«Жын шығару». Қазақстандық трансгендер әйелдің өмірі

17 Мамыр 2020
Жанара Қаңтарбай

17 мамыр – гомофобия, трансфобия мен бифобияға қарсы күрес күні. Бұл күн 16 жылдан бері аталып келеді. 1990 жылы дәл осы күні гомосексуализмді халықаралық аурулар тізімінен алып тастаған. Атаулы датаға орай Азаттық бір жарым жылдан бері басқа әйелмен ресми некеде тұратын қазақстандық трансгендер әйелдің хикаясын жариялап отыр. Таныстары мен туыстарының алдында өздерін гетеросексуал жұп ретінде ұстайтын олар жақын уақытта каминг-аут жасағысы келмейді. Сондықтан мақалада олардың аты-жөні толықтай өзгертілді.

«ӨМІРІМ УАҚЫТША ТОҚТАП ҚАЛҒАНДАЙ»

Өзін Данагүл деп атайтын трансгендер әйел 23 жаста. Төлқұжаттағы есімі – Данияр. Ол Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазір әйелі Сәниямен бірге Алматыда тұрады. Данагүл мен Сәния лесбий, гей, бисексуалдар мен трансгендерлерге (ЛГБТ) арналған бейресми шарада танысқан. Екеуі де өздерін пансексуал санайды.

Фактілер мен терминдер

Қазақстанда гомосексуализм 1998 жылы заңдастырылған Қазақстанда біржынысты некеге рұқсат жоқ 2009 жылдан бері елде ота жасатып, жыныс өзгертуге болады

Пансексуал – адамды жынысына немесе жыныстық ерекшелігіне қарамай, яғни, еркекті де, әйелді де және ЛГБТ өкілдерін де ұнату.

Гендерлік даралық — адамның өзін қай жынысқа жатқызатыны туралы ішкі түсінігі. Гендерлік даралық адамның биологиялық жынысымен сәйкес келмеуі де мүмкін.

Жыныстық ориентация – өзімен жынысы бір немесе қарама-қарсы жыныстағы адамды я екеуін бірдей эмоционалды және сексуалды тұрғыдан ұнату.

«Басында дос ретінде араласып жүрдік. Ол бірінші кездесуде-ақ трансгендерлер туралы көп оқығанын айтты. Мен төлқұжаттағы атымды айтып, таныстым. Ол шын атымды сұрады. Басында «бір-біріміз үшін жаралдық» деген ой болған жоқ. Бұл қарым-қатынастан үлкен үміт күткен жоқпыз. Бар болғаны көңілді уақыт өткізуге тырыстық. Көп ұзамай бірге болу екеумізге де ұнайтынын, өмірге көзқарасымыз ұқсас екенін байқадық. Бірге тұра бастадық. Бір жылға жетпей, Сәния үйленуге ұсыныс жасады. Мен бірден келістім. Ресми некеге тұрдық. Ата-анамыз «туыстарға» арнап той жасады. Ол көйлек, мен костюм кидім» дейді Данагүл.

Данагүл мен Сәнияның таныстары және достары оларды гетеросексуал жұп деп ойлайды. Жас отбасының құпиясын ең жақын адамдары ғана біледі. Данагүл жақсы араласып жүрген достарына да сырын ашқысы келмейді.

«Оларға айтсам, араласпай қоятындарын білемін, сондықтан үндемей жүрмін» дейді ол.

Данагүл бала кезінде өзінен еш ерекшелік байқамаған. Сабырлы, тұйық бала болып өскен. Сурет салғанды, компьютер ойнағанды жақсы көрген. Ол трансгендер екенін білдірмеуге тырысатынын, сондықтан гендерлік ерекшелігіне байланысты зорлық көрмегенін айтады. Бірақ Данагүл өскенше әкесінен эмоционалды тұрғыдан зорлық көріп келгенін еске алды.

«Ол бәрін бақылауда ұстауға тырысатын, ештеңеге көңілі толмайтын, ерік-жігері аз тиран еді. Өмір бойы бүкіл ашуын отбасынан алып келді. Кез келген болмашы себепке бола бізге «қолдарыңнан ештеңе келмейді, түкке тұрғысыз адамсыңдар» деп, ауыр сөздер айтатын. Өзім ақша таба бастаған кезде бірден үйден кетіп қалдым» дейді ол.

Данагүл Сәниямен кездесерден бірнеше жыл бұрын анасына өзін іштей әйел сезінетінін айтқан.

«Анам гормондарға тест тапсырамыз деп алдап, мені бір ауданға апарды. Мен туралы әпкелеріме айтқанын, пастор әйелмен сөйлескенімді қалайтынын айтты (Данагүлдің жақындары христиан – Ред.). Әпкем де келді. Басында таңғалдым, бірақ сәлден кейін өзімді қолға алып, пастормен сөйлесейін деп шештім. Олар мені «Құдайға сен», «кешірім сұра» деп жылы сөзбен райымнан қайтаруға тырысты. Мен де сыпайы түрде қарсы дәйектер айта бастадым. Әйтеуір, олар мені мәжбүрлеп, күш қолданған жоқ. Бірақ сөйлесіп көрген соң, менен қайыр болмайтынын түсініп, «Құдайдан тілеуден басқа амал жоқ» деген шешімге келді. Олар «Құдайға жалбарынайық» деді. Мені де шақырды, бәріміз қол ұстасып отырдық. Осы кезде жын шығару рәсімі басталды. Ішімнен «Өмірімнің қызық болғаны соншалық, осындай рәсімге де қатысып көрдім» деп ойладым. Пастор әйел жынды қуып, айғайлап, ашуыма тиюге тырысты. Анам мен әпкем «әруақтар келгенін сездік» деді. Кейін бәрі бір-біріне алғыс айтып тарқасқан соң анам екеуміз қайттық» дейді Данагүл.

Данагүлдің айтуынша, қазір анасы мен әжесі жағдайды түсініп, «қабылдаған», бірақ әлі де оны Данияр деп атайды.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ ТУРАЛЫ

ЛГБТ белсендісі, Kok.team сайтының редакторы Данияр Сәбитовтің пікірінше, ЛГБТ қауымдастықтың Орталық Азиядағы жағдайына қарасақ, Қазақстандағы ахуал біржыныстыларды бірге болғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартатын Түркіменстан мен Өзбекстаннан немесе «патриархалды» Тәжікстаннан әлдеқайда жақсы. Бірақ Қазақстан ЛГБТ белсенділікті институционалды тұрғыдан қарайтын Қырғызстаннан кейін қалып отыр.

«[Қазақстанда] ірі қалаларда бастамашыл топтар мен қоғамдар бар. Ақпарат құралдары ЛГБТ тақырыбын нейтралды түрде жазып жүр. Бірақ Қазақстанда сыртқы белсенділік жоқ, бәрі виртуалды түрде жүзеге асады» дейді ол.

Сәбитов Қазақстанда ЛГБТ қауымдастыққа қарсы дискриминация мен ксенофобия бірнеше деңгейде жасалатынын айтады.

«Гомофобия мемлекеттік және тұрмыстық деңгейде жүреді. Мемлекеттік гомофобия биліктің үш тармағында да байқалады. Соттар мен парламент депутаттары ашық пікір айтады. Полиция гей клубтарға заңсыз рейдтер ұйымдастырады немесе жәбір көрген ЛГБТ өкілдерінен арыз қабылдамайды… Тұрмыстық гомофобия кезінде балағаттаудан бастап, зорлау мен өлтіруге дейін барады. Өкінішке қарай, тұрмыстық гомофобия мемлекеттік гомофобияға тәуелді. Адамдар билік өкілдерінің өзі ксенофобтар екенін байқаса өздерін қолына еркіндік тигендей сезінеді» дейді белсенді.

Сәбитов бұл ахуал өзгеретінін, қоғам ғаламдық тенденцияның әсерінен ақырындап ЛГБТ өкілдерін қабылдай бастағанын айтады.

«Қазақстан түбінде ЛГБТ френдли болады. Өйткені адамзат баласы азшылық топ өкілдерін қоғамға қосу туралы өркениетті шешім қабылдады» дейді ол.

Данагүл елдегі өзгерістерді күтіп отыра алмайды. Қазір ол Қазақстанда жеке басының қауіпсіздігін сексуалды ориентациясын жасыру арқылы ғана қамтамасыз ете алады. Қорықпай, ашық өмір сүру үшін елден кеткісі келеді.

«Трансфобия, сексизм бар. Ота жасатпай, құжаттағы жынысты өзгертуге болмайды. Адамдар біреудің өміріне араласқанды жақсы көреді. Құпияң ашылса, өміріңе қауіп төнеді. Бөтен біреу әйел сияқты өмір сүргім келетінін білсе, бұл жақта тыныш өмір сүре алмаймын. Сондықтан Қазақстаннан көшпейінше, өмірім уақытша тоқтап қалған сияқты. Өзім қалағандай өмір сүріп жүрген жоқпын» дейді Данагүл.