімдік үйінің, президент резиденциясының өртеніп жатқаны көрінеді. Оларды кім өртегені, мемлекеттік мекемелер күзетінің неге тойтарыс бермегені, өрт сөндірушілердің неге келмегені жұмбақ болып қалды.

Алаңда жүрген белгісіз адамдар Азаттық тілшісіне доқ көрсетіп, тіпті оқ ата бастағанда әріптестерім кері қайтты. Әрі қарай журналистік жұмыс өте қауіпті болып кетті.

6 ҚАҢТАР. КӨЛІК ІШІНДЕГІ СҰХБАТ

Интернет толық ажыраған. Алматыда, астанада не болып жатқаны белгісіз. "Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметті отставкаға жіберді", "ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовті алып тастапты", "ҰҚК төрағасының орынбасары Самат Әбішті қамап тастапты" деген гу-гу әңгіме желдей есіп тұр.

Қалада қозғалыс күрт азайған. Көшедегі қозғалысты реттеп тұрған бағдаршам ғана бұл жерде бұрын тәртіп болғанын білдіріп тұр.

Төтенше жағдай жарияланғаны бар, оған қоса жанармай бекеттері де бензин сатуды доғарып, көп мәшине үйден шыға алмай қалған. "Қалқаман" ықшам ауданында жанар май бекеттерінің бөшкелерінен халық шелекпен бензин құйып алып жатқанын естіп, сонда барайын десем, жол жабық екен, кері қайттым. Райымбек даңғылының бойында бір топ адам мәшине доңғалақтары мен ағаштарды жол үстіне өртеп жатыр еді. Олардың іс-әрекеті кешегі билікке бейбіт талап қойып жүрген шерушілердікіне ұқсамады.

Алматыдағы әскерилер баррикадасы. 6 қаңтар 2022 жыл.

Шамамен түскі сағат 2-лер шамасында бірнеше белсенді қоңырау шалып, алаңдағы жұртқа келуімді өтінді. Сонда жүрген белсендінің бірі Бесжан алаңда тек бейбіт митингіге шыққандар тұр, әскер де, полиция да жоқ деді әрі мені қорғап жүруге уәде берді. Осы аралықта тағы бір адам телефон соғып, алаңдағы наразылар штабының төрағасы Жасарал Қуанышәлинмен сөйлесуді ұсынды. Олар Саин көшесіне дейін өздері келіп, Жасарал Қуанышәлиннен мәшине ішінде қысқаша сұқбат алдым. Сұқбатта "қала билігі кімде?" деп сұрадым. Мұндай сұрақ қоюға дейін жеткізген – қаладағы хаос болса керек. Шын мәнінде ол кезде қалада мүлде билік қалмағандай сезілді. Қуанышәлин "биліктің кімде екені белгісіз, Тоқаев та, Назарбаев та мына жүйесмен бірге кетсін, талап орындалғанша алаңда қаламыз" деп жауап берді.

Қуанышәлиннен сұқбат алған соң Рысқұлов даңғылымен Республика алаңына қарай тарттым. Жылдамдықты 60-тан асырмай келе жатқанымда көлігімнің артына үлкен жүк көлігі барынша тақалып, жарығын қайта-қайта жағып белгі берген соң солға ығысып жол бердім. Озамын десе жанындағы жолақ та бос тұр еді. Бірақ жүк көлігі қайтадан соңыма түсіп, сәл кідірсем таптап кетердей тақай түсті. Айнаға үңіле қарағанда ғана нөмірін алып тастаған әскери жүк мәшинесі екенін байқадым. Көлікті кім айдап отырғанын біле алмадым. Әншейін қорқытқысы келді ме, әлде көлігімді тартып алғысы келді ме, белгісіз. Сөйтіп жылдамырақ жүріп, басқа көшеге бұрылып, қашып құтылдым.

"ҚАРАПАЙЫМ ХАЛЫҚПЫЗ! БІЗ ТЕРРОРИСТ ЕМЕСПІЗ!"

Республика алаңына жеткенімде ол жақта да құқық қорғау қызметкерлері көрінбеді. Жұрт көліктерін алаңның ортасына да қалай болса солай қойып тастаған. Жиын сыртында жүргендер үстімдегі "пресса" деген жазуды көріп жақтырмады. Жастар ала көзімен қарағанымен, жасым үлкен болған соң ба, тиісе қоймады. Алаң ішінде 300-ге жуық адам жүр. "Пресса" деген жазуды көріп 50-60 адам плакатын көтеріп, микрофонын ұстап шықты. Ұзын плакатта үлкен қаріппен "Қарапайым халықпыз! Біз террорист емеспіз" деп жазылып тұр екен.

Таяуда қаза болған диссидент Арон Атабектің серігі, 1990 жылдардағы "Алаш" партиясы жетекшілерінің бірі Мұратбек сөйлеп, мұның "бейбіт митинг" екенін, өртеп, бүлдіріп жүргендерге бұл адамдардың қатысы жоғын айтты. Ол да өзін штабтың мүшесі ретінде таныстырды.

Сол жерде сөйлеген бір топ жас та әкімдік ғимараты мен президент резиденциясын өртегендер мүлде бөлек адамдар екенін айтты. Ал тағы бірі тұрып, "Біз Тоқаевты қолдаймыз. Тоқаев, сенің жемқор емес екеніңді білеміз. Назарбаевтың әулетін тый" деп үндеу тастап, "Тоқаевты қолдаймыз ба?!" дегенде айналасындағылар, қолдаймыз деп ұрандатты.

Күн бата қайтып бара жатқанымда алаңға түнде әскер келетінін, алаңды шерушілерден тазалайтынын ұқтым. Қазір алаңда тұрған сол қарусыз адамдардың өмірде бар-жоғын білмеймін, бәлкім қамауда жатыр ма? Қарсы келгендерді ескертусіз атуға бұйрық алған әскер кімнің кім екенін ажырата ма, жоқ па белгісіз еді.

7 ҚАҢТАР. ШЕЛЕКПЕН ТАСЫҒАН БЕНЗИН. "АПОРТТЫ" ТОНАУ

7 қаңтар әдеттегідей Азаттықтың кеңсесіне жұмысқа бардық. Мәскеуден "Дождь" телеарнасының екі журналисі келіп, қаланы бізбен бірге араламақ болды. Олар мінетін басқа көлік те жоқ еді. Жұмысымыздың ескі мәшинесіндегі жарты бактан аз бензинге ғана сеніп жүрміз. Ол таусылса мүлде жаяу қаларымыз анық. Бұл күні қала біршама тынышталғандай көрінді. Бірақ Республика алаңында тұрған әскер әкімдік пен Назарбаев даңғылы бойындағы президент резиденциясына қарай анда-санда оқ атып жатты. Не үшін, кімді атып жатқанын сұрай алмадық. Бізді маңына да жақындатпады. Алаң шетінде маңдай терезесінен бес-алты оқ тиген ескі көлік тұр. Жолаушы креслосының алдына қан ұйып қалған.

Қираған сауда үйлерінің бірі. 7 қаңтар 2022 жыл.

Қаланың орталық көшелерін араладық. Әсіресе Төле би көшесінің бойында тұрған сауда орталықтары мен көшеде тұрған банкоматтардың көбі тоналған. Әр жерден өртенген көлік көрінеді.

"Антитеррор операциясы жүреді екен" дегенді естіп "Қалқаман" ықшам ауданына бардық. Біз барғанда Райымбек даңғылының бойындағы жанармай бекетінің бөшкесінен шелекпен бензин құйып алып жатқан жұртты бір топ жігіт айғайлап тоқтатып жүрді.

- Әлгі "террорист" он шақты жігіт осы жерде жүрді. Өтіп бара жатқан көліктерге бензин шашып өртемек болды. Біз бір топ жігіт жиналып, қуып жібердік, қайда кеткенін білмейміз, – деді біреуі. "Қалқаманда" мұнан өзге "антитеррор операциясы" болды ма, жоқ па сол күйі біле алмадық. Әскер көрінбеді.

Айта кетейік, "Қалқаман" ықшам ауданындағы жанармай бекеттерінің көбінде адамдар бензинді шелекпен алып жатты.

Бұдан сәл әрідегі "Апорт" сауда орталығын "террористер" тонап жатыр деген соң сонда беттедік. Жолда ішіне тұрмыстық заттар мен азық-түлік салып алып, "Апорт" ішіндегі "Магнум" азық-түлік дүкенінің арбасын сүйретіп бара жатқандар, бірнеше пакет ұстағандар жолықты.

Оқ тиген көліктердің бірі. Алматы,10 қаңтар 2022 жыл.

Тоналып жатқан "Апорт" емес, соның ішіндегі "Магнум" болып шықты. Алдында әйелдер де, жастар да, егде кісілер де толып жүр. Әркім қолына ілінгенін алып шығып жатыр. Ішінен қару ұстап жүрген террорист іздеп едім, байқай алмадым.

"Қалқаманнан" бізбен ере барған жігіттер ол жерді де дереу қорғауға кірісті. Есік алдына күзет қойып, қолдарына сойыл ұстап ешкімді кіргізбей тұрды. Олардың сөзінше, адамдар "Магнумнан" әрі қарай киім-кешек, түрлі заттар сататын сауда бутиктеріне қарай өтпеген.

"Қалқаманнан" қайтар жолда бірнеше күннен бері алғаш рет полицей көрдім. 4-5 мәшинемен оннан астам полицей оқтаулы автомат ұстап бірге жүрді. Бұл көріністі кейін де байқадым. Полицейлер жеке жүрмей, топтасып жүруге көшкен.

ҒИМАРАТТАРДЫ КІМ ӨРТЕДІ? "20 МЫҢ ТЕРРОРИСТ" ҚАЙДА?

8 қаңтардан бастап қаладағы қоқысты тазалай бастады. Қаланың әр тұсында өртенген әскери мәшинелердің қаңқасын алып кету оңай еместігі байқалды. Қираған супермаркеттердің кейбірінің есігі қаңылтырмен, тақтаймен жабылған. Бұл кезде кей ақпарат құралдары Алматы кәсіпкерлері 80 млрд теңгеден астам шығын тартты деп жаза бастады. Кәсіпкерлердің шығынын кімнің қалай есептегені белгісіз. Өйткені адамдар шығын есептемек түгілі, көшеге шығудан да қорқып, үйде отырған кез болатын.

Алматы көшесі. 8 қаңтар 2022 жыл.

Қаладағы мәйітхана алдында туған-туысын іздеген адамдар күрт көбейді. Бірақ көбі жөнін айтуға ықыласты болмады. Бұл кезде "Қазақстанға 20 мың террорист шабуыл жасады" деген Тоқаевтың сөзі тарап кеткен.

"Алатау" театрынан басталған шерудің арасында жүріп, қару асынған қорқынышты террорист байқамадым. Өмірінде бірінші рет арнайы жасақтың тасқамал шебін бұзып өтіп, орталық алаңға жеткен, демократияға, билік пен халық арасындағы диалогқа үміт артып, сенімі ояна бастаған 20-25 арасындағы жастарды көп көрдім.

Мәйітхана алдына жиналған жұрт. 8 қаңтар 2022 жыл.

Жаңаөзеннен басталып, Қазақстанның көп өңіріне ұласқан шеру жастарға қанат бітіргендей әсер қалдырды. Көшеде шерулетіп бара жатқандарға ас-су таратқандар болды. Мәшинесінің нөмірін алып тастап, кейде су, кейде адам тасып шапқылаған жеңіл көліктер де жиі байқалды. Кейін ресми БАҚ жеңіл көліктер "қару тасыған" деген де ақпарат шығарды.

Әуежайға шабуыл жасағандарды біз көрмедік. Әуежай қала орталығындағы дүрбелеңнен алыста еді.

Алматыдай алып шаһарда соншама ғимаратты қиратып, өртеп, мүлік атаулыны бүлдірген кім екені, олардың қайдан келгені белгісіз болып қалды. Алғаш рет туған қаласының орталық алаңына барып, ойын білдірген шерушілердің біз сөйлескен өкілдері әкімдіктің де, басқа ғимараттардың қай кезде өртенгенін, оларды кім қиратып, тонағанын білмейміз дейді.

Азаттық тілшілерінің және Reuters агенттігінің суреттері пайдаланылды.