Ұятқа негізделген тәрбие. Патриархалды ортада феминизмге орын бар ма?

22 Қазан 2019
Бағдат АСЫЛБЕК

Қазақстанда әдетте феминизмді ірі және орта деңгейлі қалаларда тұратын орыс тілді әйелдермен байланыстырады. Патриархалды көзқарастағы консервативті ортада теңдік үшін күресуге мүмкіндік бар ма?

«СЕНДЕРДІҢ ОРЫНДАРЫҢ – АС ҮЙ!» МӨЛДІРДІҢ ХИКАЯСЫ

«Нағыз мұрагер» туып бермегені үшін анасын сөккен әке сөзі мен үйдегі ұрыс-керіс. Алматы облысындағы шағын қалада патриархалды отбасында туған төрт қыздың үлкені Мөлдір Албанның санасында балалық шағынан қалған ұмытылмайтын естелік - осы.

— Бала күнімнен бәріне, әсіресе ата-анама өзімнің ұл баладан артық екенімді дәлелдеуге тырыстым. Әкеме шаруашылықта көмектесіп, қой бағып, жер өңдедім, ағаш жарып, малға қарадым, - дейді өткенін еске алған Мөлдір.

Мөлдір Албан бала кезінен феминистік көзқарас ұстанатынын айтады.
Мөлдір Албан бала кезінен феминистік көзқарас ұстанатынын айтады.

Консервативті көзқарастағы ата-анасы қыздарына «Қазақ қызы шаруаға икемді, ұяң болуы керек. Денеге жабысып тұратын және қысқа киім кимегені, қатты күліп, көп сөйлемегені дұрыс» деп айтып отыратын. Оларға шашын қысқартып қиюға, боянуға рұқсат бермеген. «Қыз жаман ортада жүрмеуі керек, әйтпесе ұят болады» дегенді құлаққа құйып тәрбиелейді дейді Мөлдір.

18 жасында Мөлдірді жаңа жыл түні «жай әңгімелесуге» шақырған сыныптасы зорлаған. Мөлдір көлік ішінде болған сұмдықты он бес жылдан бері ұмыта алмай келеді. Ата-аналары жақсы араласқан соң, сыныптасына сенген Мөлдір одан еш жамандық күтпегенін айтады.

— Үйге келгенде зорға жүрдім, тұла бойым дірілдеп, әлім құрыды. Анам түнгі ауысымда жұмыста еді, ал сол күні таңертеңнен бұрынғы бастығымен ішімдік ішкен әкем ештеңе байқаған жоқ. Жарты жылға дейін есеңгіреп жүрдім. Бірдеңе сұраса робот сияқты қысқа жауап қайыратынмын. Айнаға қараудан қорқып, жаман түс көріп, шошып оянатын болдым. Қатты жүдеп кеттім. Мені басқан үрей ішімнен жегідей жеген қайғының жанайғайы еді, - дейді Мөлдір.

Жас қыз болған жағдайды туыстарына айтпаған. Әкесі білсе, ол жігіттің сазайын беріп, түрмеге түсер деп қорыққан. Мөлдір басынан өткенді айтса, ата-анасы өзін зорлаған әлгі адамға тұрмысқа беруі мүмкін деп те қауіптенген. Аяқ астынан денесі құрысып қалатынды шығарған. Ол соның барлығына үндемей төзуге бел буған.

— Мені бұл күйден құрбым алып шықты. Ол мені алдына отырғызып, «не болғанын айтпайынша жібермеймін» деді. Түні бойы бір-бірімізді құшақтап, жыладық. Құрбым ауыр жағдайдан шығуыма көмектесті, - дейді Мөлдір. Ол зорлық жасаған жігіттің тағдырынан бейхабар. Бірақ әлгі жігіттің үйленіп, балалы болғанын, намаз оқып жүргенін естігенін айтады.

Мектеп бітірген соң Мөлдір әскери саланы таңдапты. Шекара қызметінде радист болып істеген. Жұмыста да жынысына бола дискриминацияға ұшырап, өзімен бірге қызмет атқаратын жігіттерден кем емес екенін тағы да дәлелдеуіне тура келген.

— Бастықтарымның бірі маған: «Жыл сайын әйелдер үшін әскери қызметті ауырлатамыз, соған қарамастан әскерге келетін әйел саны азаяр емес. Мұнда не іздеп келдіңдер? Сендердің орындарың - ас үй!» деді. Мен әйел болғаным үшін жеңілдік алуға тырысқан жоқпын, керісінше, бәріне «бұл менің де қолымнан келеді» дегенді дәлелдеумен болдым. Жаттығу кезінде заттарым салынған қап пен автоматымды өзім көтеріп жүрдім. Қоян-қолтық ұрыс, жаяу жорықтар мен басқа да әскери тапсырмаларды қиналмай орындайтынмын. Қоян-қолтық ұрыс жаттығуларында ерлермен жекпе-жекке шығатынмын, - дейді Мөлдір.

Мөлдір жыныстық бопсалау кесірінен әскери қызметтен кеткенін айтады. «Әскери салада, жалпы кез келген басқа салада жоғары шенді шенеунік сені қорқытып, уәде беріп немесе қудалап, өз меншігіне айналдырғысы келетіні қалыпты құбылысқа айналған сияқты. Қызметтен кетіп, бұл әділетсіздікке қарсы тек өз қаламда емес, бүкіл ел аумағында күресемін деп шештім» дейді ол.

Мөлдір Албан «қазақы ортадан» шыққан қыздарға көмектесуді маңызды санайды.
Мөлдір Албан «қазақы ортадан» шыққан қыздарға көмектесуді маңызды санайды.

— Адам құқықтары мен жеке басқа қол сұғуға болмайтынын айтып, ағартушылық жұмыстарын жүргізу керек. Жыныстық қатынас тақырыбында әңгімелесу де маңызды. Әйелдерге әркімнің таңдау құқығы мен еркіндігі барын, әсіресе әйелдер ерлерге қызмет көрсетуге, ойыншығы болуға міндетті емес екенін айтып түсіндіру керек. Бізде әдетте қыздарды қалай тәрбиелейді? «Сен үйге қонақсың! Сенің үйің күйеуің мен оның туыстарының жанында!» дейді. Ата-анасы мен қыз өзіне осылай қараған соң, ер азаматтар оларға ойына келгенін істейді, - дейді Мөлдір.

Мөлдір Албан қыздарға өзін қалай қорғау керегін айтып жүріп, бала күнінен әйелдерге жасалған әділетсіздікке куә болған кезде мәселеге феминистік көзқараспен қарап келгенін түсінген.

«АЯҒЫҢ КӨРДЕН ШЫҒЫП ЖАТАДЫ». ЖӘМИЛАНЫҢ ӘҢГІМЕСІ

28 жастағы Жәмила Қасымхан негізінен бір ұлттың өкілдері тұратын, консервативті көзқарас берік қалыптасқан деп саналатын Қызылорда облысында туған. Әкесіз өскен Жәмиланың басшы қызметте істейтін анасы отбасын жалғыз өзі асырап, інілеріне де көмектескен. Жәмила анасына еліктеп, өз күшіне сеніп өсуге тырысқан. Бірақ үнемі патриархалды ортаның қысымына ұшырап отырған. Әжесінің «Әйел ер азаматтың жолын кессе, жақсылық болмайды» деген сөзді құлағына құйып отырғанын, басқа да шектеулер көп болғанын айтады. Мәселен, Жәмилаға «Әйел күйеуіне сәт сапар тілесе, ері жамандыққа ұшырайды, ерін теппекші болып аяғын көтерген әйелдің кейін «көрден аяғы шығып жатады» деп түсіндірген.

Жәмила Қасымхан отбасында әлімжеттік көргендерді қолдау акциясын өткізіп тұр.
Жәмила Қасымхан отбасында әлімжеттік көргендерді қолдау акциясын өткізіп тұр.

— Мен ол кезде таэквондоға қатысатынмын. Әжеме «Онда барлық таэквондошы қыздардың аяғы көрден шығып жататын шығар» дедім. Уақыт өте келе әйелдерді тек жамандықпен байланыстырады деген ой келді, - дейді Жәмила.

Жәмила Атыраудың жігітіне тұрмысқа шыққан. Күйеуінің отбасы консервативті көзқараста еді. Жас келіннің джинсы киіп жүргенін күйеуінің әпкесі сөлекет көріп, бүкіл туыстардың алдында ұрысқан.

— Күйеуім үнемі жанжал шығаратын. Бала күнімнен «күйеуіңнен төмен болу керек, оның айтқанын тыңдау керек» деген ақыл естіп өсуім осындай адамға тұрмысқа шығуыма әсер етті деп ойлаймын. Күйеуім ұрып-соқса да үндемей жүре бердім. Өйткені қазақ салты бойынша [ата-ананың үйіне] қайтып келу масқара деп ойладым, - дейді Жәмила.

Бірде отбасындағы кезекті жанжал кезінде күйеуі ата-анасы мен Жәмиланы пышақтап, жаралаған соң келіншек полицияға арыз жазған. Полиция күйеуі айыппұл төлеп немесе әкімшілік жаза алып, босап шығатынын айтқан. Арызын қайтып алған Жәмила күйеуінен кетуді ұйғарады. Ұлымен бірге Қызылордаға қайтқан әйел басынан өткен зорлық-зомбылықтан кейін ешкімге өзін ренжітуге жол бермеуге бел байлаған.

— Бірде полиция қызметкері дөрекі түрде «Әй, сен қатын, сабаңа түс!» деді. Мен Конституцияның 14-бабына сәйкес ешкімнің өзгелерді жыныстық сипатына бола кемсітуге құқығы жоғын айтып, оған дәріс оқыдым, - дейді ол.

Феминист Жәмила Қасымхан Қызылорда облысында тұрады. Бұл өңірде консервативті салт-дәстүр берік қалыптасқан.
Феминист Жәмила Қасымхан Қызылорда облысында тұрады. Бұл өңірде консервативті салт-дәстүр берік қалыптасқан.

Ажырасқаннан кейін Жәмила әйелдерді кемсітіп, қорлау оқиғаларын ауыр қабылдайтын болған. Алматылық феминистермен танысып, олардың теңдік үшін күресіне қолдау білдіріп жүр.

— Жейдемізге «Етеккірге былғану ұят емес» деп жазып алып, [Қызылордадағы] орталық алаңға шықтық. Алаңда адам аз болды. Қазақ тіліндегі «етеккір» сөзі етекке әлдебір кір жұққан деген мағына береді. Бәріне етеккір деген кір емес, ай сайын әйел ағзасында болатын физиологиялық процесс екенін жеткізгім келді, - дейді Жәмила.

Қызылордада етеккір тақырыбына өткен акцияға қатысушы.
Қызылордада етеккір тақырыбына өткен акцияға қатысушы.

Жәмила күзет агенттігінде жұмыс істейді. Ұжымда ерлер көп.

— Мен келгенге дейін қыздар түскі астан соң ерлердің ыдыстарын жинап, жуады екен. Бұл жағдай қалыпты саналып келген. Бірінші күні-ақ әркім өз ыдысын өзі жуып, тамақ ішкен жерін жинап кетуі керегін ескерттім. Содан бері мен ауысымға түскенде бәрі солай жасайды, - дейді Жәмила.

ПАССИВТІ ФЕМИНИЗМ?

Сүлеймен Демирел атындағы университеттің заң факультетінде аға оқытушы болып істейтін Әйгерім Құсайынқызы дискриминация мәселесін зерттеп, гендерлік экономика мен феминизм тақырыбына диссертация жазып жүр. Ол Қазақстандағы консервативті отбасылардың көбінде мәселе ашық талқыланбайтынын, «ұят болады» деген ұғым қалыптасқанын, отбасылардың қоғам мініне қалғысы келмейтінін айтады.

Сүлеймен Демирел атындағы университеттің заң факультетінің аға оқытушысы Әйгерім Құсайынқызы.
Сүлеймен Демирел атындағы университеттің заң факультетінің аға оқытушысы Әйгерім Құсайынқызы.

— Олар «ұят» дегенді алға тартып, ары қарай да төзіп жүре береді. Консервативті отбасындағы қыздардың тәрбиесі мен көзқарасы «ұят» дегенді жеңуге мүмкіндік бермейді. Мұндай отбасыларда қыздың таңдауына, оның өмірлік көзқарасына әсер етуге тырысып, ертерек тұрмысқа шығуға асықтырады. Ағалары өміріне араласып, оларды қатаң бақылауда ұстағысы келеді. Әкелері де сондай қаталдық танытады. Әжелері, кейде аналары жақсы келін болуды мақсат көреді, - дейді зерттеуші.

«Бақыт бастауы» қоғамдық бірлестігінің және «Ақжүніс-Ақтөбе» әйелдер қозғалысының жетекшісі, «Үш таған» журналының бас редакторы Бақыт Жаншаева феминизмді әйелдерді табиғатынан алыстататын қате ағымға жатқызады. Ол «орнын білмей, теңдікке ұмтылған әйелдер отбасын бұзатынын», ал Қазақстанда әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталатынын айтады.

«Үш таған» журналының бас редакторы, «Ақжүніс-Ақтөбе» әйелдер қозғалысының жетекшісі Бақыт Жаншаева.
«Үш таған» журналының бас редакторы, «Ақжүніс-Ақтөбе» әйелдер қозғалысының жетекшісі Бақыт Жаншаева.

— Қазіргі әйелдер саясатпен, бизнеспен, тіпті ауыр жұмыспен айналысып, қоғам өміріне белсенді араласады. Бұл жақсы. Бірақ біз отбасын құрмайтын және өздерін ерлерден кем көрмейтін, мансап қуған әйелдерді де көріп жүрміз. Өздерінің мықты екенін дәлелдеуге тыраштану әйелдердің өздеріне ғана емес, бүкіл қоғамға зиян келтіре ме деп қорқам. Өмірге бала әкелуге мүмкіндік беретін репродуктивті кезең онсызда шектеулі. Сондықтан әйелдер тұрмысқа шығып, бала туып, тәрбиелеуі үшін жағдай жасау керек, - дейді ол.

Зерттеуші Әйгерім Құсайынқызы әр әйел туыстары мен қоғамның шектеуінен жасқанбай, жеке өз таңдауын жасауға құқылы екенін айтады.

— Қыздар өздерін және құқықтарын қорғаудан қорықпауы керек. Қазақ тілді қыздар теңдікке ұмтылу керегін түсінгенімен, бұл туралы айналасындағы дәстүрлі көзқарастағы адамдарға айтуға қысылып, қаймығады. Күлкіге қалудан, сынға ұшыраудан қорқады. Сондықтан қазір пассивті феминизмді ұстанатындарды жиі байқаймын, - дейді Әйгерім Құсайынқызы.

Алматыда рұқсат берілген фем-митинг қалай өтті?

ГЕНДЕРЛІК АЛШАҚТЫҚ ИНДЕКСІНДЕ 60-ОРЫН

Зерттеуші Әйгерім Құсайынқызы келтірген деректерге сәйкес, Қазақстан ТМД елдері арасында әйелдерге жұмыс істеуге тыйым салынған мамандықтар саны бойынша көш бастап тұр (тізімде 287 мамандық бар). Бірақ саясат пен экономикаға араласып жүрген әйел саны кем. Дүниежүзілік экономикалық форумның гендерлік алшақтық индексінде Қазақстан 12 жылда (2006-2018 жылдары) 32-орыннан 60-орынға дейін түскен. Осы жылдар ішінде Қазақстан әйелдердің экономикаға араласу көрсеткіші бойынша 16-орыннан 32-орынға сырғыса, саясатқа қатысу көрсеткіші бойынша 69-орыннан 94-орынға құлдыраған.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда бірде-бір облыс немесе республикалық маңызы бар қаланың әкімі қызметіне әйел адам тағайындалмаған. Қазіргі үкімет құрамында жалғыз әйел министр бар.

Ақтоты Райымқұлова, мәдениет және спорт министрі. primeminister.kz сайтындағы сурет.
Ақтоты Райымқұлова, мәдениет және спорт министрі. primeminister.kz сайтындағы сурет.

«БҰҰ – әйелдер» құрылымы Қазақстанда жұмыспен қамту, қызмет мансабының өсу мүмкіндігі және еңбекақы төлемі жағынан гендерлік теңсіздік барын айтады. «БҰҰ – әйелдер» құрылымының қолдауымен Орталық Азияда алғаш рет өткізілген зерттеу қорытындысы 17-75 жас аралығындағы әйелдердің 17 пайызы әлімжеттік немесе зорлық көргенін, ал 21 пайызы психологиялық қысымға ұшырағанын көрсеткен.

Шағын қаладан Алматыға қоныс аударған Мөлдір Албан қазір әйелдер мен балаларды отбасындағы әлімжеттік пен зорлықтан қорғау тақырыбына блог жазады.

Мөлдір Албан, феминист.
Мөлдір Албан, феминист.

Мөлдір жас күнінде басынан өткен зорлық жайлы жақында көпшілікке баяндаған. Бұл оқиғаны естіген анасы қызын «өлдіге» балап, одан сырт айналды. Мөлдір әлеуметтік желіде ерте ме, кеш пе оқиды деген үмітпен анасына жазған ашық хатын жариялады. Жарты жылдан кейін анасы мен қызының қарым-қатынасы қайта түзелген. Мөлдір өзінің хатын анасының оқыған, оқымағанын білмейді. Оқыған болар деп ойлайды. Әкесі зорлық туралы ертерек білген: Мөлдір оған әлгі оқиғадан біраз уақыт өткенде ес жиғаннан кейін айтқан. Әкесі қызының сөзін үнсіз қабылдаған.

Қызылордалық Жәмила Қасымхан айналасындағы қыздарға өз-өзіне сенімді болуға және құқықтарын қорғай білуге көмектеседі. Жәмила өзін көлігімен басып кете жаздаған жүргізушіден таяқ жеген құрбысына қолдау көрсетті. Олар ұзаққа созылған істі сотқа жеткізіп, жүргізушінің кінәсін дәлелдей алды. «Зорлықтан жапа шеккендерді қорғау үшін білім мен тәжірибе жинап жатырмыз» дейді Жәмила.