Азаттық радиосы

"Күң сияқты өмір сүрдім", "өмірден шаршадым". Зорлық көрген әйелдердің хикаясы

Дилара Иса

Қыр. 29, 2021

Қазақстанда тұрмыстағы зорлық-зомбылық азаймай тұр. Ішкі істер министрлігі дерегінше, 2020 жылы тұрмыстағы зорлық 4,7 пайызға өскен, яғни былтыр ондай зорлық-зомбылық бойынша 1071 қылмыстық іс тіркелген. Зардап шеккендердің басым бөлігі – әйелдер мен балалар. Тұрмыста қорлық көрген әйелдер мен балалардың біразы дағдарыс орталығы мен оңалту орнынан көмек іздейді. Қорлыққа төзіп жүре беретіндері де бар. Шымкенттегі "Көмек" зорлық-зомбылық көрген әйелдерге арналған орталыққа барып жүрген бірнеше адам Азаттық тілшісіне бастан өткен қиындықты айтып берді.

НАЗГҮЛ, 42 ЖАСТА: ӨЗІМДІ ҚОРЛАП, ҚЫЗЫМДЫ ЗОРЛАДЫ

Бірінші күйеуім осыдан 10 жыл бұрын жол-көлік апатына түсіп, қайтыс болды. Қызым сол кезде 4 жаста болатын. Бәріміз бір көлікте едік. Қатты жылдамдықпен сайға аударылып кеттік. Есімді жисам жан сақтау бөлімінде жатыр екем. Күйеуімнің қайтыс болғанын үйге келіп естідім. Бұл маған ауыр соққы болды.

Он бауырым бар. Ол кезде анам марқұм тірі болатын. Анам қайтыс болған соң бауырларымның үйіне сыймадым. Дұрысы сыйғызбады. Ар-намысыма тиетін неше түрлі сөз болды. Сөз сүйектен өтті. Ашумен бір көрген адамға тұрмысқа шығып кеттім. Екінші күйеуімнің әйелі қайтыс болған, жалғыз қызы тұрмысқа шығып кеткен екен. Ауылда тұрдық. Күйеуім ескі көлігімен қалаға адам тасиды. Қалған уақытта бос. Қызыма әкесі жоқ болғаны үшін жәрдемақы төленеді. Сонымен күн өтіп жатты.

Алғашқы төрт айда жап-жақсы өмір сүрдік. Сұмдықтың бәрі кейін басталды. Күйеуім қызғаншақ болып шықты. Тіпті бауырларыммен сөйлесуге тыйым салды. Әуелі телефонымды тартып алды. Артынан арақ ішетінді шығарды. Арақ ішіп алады да бейәдеп сөз айта бастайды. Үндемеймін. Неге үндемейсің деп қол көтереді. Сөйлесең неге сөз қайтарасың деп тағы ұрды. Қоятын шығар деп шыдап жүрдім. Бір күні дүкенге азық-түлік алуға шықтым. Ойымда ештеңе жоқ, 14 жастағы қызым үйде қалды. Келсем тым-тырыс. Қызым бір бұрышта тізесін құшақтап көңілсіз отыр екен. «Не болды?» деп сұрадым. Басын шайқады. Осы кезде күйеуім келді де себепсіз бетімнен бір ұрды. «Неге ұрасың?» дедім. Сөз қайтардың деп төбелеп тастады. Екеуміздің айқай-шуымызды көрген қызым екі құлағын жауып сыртқа қарай қашты. Артынан мен де жүгірдім. Бірақ күйеуім шашымнан ұстап, жерге сүйреп ішке қайта кіргізді де, бірнеше рет ішімнен тепті. Орнымнан тұрғаным сол екі қолымен екі құлағымның тұсынан бірдей ұрды. Осы кезде есімді жоғалттым...Есімді жисам төсекте жатырмын. Жанымда қызым жылап отыр екен. «Ботақан, не болды?» дедім, үндемеді.

Ұрып-соғу, азаптау, қорлау осылай жалғаса берді. Үйге кетейін десем, өлігің шығады деп пышақты ала жүгіреді. Үрейден қызым екеуміздің жүрегіміз ұшып кете жаздайды. Ешкіммен сөйлеспейміз, күйеуім көріп қойса таяқ жейміз бе деп қорқамыз. Қашып шығайын десек жолдан ұстап ала ма деп алаңдаймыз.

Адам басына түскен соң бәріне көндігіп кетеді екен ғой. Қазір қарасам жарты жыл уақытымыз қорқыныш пен үрейде өтіпті. Мені сол күйден шығарған қызымның жайы болды. Қызым күннен-күнге тұйықталып, бір бұрышта ойға бататынды шығарды. Аз сөйлейді, күлмейді. Ашылып ештеңе айтпайды. Сөйтсем ауыр соққыдан есімнен танған кездерде екінші күйеуім қызымды зорлап, зорлап қана қоймай біреуге тіс жарсаң өлтіремін деп қорқытып келген екен. Өкінішке қарай, оны кеш сездім, кеш білдім.

Қанша ұрып-соғып, қорлағанымен әлі он екі гүлінен бірі ашылмаған құрттай қызымды зорлап тастайтындай айуандыққа барады деп ойламаппын.

Бір күні күйеуім арақ ішіп алып, «мынауың қыз емес» деді. Жүрегімді жұлып алғандай күй кештім. «Не деп тұрсың?» дедім айқайлап. Қызым бетін жауып, жылап сыртқа қарай қашты. Ал күйеуім күліп тұрды... Қанша ұрып-соғып, қорлағанымен әлі он екі гүлінен бірі ашылмаған құрттай қызымды зорлап тастайтындай айуандыққа барады деп ойламаппын.

Қазір қызыммен бірге бөлек тұрамыз. Есімді енді жинап отырмын ғой. Азапқа толы күндерімді ойлаймын да сағаттап бір нүктеге қарап жылай беремін. Мені қойшы, өрімдей жалғыз қызымның өмірін құрттым, талқандадым. Ойласам өртеніп кетердей боламын... Зорлау бабымен сотта іс қаралып жатыр. Өзі қамауда. Бірақ айыбын мойындамайды. Сотта қорғаушылар «қызды бірнеше айда бірнеше рет зорлады дейсіз, өзіңіз сол кезде қайда қарадыңыз?» деп мені сөгеді. Өзімнің де өзегімді осы сұрақ өртейді. Қызымды қорғай алмадым. Бір түйір қызымның тағдырын талқан еттім. Елге қарабет болдым.

НҰРСҰЛУ, 30 ЖАСТА: МЕНІ БАЗАРДАН ҚОЙ АЛҒАНДАЙ САТЫП АЛДЫ

Ол кезде 17 жаста едім. Сіңілім екеуміз шабықтан келген бетіміз. Үйге кірсек қонақтар отыр екен. Анам «саған құда түсіп келді» деді. Өзімнен 10 жас үлкен жігіт екен. Әке-шешем қарсы болғаныма қарамады. Осы жігітке тұрмысқа шығасың деді. Әкемнің қолына қалың мал деп 20 мың теңге ұстатты. Матасын берді де, әкетті. Қазір ойласам базардан қой алғандай сатып алған екен ғой.

Некемізді қидық. Бірақ күйеуім мені әйеліндей көрмеді, сыйламады. Сол үйдің қызметшісі сияқты жүрдім. Көп өтпей неше түрлі қорлық көрсете бастады. Күйеуімнен бөлек ажырасқан қайын апам мен қайын сіңлім бар, енем бар. Істеген әр ісімнен мін табады. Ар-намысыма тиеді. Сөз сүйектен өтеді ғой. Кемсітетін. Қанша түнім жылаумен өтті. Осы түннен аман шықпасам екен деп тілеген кездерім көп болды. Күң сияқты өмір сүрдім.

Екі жылдан соң үлкен қызым дүниеге келді. Шешем қайтыс болды. Жаназадан келген бетім, енем мен күйеуім тағы сөзбен түртпектей бастады. Шыдай алмай сөз қайтардым. Күйеуім сабап тастады. Жаным ауырған соң төркініме кетіп қалдым. Әкем «үйде қыз сақтағанша, тұз сақтайын» деді де бір күн түнетпей қайтып апарып тастады.

Баратын жерім, қолдайтын адамым болмаған соң бәріне көніп өмір сүре бердім. 10 жылда төрт қыз босандым. Бір күні туысқан жездем күйеуімнің маған дейін алты әйел алып, ажырасқанын айтты. Төбемнен жай түскендей болды.

Күйеуімнің жұмыс істеймін деп Алматыға кеткен кезі. Хабарласып сұрадым. «Сенің шаруаң болмасын» деді. Көп өтпей тағы бір әйел алып, бірге тұратынын естідім. Өмірден түңіліп кеттім. Қыздарымды алдым да үйден шығып кеттім, оңалту орталығында болдым. Қазір жалдамалы пәтерде бір жәрдемақымен күнкөріп отырмын. Кейде өлгім келеді, бірақ қыздарымды қимаймын.

РАУШАН, 27 ЖАСТА: ЖАСТЫҚПЕН ТҰНШЫҚТЫРДЫ

3-топтағы мүгедекпін. Оңалту орталығын паналап жатқаныма бір жарым жылдан асты. Мені әке-шешем балалар үйінен асырап алған. Есімді білгелі әкем арақ ішеді. Ішіп қана қоймай анамды ұратын. Әкем ішіп келген күні анам екеуміз үйден қашып шығып, көршілердің үйіне қонатын едік. Кейде далада түнейтін едік. 2016 жылы анам қайтыс болды. Анам қайтыс болған соң әкем маған қол көтере бастады. Арақ ішіп келеді де, ақша тауып бер дейді. Ақша жоқ болса ұрады, бейәдеп сөз айтып айқай салады. Арақ алуға ақша таппай қалғанда үйде не бар соны сатады. Кейде картопқа дейін сатып жібереді.

Бір күні әдеттегідей әкем ішімдікке тойып келді. Түн ортасы. Ұйықтап қалған едім. Әкемнің даусынан шошып ояндым. Бөлмеме кірді де жастықпен бетімді жауып, тұншықтырды. Ауа жетпей ентігіп қалдым. Осы кезде құшақтап тырп еткізбеді. Әке, қойыңызшы деп жалындым. Тыңдамады. Күштеп зорлады.

Ауа жетпей ентігіп қалдым. Осы кезде құшақтап тырп еткізбеді. Әке, қойыңызшы деп жалындым. Тыңдамады. Күштеп зорлады.

Қарсылық білдіргеніммен шамам жетпеді. «Ешкімге айтпа» деп жұдырығын көрсетті де, бөлмемнен шығып кетті. Киімімді кидім де, бір сәт есімді жинай алмай отырып қалдым. Таң атқанда үйден шығып басым ауған жаққа жүре бердім. Кеткенде қайда барамын, түс ауа үйге қайта келдім. Әкем қайта ішіп алған екен. «Қайда жүрсің?» деді жекіді. Үндемедім. Үш жыл әкемнен бірнеше рет зорлық көрдім, қорландым. Әкемнің туыстарына бар жайды айтып, араша сұрадым. Ешқайсысы көмектеспеді. Керісінше мені кінәлады. Әкеңе дұрыс қарамайсың деп кінәлады. Оңалту орталығына көрші әйел әкелді. Қазір емделіп жүрмін. Есімді жиған соң туған анамды іздеп тапсам деймін. Анамнан мені неге тастап кеткенін білгім келеді.

ГҮЛБИКЕ, 48 ЖАСТА: БІР ЖАҚ БЕТІМ ОТҚА КҮЙДІ

17 жасымда тұрмысқа шықтым. Күйеуіммен танысқаным болмаса, сөйлескен емеспін. Көшеден күштеп алып қашты. Ол кезде қайтып келу деген түсінік жоқ еді ғой. Үйдегілер де алып кетеміз демеді. Жылап, жылап көндім.

10 жыл бірге өмір сүрдік. Бала көтермедім. Көрмеген қорлығым қалмады. Бала тумадың деп талай таяқ жедім. Енем күн бермеді. Күйеуім ішіп алып, ұратын. Себепсіз үйден қуып шығатын. Талай рет далада түнеп шықтым. Әйел болған соң бәріне көну керек деген оймен жүрдім. Бір күні күйеуім «үйленемін, жинал, үйіңе апарып тастаймын» деді. Аузыма сөз түспей қалды. Қалай күштеп алып қашқан болса, солай күштеп үйге әкеліп тастады. Жыладым.

Қайтып келген қызды кім жақтырады дейсің. Ертеңіне әкем «елге қара бет еттің» деп айқайлады. Бауырларым үйден шық деп сүйреді. Бірақ менің баратын жерім, басатын тауым болмады. Өзіме қол жұмсамақ та болдым. Әпкем құтқарып қалды.Күйеуімнен, барған жерімнен көрген қорлығым аздай үйде де айқай-шудың астында қалдым. Аға жеңгемнің қабағына қараймын, балаларына бас-көз боламын. Үйдің шаруасына көмектесемін. Бірақ әкем мен ағама жақпай қойдым. Бір жыл өтпей ағам қол көтерді. Тырнақ астынан кір іздеп әкем сөге берді. Өз үйіме сыймай қалдым.

Босағада шағын бөлме болатын. Қыста суық, жазда ыстық. Сол жерде жалғыз жаттым. Көрпе-төсегім мен өзіммен бірге ала келген бір түйіншек киімім бар. Таңертең ерте тұрамын, түнде кеш жатамын. Күнделікті айқай шудан шаршағаным сонша, екі құлағыма қолымды қойып, жауып тастаймын. Ұйықтай алмай, шошып ояна беремін. Ағам мен әкемнің дауысын естігеннен тығылатын жер іздеймін. Соңғы кезде жүйкем сыр бере бастады. Аяқ-қолым құрысып, отырған орнымнан тұра алмай қалатын болдым.

Бір күні бәріміз бірге кешкі асты ішіп отырдық. Ағам сырттан асығыс келді де, айқай сала бастады. Не болғанын түсіне алмай аң-таң болып тұрмын. Түсінгенім ауылда бір кісімен сөзге келіп қалған. Ол қарындасың қайтып келді деген сөз айтқан. Басқа сөзді естімедім. Құлағым бітеліп қалды. Бір орыннан қозғалмай тұрған жерімнен ағам сілкіп жіберді де «жоғал, көзіме көрінбе» деді. Оны естіген әкем қолымнан сүйрей жөнелді. Жылай бердім. Дарбаза маңында ошақ қазан орналасқан еді. Әкемнің қолынан шыға бере қаша жүгірдім. Артымнан ұстаймын деген әкемнің қолы өкпе тұсыма тиді. Сүрініп барып ошақ түбінде шығарылған оттың шоғына бетпен құладым. Оң жақ бетім күйіп жатқанда есімді жоғалттым.

Оянсам аурухананың жан сақтау бөлімінде жатыр екенмін. Есіме әкемнің таяғынан көз ашпай жүрегі сыр беріп қайтыс болған анам түсті. Үнсіз жылай бердім. Полиция келіп не болғанын сұрады. Құлап түстім дедім.

Соңғы 5 жылда 7 рет бетіме операция жасалды. Әлі күнге бір көзім дұрыс көрмейді. Сол кездегі қорқыныш, үрей басылмаған. Есіме түссе қол аяғым дірілдеп, құлап қаламын. Денім сау кезде қорғамаған ағам мені оңалту орталығына әкеп тастады. Кейде не жазығым бар еді, құдайға не жаздым деп ойлаймын. Көп шаршаймын, жалпы мына өмірден шаршадым.

«КЕЙБІР ӘЙЕЛДЕР ЗОРЛЫҚҚА ШЫДАП ЖҮРЕ БЕРЕДІ»

Шымкент мен Түркістан облысында тұрмыста зорлық көрген әйелдер мен балаларға «Көмек» оңалту орталығы көмек қолын созады. Орталықтың жетекшісі Малика Әбдірашқызы «Көмекке» көбіне өмірден түңіліп, суицидке бейім әйелдерді алатындарын айтады. Оның сөзінше, зорлық көргендердің көбі – еркінен тыс тұрмысқа шыққандар.

- Зорлық-зомбылық көрген әйелдер өмірден түңіліп кетеді. Олардың ішінен тек суицидке барған не суицидке бейім әйелдерді ғана аламыз. Қалған әйелдерді татуластыруға тырысамыз. Бірақ татуласып кететіндер аз. Зорлық-зомбылық көргендер арасында кәмелет жасқа толмағандар да, зейнет жасындағылар да бар. Көпбалалы әйелдер жиі кездеседі. Кейбір әйелдер зорлық-зомбылыққа шыдап жүре береді, ұрып-соғуға еті үйретіп кеткендері де бар. Көбі жасырады. Мысалы, 11 жастағы қызын туған әкесі зорлаған оқиға болды. Әйелі қызымның құқығы деп шағымданды. Іс полицияға жеткен кезде арызын қайтып алды. Зорлық-зомбылық көргендердің көбі – еркінен тыс тұрмысқа шыққандар. Былайша айтқанда, алып қашудың құрбаны болған. Кейбірі тұрмысқа шыққанша күйеуін танымаған. Мұндай қыздар үйренуге, сол отбасына сіңіп кетуге тырысқанымен тез сынып кетеді. Тек күйеуінен емес туысқандарынан да таяқ жейтіндер бар. Кейде күйеуінің таяғынан қашқан қызын қабылдамайтын әкелер кездеседі, - дейді ол.

«Көмек» орталығының жетекшісі пандемия басталғалы зорлық-зомбылық көріп, үйінен қашқан әйелдер саны артқанын байқаған. Сөзінше, пандемияға дейін орталықта 40 шақты әйел болған, қазір сексенге жуықтаған.

- Меніңше, тек әйелдердің ғана құқығын қорғап, оған психологиялық, материалдық, құқықтық көмек берумен шектелмей, зорлықшыл болып кеткен еркектермен де жұмыс істеу маңызды. Зорлықшыл еркектер неге көбейіп кеткеніне де көңіл бөлу керек. Зорлық-зомбылық көрген әйелдердің көбінің күйеуі ішкілікке бейім, нашақор екені анықталып жатады. Олар неге бұл күйге түсті? Осы сұрақтың да жауабы болуы керек, - дейді ол.

«ЗОРЛЫҚ ЖАСАҒАН АДАМДЫ ӘКІМШІЛІК Я ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТУ КЕРЕК»

Ал Қазақстандағы әйел құқығы, гендерлік теңдік жайлы мәселені жиі көтеріп жүрген профессор, кинотанушы Молдияр Ергебеков елде тұрмыстық зорлықтың азаймай тұрғанына бірнеше факторды атайды.

- Ең негізгі факторлардың бірі – құқық қорғау органдарында ер адамдардың жұмыс істеуі. Бұл оқиғаға бір жақтан қарауға әкелуі мүмкін. Құқық қорғау органдарында ер адамдар көп болған жағдайда гендерлік мәселеге байланысты құқық бұзушылықта ер адамды ақтап шығуы, оң көзбен қарауы мүмкін. Екіншіден, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамға ескерту берумен шектелмей, қылмыстық не әкімшілік жауапқа тарту тиіс. Бұл – адамның денесіне, психологиясына тікелей әсер ететін оқиға. Мысалы, көшеде бір адам екіншісін ұрып, дене жарақатын түсірсе бірнеше жылға сотталуы мүмкін. Бұл да сондай қылмыс. Үшінші фактор – қоғамдағы мәдениет. Қоғамда әйел – үйдің заты, ұруға болатын дене ретінде қарастырылса, зорлық-зомбылық тоқтамауы мүмкін. Ер баланы кішкентайынан бастап саған әйел де, бала да, табиғат та бағынуы керек деп өсіреді. Мұның бәрі патриархал құндылықтар.

Осы үш фактор – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өршуіне септігін тигізетін жағдайлар, - дейді сарапшы.

Ергебеков елдегі зорлықтың көбеюіне медиағы ақпарат та әсер етеді деп санайды.

- Медиада тұрмыстық зорлық-зомбылықты үнемі көрсететін болса, көрерменге теріс әсер етеді. Мысалы, зорлыққа ұшырады, күйеуі өлтірді, бала тастап кетті деген сияқты жағымсыз кейіпкер ретінде көрсету. Бұл – үлкен проблема. Бұл – адамның психологиясына тікелей әсер ету. Әйел туралы негативті ақпарат таратса, онда олар жайлы жағымды ақпарат та көп болуы керек, - дейді ол.

Иллюстрацияны салған - Shapalaque