Accessibility links

Forum 18 діни ұйымдарға қысым күшейгенін жазды


Алматыдағы протестанттар шіркеуіндегі уағыз. (Көрнекі сурет)
Алматыдағы протестанттар шіркеуіндегі уағыз. (Көрнекі сурет)

Діни бостандық үшін күресетін норвегиялық ұйым Қазақстанда діни бірлестіктерді қайта тіркеу науқанында билік органдарының тексеруі жиілегенін хабарлайды.

Forum 18 қоғамдық ұйымының ақпараттық қызметі таратқан мәліметтерге қарағанда, билік органдары «бүлікшіл секталарға» қарсы күресіп жүрген қоғамдық ұйымдардың жұмысын қолдаған, ал ақпарат құралдарында мұндай секталарды қаралайтын мақалалар көбейген.

Діни ұйымдардың өкілдері «Мұндай қаралау шарасын ұйымдастыру арқылы үкімет органдары қайта тіркеуден өткізбеу әрекеттерін ақтап алғысы келеді» дейді.

«ГРЕЙС» ПЕН «ЖАҢА ӨМІРДЕ» РЕЙД БОЛДЫ, БІРАҚ ТІРКЕЛДІ

«Заңды түрде қызметін жалғастырғысы келетін діни бірлестіктерді міндетті қайта тіркеуден өткізу мерзімі аяқталар күн жақындаған сайын, билік органдарының қызметкерлері діни бірлестіктердің кеңселеріне рейд жүргізуді жиілетті. Мұндай рейдтер барысында олар діни бірлестіктің тіркеуден өткен-өтпегенін тексереді-мыс. Кейбір этникалық топ өкілдерінің айтуынша, әкімдік адамдары оларға қысым жасаған» деп жазады Forum-18 тілшісі.
Шіркеуде отырған христиандар. (Көрнекі сурет)
Шіркеуде отырған христиандар. (Көрнекі сурет)

Осы материалдағы хабарға қарағанда, қазан айының басында Қазақстанның әртүрлі бөлігіндегі бір-біріне қатысы жоқ екі протестант шіркеуінде рейд болған. Олардың бірі – Астана қаласында орналасқан «Грейс» шіркеуі, екіншісі - Орал қаласындағы «Жаңа өмір» шіркеуі. Рейд жүргізудегі мақсат – он бес ай бұрын қозғалған қылмыстық іске қатысты тергеу жүргізу болған.

Материалда жарияланған мәліметке сенсек, қазан айының ортасында Алматы обыстық әкімдігінің қызметкері Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Қаратұрық ауылындағы «Грейс» протестанттық шіркеуін қайта тіркеуден өткізу туралы өтінішке қол қойған 61 адамның 14-іне я телефон шалған, я үйлеріне іздеп барған.

Шіркеу пасторы Жүрсін Көшкіновтың айтуынша, әкімдік қызметкерлері бұл ұйымның «қауіпті секта» екенін айтып, қайта тіркеу құжатына қойған қолдарынан бас тартуға үгіттеген.

«ҚАЗАҚТАР МЕН ҰЙҒЫРЛАРҒА ҚОҚАН-ЛОҚЫ ЖАСАЛЫП ЖАТЫР»

«Грейс» протестант шіркеуінің пасторы Жүрсін Көшкінов «Билік өкілдері қазақ және ұйғыр ұлтының өкілдерін таңдап хабарласқанға ұқсайды» дейді.

Forum 18-дің ақпаратына қарағанда, рейд жасағандардың арасында Қаратұрық ауылы әкімінің орынбасары мен дін істері жөніндегі қызметкері болған. Олар тіркеу құжатына қол қойғандардың кейбіріне ауылдың әкімшілікке барып, «бұл сектаның мүшесі емеспіз» деген түсініктеме жазуды өтінген.

Ұйымның зерттеуі бойынша, «әкімшілік қызметкерлері тек аудандық ішкі саясат басқармасының тапсырмасын орындап жүр».

«Шіркеулерге қарсы емеспіз, біздікі тек жергілікті тұрғындардың өтініштерге расымен қол қойған-қоймағанын тексеру ғана» дейді Қаратұрық ауылы әкімдігінің өкілі.
Шіркеулерге қарсы емеспіз, біздікі тек жергілікті тұрғындардың өтініштерге расымен қол қойған-қоймағанын тексеру ғана.

Ал Еңбекшіқазақ аудандық ішкі саясат басқармасының бас маманы Ермек Құрманғалидің айтуынша, «оларға Қазақстанның дін істері агенттігінің Алматы облысындағы аймақтық өкілі Жұмағали Әлімбеков тапсырма берген. Ол «діни бірлестікті құрушылардың сол аймақта тұратын-тұрмайтынын тексеру керек» деген.

Forum 18-ге сұхбат берген Әлімбеков «Грейс» шіркеуінің құрылтай құжаттары мақұлдаудан өтіп қойғанын, енді тек оның құрылтайшылар тізімін толтықтыру керектігін және бұл шіркеудің ешқандай секта емес екенін айтты. Оның пікірінше, қол қойған адамдардың арасында бұл шіркеудің құрамында жоқ мұсылмандар да бар екен. Бірақ Әлімбеков ол адамдардың қай дінге жататынын қандай жолмен анықтағанын айтып бере алмады.

Аты-жөндерін айтудан бас тартқан «Йегова куәгерлері» діни бірлестігінің мүшелері де шетелдік ұйымның өкіліне шағым айтқан. Олардың айтуынша, әкімшілік қызметкерлері «заңсыз әрекеттер жасап жатқан жоқ па?» деген күдікпен ара-тұра келіп тексеріп тұрады екен. «Бұл жолы да келіп, біздің тіркелген ұйым екенімізге көз жеткізіп кетті» дейді ұйым өкілі.

«ПОЛИЦИЯҒА ШАҒЫМ ТҮСІРЕМІН»

Forum 18-дің жазуынша, «жаман» секталардан жәбір көргендердің бірі» - Қостанай облысы Лисаковск қаласындағы протестант шіркеуіне қарасты «Христиан достығы орталығының» жұмысына кедергі келтірген.
Рождество кезінде шіркеу алдына қойылған макет. Алматы, 6 қаңтар 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Рождество кезінде шіркеу алдына қойылған макет. Алматы, 6 қаңтар 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

«Деструктивті діни қозғалыстардан жапа шеккендерге көмек» ұйымының басшысы Юлия Денисенко шіркеуде жиналыс өтіп жатқан кезде ғимарат алдына келіп, «полицияға сендердің үстілеріңнен шағым түсірем» деп айқайлаған. Шіркеу қызметкерлері «бұдан кейін өздерін қудалау шаралары бастала ма» деп үрейленіп отыр. Алайда олардың күдігі орынсыз болып шықты. Шіркеу қазанның 22-сі күні дін істері агенттігінің шешімімен қайта тіркеуден өткен.

Денисенконың айтуынша, оның ұйымына және бүкіл Қазақстан аумағында әрекет ететін «Деструктивті діни қозғалыстармен жұмыс істеу» ассоциациясына мемлекет қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Қостанай облыстық әкімдігінің ресми веб-сайтында Денисенко басқаратын ұйым «әріптес ұйымдардың» тізімінде тұр және оның «деструктивті діни қозғалыстардың жағымсыз әрекеттері туралы ақпарат құралдарында үгіт-насихат жүргізумен» айналысатыны айтылған.

ОРАЛДАҒЫ СЕКТАЛАРҒА ҚАРСЫ ЖИНАЛЫС

Орал қаласындағы деструктивті діни қозғалыстардан жапа шеккендерге көмек көрсететін «Жайық» орталығы биыл қыркүйекте Батыс Қазақстан ауылшаруашылығы техникалық университетінің мәжіліс залында мектеп оқушыларына арнап «дәстүрлі емес діндердің қаупі» жөнінде жиналыс өткізген.

Оны Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат департаменті қаржыландырған. «Жайықтың» интернеттегі парақшасында жазылған репортажға сенсек, бұл жиналыста олар жастардың дәстүрлі емес діни ұйымдарға неге кіріп жатқанын және бұны тоқтатудың жолдарын талқылаған.

«Жайық» орталығының сайтында «Бұл кездесуді ұйымдастырудағы басты мақсат – жалған діни ағымдар туралы сенімді ақпарат тарату арқылы жастарды олардың жетегінде кетуден қорғау» деп жазылған.
Кездесу ұйымдастырудағы мақсат – жалған діни ағымдар туралы сенімді ақпарат тарату арқылы жастарды олардың жетегінде кетуден қорғау.

Бұл жиналыс кезінде оқушылар мен студенттер арасында олардың діни ағымдарға көзқарасын анықтау мақсатында сауалнама жүргізілген және мұндай секталарға кіретіндердің қандай халге душар болуы мүмкін екенін баяндайтын материалдар таратылған. Жиын барысында ұйымдастырушылар қазақтар ұстанатын дәстүрлі дін – Исламның ханафи бағытын қолдауға шақырған.

«Жайық» ұйымы да Батыс Қазақстан облыстық әкімдігіндегі «елдегі діни экстремизмге қарсы профилактикалық жұмыс шараларын ұйымдастыру» тендерлерін жеңіп алып, бюджеттен қомақты ақша алып келеді.

Осы университеттің білім жөніндегі проректоры Ақылбек Сұлтанов кездесудің қызықты өткенін, жастардың көп жиналғанын айтты және «Грейс», «Жаңа өмір» шіркеулерінің қаупі туралы баяндады. Бірақ Forum-18 тілшісінің «бұлар несімен қауіпті?» деген сұрағына жауап бере алмады.

Ал дін істері агенттігінің баспасөз хатшысы Светлана Пенкова рейдтердің неге жүргізіліп жатқанынан бейхабар екенін және «өздеріне бағынышты емес ұйымдардың әрекеттері үшін жауап бере алмайтынын» айтты.
XS
SM
MD
LG