Азаттық радиосы

"Беловеж келісімі" кезінде Назарбаев қайда болды? Куәгерлер естелігі

Нұрбек ТҮСІПХАН

8 желтоқсан 2021

Биыл "Беловеж келісіміне" 30 жыл толды. Ресей, Украина мен Беларусь басшылары 1991 жылғы 8 желтоқсанда келісімге қол қойған соң СССР түбегейлі ыдырады. Сол күні Беларустің Беловеж орманына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та шақырылған, бірақ барған жоқ. Одақты "келмеске жіберген" құжатқа қол қоюға ол неге бармады? Шақырушының бәрі оның "келем" деп уәде бергенін айтады. Назарбаев "бірден бас тарттым" дейді. Отыз жыл бұрынғы оқиға куәгерлерінің естелігінде Назарбаевтың есімі аталған тұсында өзара сәйкеспейтін эпизод аз емес.

"НАЗАРБАЕВ ҮНСІЗ КЕТТІ"

– 1991 жылғы желтоқсанның 7-і мен 8-і, Беловеж орманы Вискули резиденциясындағы екі күн жадыңызда қаншалықты жақсы сақталды?

1991 жылы Беларусь Жоғарғы кеңесін (парламентін) басқарған Станислав Шушкевичке аман-саулықтан соң қойған алғашқы сауалым осы болды. 30 жыл бұрынғы оқиғаны дәл сол қалпында түгел айтқызуды мақсат қылмасам да сексеннің сеңгіріне шығып отырған (1934 жылы туған) адамның сөйлесуге деген ынтасын байқап көру еді. Іркілмеді. "Ол жерде болғанның бәрі есімде" деп жылдам жауап берді. Үні жігерлі, қуатты естілді.

– Ендеше айтыңызшы, Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Беловеждегі кездесуге алдын-ала шақырдыңыз ба?

Осы тұста 30 жыл шегінуге, оқиғаның бэкграундын айтуға тура келеді.

1991 жылғы 7 желтоқсанда Беларусьтің Беловеж орманындағы Вискули елдімекенінде орналасқан үкімет саяжайына [Вискули резиденциясы деп те айтылады – ред.] Ресей президенті Борис Ельцин, Украина президенті Леонид Кравчук барды. Оларды Беларусь Жоғарғы кеңесі төрағасы Станислав Шушкевич күтіп алған.

Украина президенті Леонид Кравчук, Беларусь Жоғарғы кеңесі төрағасы Станислав Шушкевич және Ресей президенті Борис Ельцин (солдан оңға қарай) Беловежде. 8 желтоқсан 1991 жыл.

Екі күнге созылған кездесуде үш ел әйгілі "Беловеж келісімін" дайындап, оған алты адам – Беларусь республикасы атынан Станислав Шушкевич пен Вячеслав Кебич (үкімет жетекшісі), Ресей федерациясынан – Борис Ельцин мен Геннадий Бурбулис (1991-1992 жылдары Ресей мемлекеттік хатшысы болды), Украинадан – Леонид Кравчук пен Витольд Фокин (үкімет басшысы) қол қойды. Құжаттың ресми атауы "Тәуелсіз мемлекеттер достастығын құру туралы" еді. Бірақ әлем назары келісімде жазылғандай жаңа ұйымның құрылғанына емес, құжаттағы "Советтік социалистік республикалар одағы [СССР] халықаралық құқық және геосаяси субъект ретінде өмір сүруін тоқтатады" деген сөйлемге ауды. Бұл сөйлем – болашағы бұлыңғыр Совет одағының түбегейлі ыдырағанын көрсетті. Беловеждегі кездесуге Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев та шақырылған. Бірақ Назарбаев жолай Мәскеуге тоқтап, Кремльде СССР президенті Михаил Горбачевтің қабылдауына кіріп, ақыры бармай қалған.

"Тәуелсіз мемлекеттер достастығын құру туралы" келісім

– Жоқ! Беловеж орманына Назарбаев алдын-ала шақырылған жоқ, – деді Станислав Шушкевич сұрағыма жауап беріп. – Ол жерге бір ғана мәселе – қыста Беларусьті жылыту мәселесін шешуге бардық. Көрпені өзімізге қарай тартпайық және бізге Ресей Украинаның есебінен ғана көмектеспесін деп Леонид Кравчукті шақырдық. Бірақ соңында Ельциннің жылу мәселесін шешуіне Горбачевтың рұқсаты керек екенін түсінгенде "біз кімбіз" деп ойланып қалдық. Ельцин сайланған президент, мені де мемлекеттің жоғары лауазымына ел сайлаған, Кравчук те халық таңдаған президент. Сондықтан басқа нәрсемен айналысу керегін ұқтық. Осы сәтте Бурбулис "Совет одағы халықаралық құқық және геосаяси субъект ретінде өмір сүруін тоқтатады" деген тіркес ұсынып, қолдауымызды сұрады. Бәріміз мақұлдадық та сарапшыларымызға келісімді бір түнде дайындап шығуды тапсырдық.

Азаттық радиосы: Станислав Станиславович, нақтылай кетейінші, сіз атаған Бурбулис мырза бір сұхбатында "Назарбаев Беловежге алдын-ала шақырылды" деп еді.

Станислав Шушкевич: Жоқ, келісімге дейін (келісімді дайындау жөніндегі шешімге дейін) шақырылған жоқ. Аса маңызды геосаяси мәселемен айналысатынымызды түсінгенде славян республикалары ғана болғаны жақсы емес деп ойладық және Назарбаев беделді адам еді, соған хабарластық.

Бұдан соң Шушкевич сөзін жұртқа белгілі мәліметті айтып жалғастырды. "Мәскеуге кетіп бара жатқан Назарбаев ұшағына қоңырау шалынғаны, оның Беловежге келуге уәде бергені, бірақ жағармай құйып алу үшін Мәскеуде біраз уақыт аялдау қажет болғаны, ақыр соңында Назарбаевтың келмей қалғаны" 30 жылдан бері әр жерде жазылып, айтылып жүр. Бірақ кейбір тұсында бірізділік және нақтылық жоқ. Мәселен, Назарбаев нақты қай кезде шақырылды – келісім дайын болмай тұрып па, әлде дайын болған соң ба? Оған телефон шалған кім, сөйлескен қай адам? Қоңырау соғылған сәтте Назарбаев қайда болды? Ұшақта ма, Алматыда ма әлде Мәскеуде ме?

СССР президенті Михаил Горбачев (оң жақта) пен Қазақ ССР президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Мәскеу, 25 қыркүйек 1990 жыл.

Азаттық радиосы: Сіздер телефон шалғанда Назарбаев ұшақта ма еді?

Станислав Шушкевич: Иә, Назарбаев ұшақ бортында болатын және оған ұшақтың радиожүйесі арқылы байланыстық. Бірақ Горбачев оған бармауға кеңес берді. Ол келмеді. Ол интеллигент емес адамға тән қулық істеді. Үнсіз кетті. Онымен байланыс үзіліп қалды. Сол себепті Назарбаев маңызды мәселені талқылауға қатысқан жоқ.

Азаттық радиосы: Назарбаевқа нақты кім қоңырау шалды? Кім сөйлесті?

Станислав Шушкевич: Ельцин қоңырау шалды, өзі сөйлесті. Бірақ даусын қатты шығарып қойғанын ескертті. Бәріміз (әуелде алты адам отырғанын айтқан, кейін үшеу болуымыз мүмкін деді) тыңдап отырдық.

Азаттық радиосы: Сол күні Назарбаевпен қанша рет сөйлестіңіздер?

Станислав Шушкевич: Бір-ақ рет. Ол ұшақта "келем" деп уәде берді, біз әуе дәлізін ашып, дайындап қойдық. Кейін қайта байланыса алмадық. Ұшақ рациясы өшіп қалыпты. Бұл 7 желтоқсанда түстен кейін болған оқиға. Кешке қарай мұның мәні кетті. Өйткені қанша тырыссақ та оған хабарласа алмадық.

Азаттық радиосы: Назарбаевты қанша уақыт күттіңіздер?

Станислав Шушкевич: Кешке дейін келіп қалар деп үміттендік. Бірақ байланыса алмаған соң келмейтінін ұқтық.

Азаттық радиосы: Сіздер қоңырау шалып сөйлескенде оған нақты қандай құжатқа қол қоятындарыңызды айттыңыздар ма?

Станислав Шушкевич: Жоқ, құжат әлі дайын емес еді.

ЕЛЬЦИН МЕН НАЗАРБАЕВТЫҢ ЕСТЕЛІКТЕРІ

30 жыл бұрынғы оқиғаның куәгерлері осыған ұқсас сұрақтарға кезінде түрлі жауап берген. Құжат туралы тұсын да әркім әр түрлі қылып айтады. Сол кезде Украина үкіметін басқарған Витольд Фокин Қазақстан президентіне "құжаттың дайын тұрғанын жеткіздім" дейді. Ресей президенті Борис Ельцин де 1994 жылы шыққан "Президент жазбалары" мемуарында Назарбаевқа "дайын мәтінді оқып бергенін" жазады: "Құжаттар дайын боп қалды. Назарбаевты достастық (ТМД) құрылтайшысы қатарына қосылсын деп шақыруға уағдаластық.

Осы сәтте Назарбаев ұшақ ішінде еді. Мәскеуге бара жатқан. Оның ұшағын бізге қарай бұру – қызық идея болды. Ұшаққа хабарласуға тырыстық. Бірақ ұшақта біз байланыса алатындай жүйе жоқ екен. Сосын Внуково әуежайының диспетчері арқылы қосылуға талпынып көрдік. Дұрыс жолы осы еді – Назарбаев ұшқыштың кабинетінде бізбен сөйлеседі де, ұшақты біз жаққа қарай бұрады. Бірақ Одақтың азаматтық авиация министрлігі жетекшілері радиожеліні пайдалануымызға тыйым салыпты.

"Тәуелсіз мемлекеттер достастығын құру туралы" келісімге қол қойған сәт. 8 желтоқсан 1991 жыл.

Назарбаевты күтуге тура келді. Ол бізге Внуковадан телефон соқты. Әрқайсымыз сөйлестік. Оған қол қоюға дайын тұрған құжат мәтінін оқыдым. "ТМД-ны құру идеясын қолдаймын, мені күтіңдер, жақын арада барамын" деді. Бірақ сол күні Назарбаев келмеді". (Б. Ельцин. "Записки президента". 1994 жыл.)

Назарбаевқа "дайын мәтінді оқығанын" Ельцин 1991 жылғы 8 желтоқсанда АҚШ президенті Джордж Бушқа да айтқан. Мұны Ақ үйдің стенограммасынан көруге болады. Екеуара әңгіме барысында Ельцин: "Мен қоңырау шалып тұрған бөлмеде Украина президенті мен Беларусь Жоғарғы кеңесінің төрағасы бар. Жаңа ғана Қазақстан президенті Назарбаевпен сөйлестім. Оған 16 бабын қосып, мәтінді тұтас оқып бердім. Ол да әрекетемізді толық қолдайды және келісімге қол қоюға дайын. Ол жақын арада құжатқа қол қою үшін Минск әуежайына келеді" дейді.

Ақ үйдің стенограммасы

Ельциннің "Назарбаев келісімді қолдайды" дегенін Назарбаевтың өзі сол кезде-ақ жоққа шығарған. "Комсомольская правда" газеті 1991 жылғы 20 желтоқсанда Назарбаевтың "Оған қол қоймайтын едім және барған күннің өзінде де Минскіде кездесушілерді ТМД-ға мүше болады-ау дегендермен ақылдасып қана бір шешім шығаруға көндіруге тырысар едім" деген сөзін басқан. Назарбаевтың да осы сәт туралы естелігі бар.

1996 жылы "Ғасырлар тоғысында" кітабында ол: "1991 жылғы 8 желтоқсанда Мәскеуге ұшып келдім. Внуковада (әуежай – ред.) аяқ астынан Ельциннің өкілі құжатқа қол қою үшін Беларуссияға шақырды. Әрине, ондай экспромттан бас тарттым" деп қысқа ғана айтып өтеді. Бұл сөйлемге қарағанда, Назарбаев Ельцинмен де, Фокинмен де немесе Шушкевич айтқандай "бір топ адаммен" де сөйлеспеген. Оны "Ельциннің өкілі" ғана шақырған.

Назарбаевтың "Ғасырлар тоғысында" кітабынан үзінді.

Бірақ бұрынғы президенттің 1995 жылы ресейлік журналистерге берген сұхбатында осы сәт басқаша сипатталады. Ол үш елдің басшыларымен кезек-кезек сөйлескенін айтқан. Орыстың Александр Костин есімді пофессоры өз кітабында "Общая газета" басылымына сілтеп, Назарбаевтың мынадай естелігін келтіреді: "Горбачев одақтас республикалар басшыларын 9 желтоқсанда жаңа одақ келісімі туралы ой-пікір алмасуға шақырды. Ал 6 желтоқсанда Алматыға Ельцин телефон соғып, "Беларуссияға ұшып барамын, Шушкевич шақырды, Кравчукті де шақырыпты, Горбачевпен кездесуге дайындалу керек, Егемен Мемлекеттер Одағының (Союз Суверенных Государств) болашағын келісіп алу керек" деді. Жай ғана ескертті, бірақ Минскіге шақырмады. 8 желтоқсанда Мәскеуге ұштым. Кеш бата Внуковоға жетсем "сізді Ельцин, Руцкой, Шушкевич, Горбачев іздеп жатыр" дейді. Не болды? Аяқ асты бәріне керек боп қалғанымды түсіне алмадым. Әуежайға Минскіден телефон шалды. Тұтқаны көтерсем танысым, жақсы жігіт Кебич: "Сені күтіп алуды маған тапсырды, тез кел!" дейді. "Тұра тұр, кім шақырып жатыр?". "Міне, Борис Николаевич..." Тұтқаны Шушкевич алып: "Мына жерде бір құжатқа қол қойдық. Сіздің бұрынғы идеяңызды іске асырдық" деді.

Мәселе мынада, 1990 жылғы желтоқсанда Ельцин, Кравчук, Шушкевич төртеуміз "одақтағы төрт ел бірігіп ЕМО (ССГ) құрамыз, басқаларын қосылуға шақырамыз, президенті Горбачев болады" деп меморандум дайындаған едік. Бірақ ол өтпей қалған.

Олар Минскіден маған соны есіме салып отыр. Тұтқаны Ельцин алды: "Нұрсұлтан Әбішұлы, сіздің идеяңызды іске асырдық, келісім дайындап қойдық, сіз қол қоятын орын да қалдырдық, тезірек бізге қарай ұшыңыз" деді. "Мәтінді оқыңдар!" Ельцин "мен оқи алмаймын, Шушкевич оқысын" деді. Шушкевич оқыды. Тыңдап алдым да: "Сендер немене, жаңа мемлекет құрып тастадыңдар ма? Совет одағы енді жоқ па?" деп сұрадым. "Солай боп тұр енді" деп жауап берді. "Кравчукті шақырыңдар" дедім. Тұтқаны Кравчук алды, даусы жігерлі естілді. "Мына жақта талқыладық, басқа жол жоқ. Украинаның да басқа амалы қалмады. Саған қоңырау шалдым, шақыруға тырыстым, қысқасы, ұшып кел де қол қой" дейді. Осы сәтте одан әрі күдіктеніп: "Біріншіден, сендер мұны алдыңгүні айтып, ескертулеріңе болар еді. Екіншіден, өз парламентім мен үкіметімнің келісімінсіз ештеңеге қол қоймаймын. Ертең Горбачевтың қабылдауына барасыңдар ма? Сол жерде сөйлесейік" дедім. Кравчук: "Жоқ, Горбачевқа бармаймын, Шушкевич те бармайды, шешімді баяндауды Ельцинге тапсырдық" деп жауап берді. Міне солай". (А.Костин, "Заговор Горбачева и Ельцина. Кто стоял за хозяевами Кремля?")

"НАЗАРБАЕВ "ҚОЛ ҚОЯМЫН" ДЕДІ"

Беловеждегі кездесуге Назарбаевтың шақырылғанын айтып бере алады-ау дейтін тағы бірнеше адам бар. Соның бірі – 1991 жылы Украина премьер-министрі болған, құжатқа қол қойған Витольд Фокин. 89 жастағы кісі "сауалдарыңды бетпе-бет отырып қой, телефонмен сөйлескім келмейді" деген соң Киевтегі әріптестеріме өтініш жасадым. Азаттық радиосының Украин қызметінде істейтін Олександр Лащенко жолдаған сауалдарымды қойып, нақты жауап алыпты.

Витольд Фокин

Витольд Фокин: Нақты кім екені есімде жоқ, құжатқа қол қоймағандардың бірі болса керек, бәрі дайын болған кезде "бұл іске Қазақстанды да араластырсақ жаман болмас еді" деп қалды. Бәрі "әрине" деп келісе кетті. Нұрсұлтан Әбішұлымен сыйлас қарым-қатынаста екенім ескеріліп, оған не боп жатқанын айтып беруді маған тапсырды.

Азаттық радиосы: Витольд Павлович, нақты сіз бе қоңырау шалған? Ельцин емес пе?

Витольд Фокин: Жоқ! Мен! Нұрсұлтан Әбішұлына телефон соғып, не істегенімізді айтып бердім. Ол таң қалды.

Азаттық радиосы: Онымен құжатқа қол қойып болған соң сөйлестіңіз бе?

Витольд Фокин: Құжат қол қоюға дайын болғанда.

Азаттық радиосы: Қол қойғанға дейін бе?

Витольд Фокин: Иә, қол қойғанға дейін. Оған "қол қоямыз, өзге республикалармен бірге кейін де қосыла аласың" дедім. Ол "жоқ, қолым сендердікімен бірге тұрғанын қалаймын" деді. Мұндай сөз айтылды. Ары қарай оқиға біз ойлағандай болмады. Нұрсұлтан Әбішұлының ұшағына бірдеңе болды. Жағармай құю керек деді ме...

Азаттық радиосы: Демек, Нұрсұлтан Әбішұлы "сіздерді қолдап қана қоймаймын, қол қоямын" деді ғой?

Витольд Фокин: Иә. Бұл – анық!

Азаттық радиосы: Оған мәтінді оқып бердіңіз бе?

Витольд Фокин: Оған ешқандай мәтін оқығам жоқ. Қол қоюға сондай бір құжат дайын тұр деп қана айттым.

Азаттық радиосы: Сіз сөйлескен сәтте Нұрсұлтан Назарбаев қайда болды? Ұшақта ма, әлде Алматыда ма?

Витольд Фокин: Ол бір жаққа ұшқалы жатты дей алмаймын. Оның "жақсы, қазір борт шақырамын" деген сөзі есімде мықтап қалыпты.

Азаттық радиосы: Сіз телефон шалғанда онымен жалғыз өзіңіз сөйлестіңіз бе, әлде өзге қатысушылармен бірге телефон даусын қатты шығарып қойдыңыздар ма?

Витольд Фокин: Жоқ, ешкім Назарбаевпен сөйлескен жоқ.

Азаттық радиосы: Сіз ғана ма?

Витольд Фокин: Иә.

Азаттық радиосы: Ельцин де, Кравчук те, Шушкевич те сөйлеспеді ме?

Витольд Фокин: Ешкім.

Сұхбаттан байқағаным, Фокин Назарбаевтың әрекетін айыптамайды. Оны "жігерлі адам", "шешімтал саясаткер" деп сипаттайды. Беловеж келісіміне дейін Назарбаевпен жақын қарым-қатынасы болғанын айтады және сол достығы кейін үзіліп қалғанына қынжылады. Өзі де Беларусьтегі оқиғаны, Қазақстан президентінің неге келмегенін Назарбаевтан кейін қайта сұрамаған. Ал Шушкевич "Ельцин сөйлесті, біз тыңдадық" десе, Ельцин "әрқайсымыз сөйлестік" деп айтқан.

Екі елдің делегациясын күтіп алып, үшінші елдің президенті Назарбаевтың ұшағына "әуежай дайындап қойдым" деген Шушкевич Фокиндей емес, Қазақстанның бірінші президентін ашық сынайды.

Азаттық радиосы: Беловеж орманына неге келмегенін кейін өзінен сұрадыңыз ба?

Станислав Шушкевич

Станислав Шушкевич: Жоқ, ешқашан ол туралы сөйлеспедік. Ол "қол қоймайтын едім" деп мәлімдеді ғой, сондықтан оны (келмеу себебін) талқылау өзімізді қорлаумен бірдей болар еді. Бірақ кейін ол белсенді жақтасқа айналды.

Азаттық радиосы: Назарбаев "ТМД 1991 жылғы 21 желтоқсанда Алматыда құрылды" деп жүр ғой?

Станислав Шушкевич: Бүкіл әлем 8 желтоқсанды атап жүргенде Назарбаевтың 21 желтоқсанды айтуы ақылға сыймайды. Өзге мемлекеттер бір үтір (штрих) де өзгертпей, дайын келісімге қосылды. Бірақ зиялы адам ретінде құрмет көрсетіп, оларды "қосылушы" емес, "негізін қалаушы" деп атадық. Жалпы, Назарбаев өзгенің еңбегін өз мақсатына пайдалануды жақсы көреді және мұнысын үнемі сәтті іске асырады.

1991 жылы Беловеж құжатына қол қойған алты адамның екеуі – Ресейдің бұрынғы президенті Борис Ельцин мен Беларустің бұрынғы премьер-министрі Вячеслав Кебич қазір өмірде жоқ. Украинаның бірінші президенті Леонид Кравчукпен сөйлесудің сәті түспеді. Ельцинмен қатар Ресей атынан қол қойған бұрынғы мемлекеттік хатшы Геннадий Бурбулис әуелде "сұрақтарыңа міндетті түрде жауап беремін" деген еді. Бірақ сұхбаттың басым бөлігі Беловеж келісіміне 30 жыл толған датаға емес, Нұрсұлтан Назарбаев позициясына байланысты екені қолайына жақпады ма, ақыры сауалдарымыз жауапсыз қалды.

(Мақаланы жазуға Азаттық радиосының Украин қызметіндегі әріптесім Олександр Лащенко да жәрдемдесті)