Accessibility links

"Қару ескірген сайын қауіпті". Сарапшылар Арыстағы жарылыс жайлы


Әскери қоймадағы жарылысқа байланысты Арыс қаласын тастап шыққан тұрғындар. Түркістан облысы, 24 маусым 2019 жыл.
Әскери қоймадағы жарылысқа байланысты Арыс қаласын тастап шыққан тұрғындар. Түркістан облысы, 24 маусым 2019 жыл.

Маусымның 24-і күні Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қоймада қару-жарақ пен оқ-дәрі жарылып, екі адам қаза тапты. Жетпіс адам зардап шекті. Азаттық тілшісі сөйлескен әскери сарапшылар Арыстағы қоймада совет заманынан қалған қару сақталғанын айтады.

ӘСКЕРИ ҚОЙМАДАҒЫ ЖАРЫЛЫС

Қазақстан қорғаныс министрлігі "Маусымның 24-і таңертең Түркістан облысы Арыс елдімекені маңында орналасқан Қазақстан қарулы күштері бөлімдерінің бірінде өрт шығып, салдарынан әскери оқ-дәрі жарылған" деп хабарлады.

Түркістан облысы әкімдігі Арыстағы жарылыстан кейін облыста төтенше жағдай жарияланды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев көлігіне снаряд түскен бір адамның мерт болғанын айтты. Маусымның 25-і күні премьер-министр тағы бір адамның көз жұмғанын мәлімдеді. Маусымның 24-і күні Денсаулық сақтау министрлігі 52 адамның ауруханаға жеткізілгенін, үш адам жан сақтау бөлімінде жатқанын хабарлады. Ал келесі күні Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі зардап шеккендердің саны 70 адамға жеткенін мәлімдеді.

Ондаған мың адам Арыс қаласынан кетуге мәжбүр болды. Қазақстан үкіметінің дерегінше, 1600 адам билік ұсынған автобустармен эвакуацияланса, 35 мыңнан астам адам өз күшімен қаладан кеткен. Ресми дерек бойынша, Арыс қаласында 45 мыңға жуық адам тұрады.

Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев жарылыс бірнеше күнге жалғасуы мүмкін деп хабарлады. Елдің төтенше жағдай комитеті Арыс қаласында электр желісі бүлінгенін хабарлады.

Арыстағы жарылыстың хроникасы

Арыстағы жарылыстың хроникасы
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:14 0:00

Арыс қаласына 800-ге жуық сарбаз, жүздеген полиция қызметкері жеткізілген. Әскерилер мен полицейлер қаланың қауіпсіздігі мен тұрғындардың үйлерін күзетеді. Дүйсенбіде жарылыс болған қалаға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та барды.

"ЕСКІ ҚАРУДЫ ЖОЮҒА ҚЫРУАР ҚАРЖЫ КЕРЕК"

Ресейлік "Новая газета" басылымының әскери шолушысы Павел Фельгенгауэр "Арыстағы әскери қоймада ескі қару-жарақ жарылды" деп топшылайды. Оның ойынша, Қазақстан әскери қоймалардағы ескірген қаруларды толық жоюы тиіс.

Әскери сарапшы Павел Фельгенгауэр.
Әскери сарапшы Павел Фельгенгауэр.

- Бұл совет үкіметі заманынан бері жиналып қалған өте көп оқ-дәрі. Ресей қаруларды Кавказдағы, Сириядағы соғыстарда қолданды. Ал Қазақстан ешкіммен соғысқан жоқ. Сондықтан миллиондаған тонна қару-жарақ қалды. Ескі қаруды утилизация жасап жатыр. Бірақ әлі бар. Себебі Совет одағы миллион әскері бар Қытаймен соғыс бола қалса деп, көп қару жинаған. Совет одағы Қытай Қазақстан жақтан кіреді деп ойласа керек. Сондықтан Қазақстанда да қару сақтаған. Ал қазір Қазақстанда бұл қаруларды утилизация жасауы керек. Себебі Қазақстанға [бұл қарулардың] мүлде керегі жоқ. Жойылмаса, жарылыстар бола береді. Бұл көп қаруды тез жойып жіберу мүмкін емес. Сондықтан сұрыптап, дұрыстап сақтау керек. Дұрыс сақталмаса, жарылады. Себебі, қару ескірген сайын қауіпті, - дейді ресейлік сарапшы.

Арыстың мыңға жуық тұрғынын Шымкентке жеткізді. 24 маусым 2019 жыл.

Қазақстандық әскери журналист Мұхарбек Махамбет жарылыс кезінде иен далаға ұшып барып, жарылмай қалған снарядтар тұрғындардың өміріне қауіпті деп санайды.

- Қоймадағы снарядтар 10-20 километрге ұшып кетіп, жарылмай қалуы мүмкін. Олар жердің астына кіріп кетеді. Кейін қой бағып жүрген бала, адамдар кездесіп қалса, қиын болады. Адамдар мыс пен метал іздейміз деп жүріп, снарядтарға тап келуі де мүмкін, - дейді ол.

Ал беларусьтік сарапшы Александр Алесиннің пайымдауынша, Қазақстан Совет одағынан қалған қаруды әскери жаттығуларда қолданып тастауы керек еді.

Әскери сарапшы Александр Алесин.
Әскери сарапшы Александр Алесин.

- Көп жағдайда [ескі қару-жарақтың] сақтау мерзімі өтіп кетеді. Ашық аспан астында сақталады. Оларды жою керек. Бірақ ол үшін де көп қаражат пен арнайы техника қажет. Оларды ашық аспан астында ұзақ сақтауға болмайды. Сондықтан оқу-жаттығу кезінде атып, тауысу қажет еді немесе жойып жіберу керек еді, - дейді ол.

Арыс қаласында бұған дейін бірнеше рет жарылыс болған. 2015 жылы қарашада қаладағы полигон аумағындағы жарылыстан бір адам мерт болған еді. Ресми ақпарат бойынша, жарылыс әскери оқ-дәрі мен өндіріс қалдықтарын жою кезінде болған.

2014 жылы Арыстағы "Қазақжарылысөнеркәсібі" акционерлік қоғамы аумағында болған жарылыс салдарынан екі адам қаза тапқан.

Он жыл бұрын, 2009 жылы наурызда Арыстағы қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған оқ-дәрі атылған. Ол оқиғадан төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. Ресми билік жарылысқа қоймадағы қарудың дұрыс сақталмауы және жарылғыш затпен дұрыс жұмыс істемеу себеп болды деп мәлімдеген.

Әскери қойма: Жарылысқа дейін/Жарылыстан кейін

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG