Азаттық радиосы

"Өзі аз ақшаны қалай үнемдейсің?" Тұрмысы төмен отбасылар мектепке қалай дайындалып жатыр?

Жаңагүл ЖҮРСІН, Айя РЕНО

27 тамыз, 2021

Қазақстанда жаңа оқу жылы басталуға жақын. Пандемияға байланысты зум-конференциядан дәріс тыңдап, тапсырмасын телефонда орындап, онлайн оқыған оқушылар ұзақ үзілістен кейін мектепке оралады. Қашықтан оқудың машақатын көрген балалар да қалыпты оқу процесін асыға күтіп жүр. Бірақ ата-аналар, әсіресе, тұрмысы төмен отбасылар жаңа оқу жылы қарсаңында балаларына киім-кешек пен оқу құралдарын алу қиынға соғып отырғанын айтады.

Пандемияға дейін Қазақстандағы әр 10 оқушының алтауы функционалдық тұрғыдан (қоршаған ортаға бейімделу, қарым-қатынас құрып, өзінше әрекет ету қабілеті) сауатсыз болған. Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Жан-Франсуа Мартоның пікірінше, коронавирус пандемиясынан кейін бұл мәселе одан әрі ушығып, болашақта тұтас бір буынның өз әлеуетін пайдалануына кедергі келтіруі мүмкін. Дүниежүзілік банк сарапшылары "пандемияның кесірі мен шығыны аз қамтылған, балалардың білім алуына жағдай жасалмаған, кедей отбасыларға ауыр соққы болып тиеді, осының бәрі болашақта әлеуметтік теңсіздіктің артуына әкеліп соғады" деп болжайды.

Биыл Қазақстанда балаларды мектепке дайындау науқаны азық-түлік ғана емес, киім-кешек пен өзге де тауарлар қымбаттаған кезге тұспа-тұс келіп отыр. Тамызда өткен үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы елдегі инфляция кейінгі төрт жылдағы рекордты көрсеткішке жетіп, "тұрақты сипатқа" ие бола бастағанын айтты. Шілде айында инфляция 8,4 пайызға жеткен. Бұл – 2017 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Үкімет инфляцияның өсуін "ұзақ уақыт пайдаланылатын тауарлар мен жанар-жағармайдың қымбаттауымен" байланыстырады. Сарапшылар Қазақстандағы шынайы инфляция мөлшері ресми көрсеткіштен әлдеқайда жоғары деп есептейді.

Дүниежүзілік банк дерегінше, елдегі кедейлік деңгейі дағдарысқа дейінгі 2016 жылмен салыстырғанда кем дегенде екі есе өсіп, 12–14 пайызға жетуі мүмкін. Қазір осы құрған статистикаға енген мыңдаған отбасы балаларын жаңа оқу жылына дайындауға тырысып жатыр. Азаттық жаңа оқу жылының қарсаңында әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

"БАЛАЛАР АШ ҚАЛА МА ДЕП ҚОРҚАМЫН"

Наталья Кожевникова төрт баласымен бірге Оралдың "жұмысшы ауыл" деп аталатын шағын ауданындағы ескі барак үйде тұрады. Ол тұрмысы төмен отбасында туған. Төрт жасынан кедейшілікте күнелткен, тоғыз жасында мектепке барып, жетінші сыныптан кейін оқуын тастап кеткен. Қазір Наталья жұмыс істемейді. Жақында ай сайын берілетін атаулы әлеуметтік көмек те (28 мың теңге) тоқтаған. Наталья жәрдемақыға қайта ілігу үшін жұмысқа тұруы керек. Қазір жалғызілікті ананың отбасында биыл екінші сыныпқа баратын жеті жастағы Саша ғана мектепке жартылай дайын. Одан бөлек, былтыр өнер колледжіне оқуға түскен 16 жастағы Надежда мен 9-сынып оқушысы 14 жастағы Викторияның да керек-жарағын алу керек.

Наталья, 35 жаста

Биыл бірінші рет балаларды киіндіруге ақша таба алмай қалдым. Бұрын ешқашан мұндай жағдай болған емес. Атаулы әлеуметтік көмек тоқтайтынын білмедім, бұл туралы ешкім ескерткен жоқ. Жай ғана "келесі айдан бастап ақша берілмейді" деді. Өйткені кішкентай қызым үш жасқа толды, оны балабақшаға беріп, жұмысқа шығуға болады. Бірақ әзірге жұмыс іздеген жоқпын. Тұрақты жұмыстан үміт аз, бұрын сатушы болып істеп, күніне мың теңге табатынмын. Екі күн қатарынан үйде болмай, бәрін балаларға қалдырып кететінмін. Жұмыстан келсем, үйдің астаң-кестеңі шығып жататын.

Бес баланың анасы Наталья Кожевникова нан илеп жатыр.

Былтыр жеңілдеу болды, әлеуметтік төлемдердің бәрін алып тұрған кезде мектепке кететін шығындар қалтамызға ауырлық түсіре қоймады. Оның үстіне, бізге еріктілер көмектесіп тұрады, әсіресе, киім-кешек береді. Мектепке баратын уақытта үнемі қолдау көрсетеді. Жақында "складқа" (еріктілер қала тұрғындары әкелген киімдерді тегін тарататын орынды айтады – Ред.) барып қайттым, бірақ балаларға алуға жарайтын ештеңе таппадым.

Былтыр қыздар қашықтан оқыды, сондықтан мектепке киім, оқу құралдарын алмадық. Мектептен дәптер, қаламсап, қарындаштар мен қалам салғыш береді. Бірақ бұл оқу жылына жетпейді, өзіміз де қосымша сатып аламыз. Мысалы, Саша былтыр қалам салғышын үш рет жоғалтты. Тиын-тебен тұратын зат болғанымен, оның ішін толтыру үшін бәрін қайта сатып алу керек.

Тамыздың басында алған жәрдемақыны түгелдей азық-түлікке жұмсадым. Балам екеуіміз базарға барып, бір қап шекер, бір қап күріш, макарон, пияз, картоп пен шай сатып алдық. Үнемі азық-түлікті молынан алуға тырысамын, өйткені балалар аш қала ма деп қорқамын. Базарға 50 мың теңгемен барып едім, бір тиын да қалмады.

Саша анасының туған күніне алып берген рюкзагын ұстап тұр, Орал, 13 тамыз 2021 жыл.

Әзірге мектепке Саша ғана дайын, оның өзі заттарын түгел алған жоқ. Танысымнан қарыз сұрап, балама ең қажет деген киімдер: жейде, шалбар, спорттық киім, екі футболка әпердім. Әлі туфли мен кроссовка алу керек… Іш киім, майка сияқты ұсақ-түйекті есептеп отырған жоқпын. Қарыз алатын адам табылғаны жақсы болды, біртіндеп құтылармын, танысым да асықтырып жатқан жоқ. Осы киімдерді алуға 20 мың теңгем кетті. Әлі туфли алу керек, оған да төрт мың теңгедей ақша қажет.

Тамыздың басында Сашаның туған күні болды, ол өзіне қос дөңгелекті самокат сыйлауды сұрады. Уәде беріп, ақша жинап қойдым. Базардағы балалар бөліміне кірдік. Самокат бағасы 18-20 мың теңге екен. Балам "мама, керек емес" деді. Оның орнына ұнатқан сөмкесін әперуді өтінді. Төрт мың теңгеге алып бердім. Саша сөмкесін достарына көрсетіп, мақтанып та үлгерді.

Вика мектеп формасына қарсы, "ұнамайды" дейді. Ал мен мектепке формамен бару керек деп есептеймін. Біз мектепте оқыған кезде бірыңғай форма жоқ еді, әркім тапқанын киіп келетін. Сондықтан кімнің бай, кімнің кедей отбасынан шыққаны бірден көзге түсетін. Осыдан балаларды ренжітіп, қорлау басталады. Балалар өте қатыгез келеді ғой.

Наталья Кожевникова үш жасар қызы Софиямен

Қысқы киімдер туралы әлі ойланған жоқпын, қазір мектепке жіберуге бір киіндіріп алсам деп отырмын. Кейін күн суыта бастағанда тағы көре жатармын.

1 қыркүйекке оқу құралдарын бермей қоя ма деп қорқамын. Онда қайтерімізді білмеймін. Бірақ әрине, жақсылықтан күдер үзбейміз ғой…

Виктория, 14 жаста, Надежданың қызы

Өткен оқу жылынан бір көйлек пен шалбар қалды ғой деймін. Бірақ оларды әлі киіп көрген жоқпын. Басқа киетін киімім жоқ.

Былтыр онлайн оқыдым. Өз телефонымды сындырып алып, інімнің телефонын пайдаландым. Мобильді интернет қосып алғанбыз, тарифі бәріне таратуға жарайды.

Қашықтан оқыған кезде сыныптастарымды көрмедім, ешкіммен араласа алмай қалдым деп ренжіген жоқпын. Бәрібір мектепте ешкіммен жақын араласа бермеймін. Бірақ қазір мектепке барып, мұғалімдерді, өзім араласатын сыныптастарымды көргім келіп жүр.

14 жастағы Вика үйінің ауласында тұр. Орал, 13 тамыз 2021 жыл.

Үйде сабақ басталатын уақытқа дейін оянып үлгермейтінмін. Кейде тіпті сабақ үстінде ұйықтап қалатынмын, бізде зум-конференциясы болмады, жай ғана онлайн платформаға кіріп, сабаққа келгенімізді белгілейтінбіз. Одан бөлек, тапсырма орындаймыз, бірақ үй тапсырмасын бермейтін, бәрін телефон арқылы жіберіп жүрдім.

Біраз уақыт мектепке барып оқыдым, өйткені сабақтан мәселелер көбейе бастадым. Біресе "сабаққа қатысып отырмын" деген белгі қойылмай қалады, біресе орындаған тапсырмаларымды жүктей алмай қаламын. Директордың орынбасарымен келісіп, мұғалімдерге сабаққа келіп жүргенімді көрсету үшін бос кабинетте отырып оқып жүрдім.

Мектепте оқыған жақсы, әрине. Ол жақта ұйықтап қалмайсың, мұғалімдер де ақпаратты жақсырақ жеткізеді, түсінбеген жеріңді сұрап алуға болады.

Қашықтан оқу оңай, бірақ былтыр мүлде білім алған жоқпыз. Онлайн оқудың пайдасы болмады. Қазір енді қалып қойған тақырыптардың қайталау керек.

"БІР ЖАЛАҚЫДАН – АЯҚ КИІМ, ЕКІНШІСІНЕН – ШАЛБАР НЕ ЖЕЙДЕ АЛАМЫЗ"

Нәбира Шаншарова – Ақтөбенің іргесіндегі "Ягодка" саяжай ұжымының тұрғыны. Ол кенже ұлы, келіні және төрт немересімен бірге тұрады. Нәбира үлкен ұлының балаларына да қарайды, олардың бірі – мүгедек сәби. Одан бөлек, үйде ауылда тұратын туыстарының балалары да жүр. Бұл отбасы биыл қыркүйекте бес баланы мектепке дайындауы керек.

Нәбира, 63 жаста

Үш баланың шешесі, үлкен келінім осыдан екі жыл бұрын босанып жатып, көз жұмды. Дәрігерлер ананы да, баланы да ажалдан арашалап қала алмады. Содан бері әр демалыс сайын немерелерім біздің үйде жүреді. Әкесі ертелі-кеш осыларға нан табудың қамымен жүр.

Қолымдағы кіші ұлдың төрт баласы бар. Менің алты немереммен бірге ойнап отырған екі ұл – ауылдық жерде тұратын туысымыздың балалары. Қайдан білсін, қаладағы өмір ертегі деп ойлайтын болса керек. Екеуін Ақтөбеге әкеп тастаған.

Нәбира Шаншарова немерелерінің бірімен далада жүр.

Пандемияның бір жақсы жері – балалар онлайн оқығанда киім-кешек алған жоқпыз. Немерелерім нағашылары әперген смартфондарын ұстап, үйде отырды.

Қыркүйекте бес немерем мектепке баруы керек. Ешқайсысына әлі бір тал қалам да алмадым. Әркімге жалданып жұмыс істеп жүрген екі ұлдың жалақысы несиелері мен балаларының ішіп-жемінен артылмайды. Кіші ұлдың айлық табысы – 60 мың теңге. Ол кімге жетсін?! Келінім бала күтімімен үйде отыр. Менің зейнетақым – 49 мың 500 теңге.

Біздің тұрмысымыздан хабардар көрші-көлем мен ағайын-туыс кейде балаларына сыймай қалған киімдерін әкеліп тастайды. Немерелерім оқып жүрген №71 мектептен түк қайыр жоқ. Мектеп мұқтаж отбасы ретінде көмектесуі үшін атаулы әлеуметтік көмек алуымыз керек екен. Ұлым алатын 60 мың теңге мен балаларға берілетін 40-50 мың теңге жәрдемақыны қосқанда отбасының табысы жеткілікті болып шығады. Сондықтан бізге атаулы әлеуметтік көмек бермейді.

Осы уақытқа дейін қалтамызға уыстап ақша салып барып, балаларды жаңа оқу жылына дайындаған кезіміз жоқ. Бір жалақыдан аяқ киім алсақ, екіншісінен азын-аулақ ақша бөліп не шалбар, не жейде аламыз. Біздің тірлік пандемияға дейін де осындай болған, қарғам. Соңғы екі жылда пандемия мен қымбатшылық қабаттасып тіпті қиындап кетті. Қолымызда барды мейлінше үнемдеуге тырысамыз ғой. Бірақ өзі аз ақшаны қалай үнемдейсің?!

"ЕШКІМ БАЛАСЫНЫҢ ҚАТАРЫНАН ҚАЛҒАНЫН ҚАЛАМАЙДЫ"

Жанар Әбуова бесінші баласына жүкті. Ол күйеуімен және төрт баласымен бірге Ақтөбе іргесіндегі "Актюбрентген" саяжай ұжымында тұрады. Жанар балаларды жаңа оқу жылына дайындаудың қиындығына қарамастан, екі ұлының мектепке баратын кезін асыға күтіп жүр. Көпбалалы ана "балалар онлайн оқыған кезде киім-кешек пен оқу құралдарын сатып алмай, ақша үнемдегенімізбен, мұндай оқудан еш пайда жоқ" деп есептейді.

Жанар Әбуова, 30 жаста

- Онлайн оқыған кезде балаларымның білім деңгейі нашарлап кетті. Тіпті нөл десем де болады. Мұғалім телефонмен жіберген тапсырманы түсіндіре алмай, түн ортасы ауғанша отыратынбыз. Қанша жерден түсіндірген болсаң да, мұғалімнің алдында отырғандай болмайды екен. Пандемияға дейін балаларым мектептен "бізде бүгін былай болды" деп қуанып келетін. Үйден шықпаған соң, зеріге бастады. Басында телефонға телміргенмен, кейін шаршап кетті.

Екі ұлым мүлдем сауатсыз болып қалар деп репетитор жалдап та көрдім. Ол ай сайын екеуіне 22 мың теңге алып жүрді. Мен – жұмыссызбын. Күйеуім жекеге жалданып, көлік жүргізеді. Ол да күн суытқанда тапсырыс болмай, үйде отырып қалды, сондықтан репетитордың ақысын төлей алмадық.

Балалар онлайн оқығанда киім-кешек алмай, ақшамызды үнемдеген болдық. Өйткен үнемі бар болсын! Одан да сабаққа барғаны жақсы. Мектеп жасындағы екі балама "Бізге сеніп жүре бермеңдер, білім алыңдар! Қазір әкелерің бесеумізді асырап отыр. Ертең ержеткенде сендер де отбасыларыңды асырауларың керек" деп қақсап отырамын.

Жанар Әбуованың ауласында ойнап отырған қыз бала.

Бір жұмадан соң бесінші сәбиіміз өмірге келуі керек. Айы-күнім толып отырған соң, әрі қаржының да реті келмей, балалардың оқу құралдарын алмадық. Пандемиядан бұрын балалар демалысқа шыға сала жаңа оқу жылына деп ақша жинайтынмын. Қай ата-ана баласының қатарынан кем болғанын қалайды дейсің? Оқу офлайн болса, биыл да бір амалын табармыз.

Күйеуім “ешкімнен ештеңе сұрама, өзіміз амалдармыз” дейді. Онлайн оқыған кезде үйге қамалғаны аздай, балаларымның ала жаздай ешқайда шықпағаны жаныма қатты батады.

Жылда осы тірлік. Алдымен саяжайдан үй салдық. Сосын "Сәл шыдай тұрыңдар, биыл үйге газ құбырын тартып алайық. Есесіне отын жармайсыңдар" дедік. Одан кейінгі жылы "Сәл шыдай тұрыңдар, биыл су кіргізіп алайық. Сонда су тасымайтын боласыңдар" дедік. Кейде балалар "біз де ел қатарлы паркке, аквапаркке барғымыз келеді" дейді. Баланың аты бала емес пе? "Ылғи алдайсыңдар" деп ренжиді. Кейде "бар болса, сендерден аяп отыр деймісіңдер?!" деп сөйлеп тастаймын. Ең бастысы, басымыз аман ғой, бір реті болар енді...

Айбар Ұбайхан, 10 жаста, Жанардың ұлы

Жаңа оқу жылына дайын емеспін. Мамам әлі інім екеумізге оқу құралдары мен мектеп формасын алған жоқ. Мен оқып жүрген №71мектеп былтыр інім екеумізге күртеше мен оқу құралдары салынған рюкзак берген еді. Биыл не беретінін білмеймін.

Мұғалімнің айтуынша, мектептен күртеше алған балаға спорт киімі немесе кроссовка берілмейді екен. Тек бірнәрсені таңдауың керек. Біз күртешені таңдадық.

Биыл бесінші сыныпқа барамын. Оқу онлайн болмаса екен деп тілеп жүрмін. Мектепке барғым келеді. Онлайн оқудан топас болып қалатын түрім бар. Былтыр математиканы түсінбей қатты қиналдым. Орыс тілі де қиынға соқты. Пандемияға дейін оқу үлгерімім орташа болды. Сонда да мектепке барып, бұрынғыдай сабақ оқығым келеді.

Айбар үйінің маңында ойнап жүр.

Пандемияға дейін аз уақыт мектебімізде таэквандо үйірмесі болды. Ұнатып барып жүргенмін. Онымен үйірме жабылып, ағайымыз қаланың орталығына қарай ауысып кетті.

Таэквандо мен қатысқан ең алғашқы үйірме еді. Орталықтан алыстау тұратындықтан, ешқашан үйірмелерге барған емеспін. Мүмкіндік болса, бокспен айналыссам деп армандаймын. Бірақ әкем үнемі жұмыста жүреді. Анам қарындастарыма қарап үйден шыға алмайды.

Пандемиядан бұрын сабаққа мектеп автобусымен барып жүрдік. Ол автобус жиі бұзылып қалатын. Кейде жанармайы болмайды, кейде қосалқы бөлшегі жоқ дейді. Мектеп автобусы бұзылса, трассаға шығып, №32 автобусты күтеміз. Мейлі! Мен мектепке жаяу баруға да дайынмын. Тек онлайн оқымасақ екен.