Accessibility links

"Қажыгелдин ісі" және билік транзиті


Әкежан Қажыгелдин 1997 жылы премьер-министрліктен кеткен соң, оппозицияға ауысқан. Бірақ 1998 жылы Қазақстаннан шетелге кетіп қалған. 2001 жылы Қазақстан соты Қажыгелдинді «билікті асыра пайдаланып, аса ірі мөлшерде пара алды, заңсыз қару сатып алды, оны сақтады, салық төлеуден жалтарды» деп айыптап, 10 жылға сырттай соттаған.

Ол Қазақстанның қазіргі билігін, Нұрсұлтан Назарбаевты жиі сынайды. Қазақстанды отыз жыл басқарған Назарбаев биыл наурызда күтпеген жерден президент өкілетін тоқтатқан. Бірақ ол Қауіпсіздік кеңесінің мәңгілік төрағасы, биліктегі «Нұр Отан» партиясының лидері болып, билікте қалған. Назарбаев таңдаған кандидат, бұрынғы сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев президент болып келген. Ал сенат спикері болып, Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева тағайындалған. Назарбаев президенттіктен кетіп, орнына Тоқаевты қойғаны, Дариға Назарбаева сенат спикері болып тағайындалғаны елде наразылықты күшейтті.

Елде наурызда, мамырда, маусымда өткен билікке қарсы митингілерде полиция мыңдаған адамды ұстап, сот жүздеген адамды жазалаған. Соңғы уақытта Қазақстанда билікке талап қойған пикет, акциялар жиіледі. Тамызда Қазақстанның бірнеше қаласында «саяси тұтқындарды» босатуды талап еткен наразылық шаралары болды. Ал қыркүйектің басында Жаңаөзенде бірнеше күн «Қытайдың Қазақстандағы жобаларына» қарсы наразылық шарасы болды. 3-5 қыркүйекте Қазақстанның бірнеше қаласында жаңаөзендіктерді қолдаған акция өтті.

XS
SM
MD
LG