Accessibility links

Сот үкіміне наразылар Назарбаев кеңсесіне барды


Сот үкіміне наразы азаматтар белсенді Санавар Закированы босатуды талап етіп, өтініш жазып жатыр. Нұр-Сұлтан, 10 шілде 2019 жыл.
Сот үкіміне наразы азаматтар белсенді Санавар Закированы босатуды талап етіп, өтініш жазып жатыр. Нұр-Сұлтан, 10 шілде 2019 жыл.

Президент әкімшілігінен жауап ала алмаған бір топ азамат наразылықтың екінші күні Нұрсұлтан Назарбаев кеңсесіне барды. "Әділетсіз сот үкімдерінің" күшін жоюды талап еткен наразы топ жоғарғы сот төрағасының отставкасы жайлы айтты.

Шілденің 10-ы күні отызға жуық азамат Нұр-Сұлтандағы "Нұр Отан" партиясының жетекшісі және Қауіпсіздік кеңесі төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев кеңсесі алдына барып, Назарбаевтың шығуын талап етті. Қазақстанның түрлі өңірінен келген "заңсыз сот үкіміне" наразы топтағы азаматтардың әрқайсысы кеңсе алдында "өздері кездескен заңсыздықтарды" айтып, тауыса алмай жатты.

"Конституциялық құқығымыз сақталмай жатыр", "әділетсіз сот үкімдері мен шешімдерінің күші жойылсын" деген наразылар жоғары сот төрағасы Жақып Асановтың отставкаға кетуін де талап етті.

Сот үкіміне наразылар Назарбаевтың шығуын талап етті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:18 0:00

Семейден келгенін айтқан өзін Қайрат Жәбіханов деп таныстырған азамат құқық қорғау органдарынан үйін қайтаруды талап еткен Екібастұздағы інісінің психиатриялық ауруханадан бір-ақ шыққанын айтып, оның еш кінәсіз ауруханада жатқанын айтты.

- Көктемде келіп, ақырғы сөзін айтып кеткен еді. "Менде басқа амал қалған жоқ, өзімді-өзім жағам" деп. Сол үшін оны 15 күнге заңсыз қамап тастады. Одан босап шығып, осында келіп, прокуратураға мәселесін жеткізген. Қала әкімі "үй береміз, ақша береміз, бизнесіңді істей бер" деп уәде берген. Ол өз үйімді қайтарыңдар деп талап еткен соң сол үшін келісе алмай, ақыры оны психиатриялық ауруханаға жіберді. Жағдайы не болып жатқанын білмеймін. Келінім ракпен ауырады. Бес жыл болды, үйсіз қаңғырып жүр. Назарбаевқа келіп тұрғанымыз - ол гарант. Назарбаев неге осындай заңсыздықтарды көрмейді? - деді ашынған азамат.

Азаттық оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратты:

Ақмола облысы Сандықты ауданынан келген Мадина Дүйсембаева есімді азамат 7-8 ай бұрын шығарылған "дәлелсіз, негізсіз сот шешіміне" шағымданды.

- Менің талап-арызымда бес-алты дәлел болды. Соның бірде біреуіне сот заң бойынша дұрыс, ақылға қонымды жауап берген жоқ. Ақпан айында апелляцияға бердім. Сот шешімі өзгеріссіз қалды. Менің "тексеріңіздерші" деп шырылдаған жан айқайым, өтінішімнің ешқайсысы тексерілген жоқ. Апелляцияда тіпті сөйлеткен де жоқ. Бір минутқа таяу сөйледім, сөйлемедім бе, "Болды, бәрін қарастырып жатырмыз" деп сөзімді аяқтатқан жоқ. Мәселе сол күйінше қалды, - деді Мадина Дүйсембаева.

Білім және ғылым министрлігінде 37 жылдай жұмыс істегенін айтқан Павлодар тұрғыны Сәуле Зәкенқызы "заңсыз екі сот шешіміне" байланысты астанаға келіп отырғанын, "құқықтық бассыздықтан" мезі болғанын айтты. Наразылар арасында ұзақ жылдар бойы Алматы полициясының үстінен шағымданып жүрген алматылық зейнеткер Райса Дүйсенбаева да болды.

Оқиғаны полиция қызметкерлері бақылап тұрды. Оқиға орнында бірнеше полиция автобусы тоқтап тұрды.

Назарбаев кеңсесі маңын бақылап жүрген полиция қызметкерлері. Нұр-Сұлтан, 10 шілде 2019 жыл.
Назарбаев кеңсесі маңын бақылап жүрген полиция қызметкерлері. Нұр-Сұлтан, 10 шілде 2019 жыл.

Наразылар бүгінгі шараны ұйымдастырушы алматылық белсенді Санавар Закированың сәрсенбі күні "Назарбаев кеңсесіне бара жатқан жерінен ұсталуына" да наразылық білдірді. Олар кеңсе алдында "Санавар Закирова" деп айғайлап, белсендіні босатуды талап етті.

Бірақ сол жерде жүрген Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Сабыр Жүсіпбеков азаматтарға "бізде ол туралы ақпарат жоқ, оның қайда екенін білмейміз. Біз оны ұстаған жоқпыз. Егер жоғалып кетсе, полицияға жоғалып кеткені туралы арыз жазыңыздар, қараймыз" деді. Закированың телефоны түскі сағат 13:00 шамасында өшіп тұрды.

Президент әкімшілігі алдына жиналған топ арасында тұрған белсенді Санавар Закирова. Нұр-Сұлтан, 9 шілде, 2019 жыл.
Президент әкімшілігі алдына жиналған топ арасында тұрған белсенді Санавар Закирова. Нұр-Сұлтан, 9 шілде, 2019 жыл.

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі де Азаттық тілшісіне Закированың ұсталуы жайлы білмейтінін айтты.

Шамамен жарты сағаттан соң наразылар алдына Назарбаев кеңсесіндегі ұйымдастыру бөлімі жетекшісінің орынбасары Базаралы Бақтыгереев шығып, "арыздарыңызды жазбаша қалдырыңыздар" деген өтініш айтты.

- Біз қазір барлық өтініштерді қабылдап аламыз. Өтініштер заңдық тұрғыда қаралып, арнайы органдарға жолданады. Қабылданғаны жөнінде талон береміз. Талонда телефон нөмірі жазылады. Сол телефонға ертең хабарласып білсеңіздер болады. Өтініштер жеке-жеке қаралады. Бәрін бірден қарауға бізде мүмкіндік жоқ. Нәтижесін хабарлаймыз, - деді Бақтыгереев.

Дегенмен кейбір тұрғындар бұған дейін де жергілікті биліктің дәл осылай жауап бергенін, мәселелері сол күйі шешілмегенін айтып, кеңсе өкілінің сөзіне сенімсіздік білдірді. Кейбірі талаптары орындалмайынша осы жерден қалатынын айтты.

Назарбаев кеңсесіне түс кезінде барған прокуратура өкілдері жиналғандарға Закированың жоғалуына байланысты полиция бөлімшесіне барып, арыз жазуды ұсынды. Осылайша жұртты таратуға тырысты. Бірақ жұрт мұнымен келіспей, Закированы сол жерде күтетінін айтты.

Сот үкіміне наразы азаматтардың билік органдарына қатарынан шағымданып жатқанына екі күн болды. Шілденің 9-ы күні Қазақстан астанасында ондаған адам президент әкімшілігінің алдына жиналып, өздеріне немесе туыстарына шыққан сот үкімдеріне наразылық білдірген еді. Олар президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуді талап еткен.

Наразы топ бұған дейін де президент Тоқаевпен кездесуді талап етіп, Ақорда алдына жиналған. Маусымның 4-і күні Нұр-Сұлтанда "Нұр Отан" партиясының орталық ғимараты алдына жиналған топ "әділетсіз сот жүйесіне" наразылық білдіріп, мәселелерін шешетін арнайы комиссия құруды сұраған. Кейбірі партияның ғимаратында қонып қалған еді. Ол кезде Тоқаевтың басқа өңірде жүргені хабарланып, наразылармен "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев кездескен, мәселелерін қарау үшін арнайы комиссия құрылады деп уәде еткен.

Елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев биыл 19 наурызда өзінің президенттіктен кететінін жариялаған. Алайда ол "Нұр Отан" партиясының жетекшісі және Қауіпсіздік кеңесі төрағасы болып қала беретінін мәлімдеген. Қазақстанның бірінші президентінің мәртебесі мен өкілеті Конституцияға енгізілген. Былтыр шілденің 12-сінен бастап Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқаратын артықшылыққа ие болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG