Accessibility links

Балабақша ақысы кей отбасыларға ғана арзандайды


Аналары Сәбина Әлімхан бұл балалардың үшеуін балабақшаға бергісі келеді. Алматы, 28 қаңтар 2016 жыл.
Аналары Сәбина Әлімхан бұл балалардың үшеуін балабақшаға бергісі келеді. Алматы, 28 қаңтар 2016 жыл.

Алматы қаласы әкімдігі «әлеуметтік жағдайы нашар» отбасылар үшін балабақша ақысын арзандатуды ұйғарды. Ал балабақша меңгерушілері билік шешімі қалай іске асатынын әзірше нақты білмейді.

Алматы балабақшаларының ақысы қымбаттауына байланысты ата-аналардың көбі соңғы алты айда екі есе құнсызданған теңге девальвациясының тағы бір зардабын сезінген еді. Қала әкімі Бауыржан Байбек жариялаған жаңалық тұтыну бағалары жаппай қымбаттап жатқан тұста тосын көрінуі мүмкін.

Бірақ әкімдіктің балабақша ақысын біраз арзандату жайлы жуырда жарияланған әрі қала халқының бір бөлігіне ғана қатысты жарлығы іс жүзінде қалай орындалатыны әлі белгісіз. Әкімдік «әлеуметтік жағдайы нашар» отбасыларға көмек ретінде жергілікті бюджеттен 3 миллиард теңге бөлуді ұйғарды. Елде мұндай отбасыларға екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлері немесе оларға теңестірілген қарттары бар отбасылар; көп балалы отбасылар; толық емес отбасылар, бірінші және екінші топ мүгедегі бар отбасылар жатады.

Өткен аптада Алматы әкімі Бауыржан Байбек: «Енді ата-аналар 20 мың теңгеге жуық ақшасын үнемдеп, орта есеппен тек 15 мың теңге ғана төлейтін болады. Қазір ата-аналардың балаларын әкете бастағанын байқап отырмыз. Меніңше, 17 мың баланы қамтитын көмек тұрмысы нашар отбасыларға қолдау болады» деп мәлімдеген.

Бес баланың анасы Сәбина Әлімхан бұл жаңалыққа қуанғанын айтады. Оның сөзінше, төлем ақысы қымбат болған соң үшінші баласын балабақшаға орналастыра алмаған. Тұрмысы нашар отбасылар қатарында болғандықтан ол енді егіз ұлдарын да балабақшаға беруге тырыспақ.

– Бес балам бар, екеуі мектепте оқиды. Қызым Фатиманы күйеуім екеуміз балабақшаға бере алмай қиналып жүр едік. Ақпан айынан бастап балабақша ақысы 15 мың теңге болатынын естідік, енді үш баламызды да бермекпіз. Шынымды айтсам, енді жұмысқа шыға аламын деп қатты қуанып қалдым. Бірақ «әлеуметтік жағдайы нашар» отбасылар қатарына қосылмайтын ата-аналарды аяймын, - дейді Сәбина Әлімхан Азаттыққа.

Алматы балабақшаларының бірінде.
Алматы балабақшаларының бірінде.

Бұл жаңалыққа ата-аналар қуанып жатқанымен, кей балабақша меңгерушілері сәл дағдарып қалғандай көрінеді. Олар балабақша ақысын арзандатуға қатысты жаңалықты күтпеген сияқты.

Алматы қаласы Әуезов ауданындағы 60-балабақшаның меңгерушісі Ақтамақ Сәрсенбаеваның пікірінше, әкімдіктің бұл шешімі кейбір әлеуметтік мәселелерді реттеуге мүмкіндік беріп, ата-аналарға үлкен көмек болады.

– Әкімнің бұл шешіміне қуаныштымыз. Енді ата-аналардың көбі балаларын бізге әкеліп, өздері алаңсыз жұмысқа шыға береді. Бұл – бала тәрбиесімен айналысатын арнайы мекеме, сондықтан ата-аналардың жағдайына қарайласуға әзірміз, – дейді Ақтамақ Сәрсенбаева Азаттыққа.

28 тәрбиеші жұмыс істейтін 60-балабақшада 14 топ бар, жалпы бала саны – 330. Меңгеруші «әзірше бұйрықпен танысып жатырмыз, жаңа баға қандай көлемде әрі қай кезден бастап белгіленетінін айта алмаймын» дейді.

Алматы қаласы Бостандық ауданындағы 87-бөбекжай-балабақша меңгерушісі Гүлшат Рыспаева бұл шешімге қатысты ақпараттан онша хабардар болмай шықты.

– Бүкіл Қазақстан халқы сияқты мен де бұл жаңалыққа қуанып қалдым. Бұл жаңалықты бүгін таңертең «Вечерний Алматы» газетінен оқыдым. Нақты ештеңе білмеймін, бізге өзге ешқандай ақпарат түскен жоқ, - дейді Гүлшат Рыспаева.

Алматы қаласы Әуезов ауданындағы 29-балабақша меңгерушісі Жамал Сардалиева ресми бұйрық шыққан бетте балабақша бүлдіршіндерді жаңа ережеге сәйкес қабылдауға әзір екенін айтады.

– Бұған қуаныштымыз, айлық ақыны бірдеңе етіп арзандатуды сұрап талай ата-ана келген. Олардың жағдайын түсінгенімізбен, өтініштерін орындай алмаған едік. Енді ата-аналардың көбі балаларын орналастыратын шығар деп үміттенемін. Әрине, бала саны біраз көбейеді, бірақ біз бәрін қабылдауға әзірміз, - дейді Жамал Сардалиева Азаттыққа.

Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Алматы қаласы білім басқармасына қарасты мектепке дейінгі тәрбие бөлімі бастығы Әлия Сағиева балабақшаларға төленетін ақша жергілікті бюджеттен бөлінетінін айтты.

– Бұрын 2-5 жас аралығындағы балалардың ақшасын ата-аналар төлейтін. Енді 2016 жылдың ақпанынан бастап олардың шығынын әкімдіктің жергілікті бюджеті өз мойнына алды. Ата-аналар баласы ішкен тамақтың ақшасын ғана төлейді. Балабақша ақысы шамамен 15 мың теңгеге дейін болады. Бір күндік ақы 600-800 теңгеден аспауы тиіс. Коммуналдық шығындар мен балабақша қызметкерлерінің жалақысы жергілікті бюджеттен төленеді, - дейді Әлия Сағиева Азаттыққа.

Бұған дейін Алматы балабақшаларында 2-5 жас аралығындағы балалар үшін айлық ақы 27 мың теңге болатын. Бірақ айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері 1 қаңтардан бастап ұлғайғаннан кейін, ол 38 мың теңгеге дейін қымбаттады. Балабақша ақысы жұрттың бәрі емес, тұрмысы нашар деп танылған отбасылар үшін ғана арзандайды. Алматы қаласында мектепке дейінгі оқу-тәрбие мекемелері 3-6 жастағы балалардың 70 пайызын қамтып отыр.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG