#KZPhDGirlsUnion – ғылыммен айналысатын қазақстандық қыздардың онлайн-қауымдастығы. Олар әлеуметтік желідегі парақшаларында зерттеулері туралы айтып, докторантураға қатысты кеңестер беріп, ғылымды насихаттаумен айналысады. Азаттық осы қауымдастықтың модераторлары Әйгерім Әбденбаева, Ақмарал Рахымжанова және Сымбат Жоламановамен сөйлесіп, қыздардың ғылымдағы жолы туралы сұрады.

Азаттық: Ғылым жолын қалай және неге таңдадыңыздар? Сіздерге кім қолдау көрсетті?

Ақмарал: Ғылым – тарихта із қалдыру мүмкіндігі. Дұрыс таңдау жасадым деп ойлаймын. Өйткені бұл салаға танымал болғаны үшін емес, осы ғылымды (иммунология – ред.) жақсы көргенім үшін келдім. Ғылымға «Әлі қаншама дүниені ашып, талдап, жасап шығару керек» деп ойлайтын адамдар барғаны жөн деп есептеймін. Бір жаңалық ашқым келген шығар. Қазір ғылыммен айналысып жүрген кезде еңбегімнің нәтижесін көріп отырмын. Бұл – алға қарай ұмтылуға көмектесетін тамаша сезім.

Әйгерім: Біріншіден, жаңа бір дүние ойлап тауып, адамдардың өмір сапасын арттырғым келді. Екіншіден, IT саласына қызықтым: оқып жүрген кезімде бұл сала енді ғана дамып жатыр еді. Үшіншіден, бұл салада көп табыс табуға болатынын сездім.

Сымбат: Менің ғылымға келуіме K-Pop-қа (Оңтүстік Кореяда пайда болған музыкалық жанр – ред.) деген қызығушылығым әсер етті. Бакалаврда оқып жүргенімде әдебиетті, магистратура кезінде филологияны зерттедім. Бізде [Қазақстанда] «мәдени контент» деген ұғым, клиптер мен фан-фикшнді (немесе фан-фик – көркем шығармалардың желісі бойынша жазылған әуесқой проза. – ред.) зерттеу болған жоқ. Генри Дженкинс деген белгілі ғалым бар. Ол өзін «акафан», яғни академик-фанат деп атайды. Мен де сондаймын.

Азаттық: PhD дәрежесі бар немесе докторантурада оқып жүрген қазақстандық зерттеуші әйелдердің instagram-қауымдастығын құрдыңыздар. Бұл қауымдастықта немен айналысасыздар?

Әйгерім: Басында қауымдастықты әйелдер арасында ғылымды насихаттау үшін құрғанбыз. Бірақ бұл әйелдерге ғана емес, бүкіл қазақстандықтарға бағытталған жоба болуы керек деп шештік. Ақпаратты өз сөзімізбен, түсінікті тілде жеткізіп, видео түсіруге тырыстық.

Сымбат: Қазір 18 адам белсенді түрде қатысып жүр. Қауымдастыққа барлығы 30 әйел мүше. Көшбасшымыз жоқ, бәрін бірге жасауға тырысамыз. Instagram-қауымдастықтың жұмысын кезекпен жүргіземіз, әркім өз тақырыбы бойынша контент дайындайды. Біз әртүрлі елде тұрамыз, ғылымның әртүрлі саласымен айналысамыз. Сондықтан қауымдастық парақшасында оқуға қалай түскенімізді, немен айналысып жүргенімізді, зерттеулеріміз туралы айтамыз. Біздің контент оқырман қыз-жігіттерді ғылыммен айналысуға шабыттандырғанын көріп жүрміз.

Азаттық: Араларыңызда шетелде білім алған немесе қазір сонда оқып жүрген адам көп. Ғылыми дәрежені шетелде алуға не себеп болды?

Сымбат: Бұл мамандығыма байланысты. «Сultural content» терминін Google-ға жазсаңыз, бұл мамандықтың Оңтүстік Кореядан басқа жерде жоқ екенін көресіз. Сондықтан таңдауымның себебі түсінікті деп ойлаймын.

Ақмарал: Қазақстандағы және шетелдегі PhD арасындағы үлкен айырмашылық барын атап өткен жөн. Олардың құрылымы да, әдістері де әртүрлі. Менің мамандығым бойынша Қазақстандағы оқу мен Израильдегі білімді салыстыруға келмейді. Сондықтан өзім үшін көбірек мүмкіндік сыйлайтын тиімді нұсқаны таңдадым.

Азаттық: Оқу бітіргеннен кейін Қазақстанға оралу ойда бар ма?

Акмарал: Иә. Басты мақсатым – шетелден қажет білімнің бәрін алып, Қазақстанға оралып, отандық ғылымның дамуына үлес қосу.

Сымбат: Иә. Қазір зерттеп жүрген тақырыбым Қазақстан және Орталық Азиямен тікелей байланысты. «Ойын-сауық саласы мен контент өндірісінің қалай жұмыс істейтіні туралы Кореядан алған білімімді Қазақстанда пайдаланып, студенттерді оқытқым келеді. Өйткені бізде талантты жастар өте көп. Оларға бар болғаны кішкене бағыт-бағдар беру керек.

Азаттық: Оқуда немесе жұмыс кезінде қиындық пен дискриминацияға ұшыраған кездеріңіз болды ма?

Ақмарал: Гендерлік сипаттағы дискриминацияға ұшырамаппын. Керісінше, зертханаларда ерлерге қарағанда ғалым әйелдер көп. Сондықтан дискриминация жоқ деп ойлаймын.

Сымбат: Мен гуманитарлық ғылымдарды зерттеумен айналысып жүргендіктен, «Бұл енді гуманитарлық сала ғой» дегенді көп еститінмін. Көбі бұл сала жеңіл, сондықтан да қыздар осы бағытты таңдайды деп ойлайды. Бұл «әйелдердің» саласы саналады, бірақ неге олай екенін түсінбеймін. [Гуманитарлық] пәндерді қанша уақыттан бері зерттеп жүрмін. Жазушы, философтар мен индустриядағы адамдардың бәрі – ер, бірақ бәрібір бұл «әйелдердің саласы» деп есептеледі. Магистратурада оқып жүргенімде (Қазақстанда) «бізде онсыз да ерлер аз» деп, жігіттерге ерекше қарайтынын байқайтынмын. Оларға басқаша қарап, лайық жұмысы болмаса да, [баға] қойып беретін. Маған қыздардың өзара бәсекелесіп, жігіттердің еш қиналмай сынақтан өтіп кететіні біртүрлі көрінетін. Олар мүлде сабаққа келмесе де, емтиханға жіберілетін. Көбіне осындай қарым-қатынас әйел оқытушылардан байқалатын.

Әйгерім: Қыздардың «IT саласында гендерлік теңсіздік бар» деп шағынатынын жиі еститінмін. Бірақ өз тәжірибемде керісінше, жолым ашық болды. Сайт пен мобильді қосымша дайындауға арналған байқауға өтініш бергенімде, басқа қатысушының бәрі жігіттер болды. Араларындағы жалғыз қыз мен болдым. Байқау ұйымдастырушылары мені таңдап, «Қалай жасайтынын көрейік» деді. Осындай байқауларда бірнеше рет жеңіске жеттім. Керісінше, жігіттерге дискриминация жасап жатқаны «дискриминация» болып санала ма?! Әйелдерге ерлерге қарағанда аз жалақы төлейді деп естігенмін. Бірақ өз тәжірибемде жалақым ерлерден жоғары болмаса, төмен болған емес. Жалақым біліміме және берілген жұмыс ауқымына сай болды. Өз басым [дискриминацияға] ұшыраған емеспін, осыған қуанамын. Бізде жұмысқа жаңа қыз келсе, жігіттер қуана-қуана көмектеседі. Сұрақтары болса, жауап беріп, түсіндіреді. Дәл осындай сұрақты жігіттер қойса, «Бар да, [өзің] үйрен» деп айтады.

Қазір ғылыммен айналысып жүрген кезде еңбегімнің нәтижесін көріп отырмын. Бұл – алға қарай ұмтылуға көмектесетін тамаша сезім.

Азаттық: Сіздерге шабыт беретін ғалым әйелдер бар ма?

Сымбат: Менің салама қарасаңыз, кәсібі мен ғылымды насихаттауды қатар алып жүрген қазақстандық контент жасаушылар арасынан Woman of KZ жобасын жүргізетін Динара Асанова мен Steppe Art жобасының авторы Джулия Ғанидің жұмысы қатты ұнайды. Екеуі де Instagram-да ағартушылықпен айналысады. Оңтүстік Кореяден келген Пэ Ын Сок есімді зерттеуші әйел де бар. Ол – ашық аспан астындағы экологиялық музей идеясын алғаш іске асырғандардың бірі. Мұндай музейлердің құрылып, дамуына жергілікті тұрғындар жәрдемдеседі. Расымен, шабыттындыратын әйел. Келешекте сол кісі сияқты тұлға болсам деймін.

Әйгерім: Қазақстанда IT саласын дамытуға тырысып жүргендер ішінен Пакита Шамоиді үлгі тұтамын. Ол Қазақ-Британ университетінде менен бір курс жоғары оқыды. Сол кездің өзінде-ақ бағдарламалау тілін жақсы білетінімен танымал еді. Оны көп адам білетін шығар. Екіншісі – Дара Түменбаева. Ол менің студенттеріммен бірге оқыды. Amazon-да жұмыс істеді. Ғылымды насихаттап жүр.

Акмарал: Қазақстандық ғалымдардың арасынан кімді атауға болатынын білмеймін. Өйткені олардың жұмысын бақылап жүрген жоқпын. Бірақ 2020 жылы CRISPR-Cas9 геномын өңдеу әдісін ойлап тапқаны үшін химия саласы бойынша Нобель сыйлығын алған Дженнифер Энн Дуднаны (Jennifer Anne Doudna) атап өткім келеді. Оның зерттеуі биология тарихындағы маңызды жаңалықтардың бірі саналады.

Азаттық: Ғылыммен айналысқысы келетін қыздар мен олардың ата-анасына қандай кеңес берер едіңіз?

Сымбат: Мен – клип көріп, анимэ қарайтын қарапайым жанкүйермін. Ата-анам бұл қызығушылығымды, яғни “бетін бояп алған кәрістерді” неге сонша жақсы көретінімді түсінбейтін. Бірақ тыйым салған емес, керісінше, қолдау көрсетті. Мысалы, «Мама, жапон тілін үйренгім келеді» десем, анам «Жарайды, қызым, бара ғой» деп айтатын. Осылай көп нәрсеге қатысып көрдім. Сондықтан ата-аналарға «Бастысы – балаңызды естіп, түсіне біліңіз» дегім келеді. Осы қолдау мен сенім менің қорғаныма айналды. Бала түсініксіз бірдеңемен айналысып жүрсе, бұл – бала нашар іспен айналысып жүр деген сөз емес. Бар болғаны, сіз бұл саланы жақсы білмейсіз.

Бәрі баласының болашағы жарқын болғанын қалайды, бірақ «Маған осы да жетеді» деп өзін шектейді. Балаңа қалай қарасаң, өзіңе де солай қарау керек. Мақтап, жақсы көріп, «осы да жетеді» демей, алдыңа үлкен мақсаттар қою қажет.

Ақмарал: Мектеп оқушылары, студенттер мен өмір жолын енді таңдап жатқан жастарға «Өзіңе ұнайтын іспен айналысып, кез келген жерде және кез келген уақытта көп жұмыс істеуге, стреске төзімді болуға, жаңа жағдайларға тез бейімделуге дайын бол» дегім келеді. Жетістікке жеткісі келген адам барлық нәрсеге дайын болуы керек. Ата-аналарды баласының таңдауын құрметтеуге шақырамын, өйткені бұл – оның өмірі. Сенім білдіріп, қабылдауды үйрену керек.

Әйгерім: Маған негізінен мектеп оқушылары мен студенттер емес, олардың ата-аналары, ересек адамдар сұрақ қояды. Қазір IT саласы танымал, сондықтан көбі мамандығын ауыстыруды ойлап жүр. Көбіне «Осындай жаста мамандық ауыстыру керек пе, мәні бар ма?» деп сұрайды. Кей адамдар «Жарайды, бір жерде менеджер болып істесем де жетеді, бірақ балам таңнан кешке дейін оқып, кешкісін спортпен айналысып, дені сау болып, дұрыс тамақтанып, шетелге кетсін» деп ойлайды. Бәрі баласының болашағы жарқын болғанын қалайды, бірақ «Маған осы да жетеді» деп өзін шектейді. Балаңа қалай қарасаң, өзіңе де солай қарау керек. Мақтап, жақсы көріп, «осы да жетеді» демей, алдыңа үлкен мақсаттар қою қажет. Өзің осындай адам болып, басқалар үлгі тұтатын тұлғаға айналуға не кедергі? Қазірден бастаңыз, ешқашан кеш емес.

Ғылыммен айналысып жүрген қазақстандық үздік 10 қыз

Сымбат, Ақмарал мен Әйгерімнің топтамасы

1. Аяулым Белгібаева (нанотехнолог, Жапония)

2. Әйгерім Еркен (психолог, Венгрия)

3. Алина Бекмұхаметова (нанотехнолог, Австралия)

4. Арина Еспотаева (дәрігер-нефролог, Қазақстан)

5. Карина Мұканова (спорт-менеджер, Франция)

6. Айнұр Жүсіпбекова (физик, Ирландия)

7. Сабина Айдарбекова (тағам инженері, Канада)

8. Мадина Қарсақпаева (инклюзивті білім беру саласының маманы, Венгрия)

9. Насиба Байматова (эколог, Қазақстан)

10. Әсел Стамбекова (білім беру саласының зерттеушісі, Венгрия)