Accessibility links

Оралман банк депозитін алты жыл ала алмай жүр


«Қазақстан халық банкінің» Алматы облысындағы Қарсай ауданы бөлімшесі. Мохаммад Полаттың сөзіне қарағанда, одан 500 мың долларға сатып алған ғимарат - осы.

Алматы облысы Қарасай ауданының тұрғыны Мохаммад Полат «Халық банкінің» Қарасай аудандық филиалына 2011 жылы депозит ретінде салған «400 мың АҚШ долларының 140 мыңы заңсыз алынғанын», жоғалған ақшасын алты жылдан бері қайтара алмай жүргенін айтады. Банк шағымданушының талабына байланысты нақты жауап бермейді.

Мохаммад Полат 1995 жылы Түркиядан Алматы облысы Қарасай ауданына қоныс аударған. Түркияда саудамен айналысқан оралман Қазақстанға көшіп келген соң екі жылдан кейін азаматтық алып, Қарасай ауданының орталығынан екі қабатты ғимарат салған. 2010 жылы желтоқсан айында ғимаратты «Қазақстан халық банкінің» Қарасай аудандық филиалы 500 мың АҚШ долларына бағалап, сатып алған. Полат 2011 жылы осы банкке 400 мың АҚШ долларын депозит ретінде салғанын айтады. Ол Азаттыққа депозитке қаржы салғаны туралы келісімшарттың көшірмесін көрсетті.

- Менімен саудаласқан және барлық келісім-шарттарды түзуге көмектескен банктің сол тұстағы Қарасай аудандық филиалының жетекшісі Алмас Акимжанов деген жас жігіт еді. Банк ғимаратын жалға алып, оны сатқанға дейінгі аралықта жанымда жүрді. Тіпті тонның ішкі бауындай болып кеттік. Есеп-шотыма ақша келіп түскен күннің ертеңінде қарызға 100 мың АҚШ долларын сұрап келді. «Оны қайтесің?» дегенімде өзінің қызметі өскелі жатқанын, бір апта ішінде қайтаратынын, әкесінің ұлттық банкте қызмет ететінін» айтты, - деп еске алады ол.

Мохаммад пен Акимжановтың арасындағы ақша алу, ақша беру келісімшарты ауызекі түрде ғана болған. Ешқандай құжатпен заңдастырылмаған. Мохаммадтың айтуы бойынша, банктегі ақша жоғалу фактісін 2013 жылы білген. Оның Азаттыққа жіберген есепшотынан ақша алынғаны жөніндегі түбіртекте «08.02.2011 күні 4 миллион 407 мың теңге, 03.05.2011 күні 2 миллион 920 мың теңге, 14.10.2011 күні 3 миллион теңге алынғаны» көрсетілген. Банктен ақша алынған кездерде Мохаммадтың Қазақстанда болмағанын, шет елде жүргенін нақтылайтын құжаттары да бар. ҰҚК-ге қарасты «Оңтүстік» өңірлік басқармасы, 2020 әскери бөлімінің Мохаммадқа берген анықтамасында «05.02.2011 – 16.02.2011 аралығында Дубай қаласында (БАӘ), 03.05.2011 - 05.05.2011 аралығында Ташкент қаласында (Өзбекстан), 12.10.2011 - 20.10.2011 аралығында Стамбулда (Түркия) болғаны» жазылыпты.

Мохаммад Полаттың шетелге шыққанын айғақтайтын құжатындағы виза мөрлері.
Мохаммад Полаттың шетелге шыққанын айғақтайтын құжатындағы виза мөрлері.

- Алмас менің осы іссапарда болған күндерімде қарыз ақшаларымды үйге жеткізіп, әйелімнің қолына табыстап кетіп отырған. Мен бөліп берсе де, қарызды қайтарып жатқанына риза болып жүре бердім, - дейді Мохаммад.

Мохаммад ақша алу туралы ешкімге, тіпті бала-шағасы мен әйеліне де сенімхат бермеген.

Біріншісінде менің әйелімнің атынан 30 мың АҚШ долларын, екінішісінде өзім танымайтын бір әйел адамның атынан 40 мың АҚШ долларын алған. Қызығы ақша алынғаны жөніндегі қағаздың екеуінде де менің қолымды өтірік қойған.

- Мұнан басқа менің есеп-шотымнан екі мәрте тағы да қосымша ақша ұрланған. Біріншісінде менің әйелімнің атынан 30 мың АҚШ долларын, екінішісінде өзім танымайтын бір әйел адамның атынан 40 мың АҚШ долларын алған. Қызығы ақша алынғаны жөніндегі қағаздың екеуінде де менің қолымды өтірік қойған. Ал ақша алушы клиент – басқа. Сонда мен ақшаны басқа адамның атынан алып, өзім қол қойған болып шығамын ба? Банк менің бұл сұрағыма да жауап бергісі келмейді. Және осы ақшаның барлығы бір жылдың ішінде, 2011 жылы жоғалған, - дейді ол.

Осылайша бір жылдың ішінде Мохаммад Полаттың есепшотынан 140 мың АҚШ доллары жоғалып кеткен. Мохаммад ақшасының жоғалғанын 2013 жылы біліп, банк филиалына шағымданған. Оның сөзінше, сол кезде Өскемен қаласына қызмет ауыстырған Акимжанов бір түнде ұшып келіп, мәселені ушықтырмау туралы өтініш жасаған, кейін арнайы екі адвокатымен жеке жерде кезігіп, келісімге келу туралы ұсыныс айтып, көлігін ұсынған. Бірақ одан кейін «менен ақша бопсалады» деп арыз жазып, үстінен іс қозғатқан. Мохаммад ол істің дәлел таппай жабылғанын, Акимжановтың «отбасыңа қастандық жасаймын» деп қорқытқанын» айтады.

Азаттық тілшісі Акимжановпен хабарласудың бар амалын қылғанмен тілдесу мүмкін болмады. Ал Акимжановтың арызы бойынша Полаттың үстінен қозғалған қылмыстық іске қатысты Алматы облыстық Ішкі істер басқармасы баспасөз қызметінің жауабы мынадай:

«Мохаммад Полаттың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша Қарасай АІІБ-мен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қылмыс құрамының болмауына байланысты қысқартылған. Қылмыстық іс облыс прокуратурасына жолданған».

Ал Акимжановтың өз үстінен 2017 жылы Полаттың арызы бойынша «алаяқтық» бабымен Қарасай аудандық ішкі істер басқармасы іс қозғаған. Басқарманың Азаттыққа жазуынша, «Алмас Акимжановтың ісі бойынша ҚР ҚК 190-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ, тиісті сараптамалар тағайындалған. Алдағы уақытта сараптама нәтижесіне сәйкес процессуалдық шешім қабылданады».

Алмас Акимжановтың ісі бойынша ҚР ҚК 190-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ, тиісті сараптамалар тағайындалған.

Мохаммадтың айтуынша, 2016 жылы қараша айында «Қазақстан Халық банкінің» Қарасай аудандық филиалы өзін шақырып, ақшасының ұрланғаны жөнінде полицияға арыз жазу туралы кеңес берген. Мохаммад өзінің орысша білмейтінін, кириллица әрпімен жаза алмайтынын айтып, банк заңгерлерінің көмегіне жүгінген. Банк өкілдері Мохаммадтың атынан Қарасай аудандық ішкі істер басқармасына арыз-шағым дайындап берген.

- Арызда не жазылғанын түсінбедім. Олар маған «сот арқылы ақшаңызды қайтарып аласыз» деп түсіндірді. Шын мәнінде олар мені алдап соғып, Акимжановтың соңынан салып жіберіпті. Ал мен ақшамды Акимжановтан емес, банктен талап еткен болатынмын, - дейді ол Азаттыққа.

Мохаммадтың ақшасын қайтару туралы банкке жазған өтінішіне жауап ретінде «Қазақстан Халық банкі» басқарма бастығының орынбасары А.Бодановтың қолы қойылған хатта да «Дәл қазіргі сәтте сіздің берген өтінішіңізде көрсетілген іске қатысты А. Акимжановтың үстінен қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі жүріп жатыр. Сіз ҚР Қылмыстық кодекстің 167-бабы бойынша бойынша осы іске қатысты Акимжановтың үстінен талап арыз бере аласыз. Сот шешімі шыққаннан кейін Акимжановтың үстінен Азаматтық істер бойынша шағымдана аласыз» деп жазылған.

Заңгер Алмас Жұмағали «Банк клиенттің орысша білмейтінін пайдаланып өздері айналысуға тиіс іске клиентті араластырып жіберген» дейді. Жұмағалидің сөзінше, ақшаны шоттан заңсыз алу фактісі бойынша Полат емес, «Қазақстан халық банкі» жәбірленуші болып танылуы керек. Заңгердің пікірінше, Мохаммад Полат клиент ретінде банк салымы шартына сәйкес филиал директоры Алмас Акимжановқа емес, банкке сенім білдіргендіктен, шартқа сәйкес міндеттерді банктен талап етуге хақылы. Оған себеп – есеп-шотынан өз атынан ақша алуға ешкімге сенімхат бермегені және ақша шоттан алынған кездерде шет елде болғандығы. Заңгер клиенттің шотынан ақшаны кімнің қалай алғанын банк құқық қорғау органдарына арыз жазуы арқылы өзі анықтауы тиіс еді деп санайды.

Жәбірленуші оралман Мохаммад Полаттың заңды өкілі, заңгер Алмас Жұмағали.
Жәбірленуші оралман Мохаммад Полаттың заңды өкілі, заңгер Алмас Жұмағали.

- Себебі қылмыстық-процессуалдық кодекстің 71-бабының 12-бөліміне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылықпен өзіне мүліктік зиян келтірілген заңды тұлға жәбірленуші болып танылуы мүмкін. Бұл жағдайда жәбірленушінің құқықтары мен міндеттерін заңды тұлғаның өкілі жүзеге асырады. Сондықтан банктің хаттарында қылмыстық іске сілтеме жасап, құтылуға тырысуы жөнсіз. Банк азаматтық кодекстің 756-бабындағы міндеттерін бұзып қана қоймай, заң бойынша өзіне жүктелген міндеттерді клиенттің мойнына іліп жіберген, яғни клиенттің өзіне полицияға арыз бергізіп, жәбірленуші етіп қойған. Шын мәнінде, бұл жерде алаяқтық емес, қылмыстық кодексінің 250-бабының 2-бөлігінде қарастырылған филиал директорының «өкiлеттiктердi терiс пайдалану» қылмысы жасалған, - дейді заңгер.

Азаттық «Қазақстан Халық банкіне» ресми хат жолдап, Полаттың шағымына байланысты комментарий сұраған еді. Банктің баспасөз хатшысы А.Тынышбекованың атынан келген жауапта бұл іске қатысты ақпарат «Қазақстан республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңның 50-бабына сәйкес банк құпиясы» екені жазылған.

Хатта «Бұл норма үшінші тұлғаға банктік құпия ашылған жағдайда, сондай-ақ тұлғалар арасында белгілі бір жағдайда осы мәліметтер сұралған сәтте қолданылады. Жоғарыда көрсетілген баптағы талаптарға тоқтала, банктің құпияны құрайтын мәліметтерді бұқаралық ақпарат құралдарына ұсына алмаймыз» деген жолдар бар.

Сүлеймен Демирел университеті Құқық факультетінің аға оқытушысы, заңгер Айдын Аманқожаев оралман Мохаммад Полаттың осыншама ұзақ уақыт өз ақшасына қол жеткізе алмауына банктің кәсібилігіне сеніп қалуы себеп болды деп санайды.

- Банкке салым ретінде қаржы салған азаматымыз ақшасының жоғалғанын екі жылдан кейін білген. Мохаммад Полат салымның осылай жоғалуы мүмкін еместігіне кәміл сенген. Ол кісінің Түркиядан келгенін ескерсек, аталған мемлекетте ақшаның банктен осындай жағдайда жоғалуы мүмкін емес жағдай. Жалпы банкпен салымшы арасындағы құқықтық қатынастың негізін сенім қалыптастырады. Яғни азамат өзі сенбейтін банкке ақшасын салмайтыны анық, - дейді заңгер.

Айдын Аманқожаев қаржылық сауатты арттырып, құқығын қорғай білу үшін Мохаммад Полат сияқты оралмандарға білікті заңгер маманнан кеңес алу маңызды екенін айтады.

- Құқықтық мәселелерде білместік немесе істің мәнін құқықтық салдарына байланысты түсінбеушілік сияқты жағдайлардың әсерінен, клиенттің құқықтық жағдайын нашарлатып алуы немесе қандай да бір әрекетінің нәтижесінде құқығын жоғалту қаупі де бар. Ал жалпыға белгілі ереже – заңды білмеу туындаған нәтижені өзгертпейді, - дейді ол.

Қарасай аудандық ішкі істер басқармасы Мохаммад Полаттың шағымы бойынша банкир Алмас Акимжановтың үстінен қозғалған қылмыстық істің тегреу кезеңі қашан бітетіні, сотқа қашан жолданатыны туралы мәлімет бермеді. Басқарманың баспасөз өкілі Азаттық тілшісіне Акимжановты қорғаушы адвокаттардың телефон нөмірлерін білмейтінін айтты.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG